Еламанның болмыс бояуы

Фотосурет ашық дерккөз

ӘДЕБИЕТ
80

Жақында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлескен »Жаңа Қазақстаннның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында ақын, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Еламан Қабділәшімнің «Болмысымның бояуы» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді. Осы кітап туралы аз-кем пікір білдіруді өзімнің оқырман ретіндегі парызым деп білдім. 

«Болмысымның бояуы» Еламанның Қарағанды облысына жасаған сапарынан туған толғақты жыр жинағы. Ақын көрген, білген, түйгенін ішкі үнімен үндестіре жырлаған. Ақын үшін Қарағанды жат аймақ емес. Олай дейтініміз, студенттік шағының бір бөлігі осы өлкеде өтті. Алғаш өлең өлкесіне қанат қақтырған «ыстық ұя» десек те артық болмас. Бұл туралы ақын:

Қарағанды – өрісім,

Өлеңімен от өрген.

Баспалдақсың мен үшін,

Шырқау шыңға көтерген.

– деп жырлайды, «Қарағанды» деп аталатын өлеңінде. Шынымен де, Қарағанды ақынның бағын ашты, шамын жақты. Айтайын дегенім ол емес.

Енді кітаптың мазмұнына үңілсек. Ақын түйсік танымын, өзінің ішкі дауыс ырғағына салып,  болмыс бояуымен суреттейді. Адамның болмысы – жеке бір әлем. Оны әлі күнге дейін ешкім дөп басып таныған емес. (Өзінен басқа.) Сол бір ішкі әлемнің қандай болатынын, түс-түспен айқындайды.  Адамның  қуаныш, өкініш, үміт, сенім секілді ішкі иіріміне терең бойлайды. Бойлау арқылы адамның ішіне жасырынған сезім талшықтарын үзіп алмай, түс түспен түрлендіреді. Ал адам бойында табылуы тиіс мейірім, кешірімді қандай түспен бояса, анық көре алады - деген өз-өзіне риторикалық сұрақ та қояды. Бұл адамның өзіне есеп беріп, бойындағы қай қасиеттің бояуы қанық екенін көрсетеді.  «Қасым үйінде. Ішіме үңілу» атты циклдік топтамасында «өз ішіне көзбен емес, көңілмен үңілгенін» көреміз. Ішіндегі сан бояудың «әлі ешқандай қылқаламға жұқпаған» тап-таза екенін танимыз.

Жинақтағы тағы бір тыңнан түрен салған туынды Ақселеу Сейдімбекті ажалдан аман алып қалған күш туралы жыры.  Жазушы, этнограф қазақтың бір туар перзенті 67 жасқа келгенше, сан мәрте ажал құрығынан сытылып шыққан екен. Ақын осы бір тылсым күшті білуге оқырманды ынқтыра жөнеледі. Әр ажалдан аман қалуын жазушының қазаққа қалдырған бай мұрасы, шығармалары, кітаптарымен үйлестіреді. Бұл ақынның  поэтикалық қуатының кеңдігін,  ойының ұшқырлығын көрсетсе керек. Әрі шығармашылық ізденістің жемісі. Бұл оқырманды бір кітап оқу арқылы жазушының бес кітабын оқуға, іздеуге ынталандырады.

Кез келген қаламгердің шығарма жазарында атын қазыққа байлап, тұрақтайтын орны бар. Ол – жазу үстелі.  Жинақта Жайық Бектұров пен Қасым Аманжоловтың жазу үстелі жайлы ақын толғанысы толғақты ойларды қозғайды.  Ағаштан жасалған бұйымның осыншама жүкті арқалап тұрғанына кейде таң қаласың.  Адам шыдамайтын сұмдық пен шындық көрген үстел ешқашан  шағым айтпайды. Ешкімнің үстінен арыз жазбайды. Естігенін көргенін өзге біреуге жеткізіп бармайды. Ақын осы бір құбылысты өзегінен өткізіп, өлеңмен өрнектейді.

 Кітаптың негізгі өзегі ақынның үш бірдей поэмасында жатыр. Үшеуі де үш түрлі әлемді жырлаған көлемді туынды. «Әлімхан мен Сұлтанмахмұт» микро поэмасы қос алыпты тудырған Баянауыл мен Қарқаралы секілді.  Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас, қос мекенді жақындастыра түскендей. Қос тұлғаның достығын, сыйластығын жыр ету арқылы  қазақ қоғамына өлшеусіз үлес қосқан  математик пен ақынның тамаша тандемін жасаған. Достықты өз жүрегінен өткізіп, өн бойынан өрілген өрелі өлең, оқырманды бей-жай қалдырмас. Шығарманың миссиясы да осы болса керекті.

«Нықтұрақ»  Бұл поэманың атауы. Қазір ақындар  мәселе көтермейді. Жеке басын күйттеп кеткен дегендердің аузына құм құятын шығарма. Көтерген жүгі ауыр. Ата-жұртына табан тіреген табанды ақынның  тауқыметі. Бұл тек ақынның ғана басында бар дүние емес. Баспана кешегі Қасым Аманжоловты да теңселтті. Қазақ әлі күнге дейін басына пана болар жер таппай жүр. Осынау шығармада әлеуметтік мәселенің өткірлігін көрсетеді. Ақын осынау түйткілді балалардың ойы арқылы жеткізеді. Балаларымен окоп қазып ойнаған әке ертеңінде жалға алған үйдің қожайынан  сөз естиді. Содан бастап әкесі баласымен ойнауды қояды. Баласының бейшара күйін көрген әкесі (балалардың атасы) ұлына жер алып, үй салып береді. Ауласын бау-бақшаға айналдырғысы келген әкесі қолына кетпен, күрегін алып жерді қаза бастағанда балалары «Әке, жерді қазба, қожайын ұрасады» деген баланың санасында қалған  үрей ақын жүрегін осып өтіп,  шығармаға арқау болды.

Еламанның поэзиясы –сезім мен ырғақтан үйлесім тапқан. Әр ойдың астарында – өмірдің ырғағы, жүректің дүрсілі жатыр. Сол дүрсіл қаққан жүрек – сезім иіріміне иіріп, алып кете береді. Бояуы - қанық, ойы – жарық, дауысы – анық.  Мен білетін Еламанның өлең болмысы, бояуы осындай.

Өзгеріс Қуанар, ақын.

author

Еламан Қабділәшім

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Солтүстік Қазақстан облысындағы Ольшанка ауылында орын алған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер б...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Шымкенттегі техникалық қызмет көрсету станцияларының бірінде көлік мінген әйел адам ер адамды қабырғ...