Маржан Ершу. Мені  оятқан – «Жаңғырық»

Фотосурет автордан

ӘДЕБИЕТ
170

(Басы мына жерде, жалғасы)

    Бәрі де содан басталды...

    Бәрі де сол күннен басталды...  

     2003 жылы  мамыр айында Атырауда  ақын  һәм батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай  «Махамбет поэзиясы күндері» өткен, маған да шақыру қағаз  келді. Содан Астанадан  Атырауға  барсам, Қойшығұл Жылқышиев пен Бақыт Иманғалиев (мәдениет бастығы): «Ойбай, сені тізімнен Фариза апай сызып тастады. Сен кете бер» тыз-тыз етеді. «Онда мені неге шақырасыңдар? Маған  хат жіберіп не телефон соғып неге ескертпейсіңдер» деп мен де өзімше жауапқа жауап беріп жатырмын. Махамбет поэзиясы күндері өтіп жатты. Жан жақтан небір ақындар келген. Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев бастаған. Содан «Атырау» ресторанында банкет болады екен. Оған мен шақырылмасам да, кіріп кеттім. Алғашқы сөзді Әбіш аға бастады. Фариза апайға арналды бар тілегі. Мен ерлі-зайыпты ақындар Танагөз -Дәуреннің қасында төменгі жақта отырғам. Қарсы алдымда микрофон тұр. Елдер  «Фариза апай үшін»  бокал соғыстырып кеткенде, мен микрофон алдына бардым да, «Әбіш ағайдың әдемі тілегінен соң ,Фариза апайға арнаған өлеңім бар еді, соны оқып берейін» дедім.( Бұл өлеңді 1999 жылы Фариза апайдың 60 жылдығында жазған ем. Өлеңім сол кезде «Атырау», « Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарық көрді)  Елдер маған қарап қалған. Сонда оқыған өлеңім мынау еді:

           -Апа–ау, саған не дейін?!

          Ауызыңды ашсаң –

          Көрінеді көмейің.

          Апа–ау, саған не дейін?!

          Сауыт киген сіз Махамбет болсаңыз!

          Атынды ерттеп,

          Садағыңды берейін.

          Қолтығыңнан демейін,

          Қиқу салып шаба бер

          Құйыныңа ерейін.

          Түсіп қалған қоржыннан

          Сарқытыңды терейін.

           Қай кезде де жақсының,

           Жатып атар жауы көп.

           Оған қайтіп көнейін?!

           Саған келер пәлені,

           Періштең боп бөгейін.

          Жанарымнан жасыл

          Жалын жарқылдап

          Жүректен күй төгейін.

          Сіз сияқты мұң жазып,

          Мен де мұңды шегейін.

          Байы менен кедейін,

          Белгісіз бен бегейін,

          Деп жүрсің ғой теңейін.

          Мен жырыңа сенейін,

          Және сізге сенейін.

          Абай шыққан биік пен

          Жамбыл шыққан ғұмырдың-

          Тұғырынан көрейін

          Апа-ау , енді не дейін?!» деп бір тоқтадым да, Махамбет бабамыздың  «Өтемістен туған он едік, Онымыз атқа мінгенде, Жер қайысқан қол едік» деген әйгілі өлеңі бар. Өтемістің оныншы ұлының аты - Досмаил, Досмаилдан Есет, Есеттен Ақшабал, Ақшабалдан менің анам Алтын туған. Махамбет –менің бабам. «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба» дегендей, бұл менің бабамның тойы. Есте жоқ ескі заманда біреу біреуге айтқан екен: «Бір мінезіңді көрсем рахаттанып өлгім келеді, енді бір мінезіңді көрсем көріңді тезірек қазып көмгім келеді» деп. Фариза апай, бұл сөз сізге қатысты емес, рахмет !» дедім де орныма отырдым. Мені орнымнан тұрғызған қандай күш? Осындай сөздер  аузыма қайдан түсті? Мен де аң-таң. Апам да аң-таң. Ел де аң-таң дегендей күй болды. «Өтпесе де, өтсе де қайрайтұғын намыс-ай» демекші, сол кезде мүмкін, жастықтың әсері болар, қатты ашуланғам. Сол «күйіп-жанған» намыстың арқасында «Махамбет» атты тұңғыш поэмам дүниеге келді. Бұл поэмамның жазылуы да мистика. Бір күні түс көріп шошып ояндым. Түсімде жапан даладағы  қалың құм арасынан жалғыз киіз үйді көрдім.Тірі жан жоқ. Тыныштық. Бір кезде киіз үйдің ішінен кішкентай бала шықты. Бұл бала мына меңіреу далада жалғыз өзі екен деймін. Бала киіз үйдің іргесіне сүйеніп отырды. Өзі қорқып дірілдеп отыр. Бір кезде қасына атқа мінген, басына дулыға киген, зор денелі бір кісі келді. Бұл адамды  Махамбет екен деймін. Әлгі адам ат үстінде тұрып балаға қарап, ұзақ толғау жыр айтты. Даусы зор, таулардың күмбірі сияқты. Шошып оянып кеттім.Түсімді есіме түсірдім, бірақ айтылған толғау жырды есіме түсіре алмадым. Содан су ішкім келіп орнымнан тұрып асүйге бармақшы болдым. Бара жатып жарға доп секілді  кезек –кезек соғылдым. Өз денемді игере алмай. Қорыққаннан  жар сипалап төсегіме жетіп жатып қалдым. Бір түсініксіз қорқынышты күй бойымды екінші күні де билеп алды. Тағы түс көрдім. Түсімде үстіне қара киім киген бір зор денелі адам маған қарай қылышын жалаңдатып жақындап келеді. «Ааа»  деп айқайлаған даусыммен орнымнан атып тұрдым. «Уф» түс екен ғой деп жүрегім орнына түсті. Тағы да қорқыныш. Тағы да түс. Махамбеттің  киіз үй ішіндегі трагедиялық өлімін көрген түс сұмдық әсер етті. «Махамбет» атты поэмамдағы  «Бас» деген бөлім түсімде көрген сюжетіммен жазылған еді. Махамбет поэмасы осылай басталды. Енді поэманың сюжетін қалай өрбітем деп ойлана бастадым. Мені бір күш  Жұмекен Нәжімеденовтың «Жаңғырық» поэмасына қарай бұрды да тұрды. Ғажап, мен бұл поэманы оқып отырғанда түйсігімде Махамбеттің өмір тарихының картасы жайылғандай болды. «Махамбет» поэмама барар кілтті  Жұмекеннің «Жаңғырығынан» таптым. Жұмекеннің Махамбетке арнаған «Жаңғырық» поэмасы мен менің «Махамбет» поэмамды салыстырып оқысаңыз, екеуі екі бөлек дүние. Жұмекеннің поэмасында философиялық, менің поэмамды психологиялық өң басым. Жұмекен Нәжімеденов «Жаңғырық» поэмасындағы  «Дауыл үдеп ақ түтек, Шаңқылдайды жағада» деген жолдар маған қатты әсер етті. Осы жолдарды эфиграф етіп алдым. Осы ойды мен өзімше әрі қарай жалғап кеттім поэмамның «Жайық асу» деген бөлімде былай деп:    

«Дауыл үдеп ақ түтек» күн дүрлікті,

Дауыл- мұңнан мылқау дала сыр жұртты.

Асу бермес асау Жайық алдында

Көкірек түртіп, оятты оны бір мықты үн!

 

Қою, қара кірпігін де қар басты,

Өмір сыны сақалына жармасты.

Қалтылдаған асау Жайық үстімен

Ақ семсерін серік қылып, алға асты». Танысаңыз, бұл - менің характерім.

 «Махамбет» поэмасын жазғаннан кейін маған бір сенімділік пе, күш пе, әлде интуиция ма, білмеймін  түсініксіз бір ғаламат сезім жаныма қуат берді.       

     Фариза апай ол кезде Парламентте депутат. Бір күні апайға бардым.

 «Апай! Сізге келіп тұрмын төменде. Мені кіргізіңіз. Бірдеңе айтайын деп едім» дедім. Фариза апай: «Ал, не айтасың?» дейді. Рахмет айтайын деп едім. «Не үшін?» дейді таңырқап. «Апай, өткенде мені Махамбеттің тізіміне қоспағаныңыз оңды бопты. Содан өкпелеп, ашуланам деп жүріп, Сіздің арқасында жаза алмай жүрген поэмамды жазып тастадым.

«Батырмаса тырнағын,

Басқа шабам деп пе едім?

Өмірімнің ырғағын

Тастан табам деп пе едім?» деген Махамбеттің монологын жазғанда, көз алдымда Жәңгір хан емес, сіз тұрдыңыз. Өлең жалпы қиналғанда туады дейді ғой» деп едім, Фариза апай бетіме қарап, біраз үндемей отырды да, «иә, солай болады » деді.

    Сол жылы, 2004 жылы  қаламым  жүйріктей жорғалап, «Айек» деген псевдониммен шыққан «Шырақ» атты кітабымның қолжазбасын бітіріп, «Уақытыңыз болса, оқып шығасыз ба?» деп Фариза апайға бердім. Апай оқып шықтым, жақсы екен деді де, «Маған алғысөз туралы бірдеңе дегің кеп отыр ғой. Менің саған айтайын дегенім, бұл кітабыңа алғысөз орнына алғысөзді өзің жаз. Баяғыда  «Шілде» деген кітабыма өзім жазғанмын алғысөзді »деп қолжазбамды қайтарып берді. Фариза апамның ақылын алып, кітабыма алғысөзді өзім жаздым . Фариза апайдың маған үнемі  амандық-саулықтан кейін қоятын дәстүрлі сұрағы болатын. «Не жазып жүрсің?» деген. Бір күні мен «Дина» деген поэма жаздым дедім. «Кім саған Дина туралы жаз деген. Тасмағамбетов па?» деді жалт қарап. Өзім деймін. Маған ойлана қарады да, «Осы жұрттар сүйдім-күйдімнен» әрі аспай жатқанда , заман жаман деп долданып жырлатып жатқанда, тарихи тұлғаларға бет бұруың,  поэма жазуың қызық  екен. Баяғыда маған  Хамаң-Хамит Ерғалиев «Дина туралы поэма жаз»деп еді. Мен поэма емес, өлең жаздым» деді ақтарылып.

-         Апай! Мен жазайын деп жазып жүр дейсіз бе? Қорыққаннан жаздым!-деп қойып қалдым.

-         Кімнен қорқасың?

-         Дина Нұрпейісовадан!

-         А, Дина Нұрпейісовадан?!

Мен көрген түсімді баяндап бердім. Түсіме ақ жаулығы дағарадай Дина Нұрпейісова енгенін, «Маржан, сен неге мені іздемейсің? Менің үйім 8 март көшесінде» деп ұрсып жатқанда, оянып кеткенімді айттым.Бұл түсімді жиырма бес жастан асқанда көргенімді, әлі күнге дейің ішкі қорқынышта жүретінімді  айтып бердім. Дина шешейдің күйлерін тыңдап, күйші туралы деректерді іздедім. Содан  Дина Нұрпейісова туралы поэма жаздым»,- дедім. Сонда Фариза апай «Дина  шешеміз аруақты адам ғой, сені желеп-жебеп жүрген болар. Қорықпа! »деді.

    2004 жылы «Шырақ» деген кітабымды «Айек» деген псевдониммен шығардым. Мен псевдониммен кітап шығарғанымда біреулер күлді, біреулер түсіне алмады. Менің псевдониммен кітап шығарғанымның себебі бар еді. Фариза апам Атырауда өткен «Махамбет поэзиясы» күнінде өзіне тіке айтылған менің сөзімді ұнатпай қалған сияқты. Бетіне жел тимеген поэзия падишасы атымен жас ақын қыздан ел алдында сөз естиді деген не сұмдық деп те кіжінген шығар. Сол оқиғадан соң дүрбелең басталды.

    2003 жылы Атырау облыстық  Әкімдігінің қолдауымен шыққан «Атырау ақын-жазушыларының  кітапханасы 100 томдығының » 58- томына менің өлеңдерім еніп кітап болып шықты. Кітапта өлеңдерімді үзіп-жұлып , бар бояуынан айырып , су татыған дүние қылып жіберген екен редакция алқасы. Журналдар мен газеттерде  менің өлеңдерімді бүлдіріп басу науқаны басталды да кетті. Көп жерде тізімнен сызылдым. Маған қарсылар тобыры топ болып ұжымдасты.  

     Фариза - ұлы ақын. Бірақ маған жасаған қарсы әрекеттері ұлылық емес болатын. «Қаһармандық аруағымды , Қақақулап шақырып» деп Меңдекеш Сатыбалдиев жырлағандай, жылдар бойы үндемей  өз шығармашылығымды дамыта бердім. Өйткені шығармашылықпен айналысу жанымның емі.Топқа да, тобырға да қосылмадым. Мені атақ-даңқ та, мақтау-марапат та, өмірдің қызыл-жасыл бейнесінің қызығы да еш қызықтырмады.

      Поэзияның  құдыреті сол, өлең ақынға бағынбайды, өлең  сені бағындырады. Күніңді түн етеді, күлкіңді мұң етеді кейде. Көңіліңді күн етеді, мінезіңді жын етеді кейде. Өлеңнің қызметші-құлысың  кейде, кейде патшадай  ардақтысың.  Мазасыздық , ішкі арпалыс, сапырылысқан ойлар толқыны өз иіріміне тартып әкетіп бара жатқандай қорқынышты сезесің кейде. Сонда сәтте қаламың мен қағазың ғана қорған болатындай көрінеді. Қаламың-қылыш, қағазың-сауыттай боп көрініп кетеді. Менің замандастарым өлеңді компьютермен жазып жатқанда, ол кереметті мен  әлі игере алмадым. Өлеңді қаламмен жазам. 2004 жылы «Жаңғырық» деген мистикалық микропоэма жаздым. Ол туындым сол жылы шыққан «Шырақ» деген кітабымда жарияланған. Бұл поэманың аты айтып тұрғандай «Жаңғырық» түсімде маған Махамбет, Жұмекеннің эстафеталық үніндей боп жетті. Бұл  аян түс - Жыр- Жаңғырық еді.  

ЖАҢҒЫРЫҚ

мистикалық микропоэма

Жаңғырық.

Жыр-жаңғырық

Естіді бір күн құлағым,

Ес-түссіз жерге құладым.

Қап-қара түнек. Ақ сәуле

Қос жанарымды шылады.

 

Ес жидым.

Бала өң. Гүл-демім.

Не болғанымды білмедім.

Аспан да аппақ. Ай да аппақ.

Аурухана ғой білгенім.

Тұрдым. Күлдім. Сөйледім.

 

Есейдім. Өстім. Ержеттім.

Өмір-бесігім тербетті.

Қадірін ұқпай жер, көктің,

Шөлдедім, талай терлеппін.

Жылдарыма менің қол бұлғап,

Жаңғырық бір күн ол кетті.

 

Таңдайыма ащы тамбады,

Тәттіні ауызға алмадым.

Қиял құсымен шарладым.

Жерде де емес, көкте емес,

Қайда екен менің арманым?

Талай таңдарды жалғадым.

 

Егілдім. Күлдім. Безердім.

Өмір зұлматын сезермін.

Ойларым кейде тарыдай,

Талғандай болды өзегім.

Су болды менің құмарым,

Жем -деген ұлы өзенім.

 

Ақ маржан тамшы шашып бір,

Ақ нөсер жанды ашып тұр.

Тарығып та тарылмай,

Құм дала төсін басыппын.

Жаныма берген еркіндік

Кең далам шуақ шашып тұр.

 

Жұлдызды түнге құмарттым,

Күн нұры мені қызартты.

Ай сәуле аппақ демімен

Көңілімді алға ұзарттты.

Темірқазығым ,Шолпанға

Үмітімді ұзаттым.

 

Таңдандым. Тоңдым. Жылындым,

Жарық, жылуды ұғындым.

Түсінбей, ұқпай жанымды,

Өзімнен-өзім түңілдім.

Тіліме кірді тікенек,

Қан тамбай, құлап, бүгілдім.

 

Өлеңім қақты қанатын,

Соққандай менің сағатым.

Сонда да тыншу таба алмай,

Сенделгенін-ай сана құр.

Теңбіл де теңбіл терең ой,

Теңселіп көкте ауа тұр.

 

Безіндім тағы өзімнен,

Ұшқын көрінбей көзімнен.

Күндерім кетті сендіріп,

Айрылдым тағат-төзімнен.

Дауа да таппай жаныма,

Ай мен Адамнан безіндім.

 

Жапырақ жасып, шық тамып,

Жүрегімді бәлкім құптады.

Есеңгіреген тірлігім,

Естен де шығып ұтқаным.

Қара сиядай қап-қара

Қара түннен де ықпадым.

 

Жаныма таппай бір маза,

Ала да алмай жыр жаза.

Ала көңілім шапқылап,

Асау құлындай беймаза.

Кездерім мені құлатты,

Көрініп көзге кей жаза.

 

Өкінбен дегем өткенге,

Бір асу алда – көк белде.

Көзімді сүртіп көңілмен,

Кездерім көп ед шектелген.

Асығып көрген бейнетім,

Сен енді мені жек көрме!

 

Ұмтылдым жоққа жетем деп,

Еңсені езбей көтер дем.

Тұзыңның жасы тәттірек

Бал татыған шекерден.

Талықсып барып құладым,

Көздерім жұмық... ет өлген.

 

Құладым жерге жетсем деп,

Топырақ – тән боп кетсем деп.

Жүрегімдегі алапат

Сезімдерімді төксем деп.

Жаныма бір тыныштық

Тілегімменен етсем деп.

 

Шошыды да бұл күйден,

Жүріп кетті жыр-күймем.

Азан-қазан, у да шу,

Қабақ көрдім бір түйген.

Күміс күннің сәулесі

Ұстап апты күлкімнен.

 

Тебірендім,тербелдім,

Көкте де емес, жерденмін.

Жердің үнін ұғуға

Жерден өсіп келгенмін.

Қадіріңді, қара жер,

Қадір өте білгенмін.

 

Жерді бастым! Құдырет!

Көкке қашқам бір рет.

Кеудемдегі шыбыным,

Тым болмаса сыбыр ет!

Жүрегімнің дүрсілі,

Жан-жүйкемді жұлып өт!

 

Сырды тізіп айнаға,

Қарадым кеп айнала.

Бір мұң тұнған көзіме

Күліп тұрды Ай қарап.

Алға басып келемін,

Тағдыр қандай тайғанақ?!

 

Айлар өтті күн-қабақ,

Ұмтыламын бір қарап.

Қауырсындай жанымның

Лебізін тыңдамақ.

Серпілуге жарармын

Селк етіп ап сынбай-ақ!

 

Ұйқы шағым таң қылық,

Үмітімді жандырып.

Жарым түнде оятты

Баяғы сол жаңғырық.

Жүрегімнен жыр саулап,

Ойлар ұшты әңгүдік.

 

Қайдан келген үн екен?

Таңдайыма түнетем.

Талып жеткен жаңғырық

Жасын сынды жыр екен.

Сыйынарым – Махамбет!

Пір тұтарым – Жұмекен!

author

Жұмекен Нәжімеденов

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Жол ережесін бұзған 32 жастағы жүргізушіні полиция қызметкерлері тоқтатады, деп хабарлайды MadeniPor...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға кей өңірлерде әкімдік жергі...