Ілияс Башарұлы. Ымырт (Әңгіме)

Фотосурет автордың әлеуметтік желісінен алынған

ӘДЕБИЕТ
84

Әбсәлім ақсақал таң намазы уақытын сағатқа қарамай біледі. Орнынан тұрып, төсектің аяқ жағында ілулі тұрған шапанын иығына іле салып, сыртқа шықты. Аспанда күннің шапағы әлі біліне қоймаған кез. Дәретінен кейін бірден үйге кірмей, бір сәт терең дем алып, кәрі өкпесін таңғы ауаға бір шомылдырып алады. Сосын барып таң намазын оқиды. Үйдегілер тәтті ұйқының құшағында. Бірер сәттен кейін сыртқа қайта шығады. Таңды есіктің алдында отырып қарсы алады. Осы сәтті ерекше жақсы көреді. Түн қарт көңілін қамықтыра түсетін секілді. Таңғы сәуле қараңғылықты сейілтіп, жанына рахат силап, алғашқы нұрдың шапағымен тынысы кеңейіп, шаттана түседі. Түннің түңлігі түріліп, айнала қайта тіріліп, күннің сәулесін күтіп жатқан тіршілік атаулы абыр-сабыр күйге лезде еніп, күйбің тірлік басталып кетеді. Түн тыныштыққа шақырады. Күн тынымсыз тірлікке шақырады.

Үйден келіні шығып, сиыр саууға бет алды. Ауыл да оянып келеді. Тіршіліктің тынысы кеңейе берді. Намазын оқып біткеннен кейін жазғы демалысқа келген немересін барып оятты. Атасының сөзін бұлжытпай орындайтын Тұрар орнынан тұра сала жуынуға кетті. Олар таңғы астан кейін күндегі әдетінше: атасы көк есегіне мініп, немересі күрең биені жетегіне алып, ауылдың маңынан ағып жатқан өзенге қарай беттеген. Малдарын суарып, бие мен есекті судың жағасындағы сазға арқандап, алып келген шалғымен Тұрар шөп ора бастады. Құлынды бие мен атасымен бірге қартайып қалған көк есектің түнгі қорығын шөкімдеп, біраз демін алды. Ендігі барар жері – ауылдың шетіндегі зират. Бұл жағдай соңғы кезде күнделікті әдетке айналған. Бұлардың зиратқа келуінде үлкен мәселе бар. Әбсәлім ақсақал: «Төрімнен көрім жақын, өз моламды өзімнің немереме қаздырам», – деп шешкен. Алғаш немересіне ойын айтқанда, ол ат-тонын ала қашты.

– Ата, қандай мола? Сізге оны ойлау әлі ерте. Құдай қаласа, сіз жүзден асасыз. Қазбаймын, – деп қарсылық білдірген.

– Балам, ерте ме, кеш пе, бәрібір мен о дүниеге кетемін. Төрімнен көрім жақын. Мен де мына жатқандардың көбісін өзім аттандырғанмын. Оның сауабы деген үлкен болады. Менің моламды сен қазып, өлгенде өзің аттандырсаң деймін. Сауабы саған тиер, – деп, немересін көндіргендей.

Немересі атасының бұл айтқанына келіспесе де, қарт адамның көңілін қимай, осында келіп жүр. Бүгін де тығып қойған ораулы қапшықты алып, ішіндегі ескі киімдерін шығарып, ауыстырып, қайласы мен кетпен-күрегін арқалап, төрт-бес күннен бері қаза бастаған молаға жақындады.

Әбсәлім ойға кетті. «Көр қазу – сауап» деп жатады. «Өзінікін қазған – есуастық» дейтін шығар. Десе дей берсін. Ауылдың қым-қуыт өсегі мен байбаламдарынан осы жер тыныш. «Мына дүниеде не нәрсенің болмасын өз орны, атқаратын міндеттері бар. Маса екеш масаның да қысқа ғұмырында адам баласына пайдасы бар дейді. Жаратқан ием бұл ғаламда ешнәрсені бекер жаратпаса керек. Барлығының атқаратын бір мақсаты, қоршаған ортаға пайдасы бар көрінеді. Осы тоқсаннан асқан шағымда менің қандай пайдам бар? Қай жиынға барма, кішкентайыңнан еститінің – “жүз жаса” деп бата беріп, тілек білдіріп жатады. Жүз жасаудың мәні мен мағынасы неде екенін кім айтып бере алады? Қазір әлі қайратым бар. Ертең Құдайдың қайбір күні ауырып жатып қалсам не болады? Масыл боламын ғой. Онсыз да кейде айналамдағылар бар-жоғымды ұмытып кететін секілді. Осы Тұрары келсе, жас баладай мәз болады. Бұның жанын сол ғана түсінеді. Бар білген, көргенін осы немересіне айтады. Кішкентайынан атасы мен апасының қойнында өсті. Кейін әкесі қалаға қызметке ауысып, көшіп кетті. Жаз болса болды, Тұрар қалада бір күн де тұрақтамай, ауылға қашады. Жаз бойы атасының қасында жүріп, үйдің тірлігіне жарап жатқаны».

Екеуі жаңадан қазыла бастаған моланың қасына келіп, кішкене тізе бүккен. Атасы демін басқан соң, күндегі әдетінше құран оқыды. Күндегі әдетінше атасы Тұрарға «бері отыр» дегендей ишара білдіріп, күндегі әдетінше әңгімесін бастап кетті.

– Сен қалада оқыған соң көп жаңалықтан хабарың бар шығар. Бұрын бәрі түсінікті еді. Советтер бар, Мәскеу бар, бәрін солар шешетін. Енді міне, бәрі тарап кетті. Ары қарай жағдайымыз қалай болады екен? Газеттер не дейді? Бізге бүгінде сол газет-журналдар да жөнді келмейтін болды. Телевизор да бірде көрсетеді, енді бірде апталап свет болмайды, ештемеден хабарымыз жоқ, бейхабар күйде отырамыз.

– Ата, біз қазір егеменді ел болдық! Өз тағдырымызды өзіміз шешеміз енді. Ешкімге бағынбаймыз, жалтақтамаймыз. Жақында мына Қытаймен шекарада «Достық» бекетін аштық. Олармен байланысымыз күшейетін болады.

– Ай, балам-ай, бұл қуанатын жағдай емес. Баяғыда айтатын: «Қара қытай қаптаса, орыс өз әкеңдей көрінеді» деп. Қытаймен қатты жақындасып кетуге болмайды.

Тұрар өз білгенінше атасына Қытаймен де, орыспен де, Америкамен де араласу керек екенін, сонда ғана еліміз жан-жақты дами алатынын айтып, күшеніп бақты. Атасы бұның айтқандарына онша малдана қоймады. «Бәрібір Қытаймен абай болу керек», – деді де, осымен әңгіме бітті дегендей, көзін мына жатқан зиратқа бұрды.

– Алғашында мына жер кішігірім зират болатын. Бүгінде үлкен қалашық сияқты. Өмір мен бірге өлім таласып жүреді екен. Ауылдың халқы көбейген сайын мына зираттың да шеңбері кеңи түседі. Осында тұрғызылып жатқан бейіттер бірінен бірі асады. Құдды бір бейіт тұрғызуда бірінен бірі асып түскісі келетіндей. Қайда барсаң да, бірімен бірі жарысқан қайран қазағым. Мына зәулім үйшіктер о дүниеге кеткен жанға не үшін керек екен? – деп немересіне қарады. Тұрардың жауабын күтпей, ары қарай сөйлеп кетті. – Құрметтегіш болсаң, тіріңде көрсет. Өлген соң оның әруаққа керегі жоқ. Барлығы сол атаққұмарлық. Моланы да мақтану үшін салатын болды ғой. Оның үстіне кейбіреулер осы жерді табыс көзіне айналдырып алған. Жақсы, көрінетін биіктеу жердің бағасы жоғары. Шет жақтікі – төмендеу. Келген қалталылар жоғары жақты, көзге көрінетін жерді таңдайды. Осында жүрген төрт-бес жігіт келгендермен саудаласып, моланы қазып, жақсылап құрылысын салып беретін болып келісіп жатады. Бәрі ақша болып кетті. Бұрындары бірнеше жігіт келіп, ұйымдасып, моланы қазып беретін. Ол кезде ағайынгершілікпен азын-аулақ бірдеме берсең, соған ыриза болатын. Қазір бәрінің құны бар.

Тұрар осында келіп, атасының моласын қазып жүріп байқаған. Бүгін де бір-екеуі келіп, әлгі жігіттермен келісіп кетті. Жұмыстарына кірісіп жатыр енді. Осы төбенің арғы бетінде орыстардың зираты тұр. Олар молаға төрт бұрышты темір қоршау орнатады немесе бір тасқа аты-жөнін жазып, белгі қоя салады екен. Зиратқа орыстар арақ қойып кетеді. Бұл қулар соны барып ішіп жүргені. Азғындықтың бір түрі осы шығар.

– Ата, сонда мына жігіттердің бұдан басқа жұмысы жоқ па? – деп атасына көз қиығын тастады.

– Солай болып тұр ғой, балам, – деді атасы күрсініп.

– Ата, неге күрсіндіңіз? – деп Тұрар тықақтай түсті.

– Е-е, балам, бұлардың табысы – осы мола қазу.

– Ата, сонда олар күніге осында ақша табамыз деп келеді ғой. Қандай жаман жұмыс.

– Неге, балам? – деп, оның не айтпақ болып отырғанын сезсе де, Әбсәлім немересіне сынай қарады.

– Сонда бұлар күнде осында келіп біреудің өлімін күтіп отыра ма? Не деген жаман тілеу!

Атасы немересінің сөзін құптап, басын изеді.

– Иә, балам, бұл өмірде мысық тілеу кәсіптер аз емес. Адамдар кәсіпті таңдауда қателеспеу керек. Мыналардың істеп жатқаны кәсіп емес, күн көрудің қамы. Жақсы мамандық таңдау үшін көп оқы, білімді бол!

Әбсәлім әңгімені басқа арнаға бұрғысы келіп, орнынан тұрды. Немересі бірге ілесті.

– Бұл зиратта жатқандардың денін білемін, балам. Көбісін өзім арулап қойғам. Мынау молада Қадырбай жатыр. Тірі кезінде жақын араластық. Сырлас едік. Бір-бірімізге көмектескіміз келіп тұратын. Онымыз көп қатарластарымызға ұнай бермейтін. Қадырбайдың молдашылығы бар болатын. Ауылда неке қию, жаназа шығару соның мойнында еді. Өзі ұжымда гараждың қарауылы болып жұмыс істейді. Молдалығы елдің сұрауымен болатын. Ол үшін ақы сұрап, ақы тілемейтін. Ауылдастары азын-аулақ бірдеме беріп, ырымын жасап жататын. Берсе алады, бермесе ештеме демейтін. Әр ауылда бір Қадырбайлар болатын. Қазір мешіттен арнайы көлік жіберіп, имам шақыртады. Жап-жас жігіттер пайғамбардың сахабалары сияқты салтанатымен келіп кеткенін көргенде, «олар неге сондай құрметке ие, соншалықты?» дегің келеді.

– Ата, олар медреседе білім алып, шет елде оқып келгендер ғой. Олардың дәрежесі жоғары, – деді Тұрар.

– Қадырбай да құранның тілін білетін. Білгені сол да, Баттагүлді жын шалғанда күн-түн демей оқып, бетін бері қаратты емес пе?.. Қолынан келгенше қасындағыларға шарапатын тигізіп жүруші еді. Алла сонысын көрді ме екен, баласы, немерелері жақсы азаматтар болып өсті. Есіңде болсын, балам, бұл өмірде қанша жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да, ол қайтарымсыз кетпейді. Өзіңе қайтпаса да, балаларыңа, ұрпағыңа айналып келеді.

Қадырбайдың зиратының қасына келіп, құран оқыды. Қасында тұрған немересін ұмытып кетті ме, өзімен-өзі күбірлеп сөйлеп отыр.

– Әй, Қадырбай, мен не жаздым, осы, сендерге? Басқа-басқа, саған не жоқ? Екеуміздің достығымыз, сыйластығымыз басқаларға үлгі деп жатушы еді ғой. Мейлі, анау Үсен, Құрманәлілер мен жайлы жоғары жаққа айтпайтын шығар. Сен бір ауыз айтсаң болмас па еді? Тіріңдегі тақуалығыңмен Құдайға бір табан жақын шығарсың? Онсыз да арам тамақ болдым. Қадірім кетпей тұрғанда алып кетсінші, айтшы. Жасарымды жасадым, асарымды асадым. Арманым жоқ. Сенің сөзің қабыл болып қалар деген үмітім ғой.

– Ата, не деп жатырсыз? – Тұрар бір сөзін ұқса, бір сөзін ұқпай, атасының жеңінен тартты.

– Жәй, әншейін, балам, – деп, ары қарай өз ойымен өзі отыра берді.

Тұрар қолына қайласын алып, жұмысына қайта кірісіп кетті. Қайланы құлаштап сермеуге шамасы келмей, қиялап қана шабады. Сәл қимылдаса, ентігіп, тері сорғалап шыға келеді. Қимылынан қисайып отырғаны көп. Бұл қылығын көрген атасы: «Қаланың тамағында қуат жоқ, жаз бойы ауылда жүріп күш жинап ал», – деп қояды.

Әбсәлім соңғы кездері ауылдан гөрі осында көбірек болғанды жаны қалайды. Құдды бір қайнаған тіршіліктің ортасындағы тыныштық аралы дерсің.

Тұрар кішкене дем алайын деп пе, әлде атасының әңгімесін тыңдағысы келді ме, қасына жақындап отырды. Атасы да соны сезді ме, әңгімесін сабақтай түсті.

– Осы зиратты кезінде Қадырбай қаладан тәжіктерді әкеліп, дуалмен қоршатып еді. Мал баспаған соң ба, шөбі ерекше қалың, биік болып өседі. Кейде маған осы ну болып өскен шөптер мұнда жатқандардың көрден сыртқа қашып шыққан жандары секілді көрінеді. Алжиын деген шығармын. Қайдағы жан? Жақсы адамның жаны аспанға ұшып кетеді дейді, жұмаққа! Жаман адамның жаны жердің астындағы тамұққа барып қамалады дейді. Менің жаным қайда болар екен?

– Ой, ата, сіз тұп-тура жұмақтың өзіне барасыз, – деді немересі.

– Қайдам, балам. Оны бір Алла ғана біледі. О дүниеге барғанда барлық іс-әрекетіңе жауап бересің дейді. Меніңше, ол жақта өзің жауап берсең, мұнда ұрпақтарың жауап беретін сияқты. Осы мынау Қадырбайдың арғы жағында жатқан Тұрлығұлдың балалары елге жұғымы жоқ біреулер болып шықты. «Солай, Тұрлығұл! Кезінде қит етсе қиқу шығарып, елдің есін кетіруші ең. Берекесін қашыратынсың. Енді міне, балаларыңның не бірлігі жоқ, не елге сүйкімі жоқ».

Атасы тағы да өзімен-өзі анау молада жатқан кісі құдды қасында отырғандай онымен сөйлесіп кетті.

– Анау Анарбайың мына орыстардың зиратын саялап жүр. Сол жерден барып арақ ішкеніне мәз. Ата сақалы аузына түсетін жасқа келсе де, басында бір шөкім ми жоқ.

Немересі есіне түсіп кетті ме,

– Тұраржан, анау алып келген тамағыңнан ауыз тиейік, – деп, тегістеу жерге отырды.

Күздің қоңыр салқыны білініп қалыпты, денесі салқынды сезіп жатыр. Қысты жаны сүймейді. Томар мойын қыстың күндері қозғалысы кісенделген жылқыдай кібіртіктеп, шайнауы бітпейтін сіңірдей көрінеді. Онсыз да демі шықпай тұншығып қалғандай көрінетін қара түнді ұйқылы-ояу жатып өткізетін Әбсәлім үшін қыстың ұзақсонар түні азаппен тең. Мұндайда жата берсең, жамбасың тесілетіндей қиналады. Кейде темір кереуетінде аяғын төмен салбыратып, қақшиып отырып таң атырады. Сондағысы өткен күндерін еске алады. Құдай-ау, патефонның табақшасы секілді қайталанып отыратын естеліктері кеуіп бара жатқан миын қақпалай береді.

Тұрар дастарқанға тағамдарды жайғап, термостан шайын құйып, атасына берді. Тағы да атасын әңгімеге тартпақ болып:

– Ата, апама қалай үйлендіңіз, айтып беріңізші, – деп қиылды.

Атасы әңгімесін неден бастарын білмей, ойланып отырып қалды. Басын көтеріп, жанарын алысқа тастап, алпыс жыл отау құрған Айнагүлі осылай қарай жүріп келе жатқандай қалшиып қалды. Өз ойымен өзі арпалысып кетті.

Жеңгесі Злиха ауылдарына келін болып түскенде, бұл бозбала шақта еді. Алғаш көргенде: «Ай мен күннен жаралған жан ба?» – деп те қалған. Аққұба жүзі албырап, әркез күлімдеп тұратын көзі адамды ерекше өзіне тартатын. Бойын тік ұстап кетіп бара жатқанда, су үстінде жүзіп жүрген періште ме дерсің. Сарыбайдың бағы бес елі екен, осындай жанды жар етіп алған. Олардың үйіне әр нәрсені сылтауратып бара бергісі келетін. Үйлерінің іші қашанда мұмтаздай болып тұратын. Тағамның түр-түрін дастарқанға жайып қоятын. Қайын ағаларына Төрежан, Молдажан, кішілеріне Балатай, Балажан деп әрқайсысына әдемілеп ат қойып алған. Біреуінің атын атап көрген емес. Әбсәлімді Еркежан дейтін. Сарыбайдың үйі бақыт мекені секілді көрінетін. Осылардай ұйып отырған бейбіт елдің берекесі нәубат келгендей бұзылып, бейкүнә жандардың бақыты бір сәтте аласапыран болады дегенге ешкім сенбес еді...

– Е, балам, небір қилы заман, небір жайсаң өтті ғой, – деп атасы күрсінді. Бұл сөздің апасына қандай қатысы бар деп ойланып қалды Тұрар.

– Елдің азын-аулақ астығы мен бірең-сараң малын ұжымдық шаруашылыққа алып жатқаны туралы хабар жеткен. Көп ұзамай үкіметтің белсенділері келіп, жиын өткізіп: «Ұжым боламыз, барлық мал, дүние ортақ», – деп, күнін әрең көріп отырған елдің малын, астығын сыпырып алып кетті. Қолында бір-екі тұяғы қалған жұрт алғашқы қыстан-ақ күйзеліп шықты. Көктемнің көкөзегінде уыз ішіп үйренген ел жусай теріп, соны талғажау етті. Алғашқы жылы амалдап астық оруға да жеткен. Астықты алқаптың орнында қалған масақты да тергізбейтін. Соны да қызғанды емес пе, атаңанәлеттер! Алдағы қыстан кім аман шығады, оны ешкім болжап болмайтын жағдайға жетті. Злиханың күйеуі Сарыбай елді ең қиын – отыз үшінші жылдың қысынан аман алып шықты емес пе. Қамбашы болатын. Елдің жаздай там-тұмдап жинаған бидайы мен жүгерісі таусылып, әр үйдің азығы тұқала бастаған кезі. Отыз үшінші жылдың қары қалың түсіп, жүдеп отырған елді есеңгіретіп тастады.

Ауылды түн жапқанда Сарыбай қамбасынан дорбасына салып бидай алып келіп, жағдайы мүшкіл деген отбасына бір тостаған бидайдан таратып беретін. Қыстан аман шығып, егін себу науқанына бір жетіп алсақ, астықтың қанша қалғаны білінбей кетер деген үмітпен елдің амандығын ойлаймын деп, өзінің қамын ойлаған жоқ. Көктемнің алғашқы күндері болатын. Астық егуге аз уақыт қалған. «Енді бұл ісімізді тоқтатайық. Қыстан аман шықтық қой, енді өлмеспіз. Онсыз да қамбаны жартылап тастадық. Тексеріп келіп қалса, басым кетеді», – деп, қамбаға баруын тоқтатқан болатын. Ауылдастары да оны түсінген. «Қырық адам бір жақ, қыңыр адам бір жақ» демеуші ме еді. Өзімен көршілес отырған Қараман қайта-қайта келіп, Сарыбайдың табалдырығына тыным бермеді. Сарыбайдың айтқанына көнбеді. Ренжіді, боқтады. Ақыры сыртынан арыз жазды. Бір күні ауданнан өкілдер келіп, қамбаны тексеріп, бидайдың жетпегенін қағазға түсіріп, Сарыбайды алдарына салып, алып кетті. Сол кеткеннен сегіз жылға айдалып, итжеккеннен бірақ шықты.

– Есіңде болсын, балам, жылқының аласы сыртында, адамның аласы ішінде. Сондықтан ешкімге ашылып сырыңды айтушы болма. Күндердің күнінде сол ақкөңілдігің өзіңе таяқ болып тиюі мүмкін.

– Злиха бір ұл, бір қызымен қалды. Сарыбайдың түтінін өшірмеймін деп, төркініне көшіп кетпеді. Тырбыңдап тіршілік істеп, екі перзентін жеткізді. Ағайын іші бұларды аластамай, қайта қолдарынан келгенше көмектесті. Сарыбай айдалып кеткеннен кейін Злиханың ашылып не сөйлегенін, не елдің ортасында ашық-жарқын отырғанын көрмедім. «Злиха!» Сұлулық пен сымбаттылықтың, биязылық пен кішіпейілділіктің, адалдық пен әділдіктің жиынтығындай едің ғой. Барлығы бір бойыңа қалай сыйып жүруші еді?

Тұрарға мына әңгіме қызық болып барады. «Атам Айнагүл апама емес, жеңгесіне ғашық болған ба?» деп, атасына таңғала қарайды. Атасы оны елеп те жатқан жоқ. Әңгімесін одан әрі сабақтай түсті.

– Злиха маған жеңге болып келетін. Қайнысы болып қасына барып, қалжың да айта алмағам. Адамның асылы еді. Жылышырай қабағымен жақын тартып тұрғандай көрінгенмен, не қазанының құлағын, не құмғанының тұтқасын көлденең адамға ұстатқан емес. Үйіне барып қалсаң, дастарқанын жайып, барын берсе де, базарын көрсетпейтін, назасы болып тұрса да, азасын білдірмейтін, шын пейілімен сыйлап тұрса да, сырын ашпайтын. Сондықтан да болар, Злихаға ешкімнің артық ауыз сөз айтуға дәті бармайтын. «Злиха келін» болды, «Злиха жеңге» болды, «Злиха әже» болып өмірден өтті. Қалай атаса да, ардақтап, құрметтеп атайтын. Жаны жаннатта шығар. Осы Злиханы да арулап, өз қолыммен аттандырдым. Айнагүл апаң о дүниелік болғанда, осы Злиханың қасына әкеліп жерледім. Екеуінің ағайындығы бар еді. Соғыстан келгенде Злиха Айнагүлді ауылынан арнайы алдыртып, менімен таныстырды. Сөйтіп қолдап қосқан. Осы ауылға Злиха бірнеше апа-сіңлілерін үйлендірді. Көрегендігі шығар. Барлығы бір үйдің қыздарындай аралас-құралас болып жататын. Бірінің жоғын бірі жамап, бірінің тірлігін бірі қолынан алып істей беретін. Күндестік дегенді білмеуші еді, жарықтықтар. Бұл да үлкен саясат екен-ау. Қазіргілер «қырық ру – қырық пышақ».

Атасы тағы да өз ойына өзі шомып кетті. Айнагүлінің де дүниеден озғанына он жылдай болып қалыпты. «Әй, бейбақ! Еш болмаса сен қасыңа шақыратын шығарсың деп едім. Үндемейсің! Жаман өмір сүрген жоқ сияқты едік қой. Майда-шүйде кикілжіңдер болмаса, қатты кеткен кезіміз жоқ. Өміріңнің соңғы сәттерін сездің бе, бірде қасыңа шақырып: “Енді күнің не болады?” – деп кемсеңдеп, үгітілгенсің. Есіңнен шығып кетті ме? Өңешің тесік болған соң тамақ тоқтамайды, қарныңа бара береді екен. Тісім түсіп қалса да, шаймаңдауға шамам бар. Тосыннан келген сырқат болмаса, бойыңа нәр барып тұрса, қуатың, қауқарың түгесіліп кетпейді екен. Сылбырап, сүйретіліп жүре береді екенсің. Бала-шаға, немере-шөберелердің жақсылығын көріп жүрсің ғой дейсің бе? Құдайға шүкір. Ұрпақтарымызды Құдай жақсылықтан айырмасын! Бірақ бірінен кейін бірі сүйрелеп, анда шақырады, мұнда шақырады. Оларға осы менің сүйретіліп, созылып жүргенім қызық қой деймін. Көрер едім, тоқсаннан асқанда той іздегендерін».

Тамағына тоқаш тұрып қалғандай, әрең жұтынды. Анасы үйде жалғыз тастап кеткен жас баладай кемсеңдеп барып тоқтады. Ойын біреулердің айқайы бұзып жіберді. Әбсәлім әрең қозғалып, екі қолын бірдей таянып, орнынан тұрды. Айқай шыққан жаққа қарап еді, сол Тұрлығұлдың Анарбайы екен. Жетесізге жеті жерден айтсаң да, жетесіне жетпейтін кеселші болады екен. Екі күннің бірінде араққа тойып алып, үйінің ойранын шығарып жатады. Үйіндегі келін, байқұс, шыдаудай-ақ шыдап келеді. Екі күн бұрын балаларын ертіп, осы Әбсәлімнің үйіне келіп тығылған. «Ата, сізден басқа ешкімді тыңдамайды. Шаршатты. Өзіңіз ұрсып, бір жөнге салыңызшы!» – деп, боз-боран жылаған. Кәрі сүйегін сүйретіп Анарбайдың есігін қаққан. Араққа сылқия тойып алған ол ақыл тыңдайтын, сөз ұғатын емес. Қайта бұның өзіне шап-шап етіп, үйінен қуып шыққан. Оған дейін де бірнеше рет сау кезінде: «Арағыңды қоймайсың ба, шеттей бала-шағаңды жылатып не болды сонша? Арақтан әкең өліп пе еді?» – деп, ұрсып та көрген. Сау кезінде моп-момақан, қой аузынан шөп алмайтын, ешкіммен ісі жоқ жүрген біреу. Қалай аузына арақ тиеді, танымастай өзгеріп шыға келеді. Міне, бүгін де араққа тойып алыпты. Қасындағы Васяның баласы да бұған дөп қосылған. Іздегенге сұраған дегендей, ол да араққұмардың біреуі. Бүгін орыстардың «Ата-ана күні». Олар бұл күні зиратқа келіп, ата-аналарына зиярат етеді. Сол жерде отырып: «Помяним», – деп, елу грамм арақ ішетіні бар. Мына қулар соны біліп, орыстардың зиратына барып, әркіммен бір арақ ішіп, тойып алыпты. Енді келіп осындағы жігіттердің миын шірітіп жатыр. Жұмыстарына кедергі жасап, мазаларын алған соң, бұл жігіттер де қарап тұрмай, Васяның баласын бір-екі рет түйіп-түйіп алды. Анарбай әліне қарамай, аяғынан әрең тұрса да, жігіттерге шап-шап береді. Зираттың басы у-шу. Бір ауыз «қой» деп айтпақ болып, қастарына барған.

– Ей, Анарбай, сенбісің? Не болды сонша шу шығарып?

– Сіздің не шаруаңыз бар? Ары жүріңіз! – деп бұған арыс етті.

– Әй, қасиетсіз, не деп тұрсың? Мені силамасаң да, мұнда жатқан әкеңнің, анаңның аруағын силасаң етті, – деп ұрысқан болды.

– Что сказал, старый хрыч? – деп жанына жетіп келді. – Менің әке-шешемде шаруаң болмасын, вот! Олар маған не жақсылық істепті, чтобы их теперь уважать? Айтшы, вот? Так что кет әрі. Сен, шал-ақ, осы бәле болдың. Нең бар менде? – деп зеки түсті.

Әбсәлім «мынаның арақ миын әбден улап біткен екен ғой» деп ойлады да, бұрылып кетпек болды. «Ұқсамасаң тумағыр», – деп бұрқ еткен.

– Что ты там бормочешь, старик? – деп жеңінен ұстаған.

– Ұқсамасаң тумағыр! Әкеңнен алыс кетпепсің. Ол да ішіп алса, ауылды басына көтеріп, қақтығыспайтын адамы болмаушы еді, – Анарбайдың екі көзі аларып, танауы таңқиып, Әбсәлімнің жағасынан ала түсті.

– Менің әкемде не шаруаң бар? Сүйегі кеуіп қалған әкем саған не істеді? – деп әкіреңдеп, екі қолымен екі жағасынан жұлқа тартып, қылқындыра түскен. Қолдарын ажыратуға шамасы келмей, Әбсәлімнің тынысы тарылып бара жатты. Енді болмағанда, аяғынан әлі кетіп, құлауға шақ қалған. Осы сәтте Тұрар келіп, Анарбайдың арқасынан қолындағы күрегімен бір періп, шалқасынан түсірді. Әбсәлім көзі қарауытып, жерге отыра кетті. Анарбай орнынан тұра салып, Тұрарға ұмтылған. Әлгі жігіттер жабылып, Анарбайдың әбден сілікпесін шығарып ұрып, зираттан қуып шықты. Әбсәлім әрең есін жиды. Бірнеше уақыт есеңгіреп отырып қалды. Тұрар қасына келіп, қолтығынан демеп, орнынан тұрғызды.

«Тұқымына тартпай қоймайды екен ғой. Әкесі қандай пәтуәсіз еді, баласы да сондай есалаң болыпты. Солай, балам, Қадырбайдың баласы – Қадірбай, Үсеннің баласы – Үсен, Тұрлығұлдың баласы – Тұрлығұл болады. Бәрі де тегіне тартып туады», – деп, ызадан алқынып, үйіне әрең жеткен. Келген соң төсек тартып жатып қалды. Темір кереуетінде жатып, жас кезіндегі бір оқиға көз алдына келе берді...

Соғыстан кейінгі оншақты жылда ауылдың жағдайы жақсарып, елдің еңсесі көтеріле бастады. Совхозда отар-отар қой өрбіп, егістік алқапта қызу қырман жүріп жататын. Елдің тұрмысы жақсарғанмен, соғыстың салдары әрбір отбасына өз салмағын салып кетті. Ауылдың қыз-келіншектері таңның атысы, күннің батысы совхоздың жұмысымен қызылша алқабында шөбін шауып, суын суаратын. Кеш батса, алқаптан жинаған қурайды бума-бума қылып арқалап, ауылға жаяу қайтады. Үйге келгенде де тыным жоқ. Кешкі асты тез-тез дайындап, ертеңгі нандарын ашытып қоятын. Таңмен бірге таласа тұрып, таба нанын пісіріп, балаларын тамақтандыра сала, жұмыстарына кететін. Осылай шаршап, шалдығып жүргенде, біреудің бір қуанышы болса болды, бәрі бірігіп, дастарқанды жасап жіберіп, ішімдіктен ұрттап қойып, түннің бір шамасына дейін ән айтып, көңіл көтеріп тарқасатын.

Қазір қараса, сол кезде жеңгелерінің көбі махорка шегеді екен. Ол да сол аты өшкір соғыстың зардабы шығар. Уақыт өткен сайын той-томалақ, кешкі отырыстар көбейе берді. Сол отырыстар кейін сап тыйылды. Осы Анарбайдың әкесі сондай отырыстарда елден ерекше араққа тойып алып, соқтықпайтын адамы болмайтын. Арақ аузына тисе болды, көзі аларып, төбелес іздеп тұратын.

Бірде ауылға Әбсәлімнің қайындары, Айнагүлдің екі інісі қонаққа келді. Солардың келгеніне бұлар мал сойып, көршілерін шақырған. Үйде ду-думан болып, ән шырқалып, кеш қызып жатқан. Қайдан келгені белгісіз, Тұрлығұл кіріп келгені бар емес пе? Аздап сілтеп алыпты.

– Өздерің тойлай бересіңдер ме, бізді неге шақырмайсыңдар? – деп, баса-көктеп қонақтардың қасына барып жайғасты.

Айнагүл шатақ шығып кете ме деп, оның асты-үстіне түсіп жатыр. «Сен алқашты кім шақырды?» дегісі келген Әбсәлім Айнагүлдің қабағымен «Үндемей-ақ қойшы» деген ишарасын ұқты.

Отырыстың ортасына келгенде, Тұрлығұл қонақтарға тие бастады. Не болса соған жармасып, отырыстың шырқын кетірді. Әбсәлімнің үлкен қайнысы да осал жігіт емес, Тұрлығұлды сөзбен бірнеше рет қағып-қағып тастады. Әбден араққа тойған Тұрлығұл дастарқанның шетінде тұрған бөтелкені алып, қонақтың шекесіне бір пергені бар емес пе. Ананың шекесі жарылып, қан деген атқылап шыға келді. Бір сәтте үйдің іші астаң-кестең. Барлығы жабылып, Тұрлығұлды сыртқа сүйреп шығып, сілікпесі шыққанша ұрып, тепкіледі. Әйелдер араша түсіп, Тұрлығұлды бір өлімнен алып қалды. Осы Тұрлығұлдың кесірінен ауылдағы отырыстар да тиыла бастады. Ауылдастары оның келгенін жақтырмаған соң, Тұрлығұл көрші ауылдарды кезіп кететін. Сондай бір «жорығында» көрші ауылдың жігіттерімен төбелесіп, қан-жоса болып, ауылына қайтып келе жатқанда аяғы тайып, шалқасынан құлап мерт болды. Оны да Әбсәлім өзі жерлеген. Жерлеп жатып байқағаны – басының артқы сүйегі шашылып кетіпті. Іштей: «Мынаны ауыр затпен шүйкесінен ұрып өлтірген-ау», – деп ойлаған. Тұрлығұл солай белгісіз жағдайда о дүниелік болды. Бүйтіп жүре берсе, анау Анарбай да бір күні әкесінің кебін киеді.

Тамыздың соңғы күндері. Салқынның лебі сезіліп қалыпты. Енді сәуірдің жылымық күніне жеткенше уақыттың сағыздай созылып өтпейтіні жанына батады. Жаздың кезінде өзімен тұратын кенжесі төрт бөлмелі үйдің алдынан екі бөлме тағы қосқан. Сол екі бөлменің біреуінде, кіре берісте, пеш тұр. Арғы төрінде бұрышта темір кереует. Кереуеттің үстінде кәрі бүркіт сияқты, екі аяғын салбыратып, қақиып Әбсәлім отыр. Отырғаннан жатқаны көп. Өткендегі зираттағы оқиғадан кейін жағдайы күрт нашарлап кетті. Қисайып жатқаны сол еді, қасына Тұрар келіп отырды.

– Ата, ертең әкем келеді. Мен қалаға қайтамын. Оқуымның басталатын уақыты да таяп қалды. Сіз осылай жата бересіз бе? Қалаға бізбен бірге жүрсеңізші, дәрігерлерге қаралып, кішкене емделіп аласыз, – деп, қолқа салды.

– Ой, балам-ай, мені әурелеп қайтпексіңдер? Менікі кәрілік қой. Алып бара жатқан ауыруым жоқ.

– Сонда да бір тексеріліп алайық та, – деп қояр емес.

– Бармаймын, – деп кесіп айтты.

Оның өзіндік себебі бар. Осы үйде, баяғы қоржын тамда, шыр етіп дүние есігін ашқан. Енді өлсем, осы үйден өлігім шықсын деп ойлайды. Ұл-қыздары: «Біздің қолымызға келіп, аз да болса тұрып кетсеңізші», – деп қиылады. Бұл үйден кетсе, сол жақта өліп қалатындай, көңілінде бір қорқыныш бар. Балаларына қайтіп айтады? Оның үстіне мына қолындағы ұлының кенжесі – Мәуленді туғаннан бауырына басты. Бір сәт көзінен таса кетсе, алаңдап іздеп отырады. Ол да әбден біліп алған, бір нәрсе болса, атасының бауырына келіп тығылады. Қазіргі бар жұбанышы да, алдамшысы – Тұрардан кейінгі жанына жақыны осы немересі.

– Маған енді қанша қалды дейсің, балам. Жатсам-тұрсам, Алладан сендердің амандықтарыңды тілеймін. Енді сендерге ғұмыр берсін!

– Ата, неге олай дейсіз? Сіз әлі менің тойымды ашып бересіз. Асықпаңыз ол жаққа. Оның үстіне қабір де дайын емес. Сондықтан сізге әлі ерте, – деп, немересі атасының қолын қысты.

Тағы бір күн өтті. Ымырт түсті. Мынау тамыздың қысқарып жатқан күні анасының қанатының астына барып тығылуға асыққан балапан сияқты, ұясына кіріп барады. Биылғы қыс қатты болатын түрі бар. Әдетінше темір кереуетінде қалшиып біраз отырды. Белі талды ма, қисайып, бойы салқындаған соң, үстіндегі мақталы қалың көрпені қымтанып, оранып жатты. Көзі ілініп барады. «О, жаратушы Құдай, суықта мені ала көрме. Балаларымды әбігерге саламын ғой. Я, Құдайым, бір арманым бар. Мына Мәуленімді мұсылман қылып, сүндеттелгенін көруді нәсіп ете көр!» Әбсәлім ақсақал денесі жылынған соң ба, мәужіреп ұйқыға кетті.

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі оқушылардың көктемгі каникулда неше күн демалатынын айтты...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Таразда оқушы қыздар тоғызыншы сынып оқушысына жабылып, соққыға жыққан, деп хабарлайды MadeniPo...