Қайбір күні екі-үш ауданды аралап, Таразға кештетіп жеттім. Көлігімді жуатын орынға қойдым да, кілтт...
РЫСБЕК ЗҰРҒАНБАЙҰЛЫ 70 ЖАСТА
Фото: Автордан
РЫСБЕК ЗҰРҒАНБАЙҰЛЫ 70 ЖАСТА.
• 1955 жылы 29-тамызда Баян-Өлгий аймақтық Ногооннуур сұмынының «Көкжота» жайлауында туған. Қой жылды, «Бикеш» шоқжұлдызы. Руы Абақ Керей-Шыбарайғыр-Балта.
Зайыбы Қаташ Әдиятқызы. Руы Шеруші-Саңырау-Байбол. 2 ұл, 2 қызы және немере-жиендері бар.
1990 жылдан Моңғолия Жазушылар Одағының, Моңғолия Журналистер Одағының, 2022 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
1990-1996 жылдары аймақтық радио-телевизия орталығында тілші-редактор, 1996-1998 жылдары «Жаңа Өмір» газетінің бас редакторы, 1998-2002 жылдары радио-телевизия орталығында тілші-редактор, 2002-2005 жылдары «Шарапат», «Армысың Ақиқат» газеттерінің жауапты хатшысы, бас редакторы, 2005-2015 жылдары Аймақтық Азаматтар Өкілдері Құрылтайының баспасөз-ақпарат қызметкері болып жұмыстады. Қоғамға 44 жыл еңбек етіп 2015 жылдың қазан айында еңбек зейнеті демалысына шықты. 2021 жылдан Моңғолия Қазақ Қаламгерлер Кеңесінің Басқару кеңесінің төрағасы, «Шұғыла», «Қалам-Сия» журналының бас редакторы болып қызметтеп келеді.
ТҰМАНДЫ ТҮННІҢ СӘУЛЕСІ
(Триптих)
1. БОЗАЛА ТАҢ – БОЗ ҚАРИЯ
«Биікте Көк Тәңірі,
Төменде Қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында Адам баласы жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім,
Бұмын қаған, Істемі қаған отырған.
Отырып, Түркі халқының ел-жұртын,
Қалыптастырған, иелік еткен.»
КҮЛТЕГІН (Үлкен жазу) ҮІІ ғасыр.
Мен түс көріп жатырмын...
Алтайдың Бесемшек шыңын бауырына басқан боз кірпік Қарияға жолығып:
«Армысыз, Ата!» деп басымды идім.
«Бармысың балам! Базарлымысың?!»
деп сұрады, БОЗ ҚАРИЯ.
«Базарлымын деп не дейін,
Ажарымда пәстік бар.
Қайыру бермей қажытты,
Шашырап кеткен шаттықтар!» дегенімде:
«Шырқырайсың неге, Шырағым,
Шын сырыңды айтшы, аптықпай?!» деді, Ол.
– Қамыстың күзгі уілдірігіндей – Уақыттың желі үрлеген,
Күй сұрап, Баба, нетесің, біздей – өз жерінде өгей «кірмеден!»
Жауыр боп арқа – ауыр жүктерден,
Білекке батып қыл арқан,
Жабыққан шақтың шертейін шерін – санамда сан жыл сүрлеген!
Ұрпағың бүгін қамығып отыр – кезерген ернін тістелеп,
(«АТТАН!»-ың сынды аруақты қозғар,
жіберсе-ау, бір тың күш демеп!)
«Алажіптермен» шырмалып тәні, көкпарға түскен Алтайдың,
кейпіндей, қазір, Ұрпағыңның да жүрегі, Баба, ҮШ БӨЛЕК!
Ашыннан бері, Бұмыннан бері – жасындай Жауын жайратқан,
Тоныкөк баба толғанып өткен, Күлтегін қылыш ойнатқан,
КЕНТАУЫҢ анау!
ҚАҢҒАЙЫҢ анау!
АЛТАЙЫҢ мынау, Алдияр!
ТҮРКІДЕН қалған,
ШЫҢҒЫСТАН да өткен,
Айырып та алған ОЙРАТТАН!
Көк тасқа қашап, ИОЛЛЫҒТЕГІН:
«БУДЫНЫМ-АУ!» деп жыр жазса,
Тас мүсін, балбал, обалар менен сынтастар шертер сыр қанша!
Білсе де соны.... білмеген болып..,
ШЫҢҒЫСТЫ «ШЫҢҒЫС» болдырған,
Түркінің соңы ТҰҒЫРЫЛ ХАНДЫ
«танымайтындар» да жүр қанша!
«Ұзын найза ұстап, жарау ат мінген» КӨК ТҮРКІ бүгін бір ЕЛЕС!
Көкбақа біреу болдық-ау деймін – көпке бір Бақыт түгемес!
Көп болды, біздер, – шүршітке шыжық, көкшегірлерге кірімтал,
Күштіге бодан болғалы, Баба! (Жаныңыз қалай жүдемес!).
КӨК БӨРІ едің!
Біз – ҚОЯН болдық, – теперіш көрген Тазыдан!
Кім көрінгеннің қолында кетті – әспеттеп жиған ҚАЗЫНАҢ!
ФАРАБИ шерткен домбыраң, бүгін, жаңыла жаздап жосыннан,
ҚОРҚЫТТЫҢ күйі, АСАННЫҢ жыры
айырылып қалды сазынан!
Алдияр, Баба, алдыңда сенің, айыбым – Нарға жүк, білем,
Ұқыпсыздықтан ҮШ БӨЛЕК болып
«жыртылып» кетті ТҮК КІЛЕМ!
АЛТАЙДЫ тастап кетпедік, бірақ, –
айналар АЛТЫН ҚАЗЫҚТАЙ,
Жоймаққа жаулар жанталасса да – жұп-жұмыр ЖЕРДІҢ үстінен!
Шегіртке түскен – шегірен мұзға Сен егіп кеткен ЕГІСКЕ!
(«Шикі өкпе жан да ширайды – деуші ед, –
Қайғының уын көп ішсе!»)
«Шашырап, шілдің боғындай болған
шөпшегім бас қос!» дермісің?!
«Шідерін» үзіп кетті ғой кеше, еврейлер де, неміс те!
Мінәжат етіп сұраймын, МЕДЕТ:
«Рух бер біздей міскінге!
«Үйіріңнен адасып қал!» деп жіктеп пе ең, әлде, ҮШ ЖҮЗГЕ?!
Бабамның басы,
Арғымағының іздері қалған АЛТАЙДЫ,
Алтын мен Арға айырбастамастай, керегіп тұр ғой КҮШ, бізге!
Айлана көшіп АЛТАЙДЫ мынау, аласапырандарды өткеріп,
Алтынды ердің қанжығасына сан ғасырларды бөктеріп,
Алдаспандарын Айға да білеп, Күнге де ТУЫН көтерген,
Алдияр, Баба, айтшы:
– Біз, мынау, алмағайып шақта не істелік?!.
...Ақбоз айғырдың жалындай жанарын жапқан кірпігін көтеріп, күңірене бір күрсінген Қария:
«Түрк будунқа,
Түн удумату,
Күндіз олурмату,
Қызыл қаным төкті,
Қара терім иүгүрті.
Ісіг-күшіг бертім оқ...
....Нең иердекі қағанлуг буданқа,
Бінтүгі бар ерсер, не бұңы бар,
Еречі ерміс!»
(Тоныкөк. ҮІІ ғасыр)
деді, кінәлай қарап.
Мен.... Ұяттан қып-қызыл боп кеттім!..
1991 жыл. 1-4-ақпан. Өлгей шәрі.
2.ШАЛҚАР ТҮС – ШЕРЛІ ШАНАҚ
(Күй әуенімен)
Мен ояумын...
Бірақ, көкше тұман сейілер емес.
Серпілмек боп қолыма домбыра алдым.
Сыңғырлап тұрған қос ішекке
саусағымның тигені сол...
мұңлы бір әуен құмыға шығып...
біртін-біртін жанымды жаулап, тереңіне тартты.
Тосын әуенді қайталай бердім,
қайталай бердім.
Ақыры ол әуен күйге айналды, сол күйдің сазымен тіл ұшына өлең шумақтары үйірілді.
«Күй әуеніне өлең жазуға неге болмасын!».
Енді бір сәтте шерлі шанақтағы саз он екі буынды жыр шумақтарына айналып ақ параққа қонақтады...
У-у-у-уу, у-у-о-оу, о-о-о-оу,
У-у-у-уу, у-у-о-оу, о-о-о-оу.
Тежесемде өзімді-өзім сабырайлап,
Дәуір өзі дүр сілкінтті-ау, дабыл ойнап!
Көкіректі күңірентіп көк аспандай,
Аруақтар айғайлайды-оу, «АБЫЛАЙ!»-лап!
Алапат үн құлағыма текке келмей,
«Аттан!»-дайды, домбыраңды шерт дегендей!
Шерт дегендей!
Ессіз бе едім – енші бөлген епке келмей?!
Есер ме едім – тентіреген, дәтке көнбей!
Дәтке көнбей?!
Ет жүрегім езіледі-оу «ҚАЗАҒЫМ!» деп,
Әттең, дүние, еңсе езер азабың көп!
Тарыдай боп шашылардай шартарапқа,
Жаратқанға қалып па ең жазалы боп?!
Тарыдай боп шашылардай шартарапқа,
Жаратқанға қалып па ең жазалы боп?!
Күлпарша боп сынды-ау талай көңіл-әйнек!
Зерең-көзден запыран-жас төгілді-ай көп!
Жаман тымақ, жалбыр тонның астарынан,
Қасірет-жыр қан жылайды «ЕЛІМ-АЙ!» деп!
Жаман тымақ, жалбыр тонның астарынан,
Қасірет-жыр қан жылайды «ЕЛІМ-АЙ!» деп!
У-у-у-уу, у-у-о-оу, о-о-о-оу,
У-у-у-уу, у-у-о-оу, о-о-о-оу.
Қайраттанып Қанжығалы қарт Бөгембай,
Айбаттанып Қаракерей мәрт Қабанбай,
Жағадан ап жазғырғанда Үш Жәнібек,
Ездігімді сезінемін!.. Әттегене-ай!
Әттегене-ай! Әттегене-ай! Әттегене-ай!
Атажұртсыз адасқан ел текке өледі-ай!
Текке өледі-ай!
«Бөлінгенді бөрі алады» деп келеді-ай!
Жетелі сөз жетемізге жетпегені-ай!
Жетпегені-ай!
Алтай менен Атыраудың арасында,
Көк Түркі мен қалың Қыпшақ даласында,
Еркін көшіп, ен жайлаған қайран Қазақ,
Күштілердің көкпары боп қаласың ба?!
Еркін көшіп, ен жайлаған қайран Қазақ,
Күштілердің көкпары боп қаласың ба?!
Кіріптарлық тигендей-ақ үлесіңе,
Жаутаңдаумен жатқа көзді сүзесің бе?!
Абылайдың ақ туының астына кеп,
Әлде, құлдық шынжырыңды үзесің бе?!
Абылайдың ақ туының астына кеп,
Әлде, құлдық шынжырыңды үзесің бе?!
У-у-у-уу, у-у-о-оу, о-о-о-оу,
У-у-у-уу, у-у-о-оу, о-о-о-оу,
Әттегене-ай! Әттегене-ай! Әттегене-ай!
Атажұртсыз адасқан ел текке өледі-ай!
Текке өледі-ай!
«Бөлінгенді бөрі алады» деп келеді-ай!
Жетелі сөз жетемізге жетсе еді-ай!
Жетсе еді-ай!
Шалқар түсте шерлі шанақтан шыққан мұңлы сарын шұбатылып ұзап барады, биіктеп барады.
Аяқталар, қанаты талар түрі жоқ...
1991 жыл. 10-11-ақпан. Өлгей шәрі.
3.ЕКІНТІ – ЕМЕКСУ ЭЛЕГИЯСЫ
Тағы да... Өң мен түстің арасында,
еміс елестер құшағында отырмын.
Көз алдымда:
Жапан түзде Арғұмағы арыған,
Қаңырығы түтеп қарыған
МҮСӘПІР! (Жолаушы).
Қапталы қақ айырылып,
Қасы шытынаған,
Қазақы Ері қасында жатыр!..
Енді бір сәт Екеуіміз тілге келе бастадық...
МҮСӘПІР:
– Ашынған заман, аш дәуір,
Аранын ашқан болар ма?
Арғұмағымды арытып,
Арманымды үптеп тонар ма?
Айшылық жол – артымда,
Қалып ед – Күндік жол, алда!
Айшықты Ерім шағылып,
Аңырап қалдым!
О, АЛЛА!
МЕН:
– Ей, Мүсәпір, мұңайма!
Еңсеңді босқа түсірме!
Бұғауың әлі бос екен,
Бұл күйіңе де «Шүкір!» де!
Үрейленіп үркектеп,
Үмітіңе түкірме!
Өрлігің бар қаныңда,
Өткірлігің – Тісіңде!
Қанша жаяу қалсаң да,
Қарымапты күшің де!..
МҮСӘПІР: (сөзімді бөліп)
– Алғауы үшін перзенттің,
Апталап жортып, қаңғырып,
Апандағы Алты күшігін,
Аңшыға ғапыл алдырып,
Бауыры сыздап, қан мұздап,
Бейшара болған мәңгілік,
Қасқырдың халі басымда!
Қайрансыз қалдым, мәңгіріп!..
МЕН:
– Пәлі!
Шырқыратып жаныңды,
Шұрқыратып малыңды,
Шұбырынды ізіңнен,
Бұрқыратып шаңыңды,
Шімірікпестен шабақтап,
Шұрқ тесік қып тәніңді,
Аруанаңды аңыратып,
Асына сойып Нарыңды,
Найзаға шаншып Намысты,
Арсаға салған Арыңды,
Ежелгі дұшпан – ен түзде,
Еліріп жетсе нағылдың?!
МҮСӘПІР:
– Аһ!...
МЕН:
– Шиедей ғып бетіңді,
Шыбыққа шаншып етіңді,
Шынжырлап аяқ-қолыңды,
Шырғаға жеккен не түрлі,
Шырғалаң шақ қайтадан,
Келмеске кім кепілді?!
(Суылдап жүрек, бір сұмдық,
Сезіп те тұрған секілді!)
Сұрапыл соқса кім қорғар,
Сендей ғаріп жетімді?!
МҮСӘПІР:
– Тайқыланған маңдайы,
Мен бір ғаріп – сор қысқан.
Бір шырмаса – оп-оңай,
Айрылмайды Тор – Құстан!
Томағалы қыранмын,
Тұтқын болған – Болмысқа!
Қараңғы Ор – алды-артым,
Қармануға қол қысқа!
Қайырым етіп, ай, Бала,
Қайманаңа жол нұсқа?!
МЕН:
– Ей, Мүсәпір, қайраттан!
Есіңді жи! Қам жаса!
Еңсең түсіп ен түзде,
Құр емексу – далбаса!
Екі қолым, шүкірлік,
Епсекті еді!
Сөкпесең,
Еменнің жиып жаңқасын,
Ерінбей жамап, ептесем,
ЕР болар еді – таспамен,
Екі қайыра көктесем!
Үзілген тарамысыңның,
Ұштарын қайта септесем,
Ұзарар!..
Бірақ, Уақыттан,
Ұтылармыз, боп Кесел!
Аңқаң кеуіп шөлдесең,
Ақтұмадан қанып ал!
Арғұмағың арыса –
Аршасынан Алтайдың,
Атдорбаңа салып ал!
Мұқалған болса қайратың,
Наркескендей қылп етпе,
Намысыңа жанып ал!
Назырқантып көңілді,
Науат етпей Еріңді,
Нар иыққа салып ал!
Желқом етіп, немесе,
Жауырыныңа таңып ал!
Жет тезірек АУЫЛЫҢА,
ҚАУЫМЫҢА, БАУЫРЫҢА!
Онда – Ертұрман, Арғұмақ...
Не керектің бәрі бар!...
МҮСӘПІР:
– «Ер жақсысы қос табар!»
Есті сөз-ау, еске алар!
Емеурініңнен түсіндім,
Енді отырсам кеш болар!
Қайыр қош, қарағым!
МЕН:
– ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, МҮСӘПІР!
КӨК ТӘҢІРІҢ ЖАР БОЛЫП,
ЖЕРІҢЕ ЖЕТ ҚАЛАҒАН!
Мүсәпір (жолаушы)-дің көз жасы мөлтілдеп,
үнсіз бас изеуге ғана дәрмені жетті.
Келесі сәтте:
Қаймана Қазақ,
қаңырығы түтеген Керей,
арыған Арғұмағын жетелеп,
қарыған Қайратын Намысына жанып,
қасы айырылған Ерін,
желқомдай жауырынына таңып,
бір көне сүрлеумен, құбыланы бетке алып,
асыға аяңдап бара жатты...
Оның қайда бет алғанын Мен анық ажырата алмайтын да сияқтымын.
Бірақ... Ауылын да, Бауырын да,
адаспай табарына сендім!
Кенет: «Ойбай-ау, бұл неғылған шу?!
Қой мен қозы жамырап жатыр ма, әлде, көгендеп бөліп жатыр ма?» деген дүдәмал дауыс жетті, құлағыма.
Мен Өң мен Түстің арасында,
бір Елестің құшағында әлі отырмын...
1991 жыл. 19-20-көкек. Өлгей шәрі.
АРАШАЛА, АРДА АЛТАЙ!
Қам көңіл халық қамы үшін,
Ой түбінен қаздым – кен.
Араша тілеп Алтайдан,
Осы бір зарды жаздым, мен!
Ой-сана – ойран, осы күн, сырқатты жүрек мың бөлек!
Қызыл өрт жалмап Жөргекті, төңірек түгел Түрме боп,
Жұтылды Ынсап – Құлқынға,
Тұтылды торға – Шың тұлға!
Аруақтансаңшы, арда Алтай – жанарыңды ашып бір мезет!
Төрткүліңді тұмшалап – томағалы түнек бір,
Тозған бөздей ыдырап – Жан да, Тән де жүдеп тұр!
Алжасып әзиз әлдиден,
Адасып ақық ән-күйден,
Жансарлап жатыр Шешен жұрт – қылышынан Тілі өткір!
Беймезгіл үптеп кеткендей – жазираның көркін – Өрт,
Беймаза бейбақ болдырды – бейдауа дертті еншілеп!
Береке-құттың қаймағы – қара суға айналып,
Бейопа жалған безеді – бұйдасыз Нардай тентіреп!
Тасырқап қалған болар ма – тағасы сынып Тарланның?!
Тізерлеп қалған болар ма – табаны түсіп Нарлардың?!
Қырқылып қалған секілді – Қыранның қанат-құйрығы,
Қараңғы тартқан секілді – Шырағы, – жарық Жалғанның!
Қордалы жұртың қорланып, түгеліп Сабыр-санасы,
Қорғасын-қайғы иектеп, иығын басып Наласы,
Сетінеп Сенім-сауыты, септеуге, сірә, халі жоқ,
Жетімек-көңіл Өзіңе жаутаңдауын қарашы!
Бағытын таппай Пәнидің – көз жазып нұрлы Бағдардан,
Делқұлы күйде дүйім жұрт – дел-сал боп Ойы, дағдарған.
Меңдуана уы меңдетіп, мысын құртып, ми мүжіп,
Сағымсыз құмда құмығып, Сайғақтай болды – сандалған!
Танымы таяз тантыққа сөзімнің тегі – тұмандау!
Тасыраңға, әлбетте, ұят та емес – «ұрандау!».
Тәкаппар тұлғам – Алтайым,
Тектілік тұнған Тақсырым,
Емшегіңді емген Еліңнің ертеңі бұлдыр, күмәндау!
Ежелгі дұшпан ес жиып, Елдігіме де сұқтанды!
Рухсызданып ұлт жаны, жүректің басып бұлт шалды!
Қарауыл қойып әр тұстан,
Қақпанын құрып жатса да, ол,
Намысы өлген «мықтылар» – майланса мәз «мұрттары!».
Құрылған тордан тіксініп – қиянға қашып Қырандар,
Жайлады құтты ұясын – ұждансыз улы Жыландар!
Дәлдүріш-Қарға қалбаңдап,
Дәуірлеп Даңққұмарлар,
Сәндеп сарай салғызып,
Серілік құрды – сығандар!
Атқазықтан алшақтап,
Тоқым төсеп жатпаған,
Қыл бұрауы – Бейнеттің, білегіне батпаған,
«Жұмсақ төсек – жалғанның жұмағы» деп шалықтап,
Адалдығы үшін де Адалдарды даттаған,
ақымақтар асқынып – елге Әлегін салып тұр!
Дарынсыздар, қашанда, – Дарақыдан да қауіпті!
«Кеуек бастан – Кебек ой ғана шығар» деген ғой!
Қуыс кеуде Жартылар – Бүтіндермен жауықты!
Кілем-көңіл халықтың кеудесінде көлбеңдеп,
«Буаз мысық» бастанып – былқ-сылқ басып кердеңдер!
Хан сарайдың төрінен Қараша үйге қарайды,
Тыжырынып, жиреніп – өзі Көктен келгендей!
Хан-сарайда Қасқалар – зина жасап, жан күткен,
Қараша үйде – Қамығыс,
Зарға ұласқан – Ән біткен!
Арашалап алсаңшы, қайран елді, қарт Алтай,
Өз анасын танымай басын кескен – Мәңгүрттен!
2005 жыл. 11-наурыз. Өлгий шәрі.
* * *
Заманды дей алмайсың «болды, толды»,
Ұйтқиды уақыт желі оңды-солды.
Ұйысып, Уайым-бұлт, кеңістікте,
Ұрпақтар жүр таба алмай оңды жолды.
Бұраңдап басқан ізі қиқы-жиқы,
Бас – мең-зең,
Шаш – сібірткі...
Ұйқы-тұйқы.
Ыбырсып Сана-сарай – қоқыс толып,
Өмірдің өшкін тартты қилы сиқы.
Қалмады, өзенде – ағыс, көлде – діріл,
Түңілді Бақ-талайдан – пенде-ғұмыр.
Бай – балпаң,
Бастық – талтаң,
Байғұс – жалтаң!
Ұраны, бұл заманның: «Өл де тіріл!».
Кер заман – кеңірдегін кергілейді!
Бұлт – басқын!
Шөп – шөңгелі!
Жел де – Үрейлі!
Сөз – шынсыз!
Талант – құнсыз!
Топас – мұңсыз!
Айттың не, айтпадың не, енді, мейлі!
Күн – күңгірт!
Дала – жым-жырт!
Ауа – тымық!
Ой – тұман!
Бой да дел-сал!
Сана – сұлық!
Төзім – бор!
Көзім де – көр!
Өзім де – жоқ!
Кезім жоқ – сезімге ерген аласұрып!
Қас-қабақ тас түйілген!..
Қос бүйірден,
Қанжардай қадалады – Қарасуық!
2002 жыл. 26-28-желтоқсан. Өлгий шәрі.