Сұраған Рахметұлы. Садақтайын серпілген... (өлім елесіндей жырлар)

Ақын Серікбай Әбілмәжінұлының суреті ЖИ арқылы өңделді

ӘДЕБИЕТ
165

«Оқтаулы қалпымда, атылмай...» депті бұла ақын Серікбай Әбілмәжін. Қырық екі деген қырқаның асуынан енді ғана асқанда... Қыршын ғой, бұл ғұмырият. Неше күн бұрын бір жерде жолығып қалыппыз. Қасында дүлдүл ақын ағасы Мұрат Шаймаран бар, Талапбек Тынысбек т.б. бір тобымызбен. Серікбай сол баяғы аңқыл қалпында ағалап жүрді. Құлпырған әруай шуақты еңкіл кейіп. Көз алдымыздан осы бір сүгіреттің анық та күңгірт сұлбасы қалып қояды деп ойладық па?! «Алтайдан» өлеңін енді ғана оқып, біртүрлі өкініп қалдым?! Алтай деген – хақ тауы. Алтайдың ағыны сықылды аңқыл ақын ағып өтті.

...Қоңыр кеш
(мәйхана төрінде)
улатқан шағымда жанымды,
жылт етіп өтеді бір елес,
садақтай серпілтіп тәнімді.

Сол кештің бірінде самарқау,
әзәзіл аптығып келеді.
Әулие қолымен бір шал кеп,
музейдің түбіне көмеді,
жебені!!

Ойпыр-ай, бұл қайран азамат қалай айтқан, ә?! «...Сарыарқаның төріне “садақтай серпіліп...” алтын жебенің сынығы өзінің тұрағының мұрағат төріне мәңгі орнайтынын сезгінгені таңдандырады?!» Пифагор жанның денеден денеге көшіп, қайта туылатынын (реинкарнация) немесе өткен өмірін өзі еске алатыны бар еді ғой?!

Ақ мамық қауырсынның жебе болып атылуы қақындағы елесті жолдар оның соңғы жырларында қалып қойды. Ол «Түс» деген өлеңінде де түсінде өліп қалғанын жазады тағы:

...Анам тұрды жыламай, Әкем де тұр түнеріп,
Тек сүйгенім жылады, басын төмен жіберіп.

Мен өліппін осылай сапар шеккен жолымда,
Туған жердің тұманды картинасы қолымда...

Ақынды осы өлеңінен кейін қалай сәуегей деп ойламассың?! Кім бұл туралы ойланды?! Мүмкін емес – өте күрделі ғұмырият өткен секілді... Әлемнің әйгілі әулие жазушысы Федор Достоевскийдің соңғы ғұмыры туралы оның екінші жұбайы Анна Григорьевна Сниткина (Достоевская) көп нәрсенің бетін ашқаны бар өмірде. Мүмкін, Серікбайдың соңғы ғұмырияты туралы жұбайының ғажайып естелігі де жазылып шығар деген үмітте болайық. Әзірше ауырлық табы сәл арылсын дейік...

Енді оның «Түн» деген өлеңіндегі өте күрделі тауатты (дағуат емес) сарындары да құпия күйінде поэзия әлемінде ұзақ өмір сүретін болады-ау?! Серікбайдың осы өлеңінен аса ауыр рок музыкасының сарыны, саксофонның (saxophone) салқын ыңылы естілгендей. Американың рок-музыканты Лу Рид немесе Льюис Аллан Рид (Lou Reed, 1942-2003) әуендерімен тұншығып естілер үніне ұқсас оқшау күй... Ол тағы да: «...өлім – ұлы тыныштық деп мойындап...» жазады («Үрей» өлеңінде). Қақыратқан жырлардың қасиетті шуағына бөленген ақын Алтайдың арынды өзеніндей ағып өтті. Бұлғынның бұла тумасы... Қайта туар... Иә?!

Алтайдан

Алтайдан адырна тартылып,
қалаға қадалдым қан жебе күйімде.
Ақ мамық қауырсын қанатым жұлынды,
дос түгіл, албасты күйінді.
Зымырап ұшуды ұмыттым,
мені атқан адырна санамда.
Оқталдым сұлуға, қадала қалардай,
оқталдым ашылған толған ай – анарға.
Оқтаулы қалпымда, атылмай содан мен,
музейше меңіреу күйге ендім.
Жесір боп жел, боран қалды да,
жасанды жарықпен үйлендім.

Қоңыр кеш
(мәйхана төрінде)
улатқан шағымда жанымды,
жылт етіп өтеді бір елес,
садақтай серпілтіп тәнімді.

Сол кештің бірінде самарқау,
әзәзіл аптығып келеді.
Әулие қолымен бір шал кеп,
музейдің түбіне көмеді,
жебені!!

Түс

Иә, Құдайым, сен қолдап, медет
беріп жүрмесең,
Төгілетін секілді өмір дейтін бір кесем.

Қан жылаған жүрегім қозғалыстан қуылып,
Өліппін түсімде ұятыма буынып.

Қасапшының қолында жарты қадақ жүрегім,
Құшақтайды ажалды қалтыраған білегім.

Өлім терең болса да, тереңдік жоқ көзімде,
Жұбатып тұр өлеңім көзір салып сезімге.

Бәрінен де дос-жаран қашырады құтымды,
Туған жерде жоқсың деп өлігіме түкірді.

Анам тұрды жыламай, Әкем де тұр түнеріп,
Тек сүйгенім жылады, басын төмен жіберіп.

Мен өліппін осылай сапар шеккен жолымда,
Туған жердің тұманды картинасы қолымда…

Түн

Түпсіздікке тұншықтырып түн мені,
тұнжырайды тылсым бір.
Тоқтап қалды тіршіліктің үндері,
тек мен ғана күрсіндім.

Жабылмаған жанарындай өліктің,
өлімсіреп жұлдыздар.
Жаназасын оқығандай көріктің –
түнгі ызғар.

Ұмыттырып менің тыныш ұйқымды,
отырмын көз ілмей.
Ашып бердім түнге мынау сиқымды,
ал түн тұр көз ілмей.

...Салып көр, қане, қиғылық қырсықтарыңды,
қазірше азатсың.
Көремін, түн, сенің тұншыққаныңды,
таң атсын…

Үрей

Ай маңдайын айғыздаған өлімі,
елес көрдім ажал сүйген еріні.
Жанарында қош-қош айтып өмірі,
құлағында жаңғырыққан көр үні.

Қасіретін жасыра алмай түр-түсі,
адастырып, таба алмаған күлкісін.
Енді мәңгі көре алмайды көктемді,
енді мәңгі қарсы алмайды жыл құсын.

Өлім – ұлы тыныштық деп мойындап,
қуанышы, күрсінісі жойылған.
Естелігі аяқталған сөйлемге
үшеу емес, жалғыз нүкте қойылған.

Өлім елес арбады да мені де,
өмір – шалдың жасырындым жеңіне.
Өлім күйі соңғы елесін әлдилеп,
мына бейбақ кетер болды-ау көріне.

Арылу

Бір сұмдық бар кеудемде жасырынған,
толып кеткен жүрек мұң, басым уға.
Жар да емессің, жат та емес, қарындас та,
дос та емессің сен маған, ғашығым да.

Әйтеу мені қинайсың, күйретесің,
түсіресің бір ғажап күйге тосын.
Шанағынан шашалып шықпай жүрген,
жүрегімді тербетер күй ме екенсің?

Саған айтқым келеді әлденені,
өзім білмес бір сезім әуреледі.
Сонау күнгі арманым жырға айналып,
музам болып қалып па ең әлде менің?!

Сырың тұр ғой, нұрыңды шашпа мұнда,
жетер енді, мұрсат бер басқа мұңға.
Ақшыл бетің ағарып, айға айналып,
тұрып алдың елес боп аспанымда.

 Қаңғыру

Ол өмірде жоқ болатын – оралды,
ол өмірде бар болатын – жоғалды.
Келгені мен кеткенінің арасын
бір қою мұң орады.

Содан бері санам бір сәт тыншымай,
жынды бақсы, жыны қонған жыршыдай.
Ғарыш жаққа ұшып кеткен жалғыздық
қайта оралды, қырсық-ай!!

Тәңіріден тартыншақтап,
тынысым
үзілердей тілім істі, құрысын!!
Суырға ін қазысқандай сүлкиіп,
мынау болды тұрысым.

Ессіздіктен ел бұзылып, ер өліп,
естір құлақ қалмағанда, не делік?
Адвокат етіп жалдап шайтанды,
әзәзілге айтқызғамын төрелік.

Оны қойшы, жоғалғаны орынды,
ымырт шақта мысық кесті жолымды.
Есігімді құлыптаусыз қалдырып,
бағыттарға сілтей салған қолымды...
жүр, кетейік!!

Пессимизм

Мен өлгім келеді,
көзіме көк ала шыбын жиналып,
құлағыма қорғасын құйылып,
тәнімді құмырсқа жеп,
жанымды Жәбірейілдің сыйы қып,
жаназамды қарға оқыса,
жанарымды сауысқан шоқыса.
Миымның орнына аралар дуылдап,
басымда қоңыз жыбырлап.

Сосын қалған денемді аш қасқыр кергілеп,
арлан бөрінің аузында бас терім желбіреп,
жалғастырған сіңірлерім
қасқырларды араздастырып,
қалған ең соңғы қу жілігімді
жемір қожайынның аш иті
азанғы ас қылып,
құрысам өмірден, шіркін!!!

Өлеңдердің авторы Серікбай Әбілмәжін

author

Серікбай Әбілмәжінұлы

АҚЫН

ЖАҢАЛЫҚТАР

2029 жылдың сәуір айында Жерге жақын маңнан шамамен 350 метрлік Апофис астероиды ұшып өтеді. Ол сонш...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада мектеп оқушылары арасында болған жанжал сегізінші сынып оқушысының ауыр жарақат алуымен аяқ...