*** Жылдардағы басқосқан съездерде, жыл қорытындысында мақтауларын естідім. Менің кемшілігім &ndash...
Сұраған Рахметұлы. Көркемдіктің тұңғиық тылсымы
Фотосурет ашық дереккөзден
Жазушы Мәди Айымбетовпен тым ертерек, шетте жүргенімде етене таныс таңғайып ағайын сықылды болғанмын. Оның шығармаларындағы шынайы шамырқанған ой кешулер, тың райлы бек сұлбалы сүгіреттері таңғалдыратын-ды. Бір есе лағыл өңдес миниатюралық әсем де шешен шешімдері, ілмекті тіркестері, тіпті ішінаралықтағы психологиялық сезімнен үкідей үлпілдеген әңгімелері тағы да тағылми ерекше хикаяттары көңіл сезімін еселей қызықтыратын-ды. Түрлі бояулар мен адам мінезіндегі одағай сәттерді ғажайып бейнелеуіне қарап екешеп оқып, іштей тәңіри биікке шейін ұлағаттап, барымызша парықтап, парықтап жүріп, енді ғана байыбына барғандай бір жүйеге енгендей едік. Өте нәзік пәлсафалық танымның иіріміне сүңгіген кезімізде суреткермен әлдеқашан іштей етене одақтасып, оңаша тілектес шеп құрып, есіле сырласып, достасып та кеткен де екенбіз.
Жалғыздық, бейәлем, бейсаналық жұмақ тыныштық, тіптен шүңетті су жаңа акварельді түсті бояуларды жан-дүниеңмен жанығып отырып, жарып, миыңа уызынан жағызып, жарқырап отырып оқып шығасың! Бұл жалғыздық хақындағы пайымнама ғана емес бұла жалқылықтың бүтін кешенді сүгіреті. Аналитикалық аса талдаулы талғапаз анималистік сезімтал жазушы Айымбетовтің өз сөзі десек не болады!? Әрине өзімізге өзіміз ие болатын кезде дәл осылай асыра тану да, әсіре бағалау да артық емес.
Сайын даланың самалын жамылған, сағынышты түндерді бүркенген түстерін түрлі де бүрлі реңдермен іріктеп әрлейтін әсерлі шығармаларының бірсыпырасы соның ішінде – «Құла түздегі үнсіздік туындысын қатты қызықтап оқығанмын. Мұның өзі бір демде, бір сәтте жағылған кірлемейтін тірі ойдың жойқын бояуындай тұма шығарма.
Француздың әйгілі әндігері Вольтердің «Кандид һәм Оптимизм») (1759) деген бір ерекше шығармасы бар. Негізі түземдік ғұрыпты ұлы дала қазақтарының аңғал да табиғи болмысына ұқсастау, кейде сондай күлкілі өрен пайымды кісілердің кірсіз кейіпіне келетін үскін. Өмірінде оғаш саналатын ерсі көріністердің бәріне көңілі орта жүретін кіді. Сынайды, риза емес әйтеуір... Дейтұрғанмен ол, «...ел бұзылып жатқанда – сенің есен жүруің күмәнді...» немесе «қыратқа жетсем – мұратқа жетем...» деген бір шуақты сезіммен өмір кешетін дүрдің басынан өткендерді сомдайды ғой. Ендеше біздің заманның соцреализмнен кейінгі тура өңге сорапты таңдаған кемел тұлғалы санатындағы Мәди Айымбетовтің күшті лепесті сом шығармаларын оқыңыз да, ойланыңыз, өкінбейсіз: «Ақша бұлтқа айналған Таңкөрік», «Бозқараған гүлдегенде», «Сырлы зерен», «Құлан-елес», «Сезім синдромы», «Тамұқтан оралған бейкүнә», «Арнасаздың көпірі», айта берсе көп қырлы, тұтас сырлы сүгіретті де перне күмбірлері әңгімелері ерен. Әсіресе аңыз әфсаналық деңгейдегі тың теңеулері бүтін бірегей қызықты тірі галерея дүр...
Осы замандық таңғажайып құндылықтар санатына енетін Испаниялық текті дворян һәм ғаламдық классикалық тағылымды жауһардың кереметтей бір кейіпкері Мигель де Сервантес Сааведраның (1547-1616) өмірінің соңғы толысқан тұсынды жазған – «Ламанчтық айлакер идальго (текті) Дон Кихот» (1605-1615) құндылығы мынау ғалам әдебиеті тауыриһатына алтын қаламмен мөрленіп қалған жадынамалық туынды. Кімді де бүтін баурап, бүткіл көркем сананы түгел жаулап үлгерген кейіпкер Санчо Панса атқосшының мүлдемге өңге кейіпі және түрлі-түрлі қым-қуыт қылықтары, шырғалаң жақтары ғаламдық саналы оқырмандарды әлдеқашан үйіріп алатұғын. Қияли жандардың қилы әрекеттері һәм «қой үстіне бозторғай жұмыртқалар заман болса...» деп үнемі армандайтыны есіңізде болар. Сол секілді Мәди Айымбетовтың ерекше бір шығармасы – «Құмөзектің Дон Кихоты» атты триптих-әңгімесі. Бұл туынды ендігі кезекте тіпті су жаңадан бүтін урбанизацияланған өркениеттің өрекпу тұсында ерекше текті оқырманын ғана күтетін болады ләйім. Қарапайым ауылдағы алаңғасар да алағұс жандардың санқилы қызықты, үлгілі картиналды сызықты көріністері санада сымдай түзімделеді. Сизиф аңызы сықылды баян жұғымды философиялық астары түпкі түбірімен түгел ескеріледі. Ауылдағы алуан-алуан аңғал жандардың күлкілі мінездері шығарманың өн бойларында өріледі, өзектеледі. Сервантестің класикалық образдары мен кейіпкерінің мінездеріне өңгеше ұқсас, мұндай тіпті типтес тақуалар қазақ ауылында көріністер ғой. Осындай қожанасыр іспеттілердің аса маңызды келбеттерін кері қарай айпара ашып керісінше әрлеп береді. Осы заманға лайықты кейіптеулері ұқыпты іріктеліп есе шеберлікпен термеленеді. Ұлттық прозада адам болмысындағы өте нәзік иірімдерін ғаламдық деңгейге көтеруге, оны оймен санада игеруге ден қойған қазақы сүлей танымдарды осы «Құмөзектің Дон Кихотынан» оқуға әбден болады. Жазушы Айымбетовтың сана ұстахансын осы танымнан көруге болады.
Осындағы бір ғана қорықшы Оспанқұлдың образы қандай!? Оның баяғыдан бергі бақсылығын, жанына жабысқан жын-шайтани әншейін әуездемеден тұратын даңғойлығын сиқыршы Фрестондарға қарай ұқсата алатындығы өте бір үздік шедеврлік секілді. Осы сананы қазақ даласындағы шайқы-бұрқылық қарабайырлау дуанагерлікпен байланыстыруы мықты. Ғаламдық деңгейдегі туындынының қатарына бара алатындай даралығы айқын даяр дүние. Мынау төмендегі бақсының бей озанындағы сүлейлі сарыны қазақ деген ұлы халықтың сенім, нанымының ең күрделі сәттеріне таман сырттағы оқырманды біртабан жақындатып апарады да әуелі әлем деңгейіне қарай дұрыс жетелейді де. Мысалы: «Ай астында орылған адыраспан киелім, аластат үй ішінен лас пен күйені! Айдың нұрын сіңірген адыраспан киелім, аластат пәле-жаладан, көзден, тілден, және де! Адыраспан киелім!»... Бір ғана қасиетті өсімдіктің өзін өзгеше «сөйлету» деген дәлірек айтсақ Махмуд Қашқари лұғыттап айтқан тәмсіл: «жұпар салған қалтадан жұпар кетсе де иісі қалар» дегендей көшпенді түркілері көбірек азиялықтарды қайдам: әйтеуір түп еуропалықтарда сирек кездесетін үлгі болуы кәміл-ді.
Қазақ әдебиетіндегі құбылыс Мұхтар Мағауин әлеміндегі академиялық кемел талғам, тарихи тағылымды көкем дәлдік, Төлен Әбдіктегі шебер оқшаулық сәтті пішімдер, Асқар Сүлейменовтегі орасан түренді ойтамызық, ұтқыр теңеулер, Оралхан Бөкей әдебиетіндегі жеке-дара кейіптеулер, Әлібек Асқардың тосын да тапқыр сарказмді шырқаулары, Рахымжан Отарбаевтің әділ де арынды суреткерлігі, Дидахмет Әшімхановтегі («Жынды жел») экспрессиялық идеялдары кеңінен өрілген заман сөздерінің іздері бұл. Қазақ сахнасында Иран-Ғайыптың «Дон Кихоты» драмалық интерпретациялық бағамдар және күрделі трагизмі оқырман мен көрерменнің ой санасын жұлқылап оятуға талпынғанын көреміз. Ендеше қазақтың тағы бір тағылымды дара суреткері Мәди Айымбетовтың қоңыр әуезді осынау шығармасын ұланғайыр даланың дымы сіңген дарқан саналы қазақтарының төл үні, тамырынан ажырамас тіні деуге болады, әрине! Біз мұнда ұлы данагөй Асқар Сүлейменовті біз бейкейіп сөз етіп отырған жоқпыз расында. Мәкеңнің «Құлагер-мұң» естелік эссесінде айтылғанлай, кезінде Асекең Мәди ағаның әңгімесін оқыпты! Асқар Сүлейменов: «...Өзіміздің жұма сайын шығатын әдебиет газетінен «Құлатүздегі үнсіздік» деген әңгімені оқып, Айымбетов деген қаламгерді таныдым. Сіздің өзіңіз сыйлаған қаламмен астын сызып оқыдым. Үнсіздікті құлатүзге тереңнен теліп жазылған мұңлы элегия. Шикарный әңгіме!» – деп баға берген екен.
Әрине қазақ әдеби шығармаларындағы «аңғал рыцар» түрінен мүлдемге өзгеше қазақы ауылдық ғажайыптар олардың ішкі қым-қуыт таза тағылымды риясыз «трагедияға» негізделген үлгілері аз емес. Түпкі иірімі, шүңеттері түпсіз терең, тіпті құлықсаналық абсолютті хаһилықтың шынайы ізетті пайымды ізденушісі: бағытынан айнымайтын, мойымайтын оқшау да өте кеңісі зор донкихоттық күшті кейіпкерлері бар туындылардың арасында Мәди Айымбетовтың аңызи көркем бояулы туындалары өз алдына өзгеше. Демек, автордың «Құмөзектің Дон Кихоты» тұнба қалпында ғаламдық тұғырда тұратын болады. Тілдің шұрайлылығы мен сарказмдері өз алдына өңге талдауды қажет ететін қабырғалы қаламгердің қабілетіне, шеберлігіне таңдай қағып, арзан таңдану да керісінше аздық етеді. Таланттың тағылымдарына немесе қарапайым болғанымен ирониялдық) бағамдарына әділ әмбесіз бағыну керек секілді. Осы заманғы беті ашық әдебиеттің бәрі де күмәнді даулы-дамайлы десек те ақықтай асыл да ауаны таза тағылымды туындылар көп дедік. Олар туралы авторларының жанкештілігі хақында кейде асқақтата, асыра бағалау да артық емес. Біз өз әдебиетіміздің өсім бағасын әділ бағалап, әлі де хәл кәдірін әрлеп, өңеп, жөн-жосығын жөнді көтере алмай келеміз. Осынау уызды ойдың кілегейін мөлдіретіп жүрген саф ойлы автор туралы заман сөздің сардары, талғампаз, орақ тілді оқырман, әйгілі профессор Серік Негимов: жазушы Айымбетовың тамаша тағылымдарын талдағанда Alonso Quixano-ның дөп өрнегін өзінікіндей юзерлеп (user) баламалай келіп: «...кәнігі тамыршыдай дөп басып, дәл айқындап сипаттап, халықтың көркемдік ойлау дәстүрі мен стилін мықтап сақтап, қисынын келтіріп әңгімелеуінде, яғни әңгімелеу өнерін жетік, терең меңгеруінде...» («Егемен Қазақстан» 14 қараша 2016) дейді.
Ендігі кезекте жазушының тілге тиек етер шығармаларының бірі – «Дүние керуен» романы. Қазақтың қарақан басынан өткен қараң дүниенің зарлы жақтарының қалдығын ауылдың өмірінен сырмалап жетізетін ерекше күйзеліс, құрбандыққа толы трагикалық өткен дүние әлеметінің бір реңімен берілген туынды. Таптық күрестің сұлбасы, сталиндік әкімгерлік, қуғын-сүргіннің өшпес із мөрі. Дүниені дүр сілкіндірген сұм соғыстың зардабын жай ғана ізетті диалог арқылы алдыңа жайып салады. Бірақ, ызытты, зілді ышқынысты үнмен... Баяғы «феодал» деген үстірт түсінік, соц төңкерісіне, идеологиялық әсіре қызғылт реализмге құдайдай сенген бір әкімгердің әңгімесіне құрылған. Кер далада тұтқиылдан һәм көшжөнекей болған жортпалы жорықты, ұзынды қысқалы іліп, шалды саятты кеңесі қызықты. Жарқамыстың сол тұстағы «жақсысы» Жарылқасов пен «Қаражар» колхозының қарапайым қойшысы Исалының сәттік кеңесі һәм әңгімесі бүткіл дүние дәуреннің дүрегейі мен дүмегейі сықылды әуселелерді көзге елестетеді. Исалы шалдың прототипі өте өтімді. Жарылқасовтың жаттанды, жасанды мінезі өзгеше типпен құрылған.
«...Исалы Жарқамыстың іргесіндегі "Қаражар" колхозының қойшысы. майданға кеткен жалғыз тұяғы – ұлы Қуаннан да, інісі Бейістен де жарты жылға жуық уақыт хабар-ошар болмағалы жүрегінің басынан бір шемен-шер тарқамай қойған еді. Күн ұзағына, таңсәріден іңірге дейін қой соңында ғана шаруаға алаңдаған сыңайлы адамның кейпінде жүргені болмаса, малды Жемнен өткізіп, Самның құмына қарай айдаған қарашаның алғашқы күндерінен бері осы жабығулы күйден арылмай келеді...
...Жарылқасов болса оған сыртын беріп, қырын қарап, тымырайып отырған шалды көзіне де ілгісі келмеді.
...Айжарықов жолдас, коммунистік жауапкершілікпен сезінуің керек. Әйтпесе ел басына түскен мына қиямет ауыртпалықты сіз бен біз жеңе алмаймыз. Партия, Сталин жолдас бізден осыны талап етеді…».
Аталған шығарманы оқыған сайын көшпелі өркениеттің нағыз ғажайып сұлбасының бірегей мини бөлігін сонырқалап қанығасыз. Алыс, шалғайдағы ауылдағы шағын өркениеттің ұмытылмас ұстынын шалдың шалысы мен шәрәғатты да ұқыпты жазушының ойын маздатып, парақ бетіне құлпыртады. Түгі жетіліп, төлежіген, әбден иі қанған соны әдіпті нәзік стиль қапысыз аңғарылады.
Мұндай мұңлық мұнар дүниенің тіршілік машақатын Еуразияның шығыс бөлігіндегі көшпелі қазақ қауымының бәрі көрді. Мәди Айымбетовтың «Дүние керуен» романы да далалық өркениеттің бірқалыпты таңғайып тірлігін тамаша айқындап, Азия кіндігінің бір мүйісіндегі тірлік кешуші қоңыр ауылдың кілең кірпиязды кісілерінің усойқыдай кермек нәрлі де ерсілі-қарсылы жағдаяттарын жан-жақты суреттейді. Сюжеттері сүркей, тағылымдамалары тыңнан түрен көтеген тартымды, бөгде оқырмандарға аса таңсық саналатын саналы роман.
«...Адами болмысымның қайнар-бастауындағы таңғажайып әлемнің кәусар да тұп-тұнық сәттерін жүрек түкпірінде әлі күнге шейін қастерлеп сақтаумен келемін...» Бұл текті оқырманға ежелден таныс, оқшау да биік саналы жазушының мәнерлі мәтінінен жұққан жұпарлы сөзі.
Ақ Жайықтың арғы ағынды салалы сағасы – Еуропа, бергі самалды көбесі – Азия. Осы екі құлықтың арасындағы әзұядағы орта мектепте оқитын шәкірттер қазақ даласынан ғаламға қарай бет түзйді. Осы тамаша дәрісті жіміле әлемнің жұмыршарынан геогрфиялық әр пішінге үңіліп, қамыстың сыптай ғана қылша таяқшасымен бүткіл ғаламды көрсетіп тұратын Ғайни есімді ғажайып мұғалима апайының әзиз талшын бейнесі! Осы тұстағы сөзбен сызылған кереметтерді оқыған кезде менің көз алдыма сонау Баян-Өлгий аймағы Дэлүүн ауданында бізге сабақ берген апайларым Рыс Шәйзадақызы, және Бағай Кәмерияқызын еріксіз еске аламын!? Қандай табиғи жұғым, ұқсастық!?
«Туған жердің теректерінің өзі бір түп тауыриһат шіркін, әрі тірі ұстын!? Айымбет-терек, Ағыс-терек, Жанқожа-терек, Мақан-терек...». Орыс табиғатын ғарыщтық ғажайып суреттеп, жан бітіретін Иван Бунин (1870-1953) ұсынған «Деревня» туындысы секілді дала теректерінің тербелісін ой көзімізбен көреміз. Жазушының риторикалық жанкешті уәйімі де нәркес парасат пайымы да бағзы жанды табиғатпен бірге тіл қатады мынау жұмбағы ғайып жіміле әлемге!
Мұндағы Сағыз құмының құламедиен құба даласының қойнауында өткені мен кеткенінің сұлбалсы көрінеді. Сондағы түрлі оқыс оқиғаларды рет-ретімен көркемдеп, қоңырлартып көмкереді. Ғажайып! Ал, осынау жұмбақ та жұмақтай болған қайран ата мекеннің сақшысы майлыаяқ төбет те бірегей ұстын сүгіреттей. Токио университетінің профессоры марқұм Хидэсабуро Уэноға өмірлік адал серік болған акита-ину тұқымды иті – қайран хатико секілді қазақ ауылының қаша-қорасының күзетшісі төрт көзді барқын төбеті майлыаяқ туралы аянышты пайымдар!
Дана қазақтың көне сөзіне өзек, түбірлі ойына тиек болған атау «жұрдай» дейтін – құмдағы қақтың сұлбасы да өте жақсы өрілген. Қақтағы қамысты ойпаң, осындағы сойқан қасқыр тартқан көк айғырдың төңірегіндегі ой тұжырымдары қисынды. Кейде бұны парадокс па әлде құбылыс па дегендей тосын жайларды еске салады...
...Жазушы қаламынан туған «Бопай ханым» (2021) романы қазақша жазылды да орыс, ағылшын тілдеріне суыт аударылып, Ресейде және Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Патшалығының астанасы Лондонда жарық көрді. Қазақ халқының тарихи дәуренінің куәгері ХVІІІ ғасырдың айтулы тұлғасы Адайда Табынай батырдың ұрпағы Бопай ханым Сүйіндікқызы (1690-1780) туралы жазған романы осылайша әлемдік санатқа тура саналды. Әбілқайыр ханның (1693-1748) жұбайы аңыз Бопай ханымның осы романдағы шынайы да көркем бейнесі тамаша тартымды сомдалған. Бұрындары біршама мазмұны бұрмаланған, әдейі өзгертілген тарихи тұлғаға қатысты кейбір күмәнді жүлгелерді қайтадан өзінің хаһи дұрыс жолына түсірілгені бірден байқалады. Ұрпақ пен ұлт алдындағы парызды нақтылаған Мәди Айымбетовтың бұл туындысы болашақтағы ең көп оқылатын құнды кітаптардың қатарында болары күмәнсіз. Әбілқайыр ханның оң қолы болған Бопай да ғаламдық зау биіктегі аңыз ана! Расында сол баяғы б.э.б. 209-174 ж.ж өмір сүрген Хүннү (Ғұн) тәңірқұты Мөде шаньюй-дің яньчжиі-нен кем түспейтін ұмай тұлға.
Құдайдың құдыретіндей осындай таңғажайып тұлғалардың заманын да тым бірдей егіздей ұқсас жарататыны да қызықты. Бұндай тағдырлы тұлғалардың ғұмырының түп шешімі де түмен даулы, жұмбақ әрине. XVIII ғасырдағы Француздың атақты ағартушысы және ұлы философы, ақын, тарихшы, әйгілі публицист жаңашыл Вольтэр Франсуа-Мари Ару; (1694-1778) осынау қазақтың Бопай ханымымен түйдей құрдас екен!? Тұлғалардың туған, өлген жылдары да өте жақын. Тарихи тұлғаларды жаратқан тәңірдің шуағы бір сықылды құбылыс. Қазақтың сайын даласын жайнатып өткен заманының тағы да өтпелі өнегелі дәуренінің көрінісі еді бұл. Бұдан басқа да оқиғалар осы кітапта мүлтіксіз суреттелген.
Қысқа әңгіменің шеберлерін шеттен іздеуге болар еді әзірше. Мысалы, Канаданың жазушысы Элис Манро (1931-2024) осындай қысқа да нұсқа ауылдық психологиялық әңгімелерімен Нобель сыйлығына (2013) ие болған-ды. Оның «Love of good women» («Любовь хорошей женщины» 2018) әңгімелері моңғол тіліне де аударылған. Осы автордан кем түспейтін Мәди Айымбетов ағаның «Жіберілмеген хаттар» және «Ғашықтың хаты» атты ең қысқа жазылған туындылардың бітім, пішімі осы тақылеттес сан қырлы.
Өркениеттің нәзік эссегер де айшықты миниатюрист Мәди Айымбетовтың жазған бүткіл туындыларын тағы да кімдермен туралап салғастыруға болады!? Жазушының баяғы қарымы қалпында, қаламы жүйрік, бабында. Оны жапониялық жаушысы Кенжебура Уәяға ұқсатуға да негіз бар айтқандайын. Мысалы үшін дәйекке; «Көлге шомылған Ай» әңгімесіндегі мөлдір-мөлдір суреттерді, «Теңіздің аты – теңіз» хикаятындағы – «Медуза»-ның қимылдары түп-түгел жұзақы жұнттай. жәуһерлеріне қарап осылай ой түйсе несі айып!?.
Антиутопист эссегер жапондық жазарман Кэнзабуро Оэ меніңше тағы да түрімен де сөз саптауымен де бір табан жақын келеді Мәди ағаға... Кэнзабуро Оэ-нің мал бағу туралы ғажайып туындысы бар. Сол арқылы техникалық атом ғасырдың білгірлерін бек таңдандырған қаламгер. Өркениеттер тоғысын мұндай бояумен сүгіреттеген жазушы кемде-кем. Балалық шағынан болашағына дейін француз әдебиетіне бойлаған зерделі зерттеуші Кенжебура Уәй 88 жасқа келіпті. Жапондықтар үшін орта жас есебінде. Сексен сегіз деген ол кісі үшін «цифр» ғана!
Өз өркениетімізді өзіміз сүйсек: тура маңдай алдымызда маңғаз да байсалды Мәди Айымбетовтей жазушымыз бар біз бен сізде.
Жазушының негізгі де басты жанры – әңгіме. Көлеміне көп ойды, көркемдікті орнымен сыйғыза білуді талап ететін қиын жанр. Суреткердің талантын айқындайтын бұл сипатты прозада жазушының шымыр шеберлігіне емін-еркін көз жеткізгендейміз. Солардың бір сүбелісі «Құлан-елес» – қазіргі қазақ прозасындағы мистикалық-психологиялық сарынға құрылған құбылысты туынды. Қайталап іждаһаттап оқып, үңіле қарайтын оқырманға құлықсаналық гимнастика жасата алатын дүние. Құба даладағы құландар жайылымы, құланотына әбден тоғайып ұзаңқы жайылып жүрген кері құландар суреті. «...Үйірлестерін жан-жағынан анталап келіп қыспаққа алған құлан аулаушылардың қармауынан керсағал құлан құлынымен бірге сол жолы аман қалған еді...». Жалғыздықтың жапан түздегі құрсауына қамалған жануардың жан түршіктірер оқиғасы өте күрделі де оқшау сызылған. Елсіз арал, суы жағалауынан кері қашқан жұр жазықтың қағындағы хайуани тірлік! Аспаннан анталап жеткен айуан сұмдықтың астында жалғыз қалған сағал құланның аранды жағдаяты. Жаның ашиды. Тік ұшақтан атылған оқтар қалқақтаған құланның жас құлынын мұрттай ұшырған. Құба түздегі құландар жаздың жадағай сары сағымын жамылып бейбіт өрісте жайылып жататын.
Мұнартқан ұшы-қиырсыз далиған жұрдай далада бір кейіпкер Диярбек те қаңғып қалған жалғыз. Сағалайтын сағымы, паналайтын ешкімі жоқ, тумысынан жалғыз еді. Көзін ашқалы жетімханада, панасыз балалар үйінде өскен Диярбектің ендігі тірлігі де, өткен шағы да қабағат сұмдықтың уысында.
Осынау құланшөлейт маң даладағы кейбір құпия дүниенің жұмбағын шешуідің өзі тым күрделі. Құрғақ қақта судан қақтыққан құландар мен құрдымда қаңғырған жалғыз жарқа адамның жарымбақ санасы, жұпсыз жалғыздық және тылсым құбылыстар тақырыбы қолыңыздағы туындыда түгел жазылған. Сюжеттердің талайы былайғы мән-мағынасымен астасып жатады. Авторы қырағы. Ол, оқырманды нақты оқиғадан гөрі қысылтаяң шақтағы көңіл-күй мен ішкі сезім арқылы оқиғадан оқиғаға қарай жетелейді. Құдды кино – романның желісіндей реңді суретті керемет баяндаулар көзіңнен көшіп жатады.
Әңгіменің (сәуе сөз) өн бойында сауалдар көп. Сауалға арқау болған қасыретті қылықтардың өңменіңді өртеп өтетін өзегінде – тарпаң, тағы құландардың тағдырымен байланысқан жұмбақ елестердің мөрлері бар... Қазақы дүниетанымында кер құландар ежелден бері кез келген ертегілерде еркіндіктің рәмізімен шендеседі. Түз тағысының, қолға бағынбайтын мінезі табиғаттың тарпаңының таңғажайып сырлары шығармада көшпелі қауымның жай-күйін еске салады. Ал «елес» ұғымы өткеннің ізі, адамның ішкі қорқынышы немесе рухани бейсаналық бір белгісіздікпен байланысады. Осы екі образ өзара қосылып, шығармадағы шындық пен қиялдың арасындағы шекараны анық көрсетеді.
Стиль жағынан бұрын-соңды ешкім байқамаған ақ, қара бояудың өліаралық өң түстеріндей. Тіптен ғарыштық атмосфералық түрде өрбитін төтенше эпитафиялық мұңлы баяндар әсерлі және де кіді. Автор көп жағдайды ішкі тылсым мен сезім аясына сыйғызады. Көбінесе ішкі сырды оқырманды ойландыруға қалдырып, кейде әдейі жасырып, мүлде ашық түсіндіріп айтпайды. Осындайда ойлы оқырманның өздері ғана өзіндік ойларымен жағдаяттардың мәнісін қорытады. Осындай ерекшелігі бар дара жазушының «Құлан-елесі» өте құнды еңбек. Расында бұл туынды автордың кәдімгі нақты сюжетке құрылған шығармаларынан да оқшау, жан-жақты жұмбағы мол өзгеше өзгеше өрім.
Ал «Сырлы зерен» – Мәди Айымбетов шығармашылығындағы психологиялық иірімі терең, ішкі бедерлерге бай әңгімелердің тағы бір әсерлісі. Жазушы бұл туындысында адамның ішкі жан дүниесін, сағыныш пен шарқ ұрған рухани ізденісті сезімдерді нәзік суреттейді. Бір шаңырақтың бар билігін ұстаған Дүрия кемпірдің «қарасан келгір-ай!» деген билік райлы, айбарлы ойбайы: «..Шым кесектен соғылған ауланың кетілген тапал дуалына әукесін үйкелеп тұрған қызыл баспақ дарбазаның сырт жағын орай сусылдай, үйіріле соғып көтерілген құйыннан үркіп, құйрығын шаншып, төрт аяғын төрт жаққа салып, тапыраңдай жөнелді...». Оқшау ғана көріністен басталатын сюжеттің шегі (куьминация) шешімнің дамуына апарады. Дүрия кемпірдің мини көрінісін зорайтып, қоғамның жоғарғы деңгейімен шендестіре қарауымызға әбден болады. Әдебиетті терең ұғуға жол ашатын мұндай жанды шығармалардың кең насихатталмай жүргені өкінішті...
Әңгіменің басты ерекшелігі – сыртқы оқиғадан гөрі кейіпкердің ішкі сезімі мен ой толғанысына көбірек мән берілуі. Күйгелек кемпірдің бүткіл үрім-бұтақ бала-шағасының есім, сойларын тізбелеп, қызыл баспақ, соқпалы шайтан құйынды сілелеп айтып күңкілдеп жүруінің өзі бір ерекше сюжет.Бұдан кейін оқырманның өзі оқиғаның соңына түскенін байқамай қалуы мүмкін. Оқыралаған қызыл баспақтың оқыс өліміне шейінгі...
«Зерен» сөзі қазақ ұғымында зерделі, терең, сыр сақтайтын қасиеттермен байланысады. Ал «сырлы» тіркесі шығармадағы зооморфтық сипаттағы тылсымдық пен жұмбақ атмосфераны күшейтеді. Дүрия кемпірдің түсіне енген енесінің қолынан тары салған зерені... Осы түсті өзінше жорыған келінінің: «...үлкен шешеміздің өзіңізге сырлы зеренмен сарқытын ұсынғаны – несібеңіздің таусылмағаны ғой, апатай!...» деген сөзінен оқырманның өзі де үлкен үркінді ойға қалдыратындай лепес. Шығармада адамның өткен өмірге көз жүгіртуі, жүрек түкпіріндегі өкініш пен аңсау, рух пен адам жанының үндестігі, уақыт пен тағдыр мәселесі сияқты философиялық ойлар түрені көрініс табады.
Жазушы Мәди Айымбетовтың байсалды бола тұра туабітті бұрқасындап келетін шебер стиліне тән бұл ерекшелік – кейіпкерлер психологиясын қарапайым тұрмыс көріністерімен астастырып шарықтата беру. Сондықтан әңгімедегі өзгешелік, иірімі шүңетті тылсым сезімдер ерекше әсер қалдырады. Кейбір тұстары нақты сауалды, тура жауап қатудан гөрі оқырманның өз пайымына осы екі факторды да қоса жүктейді. Адамның ең үлкен сыр сандығына жасырған асыл құпиясы – оның өз жан дүниесінің кілті. Сол себепті «Сырлы зерен» оқырманды тек жалаң оқиғаға емес, жақсы ойлануға жетелейді. Қарапайым да ғажайып теңеулер мол: «...Тауық қорадан балапан ҽтештердің бірі қылғына шақырды. Көрші ауладан Сәрсенәлінің көпек иті керіле қыңсылады да, артынша бір-екі рет «маңқ – маңқ» етіп үріп қойды...». Батыстық әдеби стильдерде көп көрінетін осындай бей-жай қимылды көріністердің көкесі көшпенді ауылдың ауыз әдебиетінен басталып, бүгінгі қазақ әдебиетінің корифейлерінің үздік еңбектерінен көреміз. Бүгін әлемді таңдандырып жүрген қытай жаушысы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янь шығармаларында да күлкілі юморлардың түрлі типтік кейіптері бар. Біздегі осы Мәди қатарлы аға жазушылардың жазғандарының иронияларынан соншама асып түсіп жатқандары шамалы.
«Оппозиционер Пайзырахман» – қаламгердің сатиралық комедиялық сарында жазылған сарказмі даңғайыр дара туындысы. Пайзырахман дау кемірген тип, қызық кісі. Бұл шығармада қоғамда ұшқыр әділетшіл болып көрінгісі келетін популист, жадағай риторикашыл кейбіреулер «оппозиционер» болуды көксейді. Қайда бос сөз, дабыра болса соған үн қосатын пенделер шынайы азаматтық ұстанымымен емес, жалаң даңқ, жасанды бедел құрастырып, өзгеден өңге ерекшеленуші саяси өркеуделер-ді. Жақшаның ішіндегі «оппозиционер» сол үшін ғана қоғамда қоздырғыш айқай-шуды дәуріктіріп жүреді. Мәнеш оның отанасы, сабырлы әйел. Оның отағасы Пайзрахман кешегі кеңестік шолақ белсендінің қайта оралған «реинкарнациялық» түрі.Басты кейіпкер – Пайзырахманның түгел өресіз түрі – өзі. Ол жалғыз өзін үнемі билікке қарсы пікір айта алатын, керісінше бәрін сынайтын әккі тілді ауызды opposito ретінде көрсеткісі келеді. Бірақ, оның әрекеттерінен терең саяси көзқарастан гөрі, тайыз даурықпа мінезінен жұртқа «диван батыр» есебінде көрінуі басымырақ. Бірдемеге көзсіз ұмтылысынан абсурдтық кейіптегі ұрыншақтығы мен бейбастақ байбаламы артықша байқалады. Автор осы образ арқылы қоғамдағы жасанды белсенділік пен екіжүзділікті қатты да нақты көркемдеп сынайды. Әділеттілікке – жалған оппозиция; жасанды популизм; атаққұмарлықшыл, ереуілшіл, екіжүзділердің өркенге еш пайдасы жоқтығын шенейді.Сонымен қатар кеңестік үлгідегі қисынсыз басқару тәсілдері мен бүгінгі өзгерістік процестердің қисық тұстарын да меңзейді.Дергешбайдың образына қатысты оқиғаларды өрбітерде юмор мен ирония шебер қолданылады. Кейіпкердің дөрекі сөздері мен дөсөйіл әрекеттері күлкілі көрінгенімен астарында қарапайым қоғамға қатысты ащы шындықтарының беті ашылып жатады. Пайзырахман образы – белгілі бір адамның ғана емес, қоғамда кездесетін өрескел типтік мінезді пенделердің жиынтық бейнесі. Бұл шығарманы талдау үшін әсірелеу де немесе жеңіл детальдарды үймелете беру де қажетсіз.
«Отүйрек-баққұсы» – жазушының табиғат пен адам тағдырын аспандағы құспен астастыра суреттейтін өз бабында әдемі сомдалған әсерлі әңгімелерінің бірегейі. Қызықты. Қырық тоғыз мүшелдегі сарыкідір һәм адамша өмір сүрудің ұстанымы мүлдем өңге, суретші Мүрсәлім мен Астанада тұратын оның әйелі Күнайымның бейнесі мен екеуінің арасындағы дәнекер Арысбектің өмірінің үзік-үзік суреттемелері. Бейуақытта ауласына келіп қонған отүйрек және қалжыңбас татар шал Ғабдрахинің образы. Әйелінің кекесін сөзінен ойына байланған «баққұсы».
Әңгімеде еркіндік, шынайы таланттың тәуелсіз болуы, рухани тазалық идеялары беріледі. «...Ал, әлдкімге тҽуелді болған немесе жақсы өмір сүру жолындағы пенделік ҽрекет- тірлікке мойынсұнған кезден бастап пешенеңе жазылған азды-кҿм талант-қабілет өрлемейді, өледі деген ақиқат...» қағидатын еске салады. Шарын шатқалының сарғыш бояуының түсін осы құстан тапқан суретші Мәди ағаның қаламұшында лекіте «сөйлейді». Бақтың қонары мен ұшарын құс бейнесімен суреттеуі тіпті ғажайып.
Шығарма атауындағы «отүйрек» пен «баққұс» – жай ғана құс атауы емес, қайырымды сәуегей адам сипатындағы образдар. Әңгімеде жиһани зерделі суреткер жазушы бір ғана құс арқылы тұнба табиғаттың жұмбақ үйлесімнің белгісін ғарыштық деңгейге көтереді. Кең аула ішіндегі тылсым көріністің геройлары – суретші Мүрсәлім оның иті «Принц» өзінің соңғы «баққұсы» – отүйректің тағылымды сәйкестіктерін сөз құдыретімен осылайша құлпырта жан бітіріп, жаңаша тірілткен жазушыға таңғалу да аздық етердей.
Әңгімеде жазушы санасындағы табиғаттың тұмса көріністері ерекше маңызды, қалам ұшында қанатты құстың өрен рөл атқаратыны аса жағымды. Автор дала тынысын, құстар әлемін суреттеу, қиялдау арқылы қатысты кейіпкерлердің ішкі сезімін ашады. Оқырманға қанатты ой сыйлайды. Кей тұстарда адам мен табиғаттың аражігінде ешкім байқай бермейтін нәзік байланыстарды байқай алады. Қиялда құстың тағдыры адамның рухани күйімен қатар өрбиді. Туындының ең негізгі идеялары: табиғатты етене тану, аялау; адамның жандүниесі мен рухани әлемін мүсіркеу; еркіндікке ұмтылыс, шоң қимас сәттер; қарапайым өмірдің сықпыттарын ашық қадірлеу; мейірім мен жан тазалығын жете дәріптеуге саяды.
Жазушы Мәди Айымбетовтің тіл байлығы орасан. Бұл шығармада да өте бейнелі әрі поэтикалық сарындары өктем. Оқиғадан гөрі атмосфералық ауқымдағы бұла сезімінің әл қуаты тіптен басым келеді. Сондықтан әңгіме оқырманға терең эмоциялық тамаша әсерлер қалдырады. Автор: «Табиғаттың бұл да бір адам санасына бимәлім тылсым-жұмбағы болар,- деп ойға қалды бір сәт - мүсіркеу мен аяушылық түйсігі, сірә, бұларға да ерекше тән екен-ау. Ғажап!..» дейді. Шығарманың түпкі астарлы психологиялық тұжырымды ойы: «Табиғаттан алыстаған адам рухани жұтаңдай бастайдыға» әкеледі. Солай, келісуге болады. Мінеки: «...Үйірінен қапияда адасып, саяқ қалған аталық сарыала қаз – отүйрек жападан-жалғыз ұзақ ұшты. Қарлы шыңдары заңғар көкке қарай асқақтаған тауларды бетке ұстап, қанаты талғанша ұшты. Бағдары – жылдағы мекені Мыңжылқы шатқалындағы аядай ғана көл еді...»!? Көл аңсаған арман-құстың қаңқылы көз ұшында... Мен бұған ұқсас бір шығарма туралы жазғаным есіме оралады. Американдық аса талантты жазушы Ричард Бахтың «Жонатан Ливингстон есімді шағала» атты аңызға негізделген бір шығармасы бар. Осыған ұқсас Мәди ағаның тосын әрі шебер сомдалған дүниесі оқырманын іздей береді әлі де. Таңғажайып шешімдері мығым, өзгеше өрім. Ең бастысы – уақыт кеңістігі аясындағы пәлсафалық түйіндер.
«Таңкөрік-ақша бұлт» – сезімтал жазушы Мәди Айымбетовтің философиялық әрі мұңды романтикалық немесе трагикалық сипаттағы шығармаларының бірі. Әңгімеде үрейлі тағдыр Бекетші Құбағұлдың 18 жасар баласы Қамалбектің асылып өлген көрінісі мен адам жанының күйзелісті күйі қиындықтармен қатар өріліп, өмірдің өткіншілігі, арман мен үміт мәселелері қозғалады. Фелдьшер қыз Саяның ерсі қылықтарының соңы қасыретке ұласуын өрбітеді.Шығармада басты кейіпкерлердің ішкі толғанысы бірінші межеге бейімделіп құрылады. Тосылдыдағы осы аса маңызды оқиғаның осылайша өрбуімен соңғы оқиғалар тоғысы орын алады. Автор бүгінгі жастардың табиғатында оқыс өзгерістерді адамның көңіл күйімен барынша астастыра суреттейді. Жастар оқитын әдебиеттің беталысы мүмкін бұлайша басталуы дұрыс. Бұлттың бұлаң қозғалысындай көшпелі жас ғұмыр, Беркінтай секілді екінші кейіпкердің жаңа қимылы оның әкесі Әндірбай мен анасы Халиманың психологиялық диологтарынан көп нәрсені аңғаруға болады. Әсіресе Абылхан мен Бабырхан есімді екі кішкене ұлдың көз қырынан байқалатын тосын мінездерді автор тамаша ширата түседі. Осылардың түгелі кейіпкердің жан дүниесіндегі өзгерістердің көркем көрінісіне айналады.
Қарапайым нәзік мұңлы қасыретті өмірдің уақытша сипаты боранда қаңғып жүріп үсіп өлген Мырзақасымның жесірі жиырманеше жасар Таңкөрікке келген Әндірбайдың әңгімесі оқырманның өзін күрделі жағдайға итермелейтін нағыз ащы тауқымет. Автор бұл шығармасында да оқиғаны нақты әрекеттен гөрі ішкі психологиядық сезім мен ой арқылы дамытады. Сондықтан әңгіме лирикалық прозаға емес трагедиялық ауыр симфониялық музыкаға жақын сияқты әсер қалдырады. Автордың тілі бейнелі, поэтикалық жағы тым нәзік те әрі астарлы күймен ары қарай ұласа береді. Бұдан кейінгі Таңкөріктің бейкүнә Беркінтаймен жолығуы. Бей сүйкімді Беркінтаймен өткен тәтті ләззатты сәттер... Соңғы кездесу һәм у-шу, ұланасыр жағдайлар. Таңкөріктің дар астына келіп, қалтыраған қолымен өзіне қол салып дүниеден көшіп бара жатқан мезеті... Құдды осы бір өлім азалы әуен сықылды тылсымға айналып кеткендей.
Шығарманың меңзеуі адам өміріндегі ең қымбат нәрсе – жан тазалығы мен үмітті жоғалтпау, сақтауға саяды. Әңгіме адамның ішкі әлеміне үңілуге жетелейді. Атаудың өзі өтімді көркемдікке құрылған: «Таңкөрік» – таңғы мезетпен, жаңа үмітпен, оянумен байланысты бейсаналық образдың бастауы: «Ақша бұлт» – нәзіктік, өткіншілік, қол жетпес арман немесе сағым іспетті мағына беретін ішкі үдерісті жағдаяттың жай-жапсарының хабаршысы... Адамзаттың ақыл ойын бақылайтын жалғыз жаңа күш – жаңа әдеби шығармалардың үлгісіндей үміт пен күдік тоғысқан әңгіме.
«Арнасаздың көпірі» – Мәди Айымбетовтің метаврестік қарқыны тым жүйрік әмбе тың кеңістікке қарай ұмтылған астары жұпарлы әрі терең шығармаларының бірі. Әңгімеде көпір образы кішкентай ғана арналы да кезі келгенде ағысы долы Тентек өзенінің пішіні арқылы адам тағдыры, уақыт, өткен мен бүгіннің ара байланысын сұлбалап суреттейді. Көне гректік Аркадико тас көпірі (Arkadiko Bridge) секілді көненің көзіндей ауылдың аса аяулы ат көпірі.
Автор бұл туындысында сыртқы оқиғадан гөрі адамның ішкі жан дүниесіне, бір ауылды екі шепке бөлген көпірі туралы толғанысымен өзектеп береді. Көпір – негізгі интерактивті (interact) әрекеті бар дүние! Көпір – өмірдің өткелі оның тірі рәмізнәмесі іспетті. Осы белдеу ағашы сықырлап сынғалы тұрған атам заманғы ескі көпірдің үстімен болашақтың балалары ары-бері өтеді, шұбырып. Құдды адамзаттың өткелінің бөлігіндей. Жаңа әкім келген сайын ескі көпір айтылады, бірақ, ештеңе өзгермейді. Осы көпірдің өміршеңдігін Арнасаздың қырмасақал белсендісі Бәсен секілділер сөз қылады барынша... Тіпті әдейілеп келемеждеп құламайтын «шайтан көпір» деп те атап кеткен. Аңыз көп әйтеуір көпір туралы. Алтайдың арысы Оралхан Бөкейдің атақты шығармасындағы немесе немістердің «О дүниенің есігі» аталатын Дрезден қаласының маңындағы Ракотцбрюке шайтан көпірі.
Енді Тентектің тасқыны құлатып кеткен көпірінің қыңыр әңгімесі белсенді Бәсен мен басшы Саянқұлдың өзара салғыласумен бітпей тұрып пысық «касемсотшы» Бейілжанның есебіне жүгінеді. Күнделікті бос сөз, құрғақ уәденің арасынан тиын сауып жүретіндердің де көзалдына көгала қағаз елестегенін ерекшелейді автор. Арадағы қимылдар мен қысырлы қыңыр сөздердің бәрін жинап бір байламды тәсілдерді елдің жағдайына қарай туралап әкеледі. Шеберлік дегеннің өзін осынау оқиғалар қатарынан көруге болады. Қоғамның кейбір кертартпа былықтары тек қана Тентектің көпірі мен Бейілжанды боқтаған Кесікбайдың керемет сөздерінен де көрініс табады. Өткен мен келешектің, қоғамның тартысы, қиял һәм арман мен шындықтың шалғай арасын жалғайтын бейне ретінде көпір есте қалды. Ал «Арнасаз» атауы шығарманың жұмбақ әрі лирикалық ауанын барынша күшейтеді. Бұл кеңістік тек жағрафиялық қана орын емес, кейіпкердің рухани әлемімен астасқан қимылын көрсететін әңгіменің кілті (коды)тәрізді. ХХІ ғасыр ғарыштық сағым жылдамтықтағы, ғаламтор дәуіріндегі жаңалықтарды жалғастыратынындай жеке адамдардың құлықсаналық жаңғыруына да жақсы жол ашады. Туындыдағы тіл тазалығы, ұмытылмас дәстүрдің сырларын меңзейтін жерлері жетеді.
Жазушының тілдік шеберлігі мен ұшқыр стиліне тән ерекшелік бұл шығармада да айқын байқалады: қызықты баптаулы суреттері мол; ішкі монологтары тете қисынды, қысқасы құндылық болашақ оқырмандар үшін аса маңызды. «Арнасаз көпірі» ауыл өмірінің болашаққа барар бағыты – бір жағадан екінші жаңа жағаға қарай өтетін көпір секілді өткел жол.
Адами болмыстың ақ пен қарасын сипаттап, бейнелеу арқылы қаламгер олардың тартысты тіршілігін, қараулық пен адалдықтың арпалысын әңгімеден гөрі ауқымы кеңірек мына шығармаларында бүкпесіз шындықпен айта біледі. Соның бірі «Алабай-дода» – Мәди Айымбетовтің қоғамдағы қатыгездік, бәсеке және адам мінезіндегі төбелес, итжығыс талас, тартыс туралы жазылған тағылымды дүниесі. Ит өмірдің арсылы мен ырылдасуын астарлап көрсететін «интимді» шығарма... Ит пен иттің таласын жасайтын құмарымпаз жандардың өздері. Әңгімеде алабай иттердің додаға түсуі жазылады. Сол арқылы адамдар арасындағы тартыс пен психологиялық терең қақтығыстар сұлбасы өте сәтті бейнеленеді. Қызылбас төбет – Дүр, қандыбалақ – Атойдың айқасына жанкүйер болушы ит таласының құмарпаздарының қыбы қанады. Жеті қазынаның бірі иттердің қан майданда бірін-бірі аямай сілкілескен қиянкескі майданы өтіп жатады. Үйретілген иттердің ырылы мен адамдардың айтағы жан төзгісіз елеуреген айқайлары естіледі... Итпен ит болып қиқулап отырған Шегірбек ит-төрешінің образы керемет. Ішкі қызғаныш, қызу бәсекелер... Адамдар арасындағы жиі кездесетін ит керістер, талас, тартыс, бет жыртатын қылықтардың түгелі осы ит майданы алаңында көрінетіндей еді. Жазушының бұл шығармасы секілді жазбалар аз емес. Демек оқырман қауым, қалың жұрттың ынтасын бек тартатындары аз емес десек тағы сенімсіз болмақ па?
Адамнан адамгершілік кеткен азғын тұста: иттен – иткершілік іздеудің керегі шамалы сықылды. Өтпелі де соқпалы уақыттың бәрінде азды-көпті тартыстардың таңбасы қалады. Әңгімені логикалық жағынан сәтті жүйелеген еңбекте ұлағатты ұғымдар көп. Өлімші болып таланған төбеттердің жарақатын емдеу кезінде қан саулаған теріге жаққан ащы дәріден қыңсылаған жыртқыштардың аянышты күйі есепке алынбайды. Керісінше иелерінің қалтасына қаржы түссе болғаны. Иттер додасында да бизнестің қарқынды жүруі бар. Туындыны оқығанда қатты сескеніп, абыржып қаласыз. «Бөрітаста жылына екі мәрте өтетін-ді» дейді. Осы ит таласын көрермендер көруге жиналады... Сауалға толы тұңғиық хаосты өрімдердің өзегінде қалың астарлы ақиқат бар. Өктемдіктің көкесін көргендер көбінесе жеңілгеннің жағына шығатынын байқатып алады.Шығармадағы қазақтың атақты алабай иті – жай үй жануары ғана емес берекетті үйелмендердің сенімді серігі. Сібірдің хаскиі, американың булдогі, алманиялықтардың қойшысы, өте атақты питбуллі сықылды өркөкірек өрен күштің, өктемдіктің және табиғи түйсіктің сынға түсе алатын мықтысы. Ал, дода – тек иттер шайқасы емес, қоғамдағы билікке, үстемдікке, бей-берекетсіз беделге таластың көркемделген көрінісі. Осылардың қанды майдандағы жанкештілігін жастардың санасына ескертпе сабақ, табиғи үлгі ретінде астарлап жеткізеді. Автор жануарлардың әрекетін суреттей отырып, адамның да ерсі табиғатын ашады: қайырымсыз қатыгездік, ақшаға ашкөздік, жалған намыс, желеулі жеңіске құмарлық, жалалы жеккөрінішті қолдайтын тобырдың психологиясымен қоса анық көрсетеді.
Хикаятта ақыл иесі дейтін адамдардың айтақты мағынасыз қанды додаға, қазалы қақтығыстарға қызыға қарауын бейнелейді. Үйреншікті айқас ойынға үйір болушылардың көріністерін аса «маңызды» рөлге қосып санамайды. Тек қана қосымша деталь есебінде ғана баяндайды. Бұл көрініс арқылы жазушы қоғамның рухани аштығын, азғындала бастаған жүдеу өзгерістерін меңзейді. Болашақтың қатыгездікке бейімделуін ішқұса ыммен сынға алады.
Негізгі тақырыптағы идеялардың шешіміне: күшті мен әлсіздік; саңылаусыз да ынжық, санасыз адамдардың бойындағы баяғы ескі-құсқы жабайы инстинктінің жұғыны; қоғамдық құлықсанының зәру мәселелері; жабайы капитализмдік бәсеке мен үстемдік, өктемдік; ұлттық рухани құндылықтардың күрт әлсіреуі қатарлы түрлі жағдаяттар қамтылады.
Пайымды прозашының көбінде бір қалыпты да кейде мүлдемге күрделі функционалды стиліне тән ерекшелік – астарлы мағына мен шырқаулы тұспалдамалары. Сырттай қарағанда жануарлардың сыртқы сиқы туралы оқиғалар көрінісі ме, әлде қарапайымдау сияқты көрінгенімен шығармада адами мейірімді зайырлы қоғамының бүркеулі ілік-шатыстарына тура қатысты терең әлеуметтік ойларды жүйелейді. Кейде публицистикалық тәсілді де қолдана алады. «Алабай-дода» хикаяты ойды сезімге образ арқылы баяндайтындығымен айрықша.Шығарманың соңғы тұжырымы мен пәлсафалық мәні жағы да образды түйіндері де өте әсерлі. Айталық, қатыгездікке негізделген бұл бәсекенің мәні туындыда: «адамдық қасиетті қатты азғындатып, болашақ жаңа қоғамды әлсіретеді» деп ескертеді.
Суреткер Айымбетовтің тағы да күрделі амбиваленттілік (аmbivalence) жазбаларының жоталысы – «Тылсым» хикаяты. Бейнелі қос сезімді метафоралы (metaphora) – өтпелі дәуірдегі адамның ішкі жан тынысы һәм таңғажайып нәзік тағдыры, өмірдің құпиясы мен рухани аянышты арпалысын Күнімсаяның аялы толғанысымен бастайды... Жалпылама туындының тұмасы тұнық заузаты өте терең арқалы, ағымы да саф толғақты толғаулы проза. Бұл туындыда жазушы жеке адамның ішкі жан дүниесін, қоршаған орта, қоғамдағы түмен түрлі өзгерістерді және өмірдің мәнін көркем түрде бейнелеуді басты мән ретінде түйеді.
Хикаяның негізгі тақырыбы – хаһ адал Нұрсүйін мен намысы ғаламат Күнімсаяның бар болмысының тылсым сырлары мен тағдыр жолының сұлбасы. «...Жым-жырт түн… Ай уылжыған жап-жарық түн...».
Шым-шытырық оқиғалы жазбаның сұмдық сұрыпталып, таза жасалған кейіпкерлері өмірдің түрлі қиындықтарына тап болады, тұрмыстық тақаршылық, жұмыссыздық. Дейтұрғанмен образдағы кейіпкерлер рухани күрес арқылы өзін танытуға ұмтылатындай тағылымды. Қаланың түксиген түрі шамдары күңгірт көшелерде тұрған бейсауат жігіттердің типтік сұры сұйқыметімен бейнелейді. Автор жадау-жайдақ кезеңдегі жастардың жай-күйін құрлысшылардың жатақханасы мен темір жол керуенсарайының ішіндегі жан-жаққа асыққан жолушылардың тіршілігі арқылы көрсете біледі. Әділдік үшін соққыға жығылған Нұрсүйін. Тоңмойын ақымақ тонаушы Сема лақапты Сембек, шайхана қожасы азбұзылшы Бірмәттің басынған қылығы... Өкінішке орай бұл ащы ақикат.
Жазушы жас отбасының пәтерден пәтерге көшіп сандалып, жалданып жүрер жайы, баспанасыз, жоқшылыққа толы ауыр жағдаяттарын жазады және олардың жайсаң жарқын мінезін, психологиясын және өмірге көзқарасын шынайы суреттейді. Әсіресе адамгершілік, адалдық, мейірім секілді қасиеттері шығарма аясында ерекше көрініс табады. Өмірдің ең тәтті бақыты – сәби сүйген жас ұяның бақытты сәттері де. Нұрсүйіннің қайғылы қазаға ұшыраған қасыретін өтпелі кезеңдегі трагедияның бір бөлігімен шендестіре көрсетуі де өз алдына...
«Тылсымда» өмір мен тағдырдың байланысы, адамның жақсылық пен жамандық арасындағы таңдауы. Жазушы қарапайым адамдардың ішкі қайшылығын, қоғамдағы азғындаған құлықсаналық мәселелерді әсерлі оқиғалар арқылы жеткізеді. Шығармадағы драмалық сарын оқырманды терең ойға жетелейді.
Бұл хикаяның басты ерекшелігі – қазақ жазушысының шұрайлы бай тілінің көркемдігі мен психологиялық нәзіктігін, тереңдігін жете сезінесіз. Автор кейіпкерлердің жан дүниесін шебер суреттеп, оқырмандарды оқуға баулумен қатар осы тақырыпта жазып жүрген жастарды орасан зор ойға қалдырады. «Тылсым» – тек бір адамның тағдыры емес, тұтас бір қоғамның түгел рухани ғұмырдың үнін, бір кезеңнің келбетін бүкпесіз көрсеткен ойлы туынды. Адам өмірінің мәнін, рухани тазалық пен ізгіліктің құндылығын танытатын адамзаттық деңгейдегі шығарма һәм өтпелі кезеңге дейін де кейін де құнын жоғалтпайтын ғақылиятты шығарма.
Әдебиеттің биік те тереңге тамырланған ортасында дара үнді әңгімелерімен, эссе, повесть, романдарымен өзінің тағылыми орнына жайғасқан ойлы жазушы, есімі елге мәлім, асқаралы сексеннің биігіне жеткелі отырған Мәди Айымбетовтей суреткердің көркемдік әлемінің тылсым тұңгиғына мың мәртебе!..
05.06. 2026