Тікшелеу жасыл беткейдің орта тұсына келе бере Несіпбай аттан түсті. Айналаға көз салған жоқ. Әлдеқа...
Маржан ЕРШУ: «АТАН ЖІЛІКТЕЙ АЗАМАТ ҚЫЗ»
Фотосурет ашық дереккөз
(Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Гүлзада Ниетқалиева туралы толғау)
Ақын Гүлзаданың ата-бабалары Ниетқали, Тұмарғалилардың кіндік қаны Атырау облысының Кең Жылыой деген жерінде тамған екен. «Топырақ тартады» дегендей, Гүлекеңнің Жылыой дегенде бүйрегі бүлк ете қап, бойында қан ойнап, рухтанып кететіні бар. Қилы-қилы заманның желі (кәмпеске, НЭП, қуғын-сүргін) аталарының тағдырын құйындай үйіріп әкеп, Астраханмен іргелес жатқан Қанішкен жерінен бір-ақ шығарады. Туған топырақты аңсаған ата-бабаның арманды ойы, аңсарлы сыры Гүлзаданың жүрегінен жыр болып ақтарылып жатқан тәрізді.

Кең Жылыой - Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз жыраулар жырға қосқан ардақты мекен. Жылыойдың бір бөлшегі Ақмешіт - Пір Бекет атамыздың туған жері. Ақкиізтоғайдан шыққан жол Жем өзенінен өткен соң, біраз жоннан асырып, Намазтақырға апарады. Бағзы заманда Бекет ата осы жерде таң намазын оқыған екен. Осы жерден қарап тұрсаңыз, ақ күмбездей болып, Ақмешіт көрінеді. Ақмешіт-әулие мүридтеріне ұстаздық еткен, атасы мен анасының мәңгілік мекен еткен киелі төрі. Алдыңғылардың үлгісін кейінгілер мирас қылады. Жылыой дегенде, ауыздан ағыл-тегіл жыр да, сыр да ағытылады. Бұл жерден көмекейінен көсемжыр атқылаған небір сұңғыла ақындар да, қол бастаған батырлар да, асқынған дауды жарты ауыз сөзбен тоқтатқан би-шешендер де өткен. Жылыой ел аузында «Ақындардың ауылы» деп аталған. Меңдекеш Сатыбалдиев, Қабиболла Сыдиықов, Аманқос Ершуов сияқты атақты ақындар шыққан аймақ. Жылыой атауы - жылы және ой деген екі сөздің бірігуінен шыққан деседі. Ел ішінде «Үйшікке барсаң, күй тартпа, Жылыойға барсаң, ән салма» деген сөз қалған. Үйшік-Атыраудың Гурьевке дейінгі көне атауы. Ертеректе Жылыой аймағында өзіндік ерекшелігі бар ән-музыка мәдениеті қалыптасып, Мұхит және қайқылар дәстүрін ұстанған өнер мектебі болған деседі өлкенің мәдени мұра тарихын зерттеушілер. Ежелден Жылыой жері - ән мен жырға айналған аймақ.Соның бір дәлелі, ел арасында бірнеше вариантпен айтылып жүрген «Кең Жылыой» әні. Бір әннің өзінің бірнеше вариантта тарауының өзі сол өлке табиғатының өнер дарыған киелі топырақ екенін танытпай ма?!
«Кең Жылыой – біздің елдің тиянағы,
Даусыңды ести алмадым қиядағы.
Даусыңды ести қалсам қиядағы
Талпынған мен балапан ұядағы».
Бұл ән Гүлзаданың құлағына бала кезінен таныс-тұғын. Атасы Ниетқали аймаққа белгілі суырып салма ақын, шежіреші, арабша хат танитын кісі болған. Отбасындағы жыр тәрбиесі болашақ ақынның көкірек сарайын осылайша ерте кезден ашқан тәрізді. Гүлзада Атыраудағы пединституттың тарих факультетін тәмамдаған соң, Құрманғазы ауданындағы мектепте мұғалім болды. Шығармашылықтағы өсу жолдарына қолдау болғанынан шығар, «Әдебиетте ұстаз тұтар Есенғали Раушанов, Рахымжан Отарбаев атты екі қаламгерім бар» дейді Гүлзада өзі. Ғылыммен айналыса жүріп, журналистикаға келді. «Қазақстан - Атырау» телеарнасында, «Ақ Жайық», облыстық «Атырау» газеттерінде қызмет етті. Қазір республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналының Бас редакторы қызметін атқарып жүр. Алайда қай салада жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, ол өз әлемінен алыстаған жоқ, қаламынан ажыраған жоқ. Өлең оның таңдайына түнеп, жүрегінде өмір сүрді.
«Мен жазбасам, қазіргі заманғы қазақ әдебиеті олқы қалар еді» деген берік қағидамен жазамын. Буын алмасу процесі әдебиет үшін аса маңызды. Қазіргі прозада ешкімге дес бермес өкіл болуға бәрі құмар. Олқы-солпы, көркемдік әлемі жоқ, бықсық, бульварлық, бір күнгі ұшпа, қарабайыр көшірме әдебиеттің ешкімге керегі жоқ. «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кіреді» деген алдарқату әдебиетке атымен жүрмейді. Жазушылық басқа қонады, адам сондықтан жазады. Әйтпесе не талас бар?» - деген екен бір сұхбатында белгілі жазушы, сыншы Айгүл Кемелбаева шындығын жайып. Айгүлдің бұл пікірі, бұл тұжырымы Гүлзада Ниетқалиева шығармашылығымен де растала түседі. Олай дейтініміз, о бастан Гүлзадаға сөз өнері, ақындық өнер қонған. Ол сөз киесін ардақ тұтады. Оның жазбалары бір күндік емес, әдебиет қоржынында қалар салмағы бар салиқалы туындылар. Оның әр жылдары - «Ақбота күнді аңсаумен», «Айдың сүттей сәулесі», «Қарлығашы Қиғаштың», «Ардақтым», «Жүректегі жанартау», «Хазар қасидалары», «Аллажар», «Хас сақ қиссалары» атты жыр-жинақтары, Есенғали Раушановтың шығармашылығы туралы «Тұма жырдың тұнығы» және жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы жайында жазылған «Дара», «Жалғыз атты жолаушы» монографиялық кітаптары шықты. 2017 жылы Ұлыбританиядан «Жүректегі иман гүлі» атты жаратқанға мінәжат дастаны жарық көрді.
«Мифологиялық ойлау дәуіріне тән мифтік санада күллі табиғат тірі, саналы рух ретінде қабылданады. Адам мен табиғат тепе-тең. Ойлау, қайғыру, қуану сынды сезім күйлері адамға тән екені сияқты табиғатқа да тән деген сенім көркемдік ойлау жүйесіндегі бейнелі, астарлы, ишаралы мәндерге негіз болғаны белгілі»,- деп жазады белгілі ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы «Мифтің поэтикадағы қызметі» атты еңбегінде. Гүлзада Ниетқалиева поэзиясындағы табиғат суреті өзінің астарлылығымен, тылсымдығымен таңғалдырады.
«...Күл-талқан боп сезім сынды шыдамай,
Дауыл... Боран... Алағай да былағай.
«Тәңір жасап бүлінбе деп пендеден»,
Сүт сәулесін үнсіз төгіп тұрады Ай».
Өлеңдегі «Қыс» бейнесі – мифтік сурет. Ақын қысты күнгі боран мен өз жүрегіндегі ыстық іңкәр сезімнің бұлқыныс дауыл-күшін шендестіре отырып, аспандағы Айды төреші етеді. Өлеңдегі «дауыл мен боран, сүт сәулесін үнсіз төгіп тұрған Ай» символикалық мәнге ие.
«Қайыршы боп қолдан сезім құрамай,
Көз жасымды көрсетпей де, бұламай,
кетсем деймін.
Аппақ нұрын ақ қарға
Себездеумен иіледі сұрақ -Ай». Өрлік қандай! Өз сезімін тұншықтырған лирикалық кейіпкердің жан күйі «аппақ қарға ақ сәулесін себездеген Ай» арқылы танылады.
«Көлгірліктің айтшы осы түрі қандай?
Пәк сезімнің барады құны қалмай.
Өзім деп өзек жарып сүйген едім,
Оның да ділі - тастай, тілі - балдай», - деп толғанған ақын өмірден тазалық іздейді, «пәк сезімнің құнсызданғанына» жаны ауырады.
«Неге айналдым жер бетінде құсқа мен,
Өршіл жүрек, көкке неге құштар ең?
Жерде тұрып ғарыш жақты армандап,
Сол арманға қанат тағып ұшқан ем.
Ал, енді кеп қиналамын қона алмай,
Қабақ түйіп бұлт ішіне жоғалды Ай.
Жердегілер маған назар салмайды,
Жерде... өмір сүрмеген соң олардай...»
Аласұрған ақын жаны жердегі пендешілік пен қалта қамын күйттеп кеткен қарынбайлықтан безіп, жасандылық пен көлгірліктен аза бойы қаза болып құс боп көкке ұшып кеткісі келеді. Себебі, қара басын күйттеген, «өзім дегенде өгіз қара күші бар» өзімшілдік, мыңғырған малы болса да қу басына да қимай жыртық қара шапанын тастамайтын қарабайлық, жемсауы бір толмай-ақ қоятын жемқорлық, мадақ сөз естімесе мазасы қашатын мансапқорлық, алатайын арғымаққа балаған атаққұмарлыққа жаны қас оның. Оның жаны биіктік пен тазалықты аңсайды.
Гүлзада Ниетқалиева тек нәзік лирик ақын қана емес, ол - ірі турап, кесек сөйлейтін эпик ақын екенін танытты. «Махамбетпен сырласу немесе Қараой қасіреті», «Ақ жылан пір», «Қарабура» поэмалары– оның кең тынысты жыр жүйрігі екендігінің куәсі. «Жайық қашып барады» атты поэма-диалогы шынайы шабыт тудырған кесек дүние. Туынды ішкі тебіреністен, шамырқанудан туған. Бұл туындысында Гүлзада Фариза Оңғарсыновамен жыр-диалог түрінде ел мұңы жайында буырқана толғанады. Ақ Жайықтың бүгінгі халі туралы ер-азамат айта алмаған салмақты ойды таразыға тастайды. Бұл диалог - поэмасында Гүлзада - Гүлзада боп сөйлейді, біресе Гүлзада - Фариза боп сөйлейді! Оралхан Бөкеевтің Шерхан Мұртазаға айтқанындай «Шераға! Артыңа қарашы, мен көрінем бе екен?» дегеніндей, бұл поэма-диалог Гүлзаданың «Фариза апа, көзіңнің қырына бір ілінбедім-ау, көрмедің?!» деген ішкі жақындық қалыбын аңсауынан туғандай. Гүлзаданың «Жайық қашып барады» атты поэмасы Фариза ақынның көзі тірісінде 2013 жылдың қараша айында «Жұлдыз» журналында жарияланды. Мен 2004 жылы Фариза ақынның «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» поэмасын өз жырларыммен байланыстыра отырып, жаңа форма ойлап тапқан едім. Ол поэма-диалог сол жылы шыққан «Шырақ» атты кітабымда «Уақыт диалогы» деген атпен жарияланды. Мен бастаған үрдісті Гүлзада Ниетқалиева өзінше жалғастырды. Көзі тірі ақынның атынан сөйлеп, жыр жазу да - Гүлзаданың бір батылдығы еді. Бұл- Фариза ақын күтпеген тосын жаңалық болды. Әрине Гүлзаданың бұл шығармасын Фариза апамыз ұната қойды деп айта алмаспыз. «Қиялилық не істетпейді» деп ішінен күлген де болар. Жақсы жыр мойныңды еріксіз бұрғызады емес пе ?! Поэма-диалогта Фаризаның жырдағы мінезі, екпіні, күрсінісі мен өкініші сезіледі. Енді поэма-диалогтан үзінді келтірсем:
«Гүлзада:
...Жайық қашып барады жағалаудан,
Жан дауысы толқынның маған ауған....
Құм дауылы құтырып соққан сайын,
Талықсыған үн естіп, жараланғам...
Жайық кетіп барады, үндемейді,
Қариды кеп беймаза мұң көмейді.
Замананың сиқынан жүрек шошып,
Үмітімнің шырағын үрлемейді.
Көкірегімді тіледі Жайық мұңы,
Айықтырмас бұл мұңнан Ғайып түні.
Перзенті деп Жайықтың дара туған,
Сыр еттім, көрмегейсіз айып мұны.
Фариза ақын:
- Мен сүйемін тауымды, өзенімді,
Жүрегімді даламның кезеді үні.
Білем мұңын Жайықтың, содан шығар
Ащы нала өртейді өзегімді.
Түсінбейді көп адам парыз құнын,
Даңқ қуып, дақпырт қуып жарысты тым...
Қай жерде жүрсем –дағы Ақ Жайыққа
Кіндігіммен жалғанған тәріздімін.
Ел мені биікке ұшар құсым деді,
Мұңымды айтам кімге ішімдегі,
Ақ Жайық қалың елдің Анасы деп,
Қолында билік барлар түсінбеді.
Жан әр күнді күмәнмен қарсылады,
Жүрек мынау кеудемді тарсынады...
Ақ Жайықты қалайда қорғап қалу
Мына бізге жүктелген Ар сынағы!
Сондықтан көтер басты, жеңілмегін,
Намыспен шықсын батыл Өңірдегі үн!
Ақ Жайық болашаққа бір барады
Деп сенем тұрған кезде көгімде Күн!
Гүлзада:
- ... Бір деп жүрген дос едік жаным, арым,
Соңғы кезде мен оны танымадым.
Лауазым мен атаққа сатты мені,
Ондай жанның сізге де халі мәлім...
Досым қайда армандас, жаны жалын,
Осы ойлардан көмейді қарыған мұң.
Адал достық жалғанда болмайды деп,
Ақыл айтқан жандардың бәрі бәрін,
Тыңдамаймын, шаршаймын сабыламын.
Сол ақкөңіл досымды сағынамын.
Өмір неге адамды өзгертеді,
Тыным бермес осы ойлар жаныма тым.
Фариза ақын:
-Шын достықтың биікке самғап әні,
Көрген жандар аңыз ғып таңданады.
Адал дос бола алмайтын көп пенделер
Өңі жылтыр күндерге алданады.
Адал жанға қасиет, бақ қонады,
Ажыратар уақыт бар ақ – қараны.
Өтірік күлген сырттан, сатқын жандар
Өмірге артып бәрін , ақталады.
Жүректі адалдыққа сендірдім мен,
Жүрсем де алыстамай көп кірбіңнен.
Саудаға салатындар шын достықты,
Жеңілер өңі жылтыр, көлгір күннен...
Гүлзада:
Сізге шақсам мұңымды жеңілдеймін,
Көріп тұрып шошыдым өңір кейпін.
Осы ма әлде тамұғы жаным, Апа,
Жаратқанның сынағы Өмір дейтін?!
Фариза ақын:
- Мен мұңайсам, ел үшін мұңайғаным,
Жақпақ болар сұм заман ылайларын.
Мейірімді жүректен жоғалтқандар
Ұмытады көкте бір Құдай барын!
Алдымызға тосады заман сұрақ,
Түсіме еніп жүр менің далам...жылап...
Табиғатты тонадық, жоқ қылдық біз,
Мейірімнен кетті ме адам жырақ?!
Гүлзада:
- Пейілі адамзаттың тарылғасын,
Табиғат қалай ғана жарылқасын?!
Ойылдың оймақтай боп орны жатыр:
Ел мұңы сездім содан арылмасын...
Даламның қуаң тартқан күйі мұңды,
Дауыл кеп көтереді жиі құмды.
Қазақтың түптамыры болған ауыл
Көзіне қанды жасы құйылулы...
Табиғат- Ана неге жібімеді,
Бұл сұрақ құртар, құртса түбі мені...
Болашағы бұлыңғыр елге алаңдап
Жүрегім жырға келіп жүгінеді...
Фариза ақын:
- Жүрегімді сыздатып аспандағы үн,
Танимын қына басқан тастан да мұң...
Ойыл - менің өртенген орман-елім,
Жем дегенім - басымнан қашқан бағым!
Елімді айтып шағамын аспанға мұң,
Аумаса екен , тәңірім, бастан бағым...
Жүрегімді сыздатар халық зары
Осы ойлардан қайғы- мұң жастанғаным....
Адамзатқа қойғандай аспан сұрақ,
Мейірім көшкені ме бастан...жылап...
Ел рухани аштықтың қыспағында,
Өзен мен көл тартылып, қашқан жырақ...
Гүлзада:
Жас ғасыр... Елді ойлап жан босаңдайды,
Жайбасарды бұл уақыт тоса алмайды.
Әлсізді құртқан дүлей заманада,
Жерұйық сағынған мен – Асанқайғы!
Қашқан бақ қайтып қонар...қашан ғана,
Қорғай білсек мәңгілік жасар Дала!
Желмаяң жоқ кезер ем Сахарамды,
Өзің жүрген ізбенен Асан баба!
Қонған бағың халқым – ай, үрікпесін,
Ту астында тәуелсіз...біріккесің...
Ойлы сөзге тоқтаған халық едік,
Күнге тартқай әрдайым күліп көшің!»
«Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» деп Мұқағали айтқандай, өлең кейде сезімнен, кейде өмірден, кейде ыза мен мұңнан туады. Фариза апамыз кезінде атыраулық екі жас ақын қыз - Әлия мен Бақытгүлді «Менің орнымды басатын осы екеуі. Қазірдің өзінде бұлар менен асырып жыр жазып жүр» деп мақтауын келістіріп елге таныстырып еді. «Уақыт-сыншы» дегендей, Факеңнің сәуегейлігі тек сөз болып шықты. «Жетелеген төбет қора көрмейді» деген осы да! Ақынның өз жыры, өз мінезі арқылы танылғаны, яки өзін өзі танытқаны қай ғасырда да жаңалық болмақ. Гүлзада «Айтшы, ақ қайың» өлеңінде:
«Жел өтінде қалтырап тұр ақ қайың,
Жапырағын қалай басып, таптайын?!
Мен де сендей жаурап жүрген жүрекпін,
Жанның отын, айтшы, қалай сақтайын?!» - деп, өзінің жан дүниесімен жел өтінде жаураған ақ қайыңды психологиялық параллелизммен суреттейді. «Мен де сендей жаурап жүрген жүрекпін» деген метонимияны қолдана отырып, «Жанның отын, айтшы, қалай сақтайын?!» деген риторикалық сауалды ақ қайыңға қояды.
«Айтшы, ақ қайың, мен білмейтін сырыңды,
Аңғал басым тасқа талай ұрылды.
Өлеңімде өзек жанған өксік жүр,
Алдап соқты тағдыр деген жырынды.
Айтшы, ақ қайың, қалай өмір сүрейін,
Жалған сұмға басымды имей жүрейін?!
...Күздің желі қалтыраған, қорғансыз
Жапырақтың ұшырады үрейін»,- деген ақын ақ қайыңға қойған риторикалық сауалдың эмоционалдық-экспрессивтік бояуын «Айтшы, ақ қайың» деген қайталау арқылы күшейте түседі. Қоғамдағы келеңсіздікті, әділетсіздікті күзгі ызғырық желмен қатар қоя отырып, адамдардың қолымен жасалатын қиянатты, өмірде талай мәрте сүрініп, талай мәрте құлағанын, талай мәрте өлеңіне сүйеніп тұрғанын, өз мұңы мен сырын жырына өзек етеді. Ақындар көбінесе қөктемді не күзді көбірек жырға қосқан. Ал Гүлзада Ниетқалиева жырларында қыс тақырыбы ерекше орын алады. Қысты қазақ табиғаттың өлі мезгілі деп санаған. Ауыз әдебиетінде даланы жапқан ақ қар – ақ кебін болып суреттеледі. Оралхан Бөкеевтің «Қар қызы» әңгімесінде қыс сыр мен сезімге толы көркем бейне дәрежесіне көтерілген поэтикалық тұтас суретке айналды. Ал Гүлзада Ниетқалиеваның лирикалық кейіпкері тылсым сырға ие «Қар қызына» айналған:
«Қар қызының ғұмыры сәл келтелеу,
Неткен ұзақ қыстың салқын кештері.
От жүректі мүмкін емес өртемеу:
Сол сөздерің жаңғырғанда естегі». Қар қызының ғұмырының келтелігі - Күн көзінен жылулы от тарағанда білінер. Қыстың салқын кештерінің ұзақтығы Қар қызының жарығын ұзартқандай. Ақын Қар қызының қасиетін жырлай отырып, антитеза арқылы өмірдегі қарама-қайшылықты суреттейді. Қар қызының жүрегін өртейтін от бар, ол –күйіп-жанған ғашықтық оты. Өмірде ақ махаббатынан бас тартып, қар қызына айналып кеткен лирикалық кейіпкердің жаны мұңға толы. Мұңнан жыр туады. Ол сол бір сезім сергелдеңін, жүрегіндегі аяулы бейнені ұмыта алмапты, санасынан өшіруге, жүрегінен жұлып тастауға дәрмені жетпеген. Қардың қызы үшін оттың қызуына өртену – жоқ болу деген ұғым.
«Қардың қызы...тағдырына жұбанған,
Сондай суық, сондай қысқа болса да.
Көздеріңді мені көріп қуанған,
Неге ұмыта алмайды екем, соншама?» - деп ақын өз сезіміне таң қалады. Осы жерде Қадыр Мырза Әлидің «Ақындар өледі, бәріне таң қалып» деген қасиетті жыры еске түседі. Ақын жүрегі – күн нұрынан жаралған ізгіліктің қақпасы. Ізгілік бар жерде, зұлымдық мылқаулық күйге түседі. Өлеңнің алғашқы жолынан бастап, Қар қызының бірден кейіпкер ретінде әрекет еткенін көреміз. Ертегідегі кейіпкерді персонажға айналдыра отырып, өзінің құлазыған көңіл-күйіне жырдан жұбаныш іздеген ақын одан әрі кейіптеу арқылы сезімін даралай түседі:
«Қардың қызы аспандағы мекенге,
Қайтар сол бір күнді күтер, бу болып.
Сәл қысқалау уақытымыз өтер ме,
Жер бетінде татқан бақыт у болып».
Махаббаттың аз ғана бақытынан басы айналған Қар қызы от –сезімнен бойы балқып, буға айналып, ақ бұлттар арасындағы мекеніне қайтуын сорға емес, бақытқа балайды. Адал, таза махаббаты аялаған лирикалық кейіпкердің бақытына әрі қызығасың, әрі аяйсың.
«Қардың қызы сол сертінен таймаған,
Ғұмыры оның болса мейлі, қас-қағым.
Мен де сен деп, естен танып, байланам,
Асырсаң да бақ-талайын басқаның»,- деп сезімді пенделіктен биік қойған лирикалық кейіпкер Қар қызынан сүйеніш, жұбаныш іздейді. Жыр соңында ақын табиғаттың белгілі бір мезеті мен құбылысына телінетін адами рухани ойды шеберлікпен жырлай отырып, оқырманына эстетикалық ләззат сыйлайтын көркемдік тәсілмен әдемі алып шығады. Жырдағы Қар қызы бейнесі – ақынның жүрегіндегі аяулы ғашықтық сезім болса, Күн бейнесі – ақынның ар-ұяты. Қар қызының бейнесі арқылы ақын махаббаты мен мұңын жырға айналдырған. Қар қызының отқа балқып еруі оның жоғалуы болса, қолымен от ұстаған ақынның өз сезіміне тым ерік бермеуі де маңдайына жазылған ақындық тағдырдың мөріндей көрінеді. Бір жағынан «Қар қызы» сияқты ерте еріп кетіп, көп ақынның ішінде елеусіз болып көрінбей қалармын ба деген де күмәншіл ойы жатыр. Түрлі-түрлі ақындар бар. Бірақ «ақын аз, ақындықпен күнелтетіндер көп» деген ежелден келе жатқан сөз де бар. Осы тұрғыдан қарасақ, Гүлзада Ниетқалиева сүйегіне біткен ақын ғана емес, журналист, публицист, әдебиет сыншысы, ұстаз, қайраткер. Жан-жақты өнерлі жан. Еңбекқор, бейнетқор адам. Былтыр Гүлзада Ниетқалиеваның идеясымен республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы мен Х.Досмұхамбедов атындағы Атырау университетінің бірлескен жобасы болып, «Маржан Ершудың суреткерлік эстетикасы: шығармашылық психологиясындағы иірімдер мен көркемдік өлшемдер» атты портреттік толғау кітабы жарыққа шықты. Осы кітаптың басы - қасында Гүлзада жүрді. Бұл жұмысы - мен сияқты ақын еңбегін бағалау, насихаттау болғанмен, бұндай іргелі істі қолға алу үшін де адамның ішкі сезімдерінің мықтылығы керек-ақ. Осындай ірі істерімен Гүлзада ақын алда жүреді. Әр ісіне қуанамыз, қуаттаймыз. Жыр әлемінің жарық шамына айналып, ойларымен алысқа ат оздырған азамат ақын Гүлзада Ниетқалиева мерейлі алпыс жасқа толып отыр. Атан жіліктей азамат қыз! Асар асуың биік болғай! Ардақтым қызыңның қызығын көр. Ашығын айтқанда, Гүлзада Ниетқалиева әдебиет базарына жолай соға кеткен жолбике емес, өлеңде өзіндік қолтаңбасы бар, өзінің салған сара жолы бар ақын. Әдебиеттің өз адамы. Сол қасиетімен де қадірлі бола береді.