(Шамшабану Хамзақызы туралы бір үзік пікір) Мен 1986-жылы Үрімжідегі Шынжаң оқу-ағарту институтының...
Маржан Ершу. Махамбет пен Жұмекен поэзиясындағы үндестік (циклдік мақалалар)
Фотосурет ашық дереккөзден
1. «ЖҮЗ ЖЫЛДАН СОҢ МАХАМБЕТКЕ АС БЕРДІМ»...
Көзі тірісінде жұмбақ ақын атанған Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына биыл – 90 жыл. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы тарапынан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі «Бір ел – бір кітап – 2025» республикалық акция шеңберінде «Жыл кітабы» болып Жұмекен Нәжімеденов шығармалары таңдалды. Осы шараға орай ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен республика аймағындағы барлық кітапханаларда Жұмекен Нәжімеденовке арналған көрмелер, семинарлар, әдеби кештер, оқулар өтіп жатыр.
Жұмекен – терең мұхиттай. Жұмекенді қанша оқысақ та, ойдың орманына бой шалдырамыз. Жұмекеннің шығармашылығы туралы жүздеген еңбектер жазылса да, айтылмай келе жатқан бір сыр бар. Ол сыр – Жұмекен ақынның Махамбетпен қан туыстық қатынасы. Бұл жайында Әбіш ағамыз «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы он бірінші қарашадағы санында жарияланған «Қайсарлық» деген мақаласында жазған еді. Сол дерекке сүйенсек, Махамбет Өтемісұлының анасы Қосуан – Жұмекеннің арғы бабасы атақты Қартпенбет жыраудың қызы. Ақиқаты – дауылпаз ақын Махамбет Қартпенбет жыраудың жиені болып шығады. «Топырағы жақын» дейді қазақ мұндайды.
Әбіш Кекілбайұлы былай деп жазған еді:
«Қанша бетің бар, жүзің бар демей, ойына не келсе, соны лақ еткізе салады деп жүргендерімізбен, Махамбет те ішіне құлта бүге білген. Өлеңдерінен жайдауыт, жалаң қабат, жадағай шумақтарды атымен ұшырата алмайсың. Кей ретте жыр емес, әлдекімге әлдене хақында әлдеқандай тұспалхат (шифрограмма) жолдап отырғандай әсер етеді. Өз қауымы үшін осынша жұмбақ тұлғаның өзгелерге одан да бетер тылсымдана түсері хақ. Біз Махамбеттің өлеңдерін өміріне, ал өмірін өлеңдеріне қарап, терең үңіле алсақ қана толық түсіне аларымыз хақ».
Әбіш аға жазғандай, «Махамбеттің ішіне бүккен құлта» Жұмекен шығармашылығынан да алыс кетпейді. «Жұмекен – жұмбақ ақын» дейтініміз де содан шығар. Махамбет күй шығарса, Жұмекен керемет күйші болған. Ақындық пен күйшілік екеуінің де қанында бар. Махамбет күй шығарғанмен, күй туралы жырламады. Жұмекен күй шығармағанмен, жырымен қазақ күйлерін сөйлетті.
Екі ақынның табиғатының жақындығы осы арадан да көрінеді. Махамбет пен Жұмекеннің бойында жыр мен күйдің (музыка) астасып жатуы олардың дионистік қабілетін көрсетеді. Сондықтан бұл екі ақынның шығармашылығын сөз еткенде олардың табиғатынан жыр мен күйді бөліп қарай алмаймыз. Махамбеттің де, Жұмекеннің де кешкен мұңы мен шығармашылық азабынан татқан ләззаты шексіздікке ұмтылыс, яғни құдыретті әуен – күй – музыка болып шығады. Осылайша олар өн бойында өнердің мәңгілік және бірегей қуаты арқылы әдебиетте жасампаз ұқсастық құбылысын тудырады.
Поэзиядағы сол алапат қуат бұлт арасынан шыққан найзағай сияқты жарқ етіп, өз дәуірінде емес, өзінен кейін келетін ұрпақтар ұғынықты түсіне алатын ғажайып сұлулықты, жыр деген тылсым дүниені, аруақты дүниені санамызға сіңдіреді.
Махамбет Өтемісұлы туралы бізге жеткен жазба деректерде мынандай мағлұматтар бар. Бірде Исатай:
«Әй, Махамбет! Осы елдің бәрі сені батыр дейді. Кәне, батыр болсаң, мені қорқытшы», – деген екен.
Сонда Махамбет:
«Қазір мен мына төбенің ар жағына кетейін. Сосын сонау басынан бері қарай шауып түсем. Сонда мен атойлап келе жатқанымда, кім осы орнында тапжылмай тұрып қалса, сол адамның менен қорықпағаны», – депті.
Махамбет төбені айналып көзден ғайып болады. Сәлден соң төбенің басында аппақ ала шаң бұрқ ете қалады. Махамбет «Ағатай!» деп ұрандап, төбеден төмен қарай құлдилап, төмендегілерге дүрсе қоя береді. Шаңның ішінде қалың қол, қырық найза самсап келе жатады. Исатайдың қасындағы сарбаздарының өздері де, аттары да осқырынып-пысқырынып, кейін шегіншектейді. Тек Исатай ғана тапжылмай тұрып қалады. Көміп кеткен шаң арасынан «Ассалаумәлеукум, ағасы!» деп Исатайдың алдына тізерлеп отыра кеткен Махамбетті көрген екен сонда жұрт.
Бұл көріністе тіршіліктің жұмбағы саналатын мистикалық әлем Махамбеттің санасына кіруі арқылы оның апполондық күші тасып, өз қуатын жұрт алдында асқақтата көрсетуі емес пе екен?!
Жәңгір ханның ақылшы биі Шыман төренің мына бір сөзінде шындық бар:
«Анау Исатай дегенің батыр десең батыр ғой. Бірақ айласы аз, аңқау батыр. Ал Махамбет ше? Ол – сұм! Ол алдауға көнбейді. Айла-амалыңды он орап алатын, ішіңдегіні күні бұрын сезетін сұм», – дейді.
Исатайдан Жәңгір хан он күн мұрсат сұрағанда, батыр көнеді. Сондағы Махамбеттің айтқан жыры бар, ел білетін:
«Хан баласы қабан-ды,
Қайырылып шапса жаман-ды,
Шабар күнің бүгін-ді,
Бүгіннен қалса қиын-ды», –
деп бебеу қақпай ма?
Исатай бұл сөздерге құлақ аспайды. Хан сөзі алдамшы боп шығып, Исатай қолы жеңіліс табады.
«Айтқан тілді алмаған,
Сөзіме құлақ салмаған,
Бұрала біткен емендей,
Қисық туған сорлы ағам», –
деп Махамбет көкірегін күрсініске толтырмай ма осылай?!
Жұмекен:
«Махамбетке өз басым,
Жүз жылдан соң ас бергем!»
дейді бір жырында.
Марқұмның құрметіне асты қазақтың салт-дәстүрі бойынша артында қалған ұрпағы береді. Қан жағынан туыстығы бар Жұмекеннің бұлай жырлауға қақысы бар ендеше.
«Махамбеттің 100 жылдығы» деген толқу-тебіреніс алпысыншы жылдары поэзияда бір жанартаудай қозғалыс болған секілді. Махамбет Өтемісұлы Бөкей ордасында 1804 жылы туған. «Махамбеттің 100 жылдығы» сонда 1904 жылы болды емес пе деп ойлайсың. Бірақ Жұмекен «Махамбетке өз басым, жүз жылдан соң ас бергем!» деп жырлайды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ақыл-ой интуициясымен дамыған таза идеялардың көбеюінің әдебиетімізде көрініс табуы өмір ағынындағы ақиқатты тануға деген талпынысқа ұласып жатты. Сол кездің шын ақындары өздері өмір сүрген дәуірден жарты ғасыр бұрын өтіп кеткен Махамбеттің «жүз жылына» неге көп мән берген?
Неге Махамбетті өздеріне айбар тұтады?
Неге жандарына жақын санайды?
Олай дейтінім, Меңдекеш Сатыбалдиев:
«Ақиқатпен – қылышпен жеңем дедің,
Зұлымдықты айдаһар ініндегі.
Қайран қалам ғұлама кемеңгерім,
Жүз жылдан соң оятты үнің мені!» –
деп Махамбетке жақындай түседі.
Ағылшынның белгілі ақыны Джордж Элиот айтқандай:
«Ақынның басты міндеті – сөзді түсінікті мағынаға айналдырып жеткізу».
Қадыр Мырза Әлидің:
«Құдайдай адам керек қой,
Құдайсыз мына заманда», –
деген жырында ақиқатты іздеген ізгі жүрек бар.
Жұмекен де сол тұста:
«“Құдай” деген сөзді сызып,
Орнына “тағдыр”, “табиғатты” жаздық,
Өзгерді енді ұғымдар да, сөздер де», –
деп жазған еді бір жырында.
Бұл пәнидің есебінде, арифметикалық сандардың тізбегі бойынша 1-ден 9-ға дейінгі ғана сандар бар. 1-ге 9-ды қоссаң, 10 болады. 1+9=10. 10 дегенің бұл өзі – 1 (бір) қосылған нөл. 10=1+0. 100=1+00.
Қайыра 1-мен бітіп жатқаны – бұл пәнидегі сандар іліміндегі Ақиқатты, бір Құдайды танығандық болып табылады.
Қасиетті жырымыз да 1 (бір) санымен басталады. Қазақ ертегілерінің сюжеттік экспозициясы «Ерте-ерте, ертеде бір бай болыпты, оның бір ұлы, бір қызы болыпты» немесе «Баяғы бір заманда бір ханның жалғыз баласы болыпты» деп басталады.
Эпостық, лиро-эпостық жырларымыздың қаһармандары да шетінен біреудің жалғызы, жалқысы болып шығады. Ақын-жыраулар мен би-шешендер де «Біріншіден не жаман – білімсіз өскен ұл жаман», «Бірінші тілек тілеңіз», – деп бастайды сөздерін.
«Бір дегенім білеу» – басталады балалар санамағы да. Адамзат жаралғалы, ой-санасы өскелі дүниенің түпкі негізін құдыретті күшпен байланыстырып, оның бірінші иесін, яғни бір Алланы танып білуге талпынды.
«Бірінші» сөзінің магиясы қызықтырғаны соншалық, тарихта ел билеушілер арасында бірінші болуға ұмтылыс әр ғасырда да болып отырды. Жер бетіндегі бұл тартыс әлі тоқтаған жоқ.
Ақындар арасында да «бірінші» деген сөз зор мәнге ие.
Бір анекдотта айтылады ғой:
Кілең ақынды армияға шақырыпты. Сапқа тұрғызып, рет санымен айттырса, бәрі:
«Мен – бірінші!» деп айтады екен.
Социалистік реализм ақындардың «жеке менін» жөргегінде тұншықтырды. Бірақ төбеде тұрып «сендер еркіндікті, жасампаздықты жырлаңдар» деп ұрандатты.
Ақындар жүрегінде атойлаған еркіндік идеологиясы жыр арқылы Махамбет образына айналды. Ақындық даралық қасиет, ақындық тұлға осылайша күш-қуат, айырықша қабілетімен ақындардың өзегінен от құсқан жалынды жырлар болып шықты.
Төлеген Айбергенов:
«Менің халқым қашаннан ұлы болған,
Менің кеудем қашаннан жылы болған.
Соғыс өртін қоздатқан дауылдардан,
Қақсатқан ауыр зардан,
Көкірегімде бостандық жыры қалған», –
деп ақпа-төкпе сезімдерін қаймықпай ақ қағаз бетіне төкті.
Фариза «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» деген жырында түс боп енген Махамбет бейнесін қаһармандықпен жырлайды:
«Бұл кім деп өзі қаймыға қарап тұрсың сен,
Сескендірді-ау деймін қарқыным.
Кей пенделерге тот басып қалған ақ алмас,
Шын ұққандарға – халқымның өшпес даңқымын.
Зұлымдықтарға бас имей кеткен өрлікпен
Мен Махамбет деген жалқымын!»
Мұқағали да тәкаппар үн қатып:
«Сырым да – осы,
Жырым да – осы,
Алдыңда?
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!»
– деп рухтың жалғастығын білдіреді.
Махамбетке арналған жырлар көп-ақ. Әр ақын өзінше жырлады. Бірақ соның ішінде Жұмекеннің «Жаңғырық» поэмасының шоқтығы биік.
Олай болатын себебі – бұл поэма ақын һәм батыр Махамбет табиғатының тереңде жатқан қалың қыртыс-қатпарларының құпиясын ашып, оқырманға лупамен көрсетіп бергендей.
Жұмекен:
«...Ақ қылыш қып өлеңді ақын өтті – бар ма амал,
Көк тиыннан өзгені көзі көрмес көр-надан,
Өзін-өзі қорлаған, жұрт, сен үшін арланам!
Дегеніне дана адам жетпей кетті, бар ма амал?
Есесіне, Ақ Жайық Атырауға жетті ағып,
Атақ-даңқын ақынның көк теңізге кетті алып –
Шағала өтті шаңқ етіп,
Сұрша байғыз қалды аман,
Бүркіт қонар тұғырда
Қарқылдады қарғалар...»
«Көк тиыннан өзгені көзі көрмес көр-надан, өзін-өзі қорлаған, жұрт, сен үшін арланам!» – деп Жұмекен Махамбеттің басын «көк тиынға сатып» трагедиялық өлімін қолдан жасаған жұрттың пайдақұмар әлсіздігіне арланады, ашынады.
«Бүркіт қонған тұғырда қарқылдады қарғалар» – иә, қарғаның ұя салғаны жаман-ақ деп оқырманға ауыр ой жұтқызып қояды.
Әдебиет – физикалық құбылыс, өйткені ол ақ қағаз бетіндегі сөздерден құралған көркемдік әлем. Сөз, интуиция, фантазия – ойдың жарыққа шыққан ұшқындары. Ұшқындардан сезім туады, идея туады.
Ойлы терең сөздер мен көркем тіркесті көріністер, сөзбен салынған суреттер мида химиялық реакциялар тудырады. Осылайша мидың аумағын көбейтіп, физикалық құрамының өзгеріп отыруына әсер етеді.
Және қалғып кеткен сезімдерімізді оятып, танымымыздың толысуына ықпалын тигізеді. Рухани иммунитет – ұлттың рухани байлығының аса маңызды ажырамас бір бөлігі болса, рухани иммунитет жанға азық болар жақсы кітаптан дариды.
Жиырма бірінші ғасыр – өркениеттің жаңа сатысы, жаңа ғасыр. Бұл ғасырда адамзат тіршілігі өзгеріп, технология мен энергетиканың, қарым-қатынастың жаңа түрлері пайда болуда. Бұл ғасыр адам мінезі мен ішкі мәдениетінің өзгеруін, қоршаған ортаға көзқарасының жаңаруын, жаңаша ойлауды талап етеді.
Альберт Эйнштейн айтқандай:
«Адамзат әрі қарай өмір сүргісі келсе, жаңа ойлардың жүйесі – түйсікке сүйенуі қажет».
Жұмекен жырлары – жаңа ойлардың, жаңа бағыттардың бастауы.
Жұмекен былай дейді:
**«Жатпасам да алтын аршып, күміс күреп,
Қайтейін, алған емен тынысты көп.
Мына ми жаңа ой тілеп тыншымайды,
Тынбайды қолым жаңа жұмыс тілеп.
Тың әуен аулаймын деп құлақ алаң,
Жаңа сөз жазамын деп мына қалам.
Жұлдыздай бұлтта адасқан жылт-жылт етіп
Теңеулер өтіп жатыр ұнамаған.
Әурелеп кеттім білем бір істі көп,
Жел құсап жыртық үйді тіміскілеп.
Тілейді тың көрініс екі көзім,
Екі аяқ жаңаша бір жүріс тілеп...»**
Жұмекеннің өзі жазғандай – ол дүниені сөзбен тануға талпынып, жаңа идеяларға жан бітірді.
Нағыз ақындар сияқты Жұмекен де – өзі үшін жазған ақын. Оқырман талғамына арнап жыр жазу – поэзия емес екенін ерте бастан түсінген ақын.
Жұмекен Нәжімеденов оқырман талғамын байыту үшін, оқырман ой-санасын жаңа бір белеске көтеру үшін жан-тәнімен қызмет еткен ақын. Сондықтан да оның поэзиясы оқырманның соңынан салпақтап еріп отыратын бейшаралық мінезден ада.
Оның поэзиясы оқырманның ой-өрісін сатылап биікке өсіре алатын, ойландыра алатын батыл мінезге ие.
Оқырман кітапты сынайды.
Оқырманды сынайтын кітап та болады.
Жұмекен кітаптары – оқырманын сынайтын, оқырманының талғамын, ой-өресін сынайтын салмағы ауыр кітаптар.
(Жалғасы бар)