Хафиз Хорезми (шын есімі – Абдулрахим) XIV ғасырдың екінші жартысында Хорезмде дүниеге келген....
Сұраған Рахметұлы. Өлең туралы да... поэзия да емес!
Фото: ашық дереккөз
«Көз»
Өлең туралы айтылған, айтылуға тиіс түрлі пайымдаулар бар. Біздің кемшін санамыз байыбына бара алмайтын шытырман, шексіз кеңістік – өлең тұңғиық поэзия! Жаратылыс - бозторғайға берген сиқырлы үнін адамзатқа да берген. Үн һәм мұң түрімен. Ақын – соның лаушы, жеткізушісі ғана. Тәңірдің сыйын санасына қондыру, жырлау кәдесіне еге болу – адамзаттық деңгейдегі күмбір саналы шайырлардың мұраты. Мысалы, ес пен үнарлылық үшінші сызықта бейғажайып бір саф әуен тұрады. Бұл – өлең. Ертегілердің, аңыз, әпсаналық ыңыл – ишараттардың ерек иісінен оны ерекше терең сезінуге болады. Кезінде француздық экзистенциалист ғұлама Мерло - Понти адамның саналы ойлау қабілетінде - «үшінші сызықтың» болуы мүмкін деп пайымдаған. Егер біз сана тартылысындағы санқилы қозғалыстардың ішінен тек өлеңге ғана лайықты бөлігін елеп, екшей алмасақ хайуаннан өзгешелігіміз не!?
Өлең – көктен келетін лағыл ғұмыр және көкпен бірге көкке шапшып өсетін кәміл ғұмыр. Қазақ поэзия әлемі де осы сорапта келе жатыр. Барар жеріміз, жетер биігіміз өте анық. Әлемдік өлшемді бағындыруға қазақ поэзиясының көші бет бұрды. Александр Блоктің сөзімен - «қай сүрлеумен жүрсең де Римге жетесің, өмір – тар шеңбер...».
Қай дәуірде де ақындар «үшінші көзі» ояу оқырманды адастырып кете алмаған. Өлеңнің өмір сүретін жері – озық ойлы оқырманның жүрегі. Өлең – ақынның жеке көзқарасы бола алмайды, болғанда емес. Уақыт, шексіздіктің аражігінде тұратын метақұбылысты соцреализм қисыншылары - идеологиялық көзқарастың тар шеңберінде ұстағысы келді. Егер бейтаным әлем – поэзия болса – оны оңаша қалыптап микро көзқарасқа таңудың керегі жоқ. Дүниеде қаншама түрлі көзқарастар тоғысы тұрса да,тіпті сондай өлеңдер жиынтығы қисапсыз болса да - поэзия үшін ол, тек «деталь» есебінде ғана.
«Сақаулық»
Қазақ поэзиясының күретамыры Кеңестің кендірімен буулы болды. Өркениет тек интернационалді бір тілде ғана тілдесуі керек деген отарлық көзқарас ұлттық көркем әдебиетті құлақтап алған. Ұлттық сана екіге айырылды да оның көркем әдебиетшілердің көп бөлігі - жалқыпартиялық жүйеге қолтырауынның көз жасымен (crocadiletears) өлеңдетіп жағынған. Әдебиеттің көне иррационалдық үрдісінен адасып қалған едік. Майдан тақырыбы жас буынға концлагеризмнің шебінде қаламұшымен мылтық атуды үйретті. Кірпияз ақын аға Қадыр Мырза-Әлі дәл осы сауалға баяғыда жауап берген.
«...Ақтарып көне көріңді,
Аруақтан ұрпақ жерінді,
Алыпқа тұсау салынды,
Халыққа сөгіс берілді.
Көз алдымда апырмай,
тарихым болды тақырдай!
Сүмпиіп қалды фольклор,
Сүзектен тұрған батырдай!
Майдан туралы дәріптеулер ұлттық лириканың қанатын қанға малып, жасанды күлгін бояулы жырлар аласада ұшып жүрді. Ал, батыста әдебиет басқаша, мүлдемге өзгеше өмір сүрді. Тұңғыш рет Америкада әлемдік әуен тілінің падишахы Бахтың қандас інісі Ричард Бахтың – «Жонатан Ливингстон атты шағала» туындысы жарияланғанға дейін уақыт, кеңістік секілді аспани жорамалдан аулақ жүрген жұрт - біртүрлі күрсіністе қалғанын байқаймыз.Теңіз жағалауында құртшабақтарға таласып шулап-шұрқырасып жататын тоғышар шағалалардың арасынан уақыт пен кеңістіктің зауына ұмтылған – «жаңашыл шағала» метағарышқа аттанды!
Қазақ поэзиясы бүгін қадам сайын тазару үстінде. Қазаққа ұлт тұншығып өлмеу үшін жаңа поэзия ауадай қажет. Жаңа поэзия қажет дегеніміз – қазақта поэзия жоқ деген сөз емес. Соңғы кезде тіл туралы шерлер өте көп жазылды. Рас. Бүкпесіз жаза беруге тілектестердің бірімін.Сексенінші жылдардың түгел соңында – ирландиялық Нобель сыйлығының иегері Симус Хини (Seamus Hаеnу) – дің «Терминус» атты өлеңі жарияланған. Тіл құдіреті туралы, оның өжет жанашырлары ұлттың жыртысы, жыры. Ұлы классик Мұхтар Мағауин де дәл сол кезде қазақ жырларының бес ғасырын түгелдей қамтыған жасын ойларын жариялған. Содан кейін түгел поэзияның ішкі мәніне бойлап алдаспан тілмен ақтаратындай сантарапты сараптар әлі де көрінбеуі уәйім. Ойы - мәнге, үні - әуенге жеткен кіші бальмонтизмшілдер де керек бізге!
«Сиамдар»
Жастардың мұңы да – өрім. Үні сыңғыр өршілдер қанат жайып келеді. Қай дәуірдің жастарының үні қаншалықты жерге жетіп, нендей биікті бағындырарына ешкім жіп тағып лақпа сәуегейлік жасай алмасы анық. Қазіргі қазақ жас ақындарының трансцендентальдық ұстанымы күмәнді емес. Үміт бар қалайда. «Сталин өлгенге дейін де, өлгеннен кейін де...» - өрім жастардың түрені болған!? Жас перілердің - өлең жолында «өлермен» болуы жақсы ырым! Алайда өлеңге қойылатын қатаң талаптарды ескермеуге болмайды. Поэзияға жаңа келген дүр жастар үшін ертегі мен аңыздағыдай «ғайыперен, қырық шілтен...» мұратты жағдай жасалмаса да айтарлықтай кедергілер жоқ. Айтарымыз, жас ақындар бара – бара ода жазудың хас шеберіне айналып кетпесе болды.
Жастардың жан-дүниесі толық жабық жүйеде де, жартылай ашық қоғамда да шуақты болатыны хаһи. Жаһанды жалмай бастаған әсіре қалалану, қисапсыз өсіп келе жатқан арамтамақ тұтынушы супер тап, сарқылуға шақ қалған түземдік мәрттікті итеріп тастаған интернет жүйесі қауіп төндіріп тұр. Көршілес Қытайда миллиард оқырман бар. Бұл бек үлкен кеңістік. Кеңестен кейінгі теңдессіз базар. Бір жас ақынның жұқалтаң әрі шымыр жинағының тиражы бір миллионмен ғана басылса - сол ақын тәңертең төсектен тұрғанда бірден жұлдызға айналуы ғажап емес. Соңғы кезде осы Қытайда жас ақындарды шет тілге аударуға қыруар қаржы бөлуде. Қазақ поэзиясында да - «димаштың» болмауы мүмкін бе?!
Есениннің – «сиам егіздері», бүгінгі «қолдан жасалған» - «Қасымдар», кештіктердегі сарыжағал, боямалы шумақтардың ақиелері көбейсе – оқырман оған онша ұмтылмайды, керісінше тез ұмытады. Әлемдік поэзияда қалыптасқан бір үлгілі жаттанды дәстүрді – жалғыз тал жас ақынның жарылысты (outburst) өлеңі өзгерте алады. Ол үшін біз шет тілдеріне уақыт ұттырмай тәржімалануымыз керек. Алайда шынайы тәржімаланатын өлеңдер іріктелсе. Кейбір ақындардың ағылшын тіліне аударылған өлеңдерін көзіміз шалғанда бүткіл қазақтың поэзиясы ұятқа қалғанына ренжисің!?
Поэзияны «шай ішерлік» деңгейдегі тіл сындырғандар аударса оның зардабы көп. Бергісі – өлеңнің сөзі қалып, мағынасы мен бояуы оңып әрі кететіні бар. Сөзді аудару – бір мәселе де, ойды тәржімалау - тіптен бөлек шеберлікті қажет етеді. Келісесіз бе, жоқ па, өз еркіңіз!
«Тұман жыр»
Ақынның көзқарасы – ұлтының көзқарасымен ғана шектелмейді. Менің өлеңдерім енді менікі емес – саналы жұрттың еншісінде. Оны қабылдау, қабылдамау еркіне солар еге. Қысқасы - менің ырқымнан тысқары ұзатылып кеткен із.
Поэзияның өз коді, кілті болатын секілді. «...Жақсылардың кеудесі алтын сандық, кілт болмаса сандықты кім ашады!?» Қазақ – қара өлеңімен «ақындардың кен кеудесін...» кеңге ашып отыр. Біздің мың жылғы тарихымыз осы қара өлеңде тұнып тұр. Өлеңге деген алуан пікірлерді қоғамдық көзқараспен шатастыруға келмейді.
«Өлең былай жазылуы керек...» деген бір ғана қағидат, үлгі стандарт еш жерде жоқ. «...Көктемді қондырып қанатына, құс қайтып келеді Алматыма...» - ұлы Тұманбайдың осы шырқауына нендей пікір айтуға болады!? Либайдың (701-762) – «...гүл құмыра түзулі, құтысымен шарап дүр, мен қызумын, аспанда Ай төгіліп қарап тұр...» Бұған не дейміз!? Тұманбай аға – «...көзімді жұмсам да көрем сені...» дейді!!! Тыныштықбектің лепесімен – «жұпар аңқыған» өлең! Ендеше біз бүгін өзімізді өзіміз бір аударып, төңкеріп қарайтын халге жеттік. Алайда Таң дәуіріндегі Либай мен біздің ұлы Тұманбайдың арасында онша айырмашылық байқалмайды.
«Жендеттер»
Біз бүгінгі әдебиетті кешегіден іздеп жүрміз. Бұл дүние тек кешеден ғана тұрады десек не болмақ? Алдымызда ең керемет «ертең» бар. Кешегі Уильям Шекспирдің ертеңі - бүгінгі «біз» едік. Кешегіде кездескен әдеби тіл, түр екеуі де бүгіннен шалғайда қалды. Жеке талант оның ішкі қуаты да өзгеше. Әдебиеттегі кейбір «тосындық» туралы таластар болып жатса оған да айтылар дәлелдер бар. Ең бастысы – адамзаттың «үш» ғұмырындағы анық даналық туралы ойлануға тура келеді. Айталық, Данте Алигьеридің ішкі күйзелісі Рим дәуірінің таптауырын жолын бұзды. «Құдыретті комедия» туралы айтпаса да болар еді. Демек, поэзияның әуезі мен ішкі кілті - «Тамұқ» өлеңі. Соның аясында аңыздар мен керемет тылсымдар арасында бүгінгі «түйсік» өз орнына отырды. Адамзат өз өркениетіне шиеленіскен тұстағы «құдірет» осы. Мұқағали Мақатаевтің тәржімасында; «...Қаншық бөрі қашып барып, енсе дағы табытқа, Желкесінен сүйреп шығып, қақтайды оны Тамұққа...» деген біт сәтті жолдар есіңізде ме!?
Проза өз заманында шырқай алды. Ал, поэзия әлі де жол айырығында тұр. Қазақ әдебиетінің ақпейіл, аңқаулау оқырмандары үшін Лев Толстой айтарлықтай кері ықпал да келтірді. Толстойды оқыған қырағы оқырман бір түрлі күйік-желік күйге келетінін де іштей сезінуіміз керек еді. Біртүрлі сиыр осырғандай жатырқау сезім пайда болуы да мүмкін...
Шексіз тектіліктің соңындағы «бомж» тірлік. Қырым майданында Қапқаздықтарға қарсы оқ атқан қарақшы!
Осыдан соң 1862 жылы неке құрып 13 балаға әке болған «папа».
Л.Толстой тағылымынан ғаламдық оқырмандар тек өз сиқын көреді. Бірақ, не өзгерді?!
Ол бәріне үлгерді! Рухани ғұмырының аса белсенді тұсында яғни 1863-1877 жылдар арасында «Соғыс және бейбітшілік» (1869), «Анна Каренина» (1877) қатарлы бүткіл дүниені «бүлдірген» жазушының ғұмыры өте өрімдей қызықты емес! Әсіресе бірлі жарым өлеңі болмаса?.. Дүниеде оқырманға ең қатты әсер ететін мағұлым бар. Ол – шығарма желісінде байлаулы тұрған өз сүлдерін тану...
«Ажал кемесі»
Сол тұста сана мен түйсіктің нәзік «майданында» біздің оқырман Дэвид Герберт Лоуренсті (D. H. Lawrence 1885-1930) сезінбеді.
Оның «Түкті жылан»-ы (1926) түсіне де енбегені қайран. Ғажайып туынды, керемет! Жыныстық ойнастың қырлары, пенденің ішкі жан-дүниесінің нәзік қылын шертетін қаламгер. Оның «Чаттерлей бикенің ышқыры» (Lady Chatterley’s Lover) эротикалық романы бір әлем. Соқыр сезім, сүю, күйреудің машақаты. Алайда әйтеуір жыныстық қатынас тек жазушының тәсілі ғана дерлік. Оқырман мүлдемге басқа жүлгені бастан кешеді. Сондай-ақ, Лоуренс төсектің ғана жаршысы емес төселген жыршы. Көп жасамады. Ол небәрі 45 жасында қаза тапты. Соңғы «Ажал кемесі» өлеңі - өшпес құлпытасы.
ОЙ
Ойға батам, шынымен ойға батам,
Баяғы сөз өрімдер,
бойға матаң.
Ойыншықтай оңбайтын ойран емес,
Өзімдегі өлшемім,
сойға да тән.
Жұмбақ үшін болмыспен қарсы келем,
Жұлқынбайды жан-жүйем,
таңсық емен.
Сана деген – мен емес,
елес те емес,
Кіл ғаламның өңі ұқсас тамшыменен.
АЖАЛ КЕМЕСІ
(The Ship of Death)
Күз мезгілі жапырағы зарлаған,
Мәңгілікке ұмытылу,
шексіз сапарға шарла әман.
Қоштасатын, қиыспайтын сәттерің,
Жұмыр жұмыр тамшылардай алмалар,
Өз сабағын жұлқылаған
Жалмаған.
ІІ
Саған жеткен ажалдың ақ кемесін,
Әзірсің бе?
Қашан, қалай жегесің?
Өз, өзіңе келмейтіндей бөгесін,
Жасау үшін жан теріңді
Төгесің.
Озандай ма, өңшең қызыл алмалар,
Ұшып жатыр, түсіп жатыр
қамбаға.
Таңдау деген осы болар ақыры
Өшіп жатыр
Орман, тоғай маң дала.
Ажал иісі, ауадағы табыттар.
О,тәңірім!
Осы маңда ерекше бір шаңыт бар.
Жерде жатқан денелерде еміренген
дыбыстар,
Өзектегі өксіктерде өзгеше бір
уақыт бар.
ІІІ
Біздей қайғы қадалардай жаныңа,
Себелеген батады оқтар
Қаныңа.
Ажал кеме осыларды орап ап,
Саған қарай жететіні
Анық,ә?!
Жоқ, жоқ емес!
Олай айтпа, налыма,
Шақырмайды ажалды адам жалына?!
ІҮ
О, құдырет!
Білетіні, сезетіні өзге оның.
Бақилығың хақында ғой,
төзбедің.
Жандүниең неге мұнша ауырады,
Қылша жаның неткен тәтті,
Өз демің?
Ү
Ажал кемесін айдап, жамайсың оны
оңдасып,
Мәңгілік ұмыт болуға содан жолға шық,
Ескі жаңаның арасы жатса
торласып,
Жаныңды жалмар қара жер деген көрге асық.
Өлі денеңнен өлімсірей ұшқын ұшқанда,
Үрейлі тозақ азуында жаншып
қысқанда,
Баяғы шексіз, аяғы қапас кеңісте,
Ессіз алаулар жалайды тәніңді мысқалдап.
Ажал кемесін ақтап, аярлап тағы түзе де,
Қайырылмас қапас бақиға қарай жүзе бер.
ҮІІ
Біз өліп барамыз, кетіп барамыз қауқарсыз,
Өткен шақтарға қарыштап,
Ажал қайығы желкенін жайып
арқансыз.
Сөнген көңілің ұзайды түпсіз алысқа,
Аздаған мәзір, аруаққа ниет
тұз кермек,
Кеме кетеді кейін ескегін шайқап
ілгерілеп.
Денеңнен ұшып алыстап жаның аулақтап,
Кеме үстінде рухың кетер
бірге ағып,
Ақырзаманың тамұқтың отын лаулатқан,
Кебінді тепкен ағындар қалар
Ырғалып.
Аздаған ниет, кебін мен кермек кере үшін,
Арынды ағында адасқан әруақ,
Келесің
Жоғалған сенім, жойылған ғұмыр кемесі,
Соғылған арман, күйренді күйің,
кеңіске сіңген елесің.
Бұратын беті, тұратын шеті белгісіз,
Қап-қара түпсіз, тұңғиық өңсіз
жел күші.
Басылмас дауыл тулаған долы толқындар,
Қапаспен астас аспаның -
адам сенгісіз.
Алдыңда үрей, маңайың үнсіз қараңғы,
Адасу деген аласапыраны осы
Ғаламның,
Қалқақтап қайық жүзеді бейтаныс бағыт
астында,
денесіз тылсым өңі де өшкен
санаңның.
Денесіз тылсым өзгеге өңі көрінбей,
Алыстап кетті!
Тынысы шексіз ғаламның.
Бағытсыз жаққа беттейді жолсыз жырақтар,
Еш жерде жоқ, ол
Бірақ та.
ҮІІІ
Барлығы сөнді ғайып көзден
Сағымдай,
Кеңіске жұтылды ештеңе қалмай маңыңда.
Тұңғиық қапас түпсіз шыңырау
шытырман,
ұмытылған уақытың қайтты табылмай.
ХІ
Қасіретті рең ұласқан тұтас сұрқыңда,
Тұнжыр ғайыптар, алдамшы жарық
Бір түрлі,ә?
Сызықтар, сымдар көлбеген көкшіл
өрімдер,
қайнасып жатқан бақилық азап сыртыңда.
Елес пе мынау?
Жалқындар жалау ұшқын ба?
Таң атты тағы қара жалындай үскін, ұсқында.
Басқа бейтаныс сезімің қалған шалғайда,
Аяз қариды арқаңды желі ышқынған.
Күтеді аздап тереңге тартқан
құй-күндер,
Мәйіттің күлі секілді қошқыл иірімдер.
Жүзеді сонда қалқақтап
келмес қайығың,
Құп-құла толқын көпіріп ұрып бүйіріңнен.
Бұлдырап мұнар ағады бедер
лайланып,
Кері келердей бәрі айланып!
ХІІ
Ағымдар ағар шыбынын қайта тұрғызып,
Жартасқа тұнған тіршілік сыпаты
бір қызық,
Жеңіл қайықтар жағаға жетті сүрініп,
Өңсіз толқынға жөнсіз ұрғызып.
Жүдеген көңілдер келмеске қарай
бірігіп,
жоғалған өзіңді өзге шақ алған кіргізіп.
Кетер мен өтер тең келіп жүрген алмасып,
Ендігі жаның ерекше үнмен
күрсінбек.
Келместің кемесі анық алмасып!
Жедел жүрісіңмен...
Алға шық!
Бақилық ұмыт болуға тағы жалғасып!
1929-1930-1932 жылдар
«Садист»
ХХ ғасыр толғатып жатқан сәтінде фрацуздар көгінде туған ұлы Шарль Бодлер (1821-1862). Бары, жоғы 38 жылғы от ғұмыр. Дүниедегі поэзияда Бодлерсіз күй (әуез) болмаса керек. Қалалық (кенттік) өркениетті бұдан өзгеше жырлаған ақын бар ма? Ол күллі ғаламға үлгі болған ғазали шәйір. Қала дауысы, шынжырлы жырлардың шебері. Расында көркемдіктің зау биігінде туған адамзаттық отты запыран. Поэзиядағы қайталана бермейтін құбылыс десек ше!? Неге?! Бодлер көбінде адамзаттық үрей мен мұңды қозғады. Оның жазуында жаппай «үрей» жүрді. Данте – «Тамұқ», Бодлер - «Мәйіт». Жалғыз жинағы жарық көрген еді. Өлеріне көрінді. Жинақ «Күнә гүлі» (1857) деп аталған. Осыдан кейін дүниеуи поэзияда «таптауырындық» жойылды. Ол қараңғымен «сырласты». Өлерінен бұрын жұртынан алған жалғыз атағы - «садист»...
...Тақымында бұлқынып албастының,
Үздігетін ентікпе жалғасты үнім.
Күлімсі иісі шауқаттың мүләйім сәт,
Қабырғаға жабысқан қарын астының...
Батыс өз өзегін осылай жалғастыра берді. Өкініштісі біз үнсіз едік. Біздің рухымыз түрмеге қамаулы, өзіміз басыбайлы құл болатынбыз!? Ақыры ол ойыннан да бас тарта аламыз!!! Расында жолымызда көрсетілген сұрау белгілері қазақты нөлге қарай сүйрейтін-ді. Көршілес Жунгода болашақтың санасын бейқасіреттен құтқару, оны дамытуға күш салып барады. Өйтпегенде ХХІ ғасырда тек білімге ғана қол артқан Сингапур алға озып кеткен. Оның жолында біздің «темірмен» қапталған ХХ ғасырымыз шаң қауып қалды.
Мұндайда біздің ойға жалынды ақын Темірхан Медетбектің темір жырлары келеді. Темірханды Бодлермен шатастыруға келмейді. Бірақ, болашақта текті оқырманның санасы Шарльді біздің Темір ақыннан бөліп қарай алмасына да
сенемін!