(Баян Болатханованың шығармашылығы негізінде)Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналис...
Ермекұлы Әли. Ауыл қалды жас тамып жанарынан
Фотосурет ашық дереккөзден
2007 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Бозша ауылында дүниеге келген. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті. Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби шеберлік мектебінің түлегі. Республикалық мүшәйралардың жүлдегері. Өлеңдері «Жастар үні», «Көзімнің қарасы» атты студенттер жинағына енген.
- БАҚБАҚ
Көңілдері бір суып, бір ысынып,
Балалар батпырауық жүр ұшырып.
Топ ішінен бөлініп бір балақай,
Анасына тұр «бақбақ» гүл ұсынып.
«Бақыт ғана болады көретінім
бақбақтай ұшсам», — деді кенет інім.
Анасына: армандар қаласына
жасырмайды кеткісі келетінін.
Қажытқан ба осы ауыл, осы қоғам?!
«Қалаға кетсем», — дейді өсіп аман.
Мұны көріп, аулақты армандаған
Ертедегі өзімді есіме алам…
Мен де үйір ем бақбаққа… Үріктім бе?
қалаға қарай тарттым тұрып түнде.
Мен сорлы сонда ұшырған бақбағыммен,
Бағым да қоса ұшарын біліппін бе?!
Бақбақ гүл үзілгенде сағағынан,
Ауыл қалды жас тамып жаңарынан.
Бақбағымды елемей тақпағымды,
Қар жауып қала тұрды қабағынан…
Қалада да өмірді сүре ме екен?!
Бармаймын, жерігенмін жүре көкем.
…Бақбаққа құмар әлгі ұл, қала барса
Батпаққа бататынын біле ме екен?!
Әй, қайдам!..
2. ***
⁃ “Дауасы дүлей дерттің демес пе өлең?
Ендеше, мұңыңызды неге ішпеген?
Сізге деген мендегі махаббаттың
жанында Тынық мұхит емес терең!”
⁃ деп менің WhatsApp-ыма хат келгенде,
Көзіме бір есалаң елестеген…
Өркөкірек көміліп қарға күйім,
Ойым кетті есалаң жанға кейін.
Оңашада хаттарын оқып алып,
Ойлануды шығардым таңға дейін!
Сүйіктім сүйіп жүрсін текке мені,
Дегендей, енді осы жетпегені:
Бейкүнә бикешімді біліп қойып,
Өскемен маған қатты өкпеледі…
Үнсіз…өткір көздерде бір шық тұнып,
Көрсетті сосын қала қырсық қылық.
Шын айтамын!
Шайырын өлтірмекші —
Ертістің толқынымен тұншықтырып…
Күн күркіреп,
Көз жасын қала сығып,
Гүл емес — жағасына жара шығып…
Итжеккенге ақынын айдатпақшы,
Алтайдың асқарынан әрі асырып…
Енді Өскемен суығы кетер өтіп,
Төбемнен тас бұршағын төпелетіп…
Сол бұршаққа тәп-тәтті сезім қосып,
Саған дайындап бердім ғой шекер етіп!
Бекер бәрі..!
Баяғыдай бұл қала қуанбайды,
Кеудесін жарып өткен тұман қайғы.
Содан бері Өскемен түнеріп ап,
Темекі тұтатпаса тұра алмайды..!
⁃ «Дауасы дүлей дерттің демес пе өлең?
Ендеше, мұңымызды неге ішпеген?
Тынық пен Атланттың мұхиты да
Біздегі махаббаттан емес терең!»
⁃ деп менің WhatsApp-ыма хат келгенде,
Көзіме бейкүнә қыз елестеген…
…Сен мені сүйе гөрме!
Өтінемін…
Мені сүйсе, сүйсінші —
⁃ Тек Өскемен!
3. ӘЖЕ…
Бала едім бейкүнә алаң,
Әлі таңсық әжемнің кейпі маған.
«Әжем қайда, анашым?» — деп сұраймын,
«Әжең сенің сапарда», — дейтін анам.
Келмеген мұңлы ой маған…
Балшықтан бәліш жасап күнде ойланам.
Әжем келсе – берем деп бәлішімді
тығып қойдым қыздардан, құмда ойнаған.
Көрші әжей баласының таңына алаң,
Ал мен ше?..
Мен тағдырдан тәлім алам.
— Ей, көршінің баласы! Әжем келіп
байпақ тоқып береді әлі маған…
Үміттей қалмайды екен қасқа сөніп,
Жабығып отырамын жасқа шомып.
Әже, сіз сипамаған маңдайымды
Тағдырым кетеді ылғи тасқа соғып…
«Әжем қайтыс болған ғой бұрынырақ», —
Дегенде ағам,
Кеттім ғой түңіліп-ақ…
Анам үнсіз отырды сүтін тартып,
Әкем жылап келіпті тығылып ап…
…Бейітпе баратыным?!
Бәліштің де берілмей қалатынын...
Әжемді іздеп аққан су мұрынымнан,
Ертең жас боп көзімнен ағатынын…
білмеппін ғой…
4) “Біз сары күзде танысып едік…”
Түнгі қала, ойларым жүр шұбырып,
Жел мазамды алады сыңсып, үріп.
Ал менің ше? Барарым — кофехана,
Отырам арты-артынан мұң сіміріп…
Сирень дейтін жүрушең сен гүлді аңсап,
Сезім дейтін жүрушем мен гүлді аңсап.
…Сені көрдім, жәудіреп жанарында
үзілуге шақ қап тұр мөлдір моншақ…
“Ұмытам!” — деп кетіп ең, сен де тегі,
Сағыныш қой, көз жасты көлдетеді.
Ей, тасжүрек, мен сені сүйетіндей,
Мені де сүйе салсаң, нең кетеді?!
Сәтімде, бұл қалаға сия алмаған,
Баққа барам — екеуміз қиялдаған.
Сенің түкте кінәң жоқ,
Менің кінәм —
Сенен басқа ешкімді сүйе алмаған…
Кофехана…
…баз кешіп бізбен жел де,
Сірескен жібімейді мұз кеудемде.
Мен сары күз түскенде сені еске алам,
Сен не істейді екенсің күз келгенде?.
5. ЕРТІС БӘРІН БІЛЕДІ
Сағынсақ ерке Ертіске келеміз деп,
Телміргенбіз толқынға неге біз көп?!
…Ендігі Ертіс жаққа елеңдеймін,
Сенімен кездесуге себеп іздеп!
Қаланың қойынына түнеп шығып,
Жүргенімде өмірді жүдеп сүріп,
Жағалауға сен келдің!
Ал мен қалдым
жаныңа жақындауға жүрексініп…
Сен байқадың… күй кештім әсте бөлек,
Жанарыңда мөлт еткен жас не демек?!
Сен қанша жасырғанмен,
Көзің әлі
сүйетінің тастады әшкерелеп…
Кеуденді бір сағыныш кернегенде,
Келмегенде қайтесің, келмегенде?!
Алайда өткен қайтіп оралмасын —
Біледі Ертіс!
Білеміз: сен де, мен де…
«Барлығы бекершілік», — дейді қар, қыз!
«Барлығы бекершілік», — дейді қар, қыз!..
Сен, өтінем, өмірден сүймей өтпе,
Мен өтейін, жаным-ау, мейлі жалғыз…
Сен кеттің жанарыңды мұңға малып,
Мен қалдым..!
Ертіс қалды шулап ағып…
6) ипохондрия
шіркін күзде,
құрғыр-ау, ойнап жүрміз бұл күн біз не?
қадірің қашырмай-ақ махаббаттың,
қоштасу керек шығар, мүмкін, бізге?
келуі екіталай мұнда бақыт.
минутына жүргенше мұңға батып,
қоштасайық қайрлыма!
бар, бара ғой,
жанарыңнан жасыңды сырғанатып…
сенде, бөтен, ендігі менде бөтен,
«жалғыздық» деген бүгін елге кетем.
сағынышын арқалап Төлеағамның*,
Есағамның* құстарын ермек етем…
мөлт еткенім
сүйесің енді өмірдің ертектерін.
ал мен «сүйем» деп жазам қаншама өлең,
сен бірақ:
…селт етпегін!
риясыз сәттерді аңсап сүйенерге,
жоқ “сағыныш” — отына күйе берме!
…бұдан былай ақынға үміт беріп,
бұдан былай ақынды сүйе гөрме!
*Төлеағам — Төлеген Айбергенов
*Есағам — Есенғали Раушанов
7) ЕРТЕГІ
— Әке есінде ме?
Сұр шанаммен сырғанап сонау маңда,
— Қайт ұлым! — дегенді де ұқпайтынмын.
Тек ақтүтек бораған борандарда
Мен сенің қойыныңа ықтайтынмын!
—«Балам, бүгін басылмас боран демі» —
деп, әке, сен беріп ең ертегі айтып.
Сүйретіп ап шанамды содан бері
Ертегі үшін үйрендім ерте қайтып!
Бүгінде сұр шанамды әрі астырып,
Кезіп кеттім күндегі анық белді.
Шана мені ауылдан адастырып,
«Қала» дейтін қапасқа алып келді…
Томсарған…тысқары бақ, тысқары кеш,
Қаланың бола алмадым еркелісі.
Мақта қыз жоқ! О, Тоба, Мыстаны нес?!
Бұл қаланың біртүрлі ертегісі…
Шаң басып, шанам қалды салдырлаған,
Есейдім, ертегіні ұқпай бөтен.
Бет қаратпас бораса тағдыр-боран,
Кімнің барып қойынын ықтайды екем?!
Адамы араласпас адамменен,
Бұл қалада жоқ сынды аяу мүлде.
Әке, сен:
—Қайт!— демей ақ, шанамменен
Мен ауылға тартамын таяу күнде…
…ертегі айтып берші!
8) КҮЗ ЕМЕС СЕНІҢ АТЫҢ — МҰҢ СИЯҚТЫ!
Сол ақ жауын, сол тамыз күзі — сұрлы.
Сары адырға сіркіреп сызы сіңді,
…Жылап жатқан меніңше аспан емес,
Жаз дейтұғын перінің қызы сынды!
Жап - жарық жазды әкетті іңір ертіп,
Қалғымады құла түз түнімен түк.
Мұң жамылған жондардан жортып өтіп,
Күз де келді жер-көкті күңірентіп…
Жонына жазды өңгерген тыншы ұятты,
Жазды қимай сан өзен сыңси ақты.
“Күз” деп сені қай құрғыр атады екен?
Күз емес сенің атың — Мұң сияқты!
Шерлі шық жанарымның кілтін алып,
Кірпігімді барады түртіп, ағып.
Жазбен бірге ауылдан мен де кеттім,
Жасымды жапыраққа сүртіп алып…
Көзі — көк…
Жүзі — бозғылт…
Басы — сұрлы…
Жалбыр-жалбыр күз келді, шашы сулы.
…Мына жаңбыр, менінше, жаңбыр емес
Жаз дейтұғын сұлудың жасы сынды…
9. ***
Сәлден кейін «Қоштасу» станциясындағы пойыз
«Жалғыздық» станциясына сапарға аттанады…
— Алтыным, аман болғай, аман болғай!..
Мен кеттім, арыңа сап асыл жүзік.
Сен қалдың «Кетпе!» — деуге шамаң болмай,
Жанарыңнан мөп-мөлдір жасыңды үзіп…
Сақтап қой суретімді төс қалтаңа-ай,
Қоштасайық — сүюден қорыққанша.
Келді рейс..!
Қош енді, қош, қалқатай,
Жалғыздық бекетінде жолыққанша!
Бізді айырған вокзалды жек көремін,
Вагон іші көңілсіз, мұңға тұнып.
«Әлде кері қайтсам ба?» — деп келемін,
Сан-сапалақ ойлармен ырғатылып…
“Сезім” — дейтін серігім сыңар қанат,
Сағыныш симфониясын тартады ойнап.
Мына пойыз жүйткиді мұң арқалап,
Қимай-қимай қоштасқан қалқаны ойлап…
Қоп-қою қараңғылық жұпына ауды,
Сәлден соң таң атады тамсандырған.
Жалғыздық бекеті емес — күтіп алды
Сағыныш станциясы қарсы алдымнан.
— «Кеш, қалқа, мен бейбақты — қатал қайғым…»
Сен жыладың, сенімен жел жылады.
Жо-жоқ атай гөрме, апармаймын
Қоштасу бекетіне ендігәрі!