Құл-Керім Елемес шығармашылығындағы діни-рухани поэтика

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан

ӘДЕБИЕТ
256
 

Авторлар Б.Т. Мырзақұлов, Г.Р. Сәулембек.

 

Мақалада Құл-Керім Елемес поэзиясындағы діни-сопылық дүниетанымның көркемдік жүйесі мен идеялық негіздері жан-жақты талданады. Зерттеу барысында ақын шығармаларындағы «бисмилләһ», «құлдық», «махаббат», «зікір» сияқты діни-рухани концептілердің мазмұны Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғанидың сопылық поэзия дәстүрімен салыстырыла талданды. Сондай-ақ қазақ рухани поэзиясының өкілдері Абай Құнанбайұлы және Мұқағали Мақатаев поэзиясыменсабақтастықта зерделенеді. Сонымен бірге сопылық ілімнің теориялық негіздерін терең түсіндіру мақсатында Ибн Сина, У.Читтик (The Sufi Path of Love), С.Х. Наср (The Garden of Truth), Л.Льюисон (The Heritage of Sufism) еңбектеріндегі идеялар ғылыми бағдар ретінде пайдаланылды. Мәтіндік, герменевтикалық және салыстырмалы талдау әдістері арқылы ақын шығармаларындағы илаһи таным, рух пен нәпсі тартысы, махаббат  пен  ақиқаттың  тұтастығы  секілді  категориялардың  поэтикалық  табиғаты  айқындалды. Зерттеу  Құл-Керім  Елемес  поэзиясының  рухани-философиялық  мәнін  алғаш  рет  кешенді  түрде зерделеп, оның сопылық ойлау жүйесін қазіргі қазақ әдебиетінің рухани контексінде қарастырды. Ақын шығармаларындағы діни символдар мен сопылық категориялардың көркемдік қызметі ашылып, Ясауи дәстүрімен идеялық және эстетикалық сабақтастығы дәлелденді. Зерттеу нәтижелері қазақ әдебиетінде сопылық бағыттағы поэзияның қазіргі даму үрдісін тануға, рухани тақырыптарды ғылыми тұрғыда талдауға және әдеби дәстүр сабақтастығын айқындауға мүмкіндік береді.

 

Алғыс:  Зерттеу  Қазақстан  Республикасы  Ғылым  және  жоғары  білім  министрлігінің  Ғылым комитетінің «AP26197523 Дін және әдебиет: қазақ поэзиясы мен прозасындағы діни үрдістер (1991-2024)» гранттық жобасының қаржыландыруымен жүргізілді.

Түйін сөздер: Құл-Керім Елемес, қазақ поэзиясы, сопылық дүниетаным, илаһи махаббат, зікір, иман, Ясауи дәстүрі, діни-философиялық поэзия.

 
Құл-Керім Елемес ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап қазақ әдебиетіндегі имани-рухани бағыттың қайта жаңғыруына үлес қосқан шығармашылық тұлға ретінде танылды. Ақынның «Ақ жалын» (1988, ҚХР), «Жұлдызды түн» (2002), «Жетінші аспан» (2002), «Жарық» (2013), «Аллахай» (2018) сияқты жыр жинақтары  – рухани ізденістің, сопылық таным мен адамгершілік құндылықтардың көркем көрінісі.
 
Ақынның поэзиясы діни-философиялық мазмұнмен, сопылық дүниетаныммен және ұлттық рухани дәстүрмен терең сабақтас. Оның шығармаларында адам мен Жаратушы арасындағы рухани байланыс, нәпсіден арылу мен рухтың тазару жолы, сондай-ақ махаббат пен ақиқаттың тұтастығы басты көркем идея ретінде өріледі. Ақынның «Қайшы», «Махаббат па?», «Сүю», «Махаббат гүлі», «Зікір», «Құран», «Кәлима», «Ескерту», «Пайғамбар», «Ақ пен қара», «Ата әлдиі», «Жаратушы Бір Алла!» сияқты өлеңдері қазақ лирикасындағы сопылық сарынның заманауи жалғасы болып табылады. Бұл туындыларда дәстүрлі шығыстық поэзия мен ұлттық көркем ойдың синтезі айқын сезіледі.
 
Ақын шығармашылығына қатысты әдеби пікірлер мен зерттеулер әр кезеңде жарық көріп, оның поэтикалық әлемін рухани әрі көркемдік тұрғыдан тануға жол ашты. Ең алдымен, әдебиеттанушы ғалымдар Айгүл Смақова мен Айнұр Әбдірәсілқызы Құл-Керім Елемес мұрасын ғылыми тұрғыда саралаған. А.Смақова «Тәуелсіз кезеңнің толғауы» мақаласында оны тәуелсіздік дәуіріндегі діни-философиялық бағыттың көрнекті өкілі ретінде сипаттаса, А. Әбдірәсілқызы «Қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанры: ежелгі поэзия мен қазіргі әдебиеттегі көрінісі» еңбегінде ақынның сопылық дәстүрді заманауи өлең тілімен жаңғыртқанын көрсетеді.Филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайым «Керімнің кестелері» мақаласында Елемес жырларының метафоралық құрылымы мен тілдік өрнегін талдайды. Тұрсынжан Шапай «Сен келдің» еңбегінде оның лирикасын ұлттық рух пен рухани жаңғыру идеясының көркем көрінісі ретінде бағаласа, Әбіш Кекілбаев ақынның ой тереңдігі мен рух қуатын ерекше атап өтеді. Асан Әбеуұлы «Үш поэма туралы» зерттеуінде «Жер ана мен адам» поэмасын Шығыс Түркістан әдебиетіндегі жаңашыл құбылыс ретінде таниды.Сондай-ақ Болат Бопай «Ақ жалын», Дәулетбек Байтұрсынұлы «Өзгеше өрнек», Маралтай Райымбекұлы «Керімнің керім жырлары» және Бағашар Тұрсынбайұлы «Ықылымдық ынтығу бар ізінде» мақалаларында Құл-Керім Елемес қазіргі қазақ әдебиетінде рухани бағытты жаңаша өрістеткен қаламгер ретінде бағаланады.Дегенмен, Құл-Керім Елемес шығармаларындағы сопылық дүниетанымның көркемдік жүйесі Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани шығармаларымен, сондай-ақ рухани-философиялық тұрғыда Абай Құнанбайұлы мен Мұқағали Мақатаев дәстүрімен рухани сабақтастығы кешенді түрде арнайы зерттеле қойған жоқ. Бұрынғы еңбектерде ақынның имани-философиялық көзқарастары жеке мысалдармен ғана сипатталған, ал олардың тұтас көркемдік тұғырын айқындау мәселесі назардан тыс қалып отыр. Осыған байланысты мақалада Құл-Керім Елемес поэзиясы қазақ әдебиетіндегі ертеден келе жатқан имани-философиялық бағыттың заманауи жалғасы ретінде қарастырылады. Зерттеу барысында ақын шығармаларындағы сопылық дүниетанымның идеялық негіздері, көркемдік жүйесі мен дәстүр сабақтастығы талдай отырып, оның қазіргі қазақ әдебиетіндегі рухани ойлау үлгісін қалыптастырудағы рөлін айқындауды мақсат етеміз. Зерттеудің мақсатына жету үшін төмендегі міндеттерді жүзеге асырамыз:

− Құл-Керім Елемес поэзиясының рухани-философиялық негізін анықтау, яғни ақын шығармаларындағы сопылық дүниетанымның идеялық тамырларын, ислам ілімі мен түркілік рухани дәстүрмен байланысын зерделеу;
− Ақынның шығармаларындағы діни-философиялық ұғымдардың (бисмилләһ, құл, махаббат, зікір, иман) көркемдік-поэтикалық қызметін талдау және олардың түркі сопылық поэзиясындағы дәстүрлі мәнімен салыстыра бағалау;
− Құл-Керім Елемес поэзиясы мен Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани шығармаларымен салыстыра отырып, сопылық және имани бағыттағы ой-бейненің көркем эволюциясын көрсету;
− Ақынның поэзиясындағы «адам-құл», «нәпсі-рух», «махаббат-ақиқат» ұғымдарының философиялық және символдық мағынасын ашу, оларды сопылық ілім ұстанымдарымен салыстыра талдау;
− Құл-Керім Елемес поэзиясы мен Абай және Мұқағали Мақатаев шығармашылығы арасындағы рухани сабақтастықты айқындау;
− Құл-Керім Елеместің балалар поэзиясындағы рухани-педагогикалық ұстанымдарды саралау, яғни имани тәрбие мен ұлттық құндылықтардың көркемдік сабақтастығын анықтау.

Бұл зерттеу қазақ поэзиясындағы діни-рухани ағымдардың эволюциясын түсінуге және жаңа заман әдебиетінің көркемдік ойлау ерекшеліктерін зерделеуге мүмкіндік береді.
 
2. Материалдар мен әдістер
2.1. Материалға сипаттама
 
Мақалада зерттеу материалы ретінде Құл-Керім Елеместің «Жарық» (2014) және «Аллахай» (2018) атты жыр жинақтарындағы өлеңдері, сондай-ақ баспасөз беттерінде жарық көрген рухани-философиялық мазмұндағы туындылары зерттеу нысаны ретінде алынды. Бұл шығармалар ақынның сопылық дүниетанымы мен илаһи поэзиядағы көркемдік ізденістерін айқындауға мүмкіндік берді.
 
Зерттеуде ақын шығармаларындағы сопылық ұғымдардың көркем бейнеленуі, діни-философиялық концептілердің (зікір, махаббат, иман, «құл» феномені) поэтикалық жүйедегі орны талданды. Салыстырмалы талдау материалдары ретінде түркі сопылық дәстүрінің негізгі мұралары Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» (Даналық кітабы), Сүлеймен Бақырғанидің «Ақырзаман» еңбегі, Абай Құнанбайұлының шығармалары мен Мұқағали Мақатаев поэзиясы пайдаланылды.
 
Сонымен қатар исламдық дүниетанымға, имани және сопылық ілімге қатысты заманауи теологиялық еңбектер мен Қасиетті Құранның қазақ тіліндегі С.Ибадуллаев жасаған мағыналық аудармасы, қазіргі әдеби сын мен ғылыми зерттеу еңбектері қосымша дереккөз ретінде қолданылды.Осы мәтіндік және деректік материалдар жиынтығы Құл-Керім Елемес поэзиясындағы сопылық танымның көркемдік табиғатын кешенді түрде саралауға, рухани-эстетикалық ізденістерін жүйелі тұрғыда пайымдауға негіз болды.
 
2.2. Зерттеу әдістері
 
Мақалада Құл-Керім Елемес шығармашылығын сопылық дүниетаным тұрғысынан қарастыру мақсатында бірнеше ғылыми әдістер қолданылды. 
 
Біріншіден, мәтіндік-поэтикалық талдау әдісі ақын өлеңдеріндегі діни-рухани және философиялық ұғымдардың көркемдік жүйесін ашуға бағытталды. Бұл тәсіл арқылы сопылық символика мен илаһи поэтикалық өрнектердің мағыналық астары, көркемдік құрылымы айқындалды. 
 
Екіншіден, компаративистикалық әдіс Құл-Керім Елемес поэзиясын Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Абай және Мұқағали Мақатаев шығармаларымен идеялық-рухани сабақтастық тұрғысынан салыстыра талдау үшін пайдаланылды.
 
Үшіншіден, тарихи-контекстуалды талдау әдісі ақынның рухани ізденістерін ХХ-ХХІ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің мәдени және дүниетанымдық кеңістігімен байланыстыра қарастыруға негіз болды.
 
Төртіншіден, герменевтикалық түсіндіру әдісі ақынның діни-философиялық мәтіндерін мағыналық тереңдік тұрғысынан пайымдап, сопылық ой жүйесінің ішкі мәнін интерпретациялауға бағытталды. Осы әдістердің бірлікте қолданылуы Құл-Керім Елемес поэзиясындағы сопылық дүниетанымның көркемдік табиғатын кешенді түрде талдауға және оның қазіргі қазақ рухани поэзиясындағы орнын анықтауға мүмкіндік берді.
 
3. Талқылау
 
Қазақ әдебиетіндегі діни поэзия мен сопылық поэзияның ара-жігін ажырата білу – Құл-Керім Елемес шығармашылығын дұрыс пайымдаудың кілті. Себебі «Алла», «зікір», «құлдық», «махаббат» сияқты ұғымдар жалпы діни-дидактикалық, діни-танымдық мәтіндерде жиі кездескенімен, сопылық әдебиетте бұл категориялар мүлде басқа, әрі терең рухани-метафизикалық мәнге ие. Осы себепті ақын поэзиясын сопылық теория тұрғысынан қарастыру оның мәтіндеріндегі рухани-идеялық қабаттарды айқындай түседі.
 
Сопылық ілімнің өзегін құрайтын ишқ (илаһи махаббат), мағрифат (рухани білім), хәл (рухани күй), зікір (Алланы еске алу) сияқты категориялар ақын шығармаларындағы діни бейнелерді жаңа мағынада түсіндіруге мүмкіндік береді.
 
Құл-Керім Елемес поэзиясын сопылық дүниетаным тұрғысынан қарастырғанда, ең алдымен оның шығармаларындағы діни-философиялық категориялар мен поэтикалық құрылымның үйлесімділігі назар аудартады. Ақынның өлеңдерінде ислам ілімдері, зікір мен иман ұғымдары көркемдік деңгейде тоғысып, рухани танымның көркем үлгісін түзеді. Оның шығармаларындағы идеялық өзек – Алланы тану, адамның ішкі әлемін нұрландыру және «құлдық арқылы еркіндікке жету» ұстанымы. Құл-Керім Елемес поэзиясының ең айқын ерекшеліктерінің бірі – оның барлық шығармасын Алланың атымен, яғни «Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим»сөзі арқылы бастауында. Бұл дәстүр ислам өркениетінің ең көне поэтикалық және рухани негізінен, яғни Құран мен хадис ілімінен бастау алады. Құранның әр сүресі («Тәубе» сүресінен өзге) «Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим» сөзімен басталатыны белгілі (Құрманбаев, 2014: 134-135). Бұл сөз жаратылыс пен сөздің бастауын Алла атымен байланыстыруды, яғнибарлық істе Алланың разылығын тілеудібілдіреді. Осы діни символика кейінгі ислам поэзиясының, соның ішінде түркі сопылық поэзиясының да іргетасына айналды. Ақынның «Бисмиллә» сөзін өлеңнің композициялық өзегіне айналдыру идеясын Қожа Ахмет Ясауи мектебіндегі «іс пен сөзді Алла атымен бастау» қағидасын қазіргі заман әдебиетінде қайта жаңғырту деп қарастыруға болады. Себебі орта ғасырда Қожа Ахмет Ясауи осы дәстүрді түркі әдебиетіне енгізіп, өзінің әйгілі хикметтерін дәл осы әдіспен бастаған. Ол былай дейді:
 
«Бисмиллә» деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гәуһар шаштым, міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «дәптер сәни» сөзін аштым, міне (Әдеби жәдігерлер, 6-том, 2008: 10).
 
Бұл үзіндіде ақын сөздің бастауы мен рухани танымның кілтін Алла есімінен іздеу керек екенін меңзейді. Ясауи үшін «Бисмиллә» – жай ғана сөз емес, рухани кеңістікке ену коды іспетті. Құл-Керім Елемес осы дәстүрді ХХІ ғасыр поэзиясында жаңғырта отырып, «Бисмилләһ» сөзін көркем құрылымның өзегіне айналдырған. Оның «Рас», «Махаббат па?», «Сен», «Қап-ай!», «Қайшы» сияқты өлеңдерінің барлығы дәл осы сөзбен басталады. Мәселен, «Рас» өлеңінде ақын:«Бисмилләһпен көзімді аштым – көр екем!..Бисмилләһсыз «төр» дегенім «көр» екен!..» (Елемес, 2014: 3) – деп, «Бисмилләһ» сөзіне онтологиялық мән береді, яғни оны рухани көру мен танымның бастауы ретінде бағалайды. Бұл тәсіл тек формалдық ишарат емес, сопылықтағы «іс пен ойды Хақ атымен бастау» қағидасының көркемдік көрінісі.Ақынның «Бисмилләһир-Рахманир-Рахим» формуласын әр өлеңнің алғашқы жолы етіп қоюы алғаш көзге тек дәстүрлі рәсімді қайталау ретінде көрінеді. Алайда мәтін ішіндегі композициялық және семантикалық функциясын қарастырғанда, бұл сөздің төмендегіше екі деңгейлі поэтикалық қызмет атқаратынын анықтадық: 1) Композициялық-шекаралық қызмет 2) Мағыналық инверсия қызметі1) «Бисмилләһ» өлеңнің алғашқы жолы болғандықтан, лирикалық субъектінің сөйлеу әрекетінің өзі діни рәсімге айналады. Осылайша өлең «дүние кеңістігінен» бірден «қасиетті кеңістікке» ауысады. Мұны сопылық поэзияда кең тараған «хитабтың қасиеттенуі» әдісі деп білеміз. Сөйлеуші өзін Хақ алдында сөйлеп тұрған құл екенін ең алдымен мәлімдеп алады. Құл-Керім Елеместе бұл шекаралық құрылым Ясауидің хикметтерінен өзгеше. Ясауиде «Бисмилләһ» хикметтің бірінші бәйтінің бірінші жолында болса, Құл-Керімде ол өлеңнің әрбір бірінші жолы және әрі бірінші сөзімен басталады. Бұл өзгеріс поэтикалық екпінді күшейте түсіп, өлеңнің алғашқы дыбысының өзі зікірге айналады.2) «Рас» өлеңіндегі ең әйгілі мысал:«Бисмилләһпен көзімді аштым – көр екем!Бисмилләһсыз «төр» дегенім «көр» екен!» Мұнда «Бисмилләһ» сөзінің болуы, не болмауы мәтіннің бүкіл онтологиялық дәрежесін өзгертеді. Хақ есімі айтылмаса, дүниелік «төр» бірден «көр», «өмір» бірден «өлімге» айналады. Яғни формула жай бастама ғана емес, бүкіл мәтіннің мағыналық өзегі болып тұр. Бұл әдіс Ясауиде дәл осы тұрғыда қолданылмайды. Ол «Бисмилләһті» кіріспе ретінде қолданса, Құл-Керім Елеместе ол мәтіннің өзегіне айналған.Ақын өлеңдеріндегі осы екі ерекшелікті бағамдай келе, «Бисмилләһ» Құл-Керім Елемес поэзиясында жай дәстүрлі формула емес, мәтіннің композициялық, мағыналық өзегіне айналғандығын көре аламыз. Яғни ақын Ясауи дәстүрінің формалық элементін ХХІ ғасыр поэтикасына бейімдеудің сәтті үлгісін әрі сопылық «сөздің қасиеттілігі» идеясының заманауи поэтикалық мысалын жасай алған.
 
Сөзді Алла атымен бастау дәстүрі тек Ясауи мектебімен шектелмейді. Кейінгі қазақ жыраулары мен діни ақындар да бұл жолды жалғастырды. Халық арасындағы жоқтау, бата, діни жырлардың бәрінде дерлік бұл дәстүр сақталған. Тіпті бұл үрдіс ағартушылық бағыттағы шығармаларда да көрініс тапты. Мәселен, Ыбырай Алтынсарин өз дәуіріндегі рухани-өнегелік ойды дәл осы исламдық дәстүрмен өрбітеді:
 
«Бір Құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық» (Алтынсарин, 2007: 8).
 
Бұл өлеңнің алғашқы жолындағы «Бір Құдайға сыйынып» тіркесі Құл-Керім Елемес шығармашылығындағы «Бисмилләһ» концептімен идеялық тұрғыдан біртұтас. Осылайша, Құл-Керім Елемес поэзиясында Құран мен Ясауи дәстүрінен бастау алған «сөздің киесі» концептісін қазіргі заман әдебиетінде көркемдік және рухани деңгейде жаңғыртқанын көреміз. Ол әр өлеңін Алланың атымен бастауы арқылы поэтикалық сөзді зікірге, ал өлең өнерін рухани ғибадатқа айналдырады.
 
Орта ғасырдағы сопылық поэзияда «құл» ұғымы – поэтикалық та, онтологиялық та мәнге ие. Бұл ұғым адамның Жаратушы алдындағы рухани тәуелділігін ғана емес, сонымен қатар еркіндікке апарар жолды білдіреді. Сопылар үшін Аллаға құл болу – төмендеу емес, керісінше, рухтың биіктеуі. Жалпы діни мәтіндерде «құл» ұғымы адамның жаратушы алдындағы тәуелділігі ретінде қарастырылса, сопылықта бұл – рухани еркіндікке жетудің жолы, яғни нәпсіден арылу арқылы Хаққа жақындау. Дәл осы мағына Құл-Керім Елемеспен үндесіп, ақын өз есімін «Құл-Керім» тұрпатында қабылдағанда, ол жеке адамның емес, рухани мәртебенің атауына айналады.Ахмет Ясауи хикметтерінде бұл идея жиі кездеседі. Ол өзін әрдайым «Құл Қожа Ахмет» деп таныстырады:
 
«Құл Қожа Ахмет, надандықпен өмірің өтті,
Қасіретпен тізе, көзден қуат кетті.
Қайғы менен өкініштің уақыты өтті,
Амалым жоқ керуен болып көштім, міне» (Әдеби жәдігерлер, 6-том, 2008: 12).
 
Мұндағы «құл» – рухани мойынсұну мен тәубенің символы. Ясауи өз атын Алла алдындағы пенделік мәртебемен байланыстырып, «құл» сөзін рухани титул дәрежесіне көтерген.Осы дәстүрді Сүлеймен Бақырғани да жалғастырады:
 
«Құл Сүлеймен, күні-түні «Алла» дегін,
Хақ бұйырған тағаттарды қыла көргін,
Өлмеспін деп айтпа әсте, дайын тұрғын,
Бұ жанымыз тор ішінде білгін, достар» (Әдеби жәдігерлер, 7-том, 2008: 55).
 
Бақырғани үшін де «құл» болу – адамның рухани серт беруі. Ол «құлдықты» тек Аллаға бағынып, оның разылығы үшін зікір мен тағат амалын орындау арқылы кемелдікке жетудің тәсілі деп түсінеді.
 
Ал Құл-Керім Елемес осы ілімді заманауи қазақ поэзиясында жаңғыртады. Ол «Рас» өлеңінде: «...Бисмилләһпен кірді қашқан берекем! Солай, анық болды адам Құл – Керекең! Шүкір!» (Елемес, 2014: 3) – деп айту арқылы Ясауи мен Бақырғанидің «құлдық философиясын» жеке болмысына айналдырады. Тіпті, ақын шын есіміне (Керім) «Құл» анықтауышын қосу арқылы өзін Алланың есімінің (әл-Кәрим – Жомарт, Ұлы, Мейірімді) алдында рухани мойынсұнушы ретінде танытады. Сопылық ілімде бұл үрдіс «фана фи-л-исм» деп аталады, яғни адам өз «менін» Алланың бір есімінде ерітеді. Міне, осы рухани еріту актісін У.Читтик былай түсіндіреді: «Махаббат − Құдай құпияларын айқындайтын астролябия. Ғашық жан Құдайға сағыныш арқылы да, сұлулықтың тартылысы арқылы да, таным жолымен де жақындауы мүмкін, алайда түптің түбінде олардың барлығы махаббатта жоққа айналады» («Love is the astrolabe of God’s mysteries. A lover may be drawn to God through longing, or through the attraction of beauty, or through knowledge; but in the end all are annihilated in love») (Читтик, 1983: 5). Бұл тұжырым Құл-Керім Елеместің поэзиясындағы «құлдық» ұғымын жаңа деңгейде түсіндіруге мүмкіндік береді. Ақын үшін «құл» болу – нәпсіден арылып, илаһи махаббатта «еріп» кету, яғни «жойылу арқылы қайта туу». Елемес поэзиясында махаббат – адамның өз «менінен» бас тартып, Құдайдың жомарттығымен (әл-Кәрим) бірігуі.
 
Осы тұрғыда ол сопылық дәстүрдегі ақындық миссияны да жаңғыртады. «The Heritage of Sufism» жинағында келтірілген Санаидің өлеңінде ақын өз миссиясын былай сипаттайды: «Менің жырым − дін мен шариғаттың тәпсірі, хақиқат ақынының сөзі дәл осылай айтылуға тиіс. Алла атымен серт етемін, ақындардың ішінде тек мен ғана Расулға тиесілімін. Мен − діннің құлымын, тақуалық жолына толық бойсұнған пендемін». («My poetry is a commentary on the religion and the law, And that is what the truthful poet does. Of all the poets, only I am the Prophet’s, by Almighty God... I am the slave of the religion, obedient to piety») (Льюисон, 1999: 171).
 
Бұл жолдардағы «I am the slave of the religion» тіркесі Елеместің «Құл-Керім» есіміндегі рухани мәнмен үндес. Ақын өзін «Алланың сөзін жеткізуші» әрі «құлдық арқылы еркіндікке жетуші» тұлға ретінде таниды. Оның поэзиясы Құдай алдындағы толық берілу мен рухани тәуелділікті шығармашылық еркіндікпен біріктіреді. Елемес шығармашылығында бұл құбылыс – адамның нәпсіден арылуы мен рухтың нұрлануының поэтикалық үлгісі ретінде көрініс тапқан. Құл-Керім Елеместің «Қап-ай» мен «Қайшы» өлеңдерін сопылықтағы хәл (рухани күй) мен мақам (рухани сатылар) тұрғысынан қарастыру мәтінді жаңа деңгейде түсінуге жол ашады. Бұл тұжырымымызды таратып түсіндіретін болсақ, ақынның «Қап-ай» (2007) өлеңі рухани ізденістің бастапқы, яғни дағдарыстық сәтін бейнелейді.
 
«Екі ұшы күндіздің қараңғы,
Екі ұшы өмірдің жап-жарық.
Күндізін жұтқандай қараңғы,
Өмірдің ортасында отырмын дағдарып...» (Елемес, 2014: 6).
 
Мұнда ақын, нәпсі мен рух арасындағы күйзелісін, өмірінің орта тұсындағы рухани тоқырауы мен дағдарысын суреттейді. «Екі ұшы өмірдің жап-жарық» – дүниенің басы мен соңы, яғни жаратылыс пен ақырет жарық, ал олардың ортасы – күмән мен нәпсінің қараңғылығы. Бұл – сопылықтағы рухани күйзеліс, «халәтул-хайра» (рухани абыржу) кезеңін еске түсіреді. Ақын өз болмысын «ғарыппын» деп сипаттап, Ясауидің «ғаріп», «пақыр» мотивтерін (Ясауи, 2021: 44) заманауи сана күйімен байланыстырады.
 
«Өмірімнің ортасын қарайтып,
Шетіне жете алмай – жарыққа...» (Елемес, 2014: 6) – деген жолдар – адамның рухани кемелдікке жете алмай, дүние мен ақырет арасындағы күңгірт кеңістікте адасуын білдіреді. Бұл – Ясауидегі «адамның нәпсісі мен рухы арасындағы күрестің» заманауи көрінісі. Міне, осы ішкі күйзелістен кейін туған «Қайшы» (2002) өлеңі – сол дағдарыстан өтіп, нұрға бет бұруы, фәна арқылы тазару сәті. Ақынның рухани жаңғыруының, яғни нәпсіден арылып, «құл» мәртебесіне көтерілуінің поэтикалық шешімі. Өлеңнің құрылымы мен бейнелер жүйесінде адам болмысының екіге жарылуы, яғни рухани және нәпсілік «меннің» күресі айқын көрініс табады:
 
«Аузы ашылып көрімнің,
Өткенімді жерлеп тұр.
Құл-Керім мен Керімнің,
Арасында жер, көк тұр...» (Елемес, 2014: 6).
 
Мұндағы «Құл-Керім» – Аллаға бойұсынған рух, ал «Керім» – фәни әлемге байланған нәпсілік болмыс. Бұл сопылықтағы ең негізгі қағидалардың бірі – рух (рухулла) пен нафс (нәпсі) арасындағы мәңгілік тартыстың көрінісі. Адамның рухани тазаруы мен кемелденуі осы екі бастаудың күресі (мужахада) арқылы жүзеге асады. Ол осы қағиданы заманауи поэтикада жалғастырып, «жарық» пен «қараңғы» антонимдері арқылы бейнелейді:
 
«Алдыңгүнім қап-қара,
Ал, бүгінім жап-жарық.
Қараңғымды қап-қара,
Шығып келем қақ жарып!..» (Елемес, 2014: 6).
 
Бұл жолдар – рухани тазару мен ішкі қайта туу (тәубе, мағрифат) сәтінің көркем бейнесі. Ақынның:«Жарығыма ұмсанам, Екіге хақ жарылып...» (Елемес, 2014: 6) – деген жолдары осы рухани жарылу сәтін айғақтайды. Бұл – рух пен тәннің, құл мен нәпсінің арасындағы хақиқат майданы. Ал өлеңнің соңындағы «Әлхамдулилләһ!» сөзі – рухани жеңістің, ішкі нұрдың табылғанының нышаны. Яғни, «Құл-Керім» – Хақ жолына қайта оралған, нәпсісін жеңген адам.

Бұл жолдар – рухани тазару мен ішкі қайта туу (тәубе, мағрифат) сәтінің көркем бейнесі. Ақынның:«Жарығыма ұмсанам, Екіге хақ жарылып...» (Елемес, 2014: 6) – деген жолдары осы рухани жарылу сәтін айғақтайды. Бұл – рух пен тәннің, құл мен нәпсінің арасындағы хақиқат майданы. Ал өлеңнің соңындағы «Әлхамдулилләһ!» сөзі – рухани жеңістің, ішкі нұрдың табылғанының нышаны. Яғни, «Құл-Керім» – Хақ жолына қайта оралған, нәпсісін жеңген адам. Демек, «Қап-ай» мен «Қайшы» өлеңдері ақынның жеке басының психологиялық күйзелісі  емес,  классикалық  сопылық  жолдың  жаңаша  формасы.  Бұл  өлеңдер бір-бірін  толықтыра  отырып,  Құл-Керім  Елемес  поэзиясындағы  «адам  –  құл» концепциясының  көркем  эволюциясын  бейнелейді.  Бұл  тұрғыдан  қарағанда, Құл-Керім Елемес поэзиясы Ясауи іліміндегі «ғаріптік», «пақырлық», «нәпсімен майдан» ұстанымдарының ХХІ ғасырлық поэтикалық көрінісі деуге болады. Қожа Ахмет  Ясауи  мен  Сүлеймен  Бақырғанидің  «құлдық  арқылы  еркіндікке  жету» философиясын жеке есімдік деңгейде жаңғыртқан заманауи сопылық поэзия үлгісі болып табылады.

Құл-Керім Елеместің «Махаббат па?» өлеңі – ақынның рухани-философиялық дүниетанымының өзегін құрайтын шығарма. Жалпы діни-танымдық мәтінде кездесе беретін  бұл  сөздер  сопылық  дәстүрде  анағұрлым  күрделірек  мәнге  ие.  Мұнда махаббат ұғымы сопылық ілімдегі илаһи ғашықтық, яғни адам мен Хақ арасындағы сүйіспеншілік байланыс тұрғысынан талданады. 

«...Құдай берді құштарлық ол жанды ұрған,

Хақ лебінің бір мысқалы ол, мүмкін,

Соқыр, мылқау, кереңді де жандырған!» (Елемес, 2014: 5).

 

Бұл жолдарда махаббат – Алладан келетін рухани қуат, «Хақ лебінің бір мысқалы». Сопылықта бұл ұғым «ишқ иләһи» (ышық, Аллаға ғашықтық) деп аталады, яғни ғалам мен адамның жаратылуының түпкі себебі – Алла мен махаббаттың бірлігі:

«Дүниенің тартылысы ол – махаббат.

Рух пен тәннің әр тынысы ол – махаббат...» (Елемес, 2014: 5).

Ақын махаббатты бүкіл болмыстың қозғаушы күші ретінде сипаттайды. Сопылық поэзияда махаббаттың екі деңгейі бар: Жаратылғанға (адамға, әлемге) деген сүйіспендік – сыртқы форма; Жаратушыға (Хаққа) деген сүйіспендік – ішкі мән.

 

Осы  тұрғыда  ақынның  көзқарасы  ислам  философиясындағы  Ибн  Сина ұстанымымен  сабақтас.  Ибн  Сина  (Авиценна)  «Ғашықтық  туралы  трактатында» (Risālah  fī  al-ʿIshq)  махаббатты  ғаламның  құрылымын  ұстап  тұрған  мәңгілік  әрі әмбебап күш ретінде сипаттайды. Оның пайымдауынша, Құдай – Таза Жақсылық (Pure Good), сондықтан Оның даналығы әрбір жаратылысқа махаббаттың жалпы қағидатын сіңірген; сол арқылы әр болмыс өз бастауы – Бірінші Себепке (al-Mabdā al-Awwal) ұмтылады. Яғни, Ибн Сина үшін махаббат – жаратылған мен Жаратушы арасындағы онтологиялық байланыс күші (Роузати, 2020: 2).

Құл-Керім  поэзиясында  осы  екеуінің  арасындағы  айырма  нақты  ажыратылып көрсетіледі. Ақын «шынайы» және «нәпсілік» махаббатты қарама-қарсы қоя отырып, рухани танымның өлшемін ұсынады:«Хақ пен өзін ұламаған махаббат,Хақты айтқанда жыламаған махаббат...Махаббат па?» (Елемес, 2014: 5).

Бұл  жолдардағы  сұрақ-жауап  құрылымы  –  сопылық  дидактиканың  айқын көрінісі. Ақын үшін нағыз махаббат – Аллаға апарар жол, ал нәпсілік сезім – рухты тұншықтыратын перде.

Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде:

«Ғашық дертін көтердім, дәрменім жоқ,

Ғашық жолында жан бергеннің арманы жоқ,

Осы жолда жан бермеске амалым жоқ,

Не қылсаң да ғашық қылғыл, Пәруардигар» (Әдеби жәдігерлер, 6-том, 2008: 36) – деп, ғашық болуды – рухани тіршіліктің шарты деп көрсетеді. Ясауитанушы-ғалым Т.Қыдырдың сопы ақынның ғашықтық ғаламаты туралы: «...түркi  халықтарының iшiнде алғаш болып сопылық жолға ден қойған шайырдың  Жаратушыға деген ұлы махаббаты қасаң қағидалар негiзiнде емес,  қайта  оны  жергiлiктi тұрғындардың түсiнiгiне лайықты етiп жеткiзген» (Қыдыр, 2021: 38) деп атап өтеді. Ал Абай Құнанбайұлы осы идеяны гуманистік деңгейге көтеріп:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті...» (Абай, 2025: 305) – деп, махаббатты иман мен адамдықтың өзегіне айналдырды.

 

Құл-Керім Елемес болса, осы ілімді ХХІ ғасырда қайта жаңғыртып, махаббатты жаратылыс пен рухтың байланысы ретінде сипаттайды: «Дүниенің тартылысы ол – махаббат...» (Елемес, 2014: 5). Ақынның  бұл  танымы «Сүю»  (2002)  өлеңінде  нақты  өмірлік  және  қоғамдық мазмұнмен  ұштасады.  Мұнда  илаһи  махаббат  идеясы  кеңейіп,  Алланы  сүюден басталып, адамды, ұлтты, отанды сүюге дейін өрістейді:

«Адам һәм Адам баласы,

Алланы сүйсе жарапты.

Жын менен Адам баласын,

Сүюге Өзін жаратты!» (Елемес, 2014: 4).

 

Мұндағы ой – махаббаттың түп бастауы Аллада, сондықтан адамды, ұлтты сүю – сол Алланы сүюдің табиғи жалғасы. Ақынның «Алланы сүйген жүрекпен, Адамды сүймеу мүмкін бе?» деген жолдары сопылық дәстүрдегі «махаббат пен бірліктің» әмбебап үлгісіне айналады. Бұл құрылым Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» өсиетімен идеялық сабақтастықта көрінеді. Ал Құл-Керімде бұл жол Алладан адамға, адамнан ұлтқа, ұлттан сүйген жарға қарай өрбиді.

«Адамды сүйгем жүрекпен,

 

Қазақты  сүймеу  мүмкін  бе?» (Елемес, 2014: 4) – деген жолдар арқылы ақын рухани махаббат пен ұлттық сүйіспеншілікті тұтастықта қарастырады. Бұл орайда ақын Мұқағали Мақатаевтың әйгілі тұжырымына илаһи мән береді. Мұқағали: «Поэзия  –  махаббатпен  басталып,  парасатпен  аяқталады»  –  деген болса, Құл-Керім бұл ойды толықтыра отырып: «Поэзия – махаббатпен басталып, парасатпен  кемелденіп,  ақиқатпен  ұштасады» – дейді. Мұндағы «ақиқат» ұғымы – Алламен қауышу, рухтың кемелденуі. Осылайша, Құл-Керім поэзияны махаббат (сезім) → парасат (таным) → ақиқат (рухани ояну) сатылары арқылы сипаттайды. Бұл құрылым классикалық сопылық жолдың (махаббат → мағрифат → хақиқат) көркемдік үлгісімен сәйкес келеді.

 

Құл-Керім  Елемес  илаһи  махаббатты  –  адам  мен  Хақ  арасындағы  байланыс, ал  поэзияны  –  сол  байланыстың  тілі  деп  таниды.  Ол  Ясауидің  «ғашық  қылшы, пәруардигар»  тілегін,  Абайдың  «махаббатпен  жаратқан  адамзатты»  ілімін  және Мұқағалидің  «парасатпен  аяқталатын»  поэзиясын  біріктіріп,  олардың  рухани сабақтастығын «ақиқатпен ұштасқан поэзия» концептісімен тұжырымдайды.Сөйтіп,  Құл-Керім  Елеместің  шығармашылығындағы  илаһи  махаббат  –  қазақ поэзиясындағы сопылық дәстүрдің заманауи жаңғырығы, рух пен сезімнің, таным мен ақиқаттың бірлігіне айналған көркем-философиялық жүйе болып табылады.

Құл-Керім  Елеместің  «Ең  жақсы  сөз»,  «Зікір»,  «Құран»,  «Кәлима»  өлеңдері – ақынның илаһи танымындағы сөз, иман және зікірдің біртұтас философиясын айқындайтын  рухани  цикл.  Бұл  шығармаларда  Алланы  еске  алу,  Оның  есімін жүрекпен үнемі қайталау (зікір), Құранға құрмет көрсету және кәлиманың (иманның) мәнін ұғыну – адам болмысының негізі ретінде сипатталады. Сопылық ілім бойынша, зікір – ұмыт қалған рухтың өз тегін қайта еске алуы, яғни ұйқыдағы жанның оянуы. Осы орайда Сеййед Хусейн Наср былай деп жазады: «Sufism provides the means to awaken us from the dream of forgetfulness of who we are and allow us to enter into and remain in the remembrance of the Divine Reality» (Наср, 2008: 6).Бұл  ой  ақынның  рухани  ізденісімен  тікелей  сабақтас. 

 

Елемес  үшін  зікір  – адамның  жаратушыны  ұмытуынан  арылып,  өзінің  рухани  болмысын  тануының амалы. Сол себепті «Ең жақсы сөз» өлеңінде «Ләә иләһә илаллаһ» кәлимасы барлық жаратылыстың өзегі, әлем мен адам тіршілігінің мәні ретінде беріледі. Ақын үшін бұл сөз – жаратылыстың негізі, адам өмірінің мақсаты мен ақтық сөзі: «Дүниенің бар болуы – Ләә иләәһә илаллаһ. Жаратылыс мақсат сөзі – Ләә иләәһә илаллаһ. Ақтық демдегі айтар сөзі – Ләә иләәһә илаллаһ» (Елемес, 2014: 12).

 

«Зікір» өлеңінде ақын зікірді рухты тазартатын, жүректі тірілтетін амал ретінде түсіндіреді.  Бұл  жерде  сопылық  тәрбиенің  басты  шарты  –  сөз  арқылы  рухани сергектікке жету қағидасы айқын байқалады: «...Зікірсіз тыныс бола алмас, Бір сөзің Хақсыз болмасын!» (Елемес, 2014: 13). «Бір сөзің Хақсыз болмасын!» деген жол сопылықтағы шынышыл, адал болу шартын көрсетеді. Сопылықта сөздің рухани энергия, ал жалған, бос сөздің жүректі қарайтатын нәрсе екендігі мәлім. Ақын осы қағиданы қазақ поэзиясының табиғи тілімен жеткізеді. Ол сопылар зікірінің дауыстап айтылатын және іштей зікір ету сынды екі түрін де өлеңде тоғыстырады. Дауыстап айтылатын сыртқы сөз көмекші болса, іштей зікір ішкі оянумен жүзеге асатынын меңзейді. Бұл поэтикалық тұжырым сопылықтағы «зікір жүректен басталады» деген ұстаныммен сәйкес келеді.

Ал «Құран» атты көлемді өлеңінде ақын зікірдің ең ұлы нұсқасы ретінде Құранды оқу мен оны терең түсінуді насихаттайды. Ақынның ойынша, Құранды білмеу – Алламен байланыс орната алмау, рухани тоқырау:

«Құранды – сөзін Хақтың оқымауың,

Ол сенің – екі әлемдік тоқырауың!» (Елемес, 2014: 22).

«Кәлима» өлеңінде иманның өзегі мен өмірдің мәні «Ләә иләәһә илаллаһ» сөзінде тоғысады. Ақын бұл кәлиманы адам рухының ең соңғы, ең шынайы сөзі ретінде сипаттайды: 

«Адам ба, Адам Кәлиманы айтпақ керек...

Таусылып дәм өмірден озарда да,

«Ләә иләәһә илаллаһ» деп, қайтпақ керек!» (Елемес, 2014: 23).

 

Бұл төрт өлең рухани желі арқылы байланысып, ақын поэзиясында сөз – зікір – Құран – иман сатыларынан тұратын тұтас жүйе түзеді. Ақын үшін сөз – жаратылыстың негізі, зікір – рухтың тынысы, Құран – Хақтың үні, ал кәлима – рухтың мәңгілік серті.

 

Бұл  цикл  Ясауи  хикметтеріндегі  «Хақ  есімін  ұлықтау»  мен  «тіл  мен  жүрек тазалығы» ұғымдарымен сабақтас. Егер Ясауи үшін зікір – рухты нұрландырудың амалы болса, Құл-Керім Елемес үшін ол – бүгінгі адамның рухани оянуына бастайтын жол. Осы тұрғыдан ақын сопылық дәстүрді қазіргі поэзияның тілімен жаңғыртып, сөз арқылы рухты тірілту миссиясын атқарады.

Құл-Керім Елемес балалар поэзиясы жанрында да өнімді еңбек етіп келеді.

 

Ол 2018  жылы  «Рух»  халықаралық  әдеби  байқауында  балалар  поэзиясы  бойынша бірінші орынды иеленіп, кейін «Аллахай» атты жыр жинағын шығарды. Бұл жинақта ақынның  бала  тәрбиесіне,  рухани-адамгершілік  құндылықтарға,  ұлт  пен  иман сабақтастығына арналған көптеген өлеңдері топтастырылған.Ақынның осы жинағындағы «Ата әлдиі» өлеңі – қазақы рухтағы ата батасы мен фольклордағы әлди жанрының тоғысы деуге болады. Мұнда ата мен бала арасындағы рухани сабақтастық, ұлттың тарихи тұлғалары мен имани өнегесі қатар өріледі.

«Атаң сенің Абылай,

Бар қазаққа хан болған.

Оның қылған ерлігі,

Аңыз болған, ән болған» (Елемес, 2018: 222).

Өлеңде ұлт тарихындағы ерлердің бейнесі арқылы баланың рухын ояту, елдік сана мен тектілік ұғымдарын қалыптастыру көзделеді. Ақын баланы иман, ар, намыс, адалдық жолына шақырып, рухани тәрбиенің поэтикалық үлгісін ұсынады. Баланың тұлғалық болмысын қалыптастыруда иман мен парасатты басты ұстаным етеді:

«Хақтың сөзін қолдана,

Жыр жазатын толғана –Баласауғаң, Ясауи,

Абайдайын бол дана!» (Елемес, 2018: 223).

Бұл  жолдарда  ақын  сопылық  ілімнің  рухымен  Ясауи  мен  Абай  секілді бабаларымыздың дүниетанымын ұштастырып, баланы ілім мен иманның биігіне шақырады. Осылайша, «Ата әлдиі» – рухани тәлім мен ұлттық мінездің тұтас көрінісі.

Ал  ақынның «Жаратушы  Бір  Алла!»  атты  өлеңі  –  баланың  жүрегіне  сенім ұялататын, имандылықты күнделікті өмірмен ұштастыратын рухани-педагогикалық жыр.«Алла деп тұр ақ таңда,Алла деп жат жатқанда...» (Елемес, 2018: 232).Мұнда  ақын  балаға  Алланы  еске  алуды  өмірдің  әр  сәтімен  байланыстырып үйретеді. Иман – тек сенім емес, күнделікті тіршіліктің мәні, рухтың тынысы екенін ұқтырады:

«Алла деп бар мектепке,

Алла деп жүр мектепте.

Алла деп гүл өседі,

Көктем келсе көкпекте» (Елемес, 2018: 232).

Бұл жолдар баланы табиғатқа, өмірге,

оқу мен еңбекке Алланың нұры арқылы қарауға баулиды. Өлең соңында ақын кәлима ілімін балалардың тіліне бейімдеп, Алланы сүю мен Оған тәуелділікті ең асыл мұрат ретінде түйіндейді:

«Ұлық Алла, Нұр Алла,Бекем бол өс мұралға.

Бәрі, бәрі, бәрін де,Жаратушы Бір Алла!» (Елемес, 2018: 234).

Ақынның бұл шығармаларында діни сенім мен ұлттық дәстүр өзара сабақтасып, баланы  ізгілікке,  имандылыққа,  Отан  мен  ата-баба  рухына  адалдыққа  тәрбиелеу идеясы айқын көрініс тапқан.Мұқағали Мақатаев өзінің «Қызықпа, қыз» өлеңінде:

«...Ілікпе, қыз,Ақынның тұяғына.

Зымиян да осылар...

Зиялы  да»  (Мақатаев,  2002:  140)  деп  ақындарды  сипаттауы  тегін  емес. 

Бұл жолдарда ақынның табиғаты мен оның ішкі қайшылығына философиялық баға бар. Осы ой Құл-Керім Елеместің ақындық миссия туралы жазған өлеңдерінен айқын көрінеді. Ол үшін ақын – шындықтың қызметшісі, ал сөз – Хақтың аманаты.

 

Құл-Керім  Елемес  поэзиясында  ақындық  –  жай  көркемдік  емес,  рухани жауапкершілік.  Ол  Құранның  «Шұғара»  (Ақындар)  сүресіндегі  ақындар  туралы аяттарды негізгі идеялық бағдар ретінде қабылдайды. Ақынның түсінігінде «шын ақын – Алланы еске алушы, иман келтірген, ізгі іс иесі»: «Ал ақындарға адасушылар ереді.  [Пайғамбар  ақын  да  емес].  Сен  (уа,  Мұхаммед)  олардың  [ақындардың] әрбір  аңғарда  тентіреп  жүргендерін  [бүкіл  тақырыпта  өлең  құрастыратынын] көрмейсің   бе?   Әрі   олардың   істемегендерін   (істедім   деп)   айтатындарын   да (білмейсің  бе)?  Тек  (ақындардан)  иман  келтірген,  ізгі  іс  істеген,  Алланы  көп  зікір еткен, зұлымдық қылынған соң медет бірілгендер басқа. Ал (ақындардан) зұлымдық қылғандар өздерінің қайда қайтатындарын әлі-ақ білетін болады» (Қасиетті Құран, 2018: 445-446). Ол осы ұстанымын досы, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлының «Ләтипа лүпілі» атты жыр жинағына жазған алғысөзінде айқын білдіреді:

 

«...Шын өлеңнің жүрекке жетуі дегеніңіз осы шығар. Біз өлеңге рухани дайындықпен келген ақынның кітабын Хақ  нұрымен  нұрлап,  Құран  жарығымен  жарықтап  барып,  сенімді  ұсынғанына қуанып отырмыз. Демек, біз ақын Дәулетбек жырларын оқып, Құранның «Шұғара» сүресіндегі  «ақындарға  азғындар  ілеседі»  деген  ескертуінен  сақтанған,  «Аллаһты көп еске алған, ізгі іс істеген» ақындардың қатарынан екенін көрдік» (Байтұрсынұлы, 2010: 13-14).Бұл пікірі арқылы Құл-Керім Елеместің әдебиетке деген көзқарасын айқынырақ  түсіне аламыз. Оның ойынша, ақын тек әдемі сөз өрнектерін жасаушы шебер ғана емес, құдайлық шындықты сезініп, оны адамзатқа жеткізуші рухани дәнекер. Осы тұрғыда американдық шығыстанушы Уильям Читтиктің пікірін келтіруге болады: «The  poet  is  the  tongue  of  the  hidden  soul  of  the  universe.  He  reveals  what  lies  beyond the  veil  of  ordinary  perception» (Chittick, 1983: 120). Бұл тұжырымның Құл-Керім Елеместің  шығармашылық  ұстанымымен  үндестігін  байқай  аламыз.  Ол  ақынды шынайы болмыстың үнін еститін және сол үнді өлеңге айналдыратын рухани сана иесі деп таниды. Ол қазақ поэзиясын екіге бөледі: иманды  әдебиет және имансыз әдебиет. Мұндағы межелеу – идеологиялық немесе діни емес, рухани және танымдық сипаттағы айырмашылық. Ақын үшін иманды әдебиет – жалғандыққа қарсы тұрған, шындық пен нұрды жырлайтын поэзия.

 

Осы тұжырым оның «Ескерту» атты көлемді өлеңінде кең өріс табады. Мұнда ол қазіргі қаламгерлерге арнап, рухани оянуға шақырады:

«Ей, жазушы, ақындар!

Хақсыздықтың пердесін

Ойларыңнан сырыңдар!

Хақты танып Абайша,

Хаққа мойын бұрыңдар!» (Елемес, 2014: 279).

Ақын бұл өлеңінде нәпсі мен шындық, жалған мен хақ, сенім мен сөз арасындағы күресті  ашады.  Ол  қазіргі  ақын-жазушылардың  көпшілігі  «Құдайсыз  сеніммен жырлап, Құранға бармай жанда шындық бүр жармай отыр» деп сын айтады:«Соны өнер деп жүрсіңдер,Құранға анық бір бармай.Бармаған соң Құранға,Жанда шындық бүр жармай.Тым құрыса АбайдыОқып, олша ойламай.Абай жеткен шындықтыңШүңетіне бойламай...» (Елемес, 2014: 280).Құл-Керім Елемес үшін ақынның шынайы биігі – Абай мен Ясауи ілімін тану, яғни сөз арқылы иман мен хақты насихаттау. Бұл ой оның «Сен», «Пайғамбар», «Ақ пен қара» сияқты өлеңдерінде жалғасын табады.«Сен» атты өлеңінде ақын жүректегі нұрдың бастауы Алланы сүю мен еске алуда екенін айтады:«Ия, Алла!» десем, жарқылдап,

Жүрегім нұрға толады.

Аллалы құлдың артында,

Бір іздеушісі болады!» (Елемес, 2014: 4).

Бұл іздеуші – сенуші адам, яғни ақынның көзқарасында иман мен өнердің түйісу нүктесі. Өлеңде Абай мен Шәкәрім тұлғалары да Алланың нұрына ұмтылған рухани ізденіс иелері ретінде бейнеленеді:«Алла!» деп өткен Абай да,«Алла!» деп өткен Шәкәрім...» (Елемес, 2014: 4).

Ал  «Пайғамбар»  өлеңінде  ақын  шындық  пен  уахидың  мәнін  ашады.  Мұнда «ақиқатқа жетпегеннің сөзі өлді» деген жолдармен ақын рухани жалғандыққа қарсы поэтикалық үкім шығарады:

 

«Пайғамбарға берілгені – уахи хақ!

Шындыққа ылғи қылыш, қанжар кезелді.

Саған жетпей жататыны ақиқат,

Ақиқатқа жетпегеннің өзі өлді!

Ақиқатқа жетпегеннің сөзі өлді!..» (Елемес, 2014: 171).

Бұл өлең ақынның сөзді қасиет тұту, ақиқат алдында жауап беру философиясын айқындайды. Ал «Ақ пен қара» шығармасында ол адам мен ғалам арасындағы жарық пен түнек, нұр мен надандықтың мәңгілік күресін көркем философия арқылы бейнелейді:

«Ғалам – бір қап-қара жұмыртқа,

Күн – оның ішінде сарысы...» (Елемес, 2014: 247).

Мұнда нұр – хақ, қараңғылық – надандық. Яғни, ақын үшін адамның рухани өмірі де осындай қосжақты – нұр мен нәпсінің күресі.

Құл-Керім  Елеместің  бұл  өлеңдері  тек  діни  поэзия  емес,  қазақ  ақындық дәстүріндегі сопылық дүниетанымның заманауи жалғасы. Ол Ясауи жолын қазіргі әдебиетке үйлестіріп, Абай ілімімен сабақтастырады.

 

4. Зерттеу нәтижесі

Зерттеу нәтижесінде Құл-Керім Елемес поэзиясы қазақ әдебиетіндегі сопылық дәстүрдің заманауи жалғасы ретінде анықталды. Өйткені ақынның поэзиясы сопылық поэзияның типтік белгілерін айқындайтын төмендегі ерекшеліктерге ие:

1. Өлеңдерінің метафизикалық, яғни батини мағына басым;

2. Жол, ішкі майдан, нәпсімен күрес мотиві жиі орына алады;

3. Әр сөздің символдық, рухани салмағы бар;

4. Өлең зікір үлгісінде құрылады;

5.  Ақынның  өз  тұлғасы  рухани  ізденуші  болса,  өлеңдері  хәлінің  көрінісін бейнелейді. Сондықтан оны діни-дидактикалық поэзия аясында ғана қарастыру тарлық етер еді. Аталған тұжырымды таратып айтсақ, ақын шығармаларының өзегін Алланы тану,  адам  рухының  нұрлануы  және  «құлдық  арқылы  еркіндікке  жету»  идеясы құрайды. Бұл ұстаным түркі сопылық дүниетанымындағы Ясауи мен Бақырғани ілімдерінің жаңа көркем үлгіде жаңғыруына жол ашқан. Ақынның «бисмилләһ», «құл»,  «махаббат»,  «зікір»  сияқты  концептілері  сопылық  терминдер  ғана  емес, рухани тәжірибенің көркемдік нышанына айналған.Ақын  поэзиясындағы  «адам  –  құл»  бейнесі  рухани  кемелдену  мен  нәпсіден арылудың символдық үлгісі ретінде айқындалды. «Қап-ай» мен «Қайшы» өлеңдері арасындағы  идеялық  сабақтастық  арқылы  ақын  адамның  рухани  дағдарыстан жарыққа  өту  үдерісін  поэтикалық  тұрғыда  бейнелейді. 

Бұл  құрылым  сопылық ілімдегі фәна (жоқ болу) мен бақа (рухани қайта тірілу) ұғымдарының заманауи көркем көрінісін көрсетеді. Зерттеу барысында анықталған тағы бір маңызды нәтиже – Құл-Керім Елемес поэзиясындағы махаббат ұғымының илаһи сипатта жаңаша интерпретациялануы.

Ақын  махаббатты  жаратылыстың  мәні  және  Алла  мен  адам  арасындағы  рухани байланыс  деп  танып,  оны  Ясауи  мен  Абай  дәстүріндегі  рухани  сүйіспеншілік философиясымен  сабақтастырады. 

Осы  арқылы  ақын  ХХІ  ғасырдағы  поэзияда «махаббат – парасат – ақиқат» желісін ұсынған жаңа сопылық-философиялық жүйе қалыптастырды. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері Құл-Керім Елеместің балалар поэзиясында да сопылық дүниетанымды ұлттық тәрбиемен ұштастырып, имани-педагогикалық бағытты жаңғыртқанын көрсетті. Оның «Ата әлдиі» мен «Жаратушы Бір Алла!» өлеңдері дәстүрлі қазақ тәлімі мен діни сенімнің үйлесімді көрінісін береді.Жалпы алғанда, Құл-Керім Елемес шығармашылығын талдау нәтижесінде оның поэзиясы  –  Ясауи  дәстүрінен  бастау  алған  рухани  жалғастықтың  қазіргі  қазақ әдебиетіндегі көркем жалғасы екені анықталды. Ақын сопылық ұғымдарды заманауи поэтикамен ұштастырып, қазақ әдебиетінде рухани жаңғыру мен имани эстетиканың жаңа көркемдік парадигмасын ұсынды.

 

5. Қорытынды

Зерттеу  нәтижесінде  Құл-Керім  Елемес  поэзиясының  өзегін  сопылық  негіз, илаһи  таным  және  рухани  кемелдену  идеясы  құрайтыны  анықталды.  Ақынның шығармаларында  адам  мен  Жаратушы  арасындағы  рухани  байланыс,  нәпсі  мен рухтың күресі, махаббат пен ақиқаттың бірлігі көркемдік деңгейде бейнеленеді. Ол Қожа Ахмет Ясауи мен Сүлеймен Бақырғани ілімдерін заманауи қазақ поэзиясында жаңғыртып, «құлдық арқылы еркіндікке жету» идеясын поэтикалық жүйе дәрежесіне көтерді.

Құл-Керім Елеместің «бисмилләһ», «құл», «махаббат», «зікір» концептілері діни термин емес, рухани тәжірибенің көркем үлгісі ретінде ұсынылады. Ақын поэзияны иман мен ақиқаттың тіліне айналдырып, сопылық ойды қазіргі адамзат руханиятымен сабақтастырады. Сонымен қатар, оның балаларға арналған өлеңдері ұлттық тәрбие мен имани құндылықты ұштастырған педагогикалық үлгі ретінде бағаланады.

Қорыта келгенде, Құл-Керім Елемес шығармашылығы – Ясауи рухы мен Абай парасатының тоғысындағы рухани әдеби мектептің айғағы. Ақын поэзиясы арқылы қазақ әдебиетінде рунахи бағыттың жаңа бір кезеңі қалыптасты деуге негіз бар.

 

Әдебиеттер:

1. Абай. Шығармаларының академиялық толық жинағы. Үш томдық / Бірінші томды құрастырып, баспаға дайындағандар: Матыжанов К. І., Мәдібаева Қ. Қ., т.б. – Алматы: Атамұра, 2025. – 480 б.

2. Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы (Киргизская хрестоматия). – Алматы: Білім, (2-басылым), 2007. – 112 б.

3. Әдеби жәдігерлер. 6-т.: Қожа Ахмет Иасауи. Даналық кітабы. Ахмет Йүгнеки. Ақиқат сыйы / Құраст.: А.Әлібекұлы, С.Дәуітұлы, т.б. – Алматы: Таймас, 2008. – 488 б.

4. Әдеби жәдігерлер. 7-т.: Сүлеймен Бақырғани. Ақырзаман / Құраст.: Т. Қыдыр. – Алматы: Таймас, 2008. – 480 б.

5. Байтұрсынұлы Д. Ләтипа лүпілі. Өлеңдер. – Алматы: Ан Арыс, 2010. – 204 б.

6. Елемес Қ. Аллахай: жыр жинағы / Құл-Керім Елемес. – Астана: Фолиант, 2018. – 240 б.

7. Елемес Қ. Жарық: жыр кітабы. – Алматы: «Сөздік-Словарь» ЖШС, 2014. – 304 б.

8. Қасиетті Құран және қазақ тіліндегі мағыналық аудармасы / Ауд.: С.З. Ибадуллаев. – Алматы, 2018. – 774 б

.9. Құрманбаев Қ. Құран ілімдеріне кіріспе (2-басылым). – Алматы: Нұр-Мүбарак, 2014. – 392 б.

10. Қыдыр Т.Е. Иасауи мұрасын зерттеудегі кейбір мәселелер. «Керуен» ғылыми журналы, No3 (72) 2021. https://doi.org/10.53871/2078-8134.2021.3-03

11. Мақатаев М. Аманат: жыр жинағы. Құраст.: А. Алтай. – Алматы: Атамұра, 2002. – 304 б.

12. Наср С.Х. Ақиқат бағы: суфизмнің көрінісі мен уәдесі – исламның мистикалық дәстүрі. – Нью-Йорк: Harper One, 2008. – 256 б.

13. Роузати Н. (2020). Исламда жаратылыстың себебі ретіндегі құдайлық махаббат: Нұрсидің «Нұр рисалелері» негізіндегі зерттеу. // Religions, 11(12), 667. https://doi.org/10.3390/rel11120667

14. Читтик У.Ч. Суфизмдегі махаббат жолы: Румидің рухани ілімдері. – Олбани, Нью-Йорк: Нью-Йорк штаты университетінің баспасы, 1983. – 433 б.

15. Суфизмнің мұрасы / құрастырған Леонард Льюисон. – Англия: Oneworld Oxford, 1999. – 662 б.16. Ясауи Қ.А. Пақырнама. – Түркістан: Тұран, 2021. – 100 б.

 
author

Құл-Керім Елемес

ӘНШІ

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстанда медициналық диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу арқылы балаларды ше...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Атырауда 9 қаңтарда жоғалып кеткен 59 жастағы Талғат Назаровты іздеу жұмыстары ресми түрде аяқталды,...