Гүлмира Сүйекенова. Ол көреді, Ол естиді, Ол күшті

Фотосурет Б.Сапарованыкі

ӘДЕБИЕТ
96

Гүлмира Сүйекенова 1978 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданында дүниеге келген. Ақын. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Республикалық, облыстық басылымдарда тілші болып қызмет жасаған. "Шамшырақ" жыр жинағының авторы.

МІНӘЖАТ ЖЫРЛАРЫ

Тахаджуд

Түн.
Тахаджуд намазы –
Тіл жетпейтін тамаша!..
Сүйген құлдың сырласуы
Тәңірімен оңаша!!!

Қап-қараңғы, тып-тыныш,
Еміс-еміс өз күбірің естіліп,
Тереземнің тамшылары тасты үгіп,
Жан жуылып,
Үміт артып,
Күдік біткен қуылып,
Сәбидейін тап-таза,
Ұшқан құстай жеп-жеңіл –
Мендік көңіл,
Міне, өмір!!!
Айқайлайды,
Қайталайды
Ішіңдегі жаңғырық.
Қимастықтан
Байқамайды
Кеп қалғанын таң күліп...

Бойым балқып,
Аспан тартып барады.
Көрінбей-ақ көзіме,
Ғашық қылған Өзіне
Әр-Рахманның ғажабы!!!

Ешкім бұны сезе алмайды,
Шын ғашықтық күйге енбей.
Мен де ешкімді сүйе алмаймын,
Дәл Өзіңді сүйгендей,
Раббым!!!

Тәтті ұйқыңды
Қисаң болды,
Тап-таза су
Құйсаң болды тәніңе,
Ниет деген – нар тәуекел,
Қарамайды әліңе.

Ешкім бұны сезе алмайды,
Шын ғашықтық күйге енбей.
Мен де ешкімді сүйе алмаймын,
Дәл Өзіңді сүйгендей,
Раббым!!!

БЕРЕКЕЛІ РАМАЗАН

Ашықтым, әбден ашықтым,
11 ай бойы қу нәпсіні тойдырып,
Бар тәттіні соған қарай тасыппын.
Көңіл деген,
Көк дүниемнің көксегенін қылам деп,
11 ай бойы тәтті ұйқыға батыппын.
Сөйте тұра, сабырымды 1 ай бойы сынайтын
12 айдың сұлтанына неге сонша ғашықпын?

Неге ояумын, неге күттім мен сені?
Көрші міне, көтерілген еңсені.
Бұның сыйын Хақтың Өзі береді,
Боқ дүниемен өлшенбейтін өлшемі.

Неге сүйем, неге сонша аңсаймын?
Жаңарамын, жаңғырамын, жасаймын.
Мен ешкіммен бөліспес ем өлсем де,
Берекесін беріп қойған осы айдың.

Аппақ әлем, ақ періште қоршаған,
Ағылды әне мешітке қарай қанша адам.
Тарауих деп, тахаджуд деп түні өтсе де,
Таппадым мұнан шаршаған.

Құранмен қуаттанып,
Хақ дін жайлы сыр ақтарып,
Тақуалықты аңсаған,
Жетпеді бұған қанша жан.

Раббың үшін бұл амалың,
Азан боп ескен самалың,
Естіліп тіпті тасадан,
Ақ махаббат аңқиды,
Жылуын төкті Жасаған.
Қош келдің, берекелі Рамазан!

Таухид

Аллаһ жалғыз,
Мұңсыз әрі мұқтажсыз,
Туылмады, тумады!!!
Керісінше, Оған мұқтаж әр нәрсе,
Әсіресе құлдары...
Қалғымайды, мүлгімейді, өлмейді,
Мәңгі тірі – Жаратқан!
Ал сен үшін түн – тынығу, күнде өлу,
Күнелтсін деп таң атқан.

Ол көреді, Ол естиді, Ол күшті,
Қурайың да қурамайды Құдайсыз!
Сен – әлсізсің,
Сәл тайғанап, сүрінсең,
Шалыс кетіп құлайсың.

Сұра, сұра, алақан жай, ұялма.
Мойындаған
Тақуаның түсі аппақ.
Ұмытшақтың уайымы белгілі:
Атақ... ақша... қу мансап...

Иеміз берер
Үйіп-төгіп байлықты,
Бәрі өзінше бақытты...
Тек сүйікті құлға ғана сыйлайды
Лайықты жақұтты!!!

Іргетасы қаланбаған дінінің
Адасқандар кем емес,
Саналарда басталады, содан соң
Күллі әлемдік төбелес!..

Жалғыз себеп –
Тәңірге ешкім тең емес!!!

Раббым

Сен менің аспанымда, көгімдесің,
Сен менің жүрегімнің төріндесің.
Сүймесем, сағынбасам мен Өзіңді,
Дәл бұлай оңашада егілмеспін.

Сен менің аспанымда, көгімдесің,
Сен менің жүрегімнің төріндесің.
Бір Өзіңе сенбесем, сезінбесем,
Тап осылай жыр болып төгілмеспін.

Сен менің аспанымда, көгімдесің,
Сен менің жүрегімнің төріндесің.
Өзің ғана жүрекке иман бермей,
Дертінің таба алмайды емін ешкім.

Сен менің аспанымда, көгімдесің,
Сен менің жүрегімнің төріндесің.
Бір Сенің дидарыңды көру – арман,
Арманым орындалса, өкінбеспін.

Көрмесем де бір Сені сағынамын,
Көрмей-ақ та бір Саған табынамын.
Құлшылық қылған сайын жаным кіріп,
Бұйрығыңа бір Сенің бағынамын.

Өзіңді таба білу – өмір мәні,
Сонда ғана бақытты құлдың бәрі.
Өмір өтер, бірі келіп, бірі кетер,
Өзіңсің мәңгі тірі.

Өзіңді сүйе білу қандай ғажап,
Өн бойыңа таралар пәк махаббат.
Құраның адастырмас, жарық нұрым,
Сүннетің сүріндірмес, жүрсең ұстап.

Айрылма, осы Сенің түп қазығың,
Қандай тағдыр берсең де, разымын.
Өзіңсіз мен де ешкім емес едім,
Сөзіңсіз қайдан табам жан азығын?

Тек Өзіңсің тумаған, туылмаған,
Себепсіз ешкім жәннаттан қуылмаған.
Пендесі шын сұраса жүрегімен,
Көз жасына күнә жоқ жуылмаған.

Қателессем, кешірші, кешір мені,
Ұнатасың Сен ғана кешіргенді.
Бар екеніңді бір Сенің біле тұра,
Қайтесің-ау ұмытып, есіргенді.

Мұқтажбын, Раббым, Өзіңе,
Шипа бар Сенің сөзіңде.
Жәннаттық қылшы жанымды,
Кеудемнен шығар кезінде.

Күмісті қайтем қолдағы,
Алтынды қайтем жолдағы?
Жанымды бөлер рахатқа,
Сен ғана сүйсең болғаны.

Сен маған бәрін сыйладың,
Ал мен нәпсімді тыймадым.
Сен сонда да уақыт созғылап,
Жамандыққа бір сәт қимадың.

Мейірімді бар ма дәл Сендей,
Рақымды бар ма дәл Сендей?
Ұмытқан Сені қалай жүр,
Ұяттан өлмей, өртенбей?

Қаһарыңнан қаймығатын қазақпын,
Талай мәрте дәмін татқан азаптың.
Жәннатыңнан үміттімін сонда да,
Бізден отын алыстатшы тозақтың,
Раббым!

Кемелдік бар аспанда

Кемелдік бар аспанда,
Ей, тәкәппар дүние,
Ақиқатқа тура қара, жасқанба.
Құдай дейтінің белгілі,
Жан алқымға тығылғанда сасқанда.
Кім екеніңді белгіледі әу баста,
Тағдырыңды мөрлеп тұрып,
Маңдайыңа басқанда.

Ей, боқтан сасық боқ дүние,
Кісімсінетіндей кімсің сен?
Екі ақ жол бар алдыңда,
Таңдауың бар, еркің бар,
Әу баста берген сертің бар.

Ей, топырақ ғұмыр-ай,
Жерге түспей тоймайтұғын,
Менмендігін қоймайтұғын.
Темірге де жан саламын деп,
Жұмыссыз қалар қанша адам деп,
Бұл да өзін данышпансып,
Ұқсатады бір жаңалық ашқанға.
Адам өзін ұмытады екен-ау,
Әбден асып-тасқанда.

Ұлықтағанды, ұмытпағанды
Ұмытпайтын ешқашан.
Кемелдік бар аспанда.

Қос дүние Кәусары

Қара түнекті қақ жарып,
Соқырлықпен қоштасқандай бар ғаріп,
Жер бетіне шуақ келді, нұр келді,
Айналасы жап-жарық.

Жер бетіне шуақ келді, нұр келді,
Күллі дүние көз алдымда өзгерді.
Сөніп бара жатқан шырақ лаулады,
Солып бара жатқан тамыр әрленді.

Көрінді анық жарық пенен қараңғы,
Ажыраттың надан менен адамды.
Ажыраттың адал менен арамды,
Ажыраттың жомарт пенен сараңды.

Жұмақ барын, тозақ барын білдік біз,
Көбірек жылап, сәл жымиып күлдік біз.
Содан бері бір Алланы таныдық,
Құлға лайық құлшылық та қылдық біз.

Енді білдік мұғжизасын Құранның,
Енді білдік айырмасын құр әннің.
Осы екен ғой екі дүние байлығы,
Осы екен ғой ажырамас шырағым.

Құран менен сүннет – ұлы бағдаршам,
Өзіңді өзің алдайсың тек алдасаң.
Еркің бар ғой, дегеніңді істей бер,
Ақыретте саның соғып қалмасаң.

Өмір деген бір-ақ рет берілетін мүмкіндік,
Біреуге ол бір ғасыр, ал біреуге бір күндік.
Қу нәпсімен күнде түсіп айқасқа,
Бір жыладық, бір күлдік.

Жер бетіне әкелген нұрлы жақұтты,
Әминадай ана қандай бақытты.
Қызың болса, Фатимадай-ақ болсын,
Хадишалар, Айшалар
Даналықты, шаттықты сыйлай білді.

Ақын емес ол сөз ұйқасын құраған,
Сиқыршы болса, көз ашпас-ең дуадан.
Ескерткіш болып ел есінде қалсын деп емес,
Ескерту үшін жіберілген бізге бұл адам.

Әлі күнге жарқыраған нұр шамың,
Шөлдегенде шөл қандырған Кәусарым.
Есіме алсам, тарта қалам тізгінді,
Дүниеге ауа жаздап аңсарым.

Бір Алланың сүйікті құлы, елшісі –
Бұл Мұхаммед, жәннаттан болған еншісі.
Салауат қыл, сабақ ал,
Бұл Мұхаммед – өмір сүру үлгісі.

Күдік, күмән, көлеңкелер қуылған,
Бұл Мұхаммед – зәмзәммен жүрегі жуылған.
Бұл Мұхаммед бақыты үшін адамның,
Бұл Мұхаммед пайғамбар болып туылған.

Бұл Мұхаммед – басқан ізі сүннетің,
Бұл Мұхаммед – нұрға балап жер бетін.
Шапағатшым-ау, махаббатым-ау мәңгілік,
Лайықты болсын соңыңнан ерген үмметтің.

Сүйікті пайғамбарым Мұхаммед саллаллаһу әлейһи уә сәллам!

Мүміндердің көктемі

Қыс дегенің – мұсылманның көктемі,
Күнің қысқа, түнің ұзақ, өйткені
Шаршамайсың, шалдықпайсың, талмайсың,
Көп уақытты құлшылыққа арнайсың.

О-о-о, ұзақ түн,
Ұйқыңда тез қанады.
Қайдасыңдар, дүниенің қонағы?
Қалғымайды, мүлгемейді Ұлылық.
Ұлықтағанға,
Ұмытпағанға
Қыста көктем болады.

Жерде аппақ,
Ойда аппақ,
Ай да аппақ,
Жүрегіме ақ махаббат қонақтап,
Құлшылықпен таң атпақ.

Қар ызғары білінбейді,
Жып-жылы.
Аяз, боран еске салып
Құдіретті бір Ұлыны.
«Жылы», – десем,
«Суық», – дейді, сенбейді
Жүрегінде иманы жоқ бір долы.

Шын айтамын, күлмеші,
Бұл дүние – мүміндердің түрмесі.
Аз ғана уақыт аялдап,
Жеңімпаз боп оянбақ,
Ахиретте ашылғанда пердесі.

Қыс дегенің –
Көктем, деймін біз үшін,
Таңғалмайды, о несі?!

Кел, ұлықта түні бойы, зікір ет,
Көздеріңнің көргеніне шүкір ет.
Аяғыңның жүргеніне шүкір ет,
Құлықтарың естісе де шүкір ет,
Қолдарыңның қимылына шүкір ет,
Тілдің сайрап тұрғанына шүкір ет.

Мұның бәрін саған қызмет қылдырды
Көзімізге көрінбейтін құдірет.
Тым болмаса,
Есіңе алшы бір рет.

Меніменен менікі де бір басқа,
Бір кем дүние бір баста.
Мұқтаждықты сезіну де ғанибет,
Мүмкіндікті жібермейік құр босқа.
Түнің ұза-а-ақ,
Күн қысқа.
Қанша сауап бар десеңші бір қыста!

ЖАЙЫҚ

Қарқынды, Жайық қарқынды
Алқынды, тағы алқынды!
Мұқтажбын, Раббым, өзіңе,
Қорғай гөр, Раббым, халқымды.

Шулаған халқым - далада,
Тулаған толқын - жағада.

Қорғанып жатыр қайтсін-ау,

Жас-кәрі, бала-шаға да.

Тасыды тағы өзенім,
Ауылдар күтті кезегін...
Төбемде Раббым тұрғанда
Мен қалай күдер үземін?!

Қалмасын судың астында,
Тілегі кәрі-жастың да:
Кеше гөр, Раббым, пендеңді
Бөгет бола гөр тасқынға!

Сыналам, иә, сыналам,
Бір тамшы судан сұралам.
Кешіріміңсіз бір Сенің,
Мейріміңсіз бір Сенің,
Қалармыз қалай дін-аман?!

Шөліркеп тұрған көк теңіз,
Жайықтың халін сөкпеңіз.
Таутеке қарды ерітті,
Жылуыменен көктем қыз.

Судың да көңіл-күйі бар,
Тосыннан соғар сыйы бар.
Өр суы келген кезінде,
Жайыққа жағу қиын-ау.

Гүрілдеп келер, сарқырап,
Есінен танар атырап.
Жайықтың жайын біледі,
Жағада өскен жапырақ.

Келеді әне, арқырап,
Жолында тал тұр қалтырап...
Ашуы қысқан өзенге,
Жаратқан өзі жар болмай,
Тосқауыл болмас топырақ!

Ашулы Жайық ашулы
Күшейтті бүгін тасуды.
Жоқтан бар етіп жаратқан
Тапсырдым саған елімді,
Тапсырдым саған жерімді.
Бір өзің ғана білесің,
Ашуды қалай басуды.
...Қорғай гөр бізді, Әл-Хафииз!
  

 

PESTEL

Израиль мен Ливан 16 сәуір күні 34 жылдан бері алғаш рет мемлекет басшылары деңгейінде келіссөз жүрг...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, белгілі режиссер әрі педагог Есмұхан...