АЙДОС – ҰЛЫ АБАЙДЫҢ НЕМЕНЕСІ…Талғар тауларын баурайлап келе жатқанбыз. Дархан дейтін кә...
Шархан Қазығұл. Мың доллар (Әңгіме)
Фото автордан
– Әй, жын иектеген қасқа, есің екеу, түсің төртеу болып әлі отырсың ба?! Сайтанның сідігін сіміргеніңе сегіз күн болды, санасыз. Таңғы оразаңды тағы да арақпен аштың ба?! Қойсаңшы енді, не әкеңнің құны қалды?! Келгелі анау елу метрде жатқан шешеңнің басына барып, бір уыс топырағын аунатуға шамаң келмей жатыр, көксоққан! Өңшең бала-шағаның ортасында ұялсаң нетті? Өнегеңнің ішін ұрайын, затсыз? Осылар мына тірлігіңді көріп, араққа жоламай кетсе жақсы. Әй, қайдам?! Жаман нәрсе тез жабысатынын түсінетіндей жасқа келген жоқсың ба? Сен сорлыны мыналар «ата» дейді. Ата болмай шөккір. Өй, иттің күшігі!
Мақсым әкесінің сөзін пыру да деген жоқ. Жаңа ғана қара домалақтардың біріне жалынып жүріп үйдің қарсы бетіндегі дүңгіршектен алдыртқан шөлмектің аузын сондай бір ептілікпен ашып қойды. Стаканға құюға асықпады. Ойға беріліп отыр.
«При чем здесь балдар?! Олар мамасының құйып берген қою шайын ішіп мәз. Мен қонаққа келген адаммын, культурно демалып отырмын. Елки-палки, бәрі маған мәтіби болуға даяр тұрады. Үйде жүрсең – қатын, ауылға келсең – батя. Шөлді жердің масасынан бетер ызыңдап, мазамды алып бітті-ау пәтшағарлар. Шалды қойшы, жаны ашыйтын болар. Қайбір шекесі қызғаннан сабырын сарқиды дейсің. Бәрінен бұрын қазаққа бар қадірім қатыныма жоғына қарным ашады. Балақта жүрген битіне дейін би болудан тайынбайды. Бөшкелерін қақыратар ма еді, бәрінің?! Баяғыда творчествоның адамына деген скидка болушы еді. Еркелесе де, есірсе де ел көтере беретін. Бұлар мақұрым. Шабыт оңай келетіндей көреді. Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың! Бала тудың не, бақандай ән шығардың не – одинаково қиналасың. Соны түсінбейтініне жыным ұстайды!
Жақсы жүргенде де жаққаным шамалы. Қатынның сөзі белгілі: «Тапқаныңды міндет қылма, әдіре қалғыр!». Ылғи температурит етіп жүреді стерва. «Қойшы, әйелмен әйел болмайыншы» деп аса мән бермейсің. «Сөйлеп-сөйлеп қояр» дейсің. Үндемейсің. Одан сайын үстіңе мініп алады. Артыңнан қуып жүріп ұрысатынын айтсайшы. Хохма. «Өмір – юмор» деген осы шығар, топалаң келгір.
Кейде арақтан бойыңды аулақ ұстап, бір сұлу тор аттай жүргің келеді. «Қыздай қосылған қосағым, мозгасын майыстырмайыншы» дейсің. Бірақ бәрі-бір қадіріңді біліп жатқан қатын жоқ. Тірілей күйдіреді. Содан жын ұрады. Ішесің келіп бұрқыратып. Вот сол кезде қатынның көктен іздегені жерден табылады. Бұдан асқан подходящий повод болсайшы?! Ішін жарса, бір әріп шықпайтын адамның аяқ астынан ақылгөйлігі төбеден топ ете түскенде өзіңді қоярға жер таппай, безіп кетесің! Екі білегін сыбанып, олай да бұлай ойқастағанда... оңдыртпайды-ау оңдыртпайды. Түкке алғысыз қылып, түкіріп тастайтынына таң қаламын. Ал енді Алматыдан ауылға қыдырып келгелі әйелді батя алмастырып тұр. Логично! Құлаққа тыныштық болмау керек, әйтеуір. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі». Әй, не деген пәтшағарлар бұлар, ә!... Ү-у-һ, қу жанымның қуырдақ болған-ай!...
...Ойпырым-ай, дәл бүгін соншама таусылғаным не? Батя батя болғасын айтады да. Үйге төрттағандап кіргеннен аузынан арақ кетпеген адамға «өй, көкем, іше ғой, өй, көкем, жей ғой» деп, қолды-аяққа тұрмай қызмет көрсетпейтіні бесенеден белгілі. Осыдан трагедия жасаудың қажеті бар ма, өзі? Қай дүнием бүлініп қалды? Айналам аман. Аяқ-қолым бүтін. Жұмысым өрге домалап тұр. Жағдайым бір кісідей. Просто, ауылға келіп, бой жазып жүрген жағдай.
Әкемді көрдім. Мауқымды бастым. Шал әлі крепкий. Меня переживет. Точно говорю. Жалғыз інім вахтада екен. Аз күнде келіп қалатын сыңайлы. Бес баласы бар. Бәрінің аты есімде жоқ. Жакалекін ғана жақсы білемін. Друган ол маған. Шустрый малый.
Інім – молодец. «Қарт мұнайшы» деп қалжыңдап қоямын. В смысле он там давно работает. Шалдың да, семьясының да бар жағдайын жасап отыр. Мамешкенің де басын жалғыз өзі жүріп қарайтты. Мені қойшы, жылына бір келгенде бір-екі әннің гонорарын беріп кетесің. Бір бүтінделіп қалғанға жетсе – жақсы. Жетпесе, ол да жоқ.
Ауыл – жанның рахаты-ау, рахаты. Осы жаққа келгенде ғана өзіңді адам сияқты сезінесің. Алматыдан шаршадым. Урбанизация бір күні түбімізге жетеді. «Әкемнің үйі – кең жайлау». Ляпота! Енді аздап расслабуха болып жатыр. Шал шамданып жүр. Келін мен немерелерден ұялады да. Бірақ сықиып тұратын стресті сыртқа қарай суыруға әрекет қылмасаң, тағы болмайды. Коньки откидывать можно. Натурамыз бөлек, анда-санда іштегі буды далаға шығармасақ, өліп кетеміз біз қасқалар. Онсызда ылғи сарсаңкесекпен сабылып жүреміз. Адамды ой құртады. Так не пойдет. Сондықтан да спакейны отырған дұрыс. Сенім мен шыдамдылықтан айырылып қалмаудың қамын ойлаған абзал.
«Көп ойланған құл қаша алмайды». Бүгін жақсылап ішу керек. Ертең ни-ни. Ой, блин, как тяжело будеть?! Бірақ не істейсің, қиналсаң да шыдайсың! Түбі бір шығу керек тормоздан. Мамешкенің де басына барып құран бағыштамадым. Таң атса, барамын. Ну, ладно, дальше поехали. Потом разберемся. Кажется наступил психологический момент для ... сто грамма. Мені иттің күшігі дейді. А собаченок-то пьет по таланту. Так что, ешкімнің шаруасы болмасын».
Композитор стакандағы арақты атасының асы болмаса да сондай бір сүйіспеншілікпен сіміріп салды. Балбырап шыға келсін. Қаны құрғыр дұрыс айналмай тұр екен. Көңілденіп сала берді. Айқайға бассын:
– Біреулерге сыйлық жетпей ызалы,
Біреулерге билік жетпей ызалы,
Біреулерге ғұмыр жетпей ызалы,
Біреулерге тұғыр жетпей ызалы,
Мына жерде жүр екенбіз біз әлі!
Ой-хой, деген-ай! Қалай айтсаң, олай айт, шынында да осы жерден дұрыс жер көрсем, Мақсым атымды теріс қойыңдар!
– Әй, жын иектеген қасқа, біреулерде не шаруаң бар? Қарақан басыңды күйіттеп алмайсың ба? «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады». «Алматыда консерваторияны қызыл дипломмен бітірген композитор балам тұрады» деп мақтанғанда алдыма жан салмаймын. Пішту! Бекер нән болып жүр екенмін. Онан да сенің ұсақ саудагер болғаның дұрыс еді. Мынау не өмір?! Бір ай запой, бір ай сау. Сен енді сау да болмайсың, өлесің мына түріңмен! «Түйе сенікі не паңқу, екі жылда бір туып?» деген екен баяғы да біреу. Сол секілді сенің осы сазгерлігіңе де шүбә келтіре бастадым. Оттап-тышып жүрген адам оңды іс жасайды дегенге сенбеймін. «Нағыз тұнықты судағы балық біледі, балық білмесе, халық біледі, халық білмесе, Құдай анық біледі» дейді қазақ. Жаратқан ием де көріп тұрған шығар. Мен де сенен композиторлықтың иісін сезсем, мына қолақпандай мұрнымды кесіп берейін.
Мақсым әкесінің сөзін пыру да деген жоқ. Алдындағы шишадан айырылып қалатындай оны қос қолымен құшырлана қысты.
«Мен балықты білмеймін, ал енді халық М. Кенешбайды без запинка біледі. Түрімді білмеуі мүмкін, атымды как пить дать біледі. Мен жылтыңдап, халықтың алдына шыға беретін дешевый әнші емеспін. Керек десеңіз, интервью де бермеймін. Зачем? Біресе ана каналдан, біресе мына каналдан жылтыңдап. Это – не моя стихия. Этим пускай гламурные люди занимаются. Екі күннің бірінде радио мен телевизордан соңғы хитымды айтып, қақсап жатқан жоқ па: «Композитор Мақсым Кенешбайдың әні «Сені іздеп шаршадым». Маған сол да жетеді. Бұдан артық қандай танымалдылық керек?! Пардон, батя, қытыққа тие бермеңіз.
Ей богу, шал кейде қуып кетеді. Мені қалай ұсақ саудагерлікке қияды?! Тұрсам сол, қытай кеспе сатып... Бұл – маған қол емес, етімнен ет кесіп алса да айтайын. Ең болмаса, соны неге ұқпайды? Әлде әдейі қағытқаны ма? Жо-ға-ә, туған ұлын жер қылмайтын шығар, есі бар әке.
Жаратқан иемнен асқан шебер жоқ, болмайды да. Құдай маған қалқиған құлақ берді, слух берді. Нұрғиса мен Шәмші көкелеріме бергенді аллатағалам менен де аямады. Тәуба. Слов нет, қай заманда да ең современный композитор саналып келе жатқан Бетховендей болу мүмкін емес. Ең романтичный композитор Брамстың бағы да бізге бұйырмаған. Ең аяғы кеше ғана арамызда жүрген Альфред Шниткедей басы артық нотасыз шығарма жазу да менің пешенеме жазылмағанын жақсы білемін. Бірақ «каждый человек имеет право на свой спичечный коробок» демей ме приискіде жұмыс істеп жүріп, аздап алтын ұрлайтын ағайындар. Әркімнің өз несібесі, өз тәлейі бар.
Маған тіпті сол атақ-даңқың да даром не надо. Осы жұрт адам салып, ақша салып, тыраштанып өледі! Просто, жалько этих денег. Түкке тұрмайтын темір-терсекті кеудеңе таққанда талантты бола қалмайсың. Сенің теміріңе біреудің түкіргені бар. Қазір құлап жатқан адам уровень ұстайды. Көп кісінің мұрнынан есекқұрт түсіп тұрады. Бұған таң қалмайтын болдық. Әркім өзінше Құдай. Сплошной нигилизм. Қарапайым, емен-жарқын адамды күн ұзаққа шам алып жүріп, әзер табасың. «Композитор болсаң өзіңе, немене мені асырап жүрсің бе?» деп талантыңды тәпішкесімен таптап кетуге бар, әрі-беріден соң. Сұмдық! Кейде нанымды айырып, ел қатарлы жүргеніме қуанатын болдым. Баяғы да Владимир Федосеевтің интервьюінен оқып едім: орыстың атышулы керемет бір дирижері холодильнигі босап қалған күні ғана оркестрді басқаруға келісім береді екен. Шынында да глыба маэстролар проще өмір сүреді. Оларға тек аштан қатпаса, болды. Қалғанына бас ауыртпайды. Безшабашная жизнь. Олардан үйренетін нәрсе көп. «Болмасаң да ұқсап бағу» керек.
Жалпы, мен де өзімді скромно ұстауға бейімдеп-ақ келемін. «Ойбай, мен – композитормын» деп ешкімнің мазасын алған емеспін, Құдай ақы. Сазымды сатсам, сататын шығармын, бірақ сазгерлігімді сатып, біреуге міндет қылған жерім жоқ. Енді аздап дәметесің, қолпаштаса екен дейсің. Пендеміз ғой! Бірақ черезчур кеткенді өзім де қаламаймын. Кейбір әншілер әннің алдында атымызды айтуға да арланады. Как будь-то өздері шығарғандай кергиді жарықтықтар. Осы әншілерден асқан бездарный халық көрсем, не дейсің?! Екі сөздің басын қосып, дұрыс әңгіме де айта алмайды. Ой болмаған соң қиын, әрине! Айналайындар әйтеуір аман болсын, олар болмаса, ойбөй, мен тамағымды қайтып тауып жеймін?! Айналаның бәрі бірін бірі тонап жүрген тобыр емес пе?! Көшеге шықсаң, кілең ұры-қары, бандит, убицалар... Әнші той иесін тонайды, мен әншіні тонаймын, мені мент тонайды, ментті бастығы тонайды, бастығын басқалар тонайды... Осылай кете береді... до бесконечности.
Глобальный мәселелерге бас қатыра берсең, бір күні тентек болып қалуың ғажап емес. Ханның сөзін құл да айтады. Бірақ аузыңның дуасы болмаған соң жаныңды қинап қайтесің?! Құрысын бәрі, онан да таза бытовой әңгімені ойлаған дұрыс. Қара басым қолымның жүріп тұрғанына қуанамын. Кез келген әнімді пышақ үсті қағып кетеді. Сол ғана сабама түсіреді! Среднестатистический алғанда бір ән – мың доллар. Басқалар бұдан да көп табатын шығар. О жағында шаруам шамалы. Біреудің қалтасын қарайтын қақпас емеспін. Осы бергеніне де құлдық. Құдайға шүкір, қанағат қылар қасиет қалыптастырдық. Жасым қырық беске келгенше «төрт құбылам түгел, алтынмен апталып, күміспен сапталып отырмын» деген пендені естімеппін. Әйтеуір, бір еңіреп жүрген ел жағалай. Байы да жылап отырады, кедейі де зар илегенде запыран құсып жатқандай. Тіпті, миға кірмейтін қызық құбылыс. Барған сайын қорқынышты. Құдайдан хабар келіп, талқаның таусылған күні аузыңа су тамызатын адам табылмай ма деп те қорқасың. Баяғыдағылар айтқандай, бірі кем дүние. Бір адамның басына аллатағала бәрін үйіп-төгіп бермейді. Әйтеуір, бір жерден қисайтып қоятыны хақ. Әр пендеде – кемі бір уайым.
Ең ақылды адам, мына қу жалғанның мәнін түсінген адам ақшаның ең парықсыз зат екенін ұққан кісі дер едім. Өлерінің алдында табытынан екі қолын шығарып жерлеуді өсиет еткен Александр Македонский атам заманда осы аксиоманы адамдарға ыммен түсіндіріп кеткен жоқ па?! Дүниені табанымен таптаса да ана жаққа құр қол кетіп бара жатқанын көрген адамдар ұлы қолбасшының пәлсапасын сол кезде түсінгенде ашкөзденіп өмір сүруден әлдеқашан арылар едік-ау. Адамзат күн сайын ұйқысынан «ақша, ақша» деп оянатын болды. Что за мода вечная?! Пенде қашанда пенделігін істемей тұрмайтыны, шынында да – жұмбақ жағдай. «Уйма ақша беремін, боғымды же» десе, соны жасайтын адамдар жер бетінде жыртылып айырылады. Боқты жемейтін кісі өте аз.
Қадыр ағам келістіріп айтқан: «Ақшадан да қымбат нәрселер бар. Бірақ соны сатып алу үшін де ақша керек.» Тірі философ. Ходящий энциклопедия. Баяғыда социализмнің кезінде кроссвордты шемішкідей шаққанын көріп жағамды ұстағанмын. Білмейтіні жоқ. Не шықса да, көп оқыған адамнан шығады. Әзірге Қадырдің феномені туралы ешкім тіс жармайды-ау, тіс жармайды. Қайтыс боларын күтіп жүр көпшілік. Айтпақшы, әй, осы Қад-ағаң үшін бір рет алып қояйыншы. Реті келіп тұр. Маған оның көрде жатып көңілденгенінен, аман-есен жер басып жүргені жақсы. Өлме, братан!».
Тағы жүз грамм зымырап ала жөнелді. Түсініксіз бірдеңе болып қалды ма, Мақсым айқайға бассын:
– Ә, кім, ә, көзді ала бере істемейтіндерің жоқ-ау, чижиктер, мынау тап-таза су. Шөлмекті қолыма ұстап отырғанда ауыстырып қоясыңдар. Астапыралла, не қылған қасқүнемсіңдер? Пока арақ пен суды ажырата алатын қауқарым бар, қарақтарым. Ойбай-ау, мен постоянно қоянкайфпен отыратын адам екенімді ұмыта бастадыңдар ба? Кімге қиянат жасадым? Өзіммен өзім. О несі-ай?! Балдар, тілімді қышытпаңдар!
Осы сенің жымиысың жаман, Жакалек. Младший аташкамен ойнауға болмайды. Әй, боқмұрын деймін, это твое рук дело? Сен тәштәйдан бәрі шығады. Давай, признавайся! Сөзді қой да арақ құй, мына табакеркаға. Көңілді қалдырма, племяшка!
«Пәледен машайық қашыпты» дегендей жеті жасар Жақсыбай арақ құйылған стаканды кіші атасына ұстата сала, бірдеңеден үріккендей жүгіре жөнелді. Арақты бір-ақ тартқан Мақсым мұрнының астына жан ұшыра жеңін тықты. Закускасының түрі. Композитор «атқа мініп жүргенде» тамаққа иттігі жоқ.
Барған сайын бабына келе бастаған «басжазушы» енді Жақсыбайды шақырып алып, әзілдей сөйледі:
–Вот это совсем другое дело, Жакаленка! Қад-ағаңның философиясы үшін де ішкіздірмейін дедің бе, шегол! Я тебе покажу, где раки зимует. Со мной шутки плохи. Понял да, друган? Тебе еще рановато со мной тяготся. Не находите, господа?
Мақсымның сөзіне балалар жамырай күлді.
– Әй, жын иектеген қасқа, мына өңшең жердің құрттарына мазақ болсаң, жетіскен екенсің. Осыларға ақыл айтып, абыз болып отыратын жасқа жеткен жоқсың ба?! Құдайдың бергенін көп көріп жүрсің сен, санасыз қасқа. Алтын асықтай ұлың бар, үріп ауызға салғандай қызың бар. Соларды тауып берген әдепті де әдемі әйелің бар. Семьяңның ортасында тойған қозыдай болып, бақытты өмір сүріп отыратын кезің емес пе?!
Құрисың, балам, құрисың! Шыдамның да шегі болады. Мына түріңмен бір күні боғыңды мыжып, далада қаласың. Айтпады деме, қарамасаң – қатыныңнан айырыласың, бақпасаң – балаңнан айырыласың.
Әкесінің мына сөзі Мақсымның сүйегінен өтіп кетті! Бірақ композитор мелшиген қалпы үні шықпай отыра берді. Қырлы стаканға тағы бір жүз құйылуы мұң екен, сол бойда кеңірдекке қарай жол тартты.
«Бақытты өмір дейді ғой маған. Тоқсан тоғыз тотанақты таптап жүрген мына жалғанда бақыт дегеннің болуы мүмкін бе өзі?! «Бақыт деген жоқ. Тек бақытты сәттер ғана болады» деген сөз құлағыма қонады. Орыстар да айтпай ма: «Счастья бывает фрагментами». Бақыт дегенің де әлгі ақша сияқты емес пе? Бірде бола қояды, бірде жоғалып кетеді. Ақша табу үшін қалай өлермендікпен жанталассаң, бақытты да өмірбақи жанкештілікпен қуып жүресің. Көкжиектен көрінгенімен, жеткізбейді. Түпсіз тұңғиық. Короче, бақыт саған – баланың ойыны, бақсының жыны емес. Зарабатывать надо.
Я чьую, мына дүбәра дүниеде екеуі де жан баласына етегінен ұстатпайды. Некен-саяқ қол жеткізгендерінің өзінде де бәрі-бір хэппи энд болмайды. Шәй деспеген қосақтар да көп кездеседі мына жалғанда. Бірақ әйелі өле қалсыншы. Еркек сорлы марқұмның жылын өткізген күннің ертеңіне төсек жаңғыртады. Жас адам болса, сөз жоқ. Түсінесің. Құптайсың. Жетпіске жетіп қалғандардың тірлігін айтамын. Қойдың жасынан да аз қалған уақытта енді кімді бақытты қыламын деп тыраштанады?! Бұл – әрине, трагедия емес, комедия. Адамдардың көбі – туа біткен самородок артистер. «Тірі адам тіршілігін істейді», «Өлгеннің артынан өлмек жоқ». Осы мақалдарды айтып, ситуациядан жанын қинамай шығып кететіні–настоящая суперкомедия. Ата-бабаларымыз бағзы замандардан бері махаббаттың айналасында жасаған мифтердің бұл күндері күл-талқаны шықты. Қазір ешкім Қыз Жібек сияқты наивный болғысы келмейді.
Ал ақшасы пішен адамның өлуі тіпті, ақырзаман. Олардың өлімі – трагедия емес, трагокомедия. Біреуге қарызға бермей жүрген ақшаны айдалаға тастап кету , әрине, сверхскорбно. Я понимаю, с ума сходит можно.
Әу, М. Кенешбай мырза, тоқта, сен бүгін қайдағы-жайдағыны қопарып кеткен жоқсың ба? Сіздікі жәй ма? Қой, қайт, что-то алысқа кетіп қалған сияқтысың.
Да-а-а... Әкем айтпақшы, сайтанның сідігі к добру не приведут. Типун мне на язык. Что я мелю. Просто сегодня все в черном свете представляется. Не хорошо, господин М.Кенешбай! Всегда надо думать о светлом... Да, ну... думаешь тут о светлом?! Айналаның бәрі толған шпион!
Мүмкін, мен бұл өмірде жолы болмай жүрген адам шығармын? От того и злой, наверное... Жо-ға! Құдай сақтасын, өзім ләззат табатын ісім жүріп тұр. Аллаһтың бергені, ұл да бар, қыз да бар. Жан жапырақтарымның өз қолдары өз ауыздарына жетті. Айал да так себе сойдет. Сто пудовый керемет қатын көрген жоқпын. Әйел біткен – бір тағылеттес. Жаманды-жақсылы жора-жолдас баршылық. Бір но, менде разведкаға бірге баруға жарайтын дос жоқ екен. Бірақ бұған бола бас қатырудың керегі бар ма? По-моему, дос деген вообще не существует. Қазір – рыночные отношение. Әркімнің өз мүддесі бар. Бітті. Точка. Нет, на самом деле солай. Не мәймөңкелететіні бар? Так что, извините, пожалуйста, я себя не считаю не везучим. Так и знайте!
«Алған әйелің жақсы болса – бақытты боласың; жаман болса – философ боласың» деген Платон мисыз емес еді-ау! Бекер адам таз бола ма? Қарап тұрсаң, осы күні елдің бәрі философ, елдің бәрі ақылгөй, елдің бәрі данышпан. Ешкім көк тиын ұстатпайды, бірақ бесплатный ақыл айтуға всегда готов! Шетінен «сен былай тұр, мен атайын». Мына мен де философтардың қатарындамын. Соған қарағанда бақытты адамдар жоқ сияқты көрінеді де тұрады.
«Біз бақытты семьямыз» деп бөсіп сөйлейтіндерді де көрмейін десем көзім бар. Тойға барса, не әйелі күйеуінің туплайын таптап бітеді, не байы қатынының башпайын басумен әлек болады. «Кемшілігіміз, надандығымыз жұрттың көзіне түсіп қалмаса екен!» дейді. Елдің алдында бәрі кісі болып отырғанды қалайды. Бәрі жақсы атанғысы келеді. Ничего подобного! Чистый воды жалған намыс. Шынайы сыйластық жоқ. Әйел мен еркек бірінің кислородын бірі жауып отырмаса, көңілдері көншімейді. Бір біріне еркіндік бергісі келмейді. Бұл – құлдық аурудың симптомдары.
«Осы екеуі әдемі пара» деген кісілердің үй іші рухани әңгімеден ада болған соң, не қайыр?! Екі-үш сағат алтын уақыт басқаларды жамандаумен қор болады. Не өздеріне, не өзгеге пайдасы жоқ қырт-сырт өсек-аяң айтқаннан гөрі арақ ішкен әлдеқайда дұрысырақ болар ма еді, черт побери. Балалы үйдің ұрлығы тұрмайды. Рабайда бас сұға қалсаң, жүгірмектері ешкім жоқта әке-шешесінің қырықпышақ болып жататынын байқамай айтып қалғанда кіретін тесік таппайсың! Бетіңмен жер басасың! Сол ма бақыт?
Фани дүниеде бір сызықтың бойымен жүру мүмкін емес. Осыны конца да концов мойындау керек емес пе? Непрерывно жақсы атанып жүру ешкімнің қолынан келмейді. Аллатағала қасындағы адамдарға жақсылық та, жамандық та жасамаған кісіні не тозаққа, не жұмаққа тастарын білмей, «өмірді дұрыс сүрмегенсің» деп, қайтадан мына жалған дүниеге аттандырып жіберген көрінеді. Өмір болған соң біреумен кикілжіңдесесің, біреудің сауабын аласың. Жақсы адамның да жаман қасиеттері болатыны – басы ашық шындық. Самый последний күшік те өмірінде адамдарға бір-екі рет жақсылық жасап өледі. Бұл да – ақиқат.
Ақшасы «куры не клюют» деген өте маңызды персоналармен де араласып көрдік бір кездері. Исключение жоқ десе де болады, барлығы вещизммен науқастанған. Одни понты. Безпонтовый қазақ болғысы келмейді. «Мерседес», «Ланд Крузер» мінеді. Бірақ бәрі до единного үріп ішіп, шыңғырып тышатынына таң қалдым. Ең болмаса, творчество адамына бір костюм кигізуге болады ғой. Қаяқтағы?! Байлығымен мақтанғанда шалбарлары сөгіліп кете жаздайды! Ал «не қылар екен?» деп қарыз сұрай қалсаң, бәрі жоғалып отырады, жоғалып қалғырлар! Оларда ақша болмаса, көлде балық жоқ. Сол ма ақшаны қуып жеткені? Тошнота от них. Аллергия от них у меня. Олар бізді «түк білмейтін сорлы, лох» деп ойлайды. А мы ты знаем, откуда растут ноги. Народ все видет. Халық деген – Құдайдың бір аты. Даңғарадай үйлерін қытай қорғанымен дөңгелетіп алатынына қарағанда сол пақырлар қорқып өмір сүреді. Тыныш ұйықтағаннан күшті кайф жоқ екенін түсінбейтін сормаңдайларға сол керек. «Ішкені – ірің, жегені – желім» адам өмірін бақытты өткізіп жатыр дегенге өз басым илана қоймаймын».
Манадан бері бүкіл адамзаттың сау тамтығын қалдырмай, сүйегін жуып шыққан Мақсым «сауыға» бастады. Әкесіне қарай дауыстап сөйледі:
– Батя, мен наконец-то ең сүйікті состояниеме жеттім! Қоянкайф ұстап отырмын. Келші, бір душевный әңгіме құрайық. Ты только не обижайся, батя, я еще стопку жахну. И на сегодня все. Ты же не знаешь, как я тебя люблю, жаным! Ты – красавчик. Я тебе очень благодарен.
–Ес жоқ сенде, балам. Орысша оттап отырғаныңа болайын. Қазақша айтсаң, жағың қарысып қала ма? – деді анадайда тор тігіп отырған әкесі.
–Подожди, батя, разберемся, менің атымды Максим деп орысша қойған кім? Мынау қалың қазақтың ортасындағы жалғыз орыс мектебіне жетектеп апарған кім? А? Признайся?! Тоже мне деятель нашелся?
Хорошо что, тәуелсіздік алып, есімімді Мақсым қылып алдым, жаға жыртысып жүріп. Жатқан бюрократия! Закалебаешся! Асфальтта өспегенімізге шүкіршілік. Ана тіліміз аузымыздан түскен жоқ. Мектепті орысша оқысақ та. Так что, маған қолыңнан келсе, «Халық қаһарманын» алып бер. Я заслужил. Ха-ха-ха. Шутка, батя, шутка.
Әкесі баласының мына сөзіне абдыраңқырап қалса да бой бергісі келмеді:
–Одан не жамандық көрдің, иттің күшігі?! Сені адам болсын дедік.
–Мынау енді басқа әңгіме. Но, претензия все равно не принимается. Сендер ауылда отырып аңғармайсыңдар, біздің елде әлі күнге дейін действительно двухязычие патшалық құрып отыр. Соған байланысты саған бір анекдот айтып берейін. Клевый анекдот.
Перестройканың кезінде Горбаның туған күніне Колба попугай сыйлап тұрып айтыпты: «Отец Михайло, мен Қазақстанда полное двухязычие орнаттым. Адамдар тұрмақ, мына құстың өзі екі тілде сөйлейді. Оң аяғын тартсаң – қазақша, сол аяғын тартсаң, орысша сайрайды». Шынында да Миша құстың оң аяғын тартып «Сәлем!», сол аяғын тартып «Привет!» деген сөздерді есітіп, таң қалады. Бірақ любознательный генсек мұнымен тоқтамай: «Осының екі аяғын бірдей тартсам, не болар екен?» – деп құстың қос аяғына қол жүгірте бергенде қазақстандық попугай «Құлатасың, козел!» деген екен... Ну, как?
– Әй, иттерің-ай, мынаны қатырып-ақ шығарған екен! – деп қара шал бүгіндікке бірінші рет басын шайқап, күліп алды.
– Папа, біз осылай күлеміз де қоямыз. Бұл – көзден қара қан ағызып тұрып жылайтын нәрсе. Бір дешевый композитор мен қостілді ақын-сымақ орысша-қазақша аралас ән шығарғанда қара жынымның қайнағанын білсең, батя. Самая настоящая издевка. Айтып берейін, тыңда. Наши идеологияны да махаббатқа кіргізіп жіберуге ұялмайтын болды, – деген Мақсым бір-екі рет жұтынып алды да шырқай жөнелді:
–Арманым менің, арманым менің,
Аңсадым сені, аңсадым сені!
Гүлдей құлпырған,
Көктем жарасқан.
Жұлдыздар сені
Күнге таласқан!
Айым-ай,
Асыл бағым-ай!
Айым-ай, айым-ай,
Айым-ай,
Асыл бағым-ай!
Композитор әннің арасында түсініктеме беруге де үлгірді: «Қазақ қыз осылай сайрайды, енді орыс жігіт былай бөседі».
–Я люблю,
Я тебя люблю!
Я к тебе приду,
Не скучай!
Я люблю,
Как же я люблю,
Сердце украду,
Так и знай!
Ән-сымақ біте бере әкесі: «Әй, балам-ай, келген жерімізге көңілім көншімейді, көншімейді!», – деді даусы дірілдеп. Ауланың ішіндегі аядай көлеңкеде фишка ойынының қызығына беріліп кеткен осы үйдің балалары да аралас әнді жақын жерден есітуге Мақсымның алдына дөңгеленіп отыра қалыпты. Жақсыбай тіпті, композитор көкесінің мойнына асылып алыпты.
– Жакалек-ай, жібер, мойным қысылып кетті, – деді ішкі дүниесі әлем-жәлем болып отырған Мақсым. Көзіне ұйқы тығылып барады екен. Жақсыбайға тағы да мейірлене қарады:
– Жакалек, кіші ата не істейді? Не знаешь? Кіші ата ұқыпыш болады. Марш отсюда. Гуд бай, май френд! Айтпақшы, сендерге әлі ағылшынша үйрену керек. Әйтпесе, адам болмайсыңдар! – Мақсым дастарқан жайылған үстелдің жанындағы жастыққа жантая кетті.
...Ертесіне таңалакеуімнен ұйқысынан оянған әкесі көрпе жамылмай жатып қалған баласына қарай беттеді. Мақсым сұлқ жатыр. Қара шал бірдеңені сезгендей композитордың жүрек тұсын ұстай берді. Соқпай тұр. Қолын көтергісі келіп еді, сылқ ете қалды. Қария жансыз жатқан бауыр етінің басын тізесіне қойды да ешкімге естіртпей «Жаман да болса бары жақсы еді-ау!», – деп еңкілге басты. Жетпісті еңсеріп қалған қарияның көз жасы моншақтап жас өліктің үстіне түсіп жатты. «Боталатып кеткенің болмады, балам, болмады!», – деп онан әрі күбірлей берді, күбірлей берді өзегін күйік шалған қара шал.
***
«Кейде өлгім келеді. Бірақ Құдайдан қорқамын. Жаназам шығарылмай қалатындай көрінеді. Өлсең – өлесің де қаласың. Ешкімнің ештеңесі кетпейді. «Өлдің, Мамай, қор болдың!». Бір-ақ сөз. No comment.
Одан да анда-санда өз-өзіме ие бола алмайтын жаман қасиетім болса да, аман жүргенім дұрыс секілді?! Ит-өмірде бір адамның әрісі не, берісі не?! Адамнан адам асып кетпейді. Оған ешкім жол бере қоймас. Аспанға ұшсаң, аяғыңнан тартады, жерге кіріп бара жатсаң, шашыңнан тартады.
Мен де сондай пендемін. Қоғам қандай – адам сондай. «Кемедегінің жаны бір» деп айтып кеткен қазақтан асқан философ жоқ екенін әлем мойындайтын уақыт болды. Таныта алмай жүрген өзіміз – сорлымыз. Аталарымыз «адам күні адаммен» дегенді де қалай дөп түсірген аузынан?! Қара жер басып жүргенімді басқалар көре алмайтындай не бопты?! Жер бетінде кісі кісіден қызғанатындай қандай құндылықтар қалды қазір?!
Бірақ барлығы – бір Алланың қолында. Көресіңді көрмей, көрге кірмейсің!».
Композитор осы ойларынан өзі ыршып түссе де, жан баласына жақ ашпаушы еді бұл туралы.
...Мақсым «аттан түскен» күннің ертеңіне ән шығаратын. Бұл жолы ол әнін өзімен бірге ала кетті. Отбасы мың доллардан қағылды. Өмір! Бірде жоғалтасың, бірде табасың! «Абсолютті ештеңе жоқ. Бәрі салыстырмалы түрде». Эйнштейн ашқан жаңалық. Бірақ осының бәрі Құранда жазылғанын ол кейіннен мойындайды. Өмір! Бірде табасың, бірде жоғалтасың! Жалған өмір! Уақыт пен кеңістік үнемі өзгеріп отыратынын пенде біткеннің бәрі біле бермейтіні – қиямет-қайымның ең үлкені.