Мұхарбек Жәкейұлы. Қаталдық.(Есқали ағайға)

ӘДЕБИЕТ
931

Ұстаз. Менің өмір белесімде ерекше орны бар осы кісі. Басымды ием. Мерейлі 85!

 

Тезге салу сотанақ пен сотқарды,

Заңға томпақ келеді екен – кейде бұл.

Шекесінен шерту қиын боп қалды,

Шектен шығып кеткен кезде үйдегі ұл.

 

Шалдуарды тоқтатуға жарайтын,

Қабақ шыту ғұрып болды байырғы.

Қаталдықты қатігездік санайтын,

Бір түрлі өзі біздің қоғам зайырлы.

 

Тәртібіне мойынсұнып тік тұрар, 

Мұғалімнің кім қаймықпас мысынан?

Апайтөсті айбарымен ықтырар,

Сескенуші ек директордың сұсынан.

 

Тиіп кетсе бізге ағайдың таяғы,

(Қақыңды іздеп, бітпес дауды көбейтпе).

Ата-анаңның үкімі сол – баяғы:

«Адам болсын дегені ғой сен итке!» 

 

Міне, осылай етек жинап, ес жидық,

Қатал ұстаз қабағынан сес көріп.

Өзгерте алмас ережесін еш бұйрық,

Біздікі ылғи біртүрлілеу естелік.

 

Тәртіпсізді тізгіндесе ағамыз,

Ақиқаты – артық болар қош көрмеу.

Шәкіртінің арасында, қараңыз,

Біреуі жоқ болбыраған бос белбеу.

 

Қажет сәтте қаталдық қой керегі,

Іздегенмен табылар ма енді емге?

Шапалақпен шарт еткізгім келеді,

Шыбық тимей шыңқ етерді көргенде.

 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматыда бұрын полиция қызметкері болған ер адамның қазасына қатысты іс қоғамда қызу талқыланып жаты...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Актер әрі сценарист Рамазан Амантай әлеуметтік желіде өзінің сыртқы келбетіне қатысты пікір білдірге...