Маржан Ершу. Жұмекеннің Нәсібі

Фотосурет ашық дереккөзден

ӘДЕБИЕТ
315

Басын мына жерден оқисыз

    «Абайдың абайлығына жеткендей бұл ақынның да сапары алда жатыр. Жұмекенді ұғу өте қиын, бұған бару үшін жүрек керек, философ болу керек. Адам жай жалаң қолмен ұстай алмайды, токты қолмен ұстай алмайсың ғой. Жұмекен сол ток сияқты. Сондықтан Жұмекенді түсіну үшін уақыт керек. Ол уақыт қазір жүріп жатыр. Мына сендердің залға сыймай отырғандарың сол уақыттың жүріп жатқаны. Өзі айтқандай:

                  «Тербейді ана көлеңкені шуақты,

                    Планетаның алақаны сияқты...».

                                                                Зейнолла Қабдолов, Ғалымдар үйінде Жұмекеннің кешінде сөйлеген сөзі. 1998 жыл

 

    «Жұмекеннің инфарк алуына тек талай жылғы еңбегін күлпаршалаған редакторлық өктемдік, өмір бақи ауру шешесі, әйелі, балалары, өзіне бір жаңа баспана бұйырмай қойғанына налығандық, тарлан басымен тайлақ арасына қосақталғанына намыстанғандық еш әсер етпеді деп айта алмаймыз».

Әбіш Кекілбаев 

     Ақынның жары Нәсіп апай туралы айтқым келеді. Нәсіп апай өте кірпияз адам. Бірақ неге екенін қайдам, мені бір көргеннен ұнатты. Оған себеп : менің 2004 жылы «Айек» деген псевдониммен шыққан «Шырақ» деген кітабым  қатты ұнаған болуы керек. Сол кітабымда «Жаңғырық» деген мистикалық микропоэмам бар болатын. Менің «Жаңғырығым» ол кісіге бір қуаныш сыйлағандай болды ма, білмеймін. Алматыға келгенімде бір жиында көріп, «біздің үйге жүр, балалар бөлек тұрады. Үйде өзім, әңгімелесіп шай ішіміз» деп үйіне бастады. Осылайша Нәсіп апамен жақын араласып кеттім. Залында  диванның  үстіңгі жағындағы  жарда  Жұмекен ағаның бейнесі тоқылған кілемше ілініп тұрған болатын. Бұл кілемді Нәсіп апа «Алматы кілем» фабрикасында жұмыс жасап жүргенде өзі тоқыған екен. Маған төсекті диванның үстіне салды да, ағаңның суретіне қарап өлең шығарарсың деп күліп қойды. Сол түні бір ғажап түс көрдім. Таңертең шай ішіп отырғанда «Бір жақсы түс көрдім. Үйлеріңізде бір жақсылық болады» деп едім, Нәсіп апам «Өз түсің өзіңе бұйырсын, жақсылығы өзіңе келсін. Ағаңның аруағы қолдаған ғой» деді ағынан жарыла. Менің көрген түсім. Түсімде  көк ту бейнеленген «Қазақстан» плитка шоколадының көк қағазын ашып, жеп отыр екенмін. Түсімді Нәсіп апамыз : «Бұл саған келе жатқан ырыздық. Атың Қазақстанға танымал ақын болады екенсің» деп жорыған еді. Қазір ойласам, «Қазақтан  Гимні  шырқалғанда, Көк Туымыз биікке көтеріледі. Түсімде шоколадты жайдан жай жемеген екенмін-ау ойға қалам. Нәсіп апа Жұмекен аға туралы айтудан жалықпайтын. Екеуінің бірге өткізген балалық шақтары, алғашқы махаббат, жастық кездері, көрген қиыншылықтары мен қуанышты күндері,  қыз-жігіт боп хат жазысқаны, ақындардың өмірі  туралы өмір тарихынан сан қырлы әңгімелер айтатын. Сол әңгімелерін айтып отырғанда, жігерленіп, шабыттанып ерекше күйге енетін. Мен сағаттар бойы оның сөздерін бөлмей, үнсіз тыңдап қана отыратынмын. Осы қалыбым ол кісіге қатты ұнайтын болуы керек. Сен жақсы тыңдаушы екенсің. Кейін өзіңе бір керегі боп қалар деп айтып жатырмын деп қоятын арасында. Нәсіп апамыз өзінің де Жұмекенге жазған хаттары болғанын, үйленген кезде, чемоданының түбінде сақталған хаттарын көріп, Жұмекеннің ұқыптылығына таңғалғанын айтушы еді. Ашақта мектепте оқып жүргенде сыйлаған кестелі орамалын да сол күйінде сақтапты. «Бұл қалай?» деп сұрағанда, Жұмекен ағамыз: «Маған талай қыздар кестелі орамал сыйлады, солардың қайда қалғанын білмеймін. Сенің сыйлаған орамалыңның бұрышындағы гүлдердің орналасуында бір мән бардай, солар сөйлеп тұрғандай көрінуші еді. Жоғалтып аламын ба деп көп ұстамайтын едім» деген екен. Сарғая бастаған қағаздағы хаттарда Жұмекеннің жүрегі былай тебіренеді: «Сүйіктім! Сен дегенде жүректің соғуы сондай, түпті жүрек күшінің әсерінен барлық денем қозғалғандай сезінем. Кейбір уақытта, кенеттен, сен есіме түскен кезде аумаған жынды адам тәрізді есім шығып отырып қалу деген маған ғажап емес. Көбіне сезетін боларсың, мен саған көпшілік ортасында қарамауға тырысам. Себебі көз адамның ішкі сырының айнасы болуы ақиқат. Сондықтан дұшпандардың күдігінің шешілуі қиындай  түссін деймін. Олардан осынша сақтықпен жасырынғанда тек өз басым үшін емес, сен үшін. Мен өз басыма қайғырмаймын. Өйткені жаман дұшпанға өзім де болмаймын, жақсысы маған жау болмақ емес. Сондықтан тек сенің арың үшін ғана жасырынамын. Себебі  сені жаман атақ пен өсекке қорламақ емеспін, жамандыққа қимаймын да. Ж.К». Бұл жерде Ж.К –деген қазіргінің тілімен айтқанда код екен, шешуі : «Жауап күтем»  деген сөз екен. Ойпырмай, мынау бір адам жанын тебірентетін ғажап хат екен дейсің. Сол кездегі сезімнің тазалығы , махаббаттың мәні қандай ғажап. Кітаптағыдай өмір екен ол да бір. Жүмекен мен Нәсіптің адал, ақ  махаббаты талайларды қызықтырды. Нәсіп апа Жұмекенге өле өлгенше адал жар болып өтті.  Жұмекен жырларының бағбаны, жоқтаушысы әрі  балаларының анасы болып, панасы болып саналы  ғұмыр кешті.                  

                                                     ***

   « Сексен екінің күзінде енем, Жұмекеннің анасы Мүслима қатты ауырды. Жастық шағы  кеңес дәуірінде Қазақстанның сынақ алаңыына айналған өлкелерінің бірі «Капустин яр»  полигоны маңында өткен ол кісі ақ қан ауруына шалдыққан еді. Ауруханадағылар «аз уақыты қалды» дегесін, «өз төсегінен аттансын» деп үйге алып келдік. Жан жақтан дос-жаран, көрші -көлем жиналып қалды. Жұмекен қатты қайғырып, жерге екпетінен жата қалып дауыс етіп жылады. «Жиырма бес жасыңда жесір қалып едің, өмірден қызық көрмедің, енді қызық көрсетем бе дегенде, көре алмай кетіп барасың ба, анам-ау» деп  егіліп жылағанда, сол жерде тұрғанның бәрінің көңілі босады. Әбіш Кекілбаевтың анасы Айсәуле апамыз әулие адам еді ғой. «Тұр, орныңнан! Анаңа тура келген ажалды өзіңе аударып аласың! Көтер басыңды! Тый, жасыңды!» деп айқайлап ұрсып, қолынан ұстап орнынан тұрғызды. Бір жылдан соң дәл сол күні Жұмекен қайтыс болды. Енем Жұмекеннен кейін үш жылдан соң қайтты» деп әңгімесін жалғаған еді Нәсіп апа. «Жұмекеннің өмірден түңілген кездері де көп болды. Қиналған шақтарында «өмірім өтіп барады, үлгеруім керек» дейтін. «Дарындылардан қорықпау керек, олардан сатқындық шыға қоймас. Ең қауіптісі қолынан түк келмейтін дарынсыздар ғой. Менің баспадағы кітабымның тағдырын да шешетін солар. Дарынсыздардың торында қамалып жүрмін ғой, Нәсіп-ау» деп ашуланып мұңын да шағатын. Мұндайда  не дерімді білмей  іштей қыстығып жылайтынмын да, ас үйге барып қазан-тірлікке басыммен кіріп кетуге тырысатынмын. Жұмекеннің «Қыран қия» кітабы көзі тірісінде шығуы тиіс болатын. «Жалын» баспасы екі жыл ұстап, Жұмекеннің қайтқанына бір жыл өткеннен кейін жұп-жұқа мұқабамен , көзге көрінер-көрінбес ұсақ қаріппен шығарды. Кітапты көргенде  Жұмекеннің досы, белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев  қап-қара боп түтігіп, қан қысымы көтеріліп кетті. Қолдан келер қайраны жоқ, боқтап қана өшін ап жатқандай сезілді. «Жұмекеннің жүрегін жарған осы кітап. Осы кітабын шығару үшін «Госкомиздатқа» жалынышты жүзін жасыра алмай табанынан таусылып талай барды. Аямады ғой, жүрексіздер!» деп күйінген екен Зейнолла Серікқалиев.

                                                      ***

    Жұмекен аға күнделік жазған. Бұл күнделік жай күнделік емес, өмірдің мұңы, ақынның сыры жазылған аманат күнделік. Күнделікті оқып отырсаң, жылағың келеді егіліп. Ажары солғын ақын азапты үнсіздігін былайша ақтарған екен: «Кеше дәрігерге барып едім. Көк қағаздың мерзімін ұзартып қана берді. Сонсоң сұрақты жаудыртып-ақ берді. Жасың нешеде, қалай ауырдың, қашан ауырдың т.б. қалай, қашаңдардың астына алды. Тек қашан, қалай өлу ойыңыз бар деп сұрамады. Оған да шүкір! Өйтіп сұраса не жауап айта алар едім! Әйтеуір, емтихан берген оқушы құсап қиналмай, кідірмей - мүдірмей жауап бергеніме мәз боп шықтым. Соңғы күндері ұйқымның нашарлаңқырап жүргенін айтсам – ол маған жындыханаға түскендер ішетін дәрі жазып беріпті. Сірә, мені ақылы кемдіктен ауырып жүр десе керек! Егер ақылы кем жұрттың бәрі сол ақылдың кемдігінен ауруға шалдығатын болса... біраз жерлерді жауып, орнын ауруханаға айналдыруға тура келер еді. Әрине, бұл тек қана біздің қаланың, не республиканың, Одақтың ғана хал-жайы емес, күллі дүние жүзінде солай болуы тиіс. Мен социолог те, обществовед те емеспін. Дегенмен...Чилиде – ақылы жоқтар ел басқарып, ақылы барлар түрмеде отыр. Ол жақта есіңнің дұрыс екеніне көзі жетсе – табанда атып та тастайды екен. Біздің ел шүкір, шүкір ғой, кеңсеміз – кеңсе, ауруханамыз – аурухана, содан да, жындымыз – жынды, сауымыз – сау. Сонымен, ол дәріні, әрине, мен ішкенім жоқ. Бірақ дәрігерге сенбеуге де ешқандай негіз жоқ, кім біледі, ол кісі де бірдеме сезген, шамалаған шығар, бәлкім бүгін жынды болмасам – бүрсүгіні болатыныма көзі жетіп отыруы мүмкін ғой деген оймен, дәріні қоңыр - салқын, қара көлеңкелі жерге сақтаттырып қойдым. Сөйтіп ем – түнде жақсы ұйықтадым...». Күнделіктегі сырлар пенделік әлсіздік емес. Өзін қайрау да емес. Ақынның «гуманистік құндылықтарды» ұран еткен системаға іштей қарсылығын юмормен білдіруі.

                                                      ***

   Жұмекеннің атасы Қошалаққа, Нарын құмына аты мәлім руы - алаша, Нәжімеден деген көсем қария екен. Ақындық қасиеті болған. Оның жалғыз ұлы Сабырдан (азан шақырып қойған аты - Сабыреден)  қалған жалғыз немересі Жұмекен. Соғысқа кетіп оралмаған ұлы Сабыреденге арнап  Нәжімеден ақсақал қырық шумақ жоқтау жыр шығарған. Жыры ел арасына, Қошалақ, Нарын құмына, ішкі теңіз бетіне жетіп, ауыздан-ауызға тарап кетеді. Жұмекеннің жеті атасын түгендесек, аталары шетінен аруақты кісілер болған. Берлібай деген атасы үнемі ақбоз ат, ак киіммен жүретін қасиеті бар адам болған. Қасиетінің күштілігі сонша , дарияның арғы бетінде киіз үйде шай ішіп отырған адамды киіз үйімен қоса дарияның екінші жағына көшіріп қондырады екен. Босана алмай қиналып жатқан әйел отырған киіз үйдің есігінен қарап , қамшымен бір тартқанда, шыр етіп нәресте жерге түсе қалады екен. Жұмекен туып –өскен ауыл-аймаққа Берлібай әулиенің аты аңыздай боп тараған. Ел аузында аңыз болған тағы бір атасы - Қалматай деген аузы дуалы шешен адам болған. Ол кісінің берген батасы қабыл болады екен. Қалматайдың әйелі Бадамбике әжесі де  қасиеттен құр болмағанға ұқсайды. Ұзақ өмір сүрген. Ол кісілердің көзін көргендер кейінгіге «Қалматайдың жасын, Бадамбикенің жасын берсін» деп ырым етеді екен. Жұмекеннің бесінші атасы атақты Қартпамбет жырау.  Қартпамбет жыраудың қызы Қосуан – ақын һәм батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының анасы. Махамбет пен Жұмекеннің қан туыстығы осы жерден көрінеді. Жұмекеннің «Жаңғырық» поэмасы Махамбетке арналған. Махамбет туралы ғұмырнамалық роман жазам деп айтқан екен, бірақ ғұмыры жетпеді. Жұмекеннің әкесі туралы  есінде қалған жалғыз естелік мынандай. Әкесі Сабыр соғысқа аттанарда ат үстінде отырып, бес жасар Жұмекенді жерден көтеріп алып, төбесінен асыра біраз ұстап тұрады да , әкесі Нәжімеденнің қолына ұстатып атын тебініп жүріп кетеді. Балалық кезден көз алдында қалған әке бейнесінің суреті осы ғана екен. 

                                                       ***

     Жұмекен  Қасым Аманжоловты өлең-жырдың пірі деп санаған. Жексенбі күндері  Ташкент көшесіндегі Қасым ақынның  зиратына барып, топырақ салып, күбірлеп жырларын оқып, ақын рухымен сырласқандай  үнсіз ұзақ тұрады екен. Қасымға арнап бірнеше өлең де жазды. Жақсы жыр жазғанмен, Қасым одан не пайда тапты? Көргені - жоқшылық пен азап. Естігені – сұрқия сын мен қатал ескерту. Ал, Қасымның қолына су құя алмайтын дарынсыздар су татыған  дүмбілез өлеңдерін жиып, кітап шығарып , өмірдің рахатын кешіп жүр. Өмір-ай! Сен неткен қатал едің! Қасымға көрсетпегенің қалмады ғой  деп  іштей мұңданғаны да анық. Өзі де Қасыммен тағдырлас еді. Қасым туралы Жұмекеннің ойы да кесек. Кезінде Қасымды сүйген жүрекпен күнделігіне былай деп жазған екен:

«Шығып тұр ғой бүгінде
Қасым деген бір ақын.
Осы болар түбінде
Енелеріңді ұратын».
Қасым аға өтірік айта алмаған ғой. Бір кезде осы жолдар маған мақтаныш сықылды көрінетін! Ақымақтық қой.  «Ақын өлімі туралы аңыз» сияқты керемет туындыны  Қасымның замандастарынан, әрине ешкім жаза алған жоқ, бізде жаза алмадық. Бізден кейінгілер де жаза алмайды. Жо - оқ , жақсы дүниелер болған, бар, болады.
Бірақ бәрі басқаша. Там вкус поэтов Того времени, и еще уникальность аманжоловского стиля – все это раскрывается, особенно, в названных произведениях. Он встал в этих произведениях во весь рост. Вот, почему я считаю его самым крупным поэтом послеабаевкого периода. И, к нашему сожалению, эта оценка по сей день остается справедливой, единственной».

                                                   ***

    «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды» деп Қасым ақын жырлағандай, барлық ақындар да баспана тауқыметін тартты. Әлі де тартып келеміз. Жұмекен де Алматыда кісі есігін сағалап қанша жылын өткізбеді дейсіз?! Алматы таулы жер болғандықтан едені дұрыс болмаған соң  үйлер сызды келеді. Бұл құмды жерде өскен Жұмекенге өте ауыр тиді. Сызды , суық жертөле үйлерде пәтер жалдаған жылдарда  Жұмекенге суық тиіп, өкпесі қабынады. Бұл кезде ол консерваторияның төртінші курсында оқып жүрген кезі екен. «Жедел жәрдеммен» ауруханаға түскен Жұмекеннің жағдайы өте ауыр болып, дәрігерлер өкпеге түскен «абцеске» операция жасаймыз дегенде, Әбу Сәрсенбаев  рұхсат бермей, басқа жолы жоқ па деп сұрайды дәрігерлерден. Сонда дәрігерлер: «Күн сайын қымыз ішуге мүмкіндігі болса, мүмкін жазылып кетер» деген дүдамалдау сөз айтады. Жұмекен екі ай ауруханада жатқанда, Нәсіп апа «Көк базардан»  күн сайын үш литр қымыз, жас ет сатып алып, баптап пісіріп ауруханаға апарады екен. Ол кезде тұңғыштары  Айкен екі айлық шақалақ бала. Бірде баласын көтере жүріп, бірде көршілерінің үйіне тастап кетіп, жүрегін қолына ұстап, Жұмекенге жетеді. Жұмекен екі айдың ішінде қымыз бен Нәсіптің арқасында құла таза ауруынан айығады. Дәрігерлер «өкпеңе күш түседі» деп оған бір жылға дейін музыка аспаптарында ойнауға тыйым салады. Осылайша консерваторияның төртінші курс  студенті бір жылға академиялық демалыс алады. Қаламдас ағалары: «Сенен мықты ақын шығайын деп тұр. Оқуыңды таста да, жұмысқа кіріс, өлең жаз. Сен поэзияның жарық жұлдызы болғалы тұрған жансың ғой» деп ақыл береді. Осылайша Жұмекен әдебиетке шындап бет бұрады.  Дана ойлары өлең болып бұрқырап шығып жатса да, Жұмекен тірлікте кейде сәби сияқты қорғансыз болған. Нәсіпке «тырнағымды алып берші, шашымды қиып берші» деп кәдімгідей еркелейтін , ал кейде томсырайып өкпелеп қалатын кездері де болған екен жас күнінде.

                                                       ***

     Жұмекен кішкентай кезінен қолына түскен ағашты домбыра етіп ойнайтын болыпты. Немересінің  домбыраға әуестігін кішкентай кезінен байқаған атасы Нәжімеден сол өңірге белгілі Сабыр деген домбырашыны үйіне шақырып, ақысына мал беріп, Жұмекенге домбыра үйретуін өтінген екен. Сол кезден бастап домбыра ақынның жан серігіне айналған. Екі жыл Мәскеуде, Әдебиет институтында оқыған кезінде де домбырасын өзімен бірге алып жүріпті. Жұмекенді Құрманғазы атындағы консерваторияға да жетелеп апарған сол күйшілік өнері. Жұмекен қайтыс болғаннан кейін Нәсіп апа Жұмекеннің домбырасын көзіндей көріп, мақпалмен қаптап, сырт көзден жасырып, шкафқа салып қойған екен. Күндердің күнінде домбыраның  шегін шерткен дауыстан шошып оянады. Домбыраның сол үні өңінде де, түсінде де маза бермей қояды.  Бір күні дос-жолдастарын, ағайын-тума, құда-жегжаттарды жинап, Жұмекенге арнап құран оқытып, ас береді. Дастархан үстінде домбыраның даусы туралы жиналғандарға айтып бергенде, Әбіш ағаның анасы Айсәуле апа: «Бұл домбыра киелі домбыра екен. Домбыраның иесі де, ағашы да киелі болуы керек. Домбыра иесі Жұмекенді жоқтап жүр ғой. Кілтте ұстама, жалғыз ұлыңа бер, тартсын» деген екен. Сонда  Нәсіп апамыз шкафтағы домбыраны қабынан шығарып, атақты күйші Әзидолла Есқалиев  қолына ұстатып, «Әзаға, Жұмекенде аға жоқ, Сіз ағасындай едіңіз, өз қолыңызбен Мағжанға табыс етіңізші» - депті. Домбыраның киесі қонған Әзағаң даусы дірілдеп : «Қарағым, әкеңнің домбырасына енді сен ие бол! » деп, Мағжанға табыс етеді. Осы отырыстан кейін Мағжан әкесінің домбырасын тарта бастайды. Содан соң Нәсіп апаның құлағыма естіліп жүрген домбыраның зарлы үні де тиылады. Сымдай тартылған қос шектен бір тылсым үн шығарған домбыраның қасиеті мен киесі жайлы академик Ахмет Жұбанов: «Домбыра - көшпелі елдің көнекөз шежірешісі, көпті көрген қарияның көкірек күйі»,- деген еді.

«Майысып қос шегіңнен күй өткенде,
Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.
Домбырам қайран менің, қайран менің,
Ризамын сені маған сый еткенге.

Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды,
Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы...
Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып,
Күлу мен үйреттің де күрсінуді.

Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,
Жанымның жазығына күй ектіріп.
Ой, арман – екі шегің болсын сенің.
Берейін жүрегімді тиек қылып»-, деп жырлаған Жұмекеннің бұл жырында жалынға айналған жыр-қуаты бар. Шкаф ішіндегі домбыраның үн шығаруының басты себебі де осы болса керек. Жыр мен күйдің бір арнаға тоғысқан  киесі үнсіз жата алмаса керек.


                                                            ***
      «Түйсігі бар оқырман менің өлеңімді іздеп жүріп оқыр, ал түйсіксіз оқырмандарға өлеңімді жарнамалап жүрмеймін. Түсінбейтіндер түсінбей-ақ қойсын»,-деп айтқанмен, Жұмекен өзіне қарай атылған оқтай сөздерден көп азап шеккен ақын. «Қыран қия» атты Бауыржан Момышұлына арнаған поэмасы баспасөзде жарияланғанда, ақындардың  бір тобы поэманың көркемдігін, жаңалығын көргісі келмей, жабылып мысын баспақ болып тұқыртып , «Ее, Нәжімеденов! Сен қусың-ау, а! Бауыржанның тағдырын өз тағдырыңмен сабақтастырып, шұбатылған поэма жазыпсың. Жағымпазданып жазып отырсың ғой, өзіңді көрсету үшін, көріну үшін» деп қатты сөздер айтып, жанын жаралайды. Жұмекен сол қаныпезер жандарға үн қатпаған  күйі үйіне келіп, жазу столында отырып , жүрегі шаншып үнсіз жылаған екен. Сондағы  айтқаны: «Бұл поэмам менің ойымда көптен бері қайнап жүрген, жүрегімді  жегідей жеп жүрген арпалысым еді ғой. Сондай тамаша дүниемді лас ойларымен арамдады-ау. Өлеңімнің көркемдігін неге көрмейді? Неге айтпайды?» Ашынған ақын сол түнді үздіксіз темекі тартумен өткізіп, таңды ұйқысыз атырған екен. Жұмекен қайтыс боларының алдында айтқан екен: «Көкесін таныттым. Жеті айдың ішінде бір кітап жаздым. (11 мың жол) , енді мойындамай көрсін, бәлем! Осы кітабымның шыққанын сен көресің, Нәсіп. Мен көре алмаспын» деген екен. Ол кітабы өзі өлгеннен кейін екі жылдан кейін жарыққа шыққан «Қыран қия» еді. Топтанған қарғадай  бір топ жазушы «Нәжімеденов! Сен бар болғаны куплетиссің, романист емессің!» деп те тиіскен екен кезінде. Арамтамақ сыншы- сыншы емес. Уақыт-сыншы. Уақыт өзі көтерді  Жұмекеннің тұлғасын. Оның «Ақшағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» романдары заман сөресінде биіктен орын алды, мүйізі қарағайдай жазушылардың өзі ысырылып жол берді.

                                                  ***

    Жұмекен үнемі «Мені жолдастарымның алдында алса екен, Әбіш менің артымда қалса екен» деп айтады екен. Ол өзінің шығармаларының тереңдігін, болашағын түсінетін Әбіш екенін білгендіктен осылай айтқан болар. Әбішке деген ықыласы тіптен бөлек болған. Әбіштің  сыйлаған фотосуретінің артына « Мен өзім данышпан адамды көрген жоқпын. Сөйтсем ол біздің Әбіштей болады екен ғой» деп жазып қойыпты. Әбіш Кекілбаевтың жанұясының Жұмекен қайтыс болғаннан кейін Нәсіп апа мен балаларға тигізген  көмегі көп болыпты. Нәсіп апа мұны жыр ғып айтады. «Айсәуле апайдан көп ақыл-өнеге алдым. Ол кісінің әрбір лебізі, ақыл өсиеті санасында саңылауы бар адамды дана ғып шығарар еді! Клара - ғажап адам. Ол бәрімізден (ақын-жазушылардың  әйелдері)  биік тұрған адам ғой! Кларада қазақ әйеліне тән барлық қасиет бар. Әбіштей ұлы тұлғаға серік болатындай қырағылық, төзімділік, құпиялық қасиеттің бәрі болды бойында. Кекілбай шаңырағына, Әбіштей біртуар тұлғаға ырыс, бақ боп кірді. Жұмекен Әбіштің талантына ғана ғашық емес, Әбіштің тума табиғатына ,сыртқы болмысына , әрбір тіршілік қимылына , тіпті отырысы, жүріс-тұрысына да ғашық еді. Дана ғой дейтін. Қазір ойлап қарасам  Әбіштің даналығын, ұлылығын бірінші байқаған  Жұмекен сияқты». 

                                                    ***

    Нәсіп апа менен бірде дастархан үстінде: «Не жазып жатырсың?» деп сұрады. «Осы жазу дегенді қойған дұрыс, не алып жатқан қаламақың жоқ, не еленіп жатқан атың жоқ. Неге керек босқа шаршау. Осы ештеңе де жазбасам , дұрыс болады-ау» дедім. Сонда Нәсіп апайдың айтқан ақылы: «Өзіңді тежеме, жаз да тастай бер, бір күні шығады. Қазіргі сезімің саған кері оралмайды. Ақын жас кезінде көп жазады, Соның уақыты қазір сенде» деп ақыл айта отырып, «ой, мынау шетелдің қызыл шарабы, бір рюмке алшы, мына қазыны саған арнап алдым, мынаны да саған арнап алдым» деп алдыма асты үйе береді. Жайма шуақ көңілге , жақсы сөзге толқығаным ба , ырза болғаным ба, білмеймін, сол отырған күйімде диванға қалғып кетіппін. Бір кезде оянсам, бөлменің есігі жабық, терезеден самал жел соғып тұр, үстімде жеңіл жамылғы.Тып-тыныштық. Сондай бір тамаша көңіл күй кештім. Нәсіп апай келесі бөлмеде жүр екен. Ой, қандай тамаша деп күліп жібердім. Нәсіп апай ақтарыла сырын айтып жүр: «Қарағым, мен ақын күткен адаммын ғой, ақынның жайын жақсы білем. Жұмекен де шаршағанда шай ішіп отырып, қалғып кететін. Сол кезде өзің көргендей жайын жасап, тыныштыққа қалдыратынмын. Қазір сол күндерді аңсаймын, Жұмекенді баптап күткен кездерімді сағынам»  дейді. Шіркін-ай! Нәсіп жеңгеміз не деген үлкен жүректі адам десеңші. Сағынышы да қасиетті екен-ау...

     Бір күні Айкен Жұмекенқызы апайым  звандайды:  «Астанаға келдім, мамам саған крем беріп жіберді» деп. Ой, крем көп қой, неге мазаланасыздар десем, сен машинамен келіп алып кетпесең, көтере алмайсың дейді. Түсінбеймін: бір жәшік крем беріп жіберген бе екен сонда деп. Барсам, бір үлкен кілем беріп жіберіпті. Алматы кілем фабрикасының  өнімі. Телефоннан крем деп естіп жүргенім, кілем екен. «Мамам, мына кілемді Маржанға бердім, батамды арнаймын, Астанаға апарып беріңдер деп айтты» дейді Айкен апам. Кілемді алған соң апама телефон соғып : «Айналайын Нәсіп апам! Рахмет сыйыңызға. Батаңыз қабыл болсын! Аман жүріңіз!» деп тілегімді айттым. Арада айлар, күндер өтіп жатты. Мен хабарласпай қалсам  Нәсіп апамның өзі телефон соғып тұратын. «Сен қағаз жазып жатырсың ба? Қолың тимей жүрген шығар, хабарласпай жүрсің» деп айтатын. Алматыға келгенде соғып кетсеңші, үйден шыға алмаймын қазір деді. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын  Алматыға барғанымда апама барып сәлем бердім. Әңгімесін айтып жақсы отырды. Кетерде : «Мынаны сен ал, күмісі көп дейді, мүмкін өзіңе бір сақина соқтырып аларсың. Естелік болады» деп бір ескі күміс тиынын берді. Сондай бір жаны жомарт, жанашыр тілекші адам еді маған. Өмірден өткенде қатты қайғырдым. Нәсіп апай  Жұмекен ақынның нағыз шырақшысы болды. Өмірге сол адам үшін келгендей еді. Кітаптарын, қолжазбаларын түгендеп , Жұмекен мұрасын қызғыштай қорыды. «Жұмекен-құдырет» деп кітап та жазып шығарды. Жұмекенге  «Құдырет» деп табынған , басын иген  ақынның адал жары еді,  ақылды әйел еді ол. Өмірінің соңғы уақытында «Мынау Жұмекеннің жазу столы», «Мынау қаламы», «Мынау кітапханасы» осыларды бір жерге жинап, Жұмекен Музейін құрар ма еді деп арманын айтып отыратын. Ақынын сүйген ел-жұрты ұмытпас. Жұмекеннің  өзі де, мол әдеби мұрасы да  ұмытылмас. «Жұмекен Музейі құрылса екен» деген Нәсіп апамның да арманы орындалар күндер жақын болса екен деп тілеймін. Сөзімнің соңын әкем, ақын Аманқос Ершуовтың «Ақынның жары» атты өлеңімен түйіндейін:

«Ұшақ қымбат ұшынып тұр айыбы,

Қанатында ханның  қызы, бай ұлы.

Ақша бұлттың арасынан түстің бе

Аяулы аға Меңдекештің зайыбы.

 

Қайда қалды қасыңдағы алыбың?

Көптен бері көрінбедің налыдым.

Ақындарын ардақтаған атажұрт

Хан көтерген жесір қалған ханымын.

 

Адам деген Алласының бөбегі,

Алам десе, берем десе көнеді.

Қайран ақын жанып-күйіп тірлікте

Жұбайынан тым ертерек өледі.

 

Жұмекен де жанып кетті нақ солай!

Мұқағали мұрттай ұшты нақ солай!

Төлеген де тоқтамады нақ солай!

Орда бұзар  отыз алты жасында

Меңдекеш те мерт боп кетті нақ солай!

Маратты  да алып кетті тастамай.

 

Жарылқашы жарық күн мен асқақ ай,

Ұрпақтарын жақсылыққа бастағай.

Жалғыз қалып жар мұрасын күзеткен

Жеңгейлерге ризамыз ақ самай...»           

 

(Жалғасы бар)

 

author

Жұмекен Нәжімеденов

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

Танымал әнші Индира Елемес Руслан Өтепбайға сұхбат берді, деп хабарлады MadeniPortal.kz. Әнші күйеу...

PESTEL

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Берлинде Украина, Германия, Франция және Ұлыбритания ба...