Мұхарбек Жәкейұлы. ҚАЛА – ТАҒДЫР, ӨЛЕҢ – АЙНА

Фото: ашық дереккөз

ӘДЕБИЕТ
423

(Еділбек Дүйсеннің «Алматы аспаны» туралы)

Түнеукүні Астанада Қазақстан Жазушылар одағы жыл қорытындысын шығарды. Жиында «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» бағдарламасы бойынша жарық көрген 20 кітаптың таныстырылымы өтті. Жиырмасы да кілең сен тұр, мен атайын – жас перілер. Бірі – ақын, бірі – жазушы.

Сол жолы талантты жас ақындар Еділбек Дүйсеннің «Алматы аспаны», Ділдә Уәлибектің «Дегелең» жыр жинақтары қолыма тиген еді. Өзі жаңа, оның үстіне жақсы кітап болса, қалай оқымасқа!

Қазіргі «ермегіміз» – Еділбек. Ертеңгісін ас үйде отырып оқысаң, таңғы асың сіңімді. Кешінде үйге оралған соң «Алматы аспанына» деген сағынышың қайта оянады...

Осы жерде әңгіменің басын ашып алсақ, артық етпес. Біз әдебиет сыншысы емеспіз. Оның үстіне біреудің нанына ортақ болғымыз келмейді. Біздікі – жақсы кітаптағы жақсы өлеңнен алған әсер ғана.

Кітаптың беташары «Алматыдағы алғашқы өлең» деген өлеңмен ашылыпты.

Оқып көрейік:

«Қаңғып жүріп қараңғы ойдың ішінде,

Мен де есейдім,

Өлімім де есейді.

Түн ішінде көріп шығам түсімде,

Елде қалған шешейді».

Ә дегеннен денеңіз дір ете қалады. Арқаңыз мұздап қоя береді. «Өлімім де есейді» дей ме? Ары қарай оқығың да келеді, біресе оқымай қойғың да келеді. Қой, оқиық.

«Елде қалған,

Төмен қарап

«Кеп тұр» деп...

Жанын сығып, жігерлі,

Тұрмыс қамы,

Аз тынығу,

Көп дүрмек.

Мені есейтіп жіберді».

Еділбек оқырманға өлімді қорқыныш емес, өмірдің, уақыттың, адам санасының бір бөлігі ретінде қабылдатады. Тереңірек үңілсең, сол құрғырдың табиғи құбылыс екенін оңай сезінесің.

«Есейгенім –

Құтылғаным отынан,

Жан жылытпас желіктің.

Келешегім еске түспей отырам,

Тас төбемнен төніп түн».

Тағы бір аңғарғанымыз автор өлеңде «есейді» сөзін бірнеше рет қайталау арқылы өсу мен өлім арасындағы параллельді шебер көрсете білген. Соңғы шумақ – соны ойлар.

...Түнек кезіп,

Таппай титтей жалқы нұр,

Жүрем сатып көзімді.

Айнасына қарасам да әркімнің,

Көрем ылғи өзімді.

Шатағым жоқ ұрандармен былайғы,

Жеңілгенім рас па екен ұрыста?!

 

Жаздыгүні бір уыс қар жылайды,

Қалып қойған қуыста...

Өлең шумақтары арасында қараңғы мен нұр, жаз бен қар секілді контрастық бейнелер бар. Терең эмоция!

«Жаздыгүні бір уыс қар жылайды, Қалып қойған қуыста...». Еділбек қарды ерітпейді. Ақын сезімі де жазда қалған қар секілді жалғыздыққа толы. Бір уыс қар арқылы жұдырықтай жүрегінің соғысын білдіреді. Ақын сезімі табиғатпен астасып кеткен.

Өлең қазіргі қазақ поэзиясындағы философиялық, интроспективті бағытты көрсетеді. Еркін өлең үлгісінде жазылған, классикалық ұйқасқа бағына бермейді.

Жалпы, Еділбек дәстүрлі қазақ өлеңін заманауи ырғақ пен ритмге ұштастырудың шебері. Ол қарапайым сөздерді ерекше образдармен байланыстыра отырып, оқырманға түсінікті әрі әсерлі тіл қалыптастыра білетін ақын. Мысал ма? Кеттік. Қанатты сөзге сұранып тұрған бірнеше тіркесті тізіп бере алам. «Қаңғып жүріп қараңғы ойдың ішінде», «Өлімім де есейді», «Лыпасы жоқ ескі бақ», «Бесігінен аунап кетіп боранның, Құлап түскем нәжісіне қоғамның», «Таудан биік төбе барын ұқтырам», «Ту сыртымнан телміреді шың-құздар, Еріндері жарылған», «Артыңда тұрар көлеңкең көзіңді басып», «Түннің көзі күледі жымың-жымың».

Ақынның аузына сөзді Алла салатыны рас-ау! Талантың мен тәжірибең Құдайдың құдіретімен үйлеспесе, бәрі бекер. Бұл байлам маған дейін де айтылған шығар. Бірақ Еділбектің ерекше аспанын оқып отырып, мен де ақынның бойындағы ерекше қасиетке тәнті болдым.

Анау зәу көктегі бұлттарды қалай құбылтады? Біздің білетініміз «бурыл бұлт», «ақша бұлт» – тағы қандай еді?.. Еділбектің аспаны да бөлек, бұлты да бөлек. Солақай ақынның «Пана» деген өлеңін оқысаңыз «кісікиік бұлт», «есінеуік бұлт» «Батыстан... Батысқа жөңкіліп» бара жатады. Байқадыңыз ба, батыстан батысқа. Ал енді ми қатпарларыңды жұмыс істетіп көріңіз.

Өлең талдамаймыз деп отырып, біраз жерге барып қалыппыз.

Қолымыздағы Еділбектің жыр жинағы екі бөлімнен тұрады. «Қалаға айналған адам» деп аталатын алғашқы бөліміне өлеңдері мен «Алматы. Балық қабыршақтары» атты поэма-эссесі еніпті.

 

Ақын көбіне қалалық пейзаж бен адамның ішкі әлемін біріктіруге тырысады. Шығармаларының басты мотиві – қала мен адам арасындағы үйлесім, қарама-қайшылық.

Ал кітаптың «Аспан» деген екінші бөлімі балаларға арналған өлеңдерден, жаңылтпаштар мен жұмбақтардан тұрады. Біздіңше, оқырманның да, автордың да, тіпті әдеби-танымдық бағдарламаның да ұтқаны жері осы сияқты. Таратып айтайық.

Бәріміздің де мектепке, оның ішінде бастауыш сыныпқа баратын баламыз не немереміз бар. Солардың Әліппесіндегі болмаса Ана тіліндегі тақпақтарға көңіл аударып көрдіңіз бе? Әрине, арасында балалар тақырыбына жазған классиктеріміздің шығармалары бар. Бірақ кейбір шатпақтарды ана бала түгілі өзіңіз де оңайлықпен жаттай алмайсыз-ау. Авторлары да беймәлім. Шыны керек, қазір балабақша да, мектеп те жақсы дүниеге зәру.

Жалпы, балалардың тақпағы дегеніміз – үлкен поэзияның кішкентай формасы. Ол қарапайым әрі анық сөздермен жазылуы тиіс. Жаттауға жеңіл, тілге сазды болуы керек.

Тақпақтың тілі баланың күнделікті сөздік қорына жақын болғаны жөн, сонымен бірге тілін дамытатын жаңа сөздерге де орын берілгені дұрыс. Қайталаулар мен дыбыстық үндестік те баланың есте сақтауын жеңілдетеді, ал ырғақтың бірқалыпты болғаны маңызды.

Сондай-ақ балалар көз алдына елестете алатын күн, ай, құс, ойыншық, ана, мектеп, достар секілді бейнелердің қолданылуы тақпақтың әсерін арттырады.

Еділбектің жыр жинағындағы балаларға арналған өлеңдері, жаңылтапаштары мен жұмбақтары бұл талапқа әбден сай келеді. Ақын осы арқылы кішкентай оқырмандарының санасына Алматы бейнесін сіңіреді.  

Ендеше, Еділбектің балаларға базарлығынан да құр қалмайық.  

Мұхарбек ЖӘКЕЙҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

PESTEL

Бразилияда шамамен 20 жылға жуық бірге өмір сүрген ерлі-зайыпты өздерінің туған бауырлар екенін кезд...

АЙМАҚТАР

Қазақстанның 14 облысында 22 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жария...