Маржан Ершу: Түркі әлеміндегі Олжас көкжиегі

Фотосурет автордан

ӘДЕБИЕТ
75

Түркияда Халықаралық TÜRKSOY ұйымының ұйымдастыруымен мамыр айының 11–12 күндері қазақтың кемеңгер ақыны, Олжас Сүлейменовтың 90 жас мерейтойына арналған шаралар өтті.

«Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» атты конференцияға Сұлтан Раев, Әзербайжан Республикасының Анкарадағы Елшілігінің кеңесшісі Фузули Маджидли, Қазақстан Республикасының Анкарадағы Елшілігінің кеңесшісі Динара Изанова, «AK» партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі төраға орынбасары Решиде Юксель, Türkiye Yazarlar Birliği төрағасы Мұхаммед Энес Кала, Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің (ASBÜ) ректоры Мұса Казым Арыжан, түрік зиялы қауымы және Қазақстаннан барған делегация қатысты.

Шарада Олжас Сүлейменов видео арқылы сәлемін жолдады. Түрксой Жазушылар ұйымының төрағасы Ұлықбек Есдәулет видео-құттықтау сөз сөйледі. Түрік тілінде Олжас Сүлейменов туралы деректі фильм көрсетіліп, ақынға арналған фотокөрменің ашылуы болды. Türkiye Yazarlar Birliği Олжас Сүлейменовқа «Түркия Жазушылар одағының құрметті мүшесі» деген арнайы куәлік дайындапты. Мұндай куәлік бұрын Шыңғыс Айтматовқа берілген екен. Түркия Жазушылар одағында «Олжас Сүлейменов кабинеті» ашылып, ақын кітабының таныстырылымы өтті.

Шараға қатысушылар әлемге ақындық, жазушылық қырымен ғана емес, ғылыми-зерттеушілік еңбектерімен де танылған Олжас Сүлейменовтың Түркі дүниесі өркениеті мен тарихи-мәдени мұра мәселелерін зерделеген еңбектерінің құндылығын ерекше атап өтті. Олжас ақын бейбітшілік пен адамзаттық келісімді насихаттаған бастамаларымен бүкіл әлемді сілкіндіріп, көрнекті қайраткер екенін де танытты. Атақты Аз и Я еңбегі түркі халықтарының тарихы мен тілдік мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеп, тарихи деректерге жаңаша көзқарас қалыптастырған маңызды зерттеу ретінде бағаланып, дүние жүзіне мәшһүр болды. Олжас Сүлейменовтың Невада – Семей антиядролық қозғалысын құруы адамзат қауіпсіздігі мен бейбітшілік жолындағы маңызды тарихи қадамдардың бірі ретінде тарихта қалды. Адамзат руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Олжас Сүлейменовтың бай мұрасы келер ғасырларға да жол тарта береді.

Қазақтың ұлы ақыны Олжас Сүлейменовтың 90 жас мерейтойын Халықаралық TÜRKSOY ұйымы өте жоғары деңгейде ұйымдастырды. Шара соңында Сұлтан Раев барша қатысушыларға алғыс айтып, Бижан Қалмағамбетов, Мерей Қарт және маған «Түркі дүниесінің мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі үшін» медалін тапсырды.

Абылай хан әскерінің оң қанатын басқарған Олжабай батырдың жетінші ұрпағы, атақты Жаяу Мұсаның бесінші ұрпағы, қазақтың кемеңгер ақыны, ойшыл ғалымы, қайраткер Олжас Сүлейменовтың Түркияда өткен мерейтойы ерекше әсерге бөледі.

Тегі – қыпшақ, мажар ғалымы, белгілі түркітанушы Иштван Қоңыр Мандоки туралы 2024 жылы «Кемел-Кітап» баспасынан шыққан Қыпшақ Қоңыр атты деректі проза кітабыма Олжас Сүлейменов алғысөз жазған еді. Ол кісінің Қоңыр Иштван туралы естеліктері де ғажап. Иштван Қоңыр Мандокиді дос тұтқан, оған көп көмек берген де Олжас Сүлейменов болатын. Екеуі көне түркі тілінде сөйлескен екен. Қыпшақ Қоңыр кітабымда Қоңыр мен Олжастың өмір соқпағында кездесіп, дос болғаны және бірге кешкен қиын-қызық сәттерінің бейнесі бар. Түрксой ұйымы ұйымдастырған Олжас Сүлейменовтың 90 жылдығына арналған «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» атты шарада арнау өлеңімді оқыдым. Олжас кім десеңіз, адамзат тарихы мен Түркі дүниесі қазынасына мол олжа салған ОЛЖАС! Ол – жас. Оның шығармалары ешқашан қартаймақ емес. Олжастың ой биігі келер ғасырларда да биіктей береді. Мақаламның соңын өлеңіммен аяқтайын.

ОЙ-БИІК  

          (Олжас Сүлейменовке)

Сағат тілі айналады тоқтамай,

Алтын уақыт өлшегендей арасын.

Көне дәуір табанында от бар-ау,

«Қыш кітаптан» мол береке табасың.

 

Жалған айтпас әйнек-әжім беттегі,

Тоқсан деген – тереңдіктің тереңі.

Бөрісіндей көк Түркінің көктегі

Алтын жіппен әдіптелген өлеңі.

 

Қаламұштан төгілген бір тарих бар,

XX ғасыр! Болды ойдың биігі.

Асқар шың боп көрінеді алыптар,

Алып болу – қиындықтың қиыны.

 

Ұшқыр сөзбен жазылады дастандар,

Жер мен таудың ұлылығын тербетіп.

Ғарыш жақтан көк күмбезді аспаннан

Жыр жауардай селдетіп.

Олжас аға! Дуалы ауыз киелі,

Оның қолы ұлы істерге жегілген.

Сондықтан да барша халық сүйеді,

Таланттар да тумайды ғой тегіннен...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Талдықорған қаласында жанжал кезінде 20 жастағы студент қаза тапты. Полиция күдіктіні ұстады, сот он...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанның халық жазушысы Олжас Омарұлы Сүлейменов 90 жасқа толып жатыр, деп хабарлады Madeni...