Иманғали Бөгетбай. Желді де қарғап-сілеп, «долы» дерсіз

Фотосуретті автор ұсынған

ӘДЕБИЕТ
701

Иманғали Бөгетбай 2002 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында дүниеге келген.

 

Маған қиын болады жалғыз қалу,

Қалшы осында, қала ғой, өтінемін

(с) Есенғали Раушанов

 

Бір қарады

артына - екі кейін.

Жібермей тұр өткенді, несі қиын?

«Раушан жырлар»

біз жақта оқылмайды,

Қайтшы үйіңе... қайта ғой, өтінейін.

 

Бар, бара ғой, мінсізім, мүсінді елік,

Біздер тек бұл өмірден үзінді едік.

Ас үйде мен қалайын аңтарылып,

Піспеген тағамыңның тұзын сеуіп.

 

Рабайсыз ғұмырлар, рақым етің,

Тастап кет төрде қалсын портретің!

Жарты жолдан үзілген сезім сынды,

Салынбай қала берсін жарты бетім.

 

Қыл арқанды осылай үзді бейбақ...

Нем бар ед(і) күзді қинап,

қызды қинап?

Жетпіс екі хор қызын дұға еткен,

Жетімсіреп қалмайды біздің үй жақ.

 

Көкжиек көрінбейді теріскейден,

Жоғалып кетсін солай көміс бейнең!

Сол қаңтардың ішінен «күтем» дейсің,

Мен саған Шекспир ме ем,

Гетсби ме ем?

 

Шарайнаның кетпей тұр айғыздары,

Он ойланып кетпей тұр байғұс жаны.

Тезірек бұл ғаламнан шықшы Қалқам,

Келіп қалып жүрмесін хор қыздары...

Көріп қалып жүрмесін хор қыздары…

 

КЕЛСАП

 

Күлгенім шат,

кигенім бүлде құсап.

Әуелден шадыман шақ,

сүрмедім хақ!

Қазір сауық көргенмен,

зіл келсап,

Мен сені ұмытпадым, мүлде бір-ақ.

 

Бір келсап бұрын да болды ауылда,

Сол келсап жететін жан бағуға.

Қайран шешем түйгілеп отыратын,

«Шаршадым» деп айтпайтын, алдады ма?

 

Зырылдап шешем сонда жаны дарқан,

Жасайды таң азанмен тары-талқан.

Қаумалап ауламызға тары сұрап,

Сорғалап шай ішеді кәрі-қартаң.

 

Күн сүйсініп шешемнің жамалына,

Көзін қадап тұрады ала-бұла.

Зіл келсап түйгілеп отыратын,

Тағдырдың бізге түйген қабағы ма?

 

Қабағы емес, тағдырдың жауы бөтен,

Бұл тағдыр - мұқым елге бәріне тең.

Ол келсап шешемнің түйгілеген,

Шүберекке түйілген жаны екен…

 

***

қараша құстар,

қараша құстар,

біздің аймақтан әрі асасыңдар.

табыт көтеріп жаназа күні,

жоқтау айтумен тарасасыңдар.

 

терезе тұстан шым-шым үйіліп,

сәждесін жасап шымшық иіліп.

қараша құстар тізбектеп ұшты,

қараша бұлттан ұршық иіріп.

 

қараша құстар, құжынап бәрің,

құмарсыңдар, ә, жылы жаққа тым?

мен білсем жерден жылылық кеткен,

тұрғынысыңдар-ау

ұжұмақ жақтың…

 

ЕҢ

 

сен - ең, ең, ең!

еңдердің зәузәті ме ең?

«сен» деп тұрып құстарды сайратып ем.

кербез басып жүріп кел маған қарай,

ала-қызыл алдыңа жай да кілем.

 

тақ-тұқ етіп өкшеңмен еден құшып,

дәлізбен кел,

мен

көктен келем түсіп.

батиқасын ап түсем төнеу жақтан,

Қалқаманмен, Мамырмен сәлемдесіп.

 

суыр сосын кеудемнен

жүрегімді ап!

тәнім

көзім

тек сендік,

түгелі жат!

содан кейін шәліңді шешіп ал да,

өлең қылып мойныма жібер орап!

 

сен - ең, ең, еңсің,

еңдердің ішіндегі!

жүрегімді қолыңа ұстатайын,

өзіңнің жүрегіңе ұшыр кері!

 

Қара Радио

 

Ауыл, ымырт

Дөңге қарай құлайды теңселіп күн,

Анам қатық ұйытып тентегі үшін.

Босаға да ілінген қара радио,

«Ерте де…» - деп бастайды ертегісін.

 

Ерте, ерте, ерте де - қай кез еді?

Жұмыр жердің ашылып желбезегі

Ғафу шалдың бітпеген қой кезегі,

Ерте дейтін меніңше сол кез еді.

 

Ырду-дырду әлемнен беймағұлым,

Теледидар, жиһаздан үй мақұрым.

Күннің көзі ертегі айтып тұрған,

Кешті күтіп алыстан кейде ақырын.

 

«Басталды!»

дегенді естіп анау қырдан,

Жүгіріп босағаға қарай жылдам.

Отырам,

сұраққа алып айналамды

«Радиоға қалайша адам сыйған?»

 

Балғын шақта бәрі де таңсық әлі,

Баланың таусылмаған сан сұрағы.

Ал қазір - көп сауалдың шешілмеген

Жауабы көктен жауып, тамшылады.

 

Ертегідей ғұмырдан үзілсеңіз,

Өткен шақты көз көрген «түсім» деңіз.

Бүгін де Мыстан кемпір, Көлтауысар,

Бәріміз қара радио ішіндеміз!

 

Ерте, ерте, ерте де - қай кез еді?

 

Жаңбыр мен жас

 

Парктің іші,

Мамырдың мұңлы жаңбыры,

Ағылда-тегіл жылайды қала паң гүлі.

Кірпіктерінен үзіліп жатыр тамшылар,

Етегі жеңіл, ауыр-ау, сірә, тағдыры?!

 

Неге жылайды?

Кеткен бе, бәлкім, лай басып,

Жаралап кетті арудың жанын қай ғашық?

Толқындай тулап, жұбатайын деп жанына,

Қолшатыр болып отыра қалдым жайғасып.

 

Сүмбіле жұлдыз,

сүмбіл шашына төгілген,

Айдан да жарық жақұт па еді,

лағыл ма ең?

Оқталып сөзге, мойынымды бұрып аруға:

— Не болып қалды, жақсы ма бәрі? —

дедім мен.

 

— Өлемін, — деді,

«жоқ енді өмір керегі»,

Шаршадым шудан,

тіршіліктен де себебі.

Көзінің жасын сүртті де кенет елік қыз,

Тосыннан маған

— өмірдің мәні не? — деді.

 

Ойланып қалдым

Айдан да ауыр сауалға,

Өмірдің мәні не еді, шіркін, ой, Алла?

Сөз таппай біраз:

— Өмірдің мәні — сен, — дедім,

Өлмесең егер, ұғарсың оны таяуда.

 

Шешімің емес

шынтуайтында — сұм ажал,

Өйткені сендей ғаламға керек құба тал.

Жүзіңді көрсе, діндар боп кетер күнәһар,

Дінінен тайып кетер-ау, бәлкім, пірәдар?

 

Сен қайта көрме,

Қайтатын кезің алды да.

Қай күнәң тартты табытқа қарай тар мына?

Әлемнің өзі — періште ме екен,

тап-таза?

Пенденің бәрі — күнәдан аулақ,

арлы ма?

 

Парктің іші,

Жаңбыр да сиреп басылды.

Күрсіндік екеу — Алатау оған қосылды.

Ақымақ айтқан ақылға ұйып,

содан соң,

"Өмірдің мәні"

мойныма келіп асылды…

 

[кейін бір жолмен кеттік…]

 

***

 

Мұңыңа тұзын сеуіп, меңіреу күз,

Өткенге орала алмай, еңірерсіз.

Шашыңды сабалақтап, тысқа шықсаң,

Желді де қарғап-сілеп, «долы» дерсіз.

 

Толықсып, одан сайын көмпіс келбет,

Үстіңе сыймай қалып әртіс көйлек.

Кештерден қалып қойып, мата таппай,

Тағдырды боқтап алып, қарғыс тілеп.

 

Миуан күз сыймай кетіп мишығыңа,

Өкініп, жұртқа жайған кей сырыңа.

Төбеңнен күн зілімен буырқанса,

Ішіңнен отырмысың күрсініп, ә?

 

Аспаннан жаңбыр төгіп, мезені алса,

Жуынып сол жауынмен көше болса.

Етегіңе ұстатып көше суын,

Көліктер мазақ қылып кете барса,

Жынданасың.

сұп-сұр боп күнгеш өңің,

Жолдарында жақтырмай бұл көшенің...

Осындай сәтсіздіктің барлығына,

Кінәлі мені қылып жүр ме екенсің?..

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда медициналық диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу арқылы балаларды ше...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда 9 қаңтарда жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды,...