Театр - мәдениеттің алтын бесігі. Ұлттық театр - ұлттық мәдениеттің алтын қазығы. Театр - тағылым ме...
Тәкен Әлімқұлов. Кертолғау (Дәйекті әңгіме)
Фотосурет ашық дереккөз
Керілген кең даланың үлесіне шығу қиын. Осы дала-ның үстінен қарауыл қараған қаңқалы Қаратау қанша ұзасаң да көз жаздырмайды.
Ежелгі таудың теріскейін ертеден мекен еткен аудан шаруашылықтарының арасы алшақ-алшақ. Бұл аймақ-тың аумағы Бельгияның көлеміне барабар. Былайша айтқанда, кішігірім мемлекеттің жері.
Осы байтақ атырапты бірде жеңіл машинамен, бірде жеңіл самолетпен аралап, шолып шыққан этнограф Боранбаев керекті кісілердің бірсыпырасымен тоғыз жолдың торабында түйісті. Бұған тұз-дәмнің айдауы себеп болды. Аудан орталығында өткен мәжілістен қайтушылар сексен километр жердегі Созақ поселке-сіне қоналқалады. Біразы сонау алысқа таңертеңгі самолетпен ұшпақ. Біразы сонау Ақсүмбе-Сауысқанға кешкілік астан кейін төл машинамен шықпақ. Поселке осы есімдегі совхоздың орталығы, әрі әртүрлі меке-менің түйіскен жері болғандықтан, қоналқалық қарашаңырақ пен отау көп еді. Бірақ бәтуаласып қойғандай, жолаушылар совхоз партия ұйымының секретары Атабек Асылбековтің үйінде бас қосысты.
Көрпе төселген кең бөлмеде жастықты шынтақтап тыныстаған кісілер етене ізет сақтап, біраз тымсы-райысты. Кәдуілгі үйреншікті «сіз-біз» еді. Сөз бағып дағдыланған түздіктердің салқын қалпын үй иесі күтпе-ген әзілмен бұзғанда, жұрт жайдарыланып, әңгіменің тамызығы тұтана бастады. Шындық шіркін шыжымдап шығатын болғандықтан, Таңсықбай Боранбаев сабыр сақтап отыр.
Таңсықбай осы ауданға арагідік айналып соғуға құмар. Қазақтың қара шаңырағы Қаратау деген ұғым миына сіңіп кеткендіктен келгіштей береді, келген сайын тауып жатқан олжасы, ашқан жаңалығы шамалы. Баяғы тарих, баяғы аңыз, баяғы ертегі. Кәрі таудың жан баспас қиясына, мұғал тастарына түскен таңбалар оған бес саусағындай белгілі. Тілі мүкіс шежірені қаужай-қаужай шаршағанда бөгде біреудің отбасы, ошақ бұтында сайраған қазынаға душар боламын деп ойлаған жоқ-ты...
Бұл аймақта этнографтың аңдитыны көбінесе сөз, «сөз сөзден туады» демекші, қысыр кеңестің қозғанынан жалықпайтын әдеті бар. Арнаулы әңгіменің баянына сене бермейтін ол кездейсоқ кеңестен түйсік алады. Сұрауға сараң да, емеурінге жомарт. Байырғы кәсібіне тиісі жоқ жәйттерге келгенде де ол ерқаштылық көрсетпей төзім танытады. Өткен дәуір мен осы мезгілдің ішкі байланысын көзге ілінбес нәзік нәрселерден ұғуға тырысады.
Орталықта бүгін болып өткен аудандық партия комитетінің пленумында мал шаруашылығы жайынан қаралған мәселеге соққанда, қалың ойға кетіп отыр. «Жартытөбе» совхозындағы оқыс жұт туралы әркімнің пікірі әртүрлі болуы неден? Біреулер табиғаттың дүлей күшіне шара жоқ деседі. Біреулер тақыр-тұқыр қыр-қылған қойдың дауылды жаңбырдан ұшып кететінін тілге тиек етіседі. Енді біреулер желдің өтіне орналасқан «Жартытөбенің» жалпы жолы болмайтынын қу тілмен қағытысады. «Қаратаудың баурайында бүтін төбе құрып қалғандай кетікті сағалағаны несі?!» дегенде біреулер кеңкілдесе күледі. Күлкісіз тіршілік жоқ, Таңсықбай да қостап қойды. Осыдан үш-төрт күн бұрын соққан жаңбырлы дауылда шығасыға ұшыраған қыруар қой көшпелі тіршіліктің төркінін ойға оралтады. Ескі шаруашылықтың жаңғырмауын тамырлатуға тырысқан Боранбаевқа отырыстағы бір кісі:
– Самолет ұшырым жердегі оқиғаны біз кайдан білейік? Қайтарда соғасыздар-дағы! – деп кеңкілдеп күлді.
Көңілсіз сөзден кұтылуға асыққандай Атабек:
– Шаруашылықта шарасыз шығасының болатыны рас, ал салғыр-салақтықтың болатыны және рас, – деп жастыққа қисайды. Бұнысы «Осымен бұл әңгіме тамам!» дегені еді. Жұрт тымсырайысқанда, ол:
– Сіздер көрсеткішке ертең кеңседен қанасыздар. Дастарқан басында айтарым: мынау Құлжабай Жанбаев озық шопан. Өзі аудандық партия комитетінің пленум мүшесі. Бұл кісі жалғыз емес, терезесі тең еңбеккерлері, үзеңгі жолдастары «Созақта» баршылық! – деді.
– Олар кімдер?
– Қайсыбірін атайын. Облыстық советтің депутаты Қайырбек Нұрмахамбетов «Созақтың» озық қойшысы, жүз биеден жүз құлын өсірген жылқышы – Сағынтай Қияқбаев, Орман Мараймов, Анарбай Жұмаділовтер де біздің ауылда!
Әңгімеге «Шудың» парторгі Ақшал Мұқанов ара-ласты. Бір қағытарлығы барын танытқысы келгендей:
– Атабек Асылбеков жолдас «Жуантөбеден» «Со-заққа» жуырда ауысты. Аузының салуы бар екен, астағыпыралла, аузының емес-ау, қадамы құтты екен. Қордалы жерге кезікті. Біз пақыр сонау «Шу» совхозында маса-сонаға жем боп жүрміз, – деп еді. Атабек те сөз есесін жібермей:
– Маса-сона құйқалы Шуда бұйым ба екен, тәйірі? – деп лекіте күлді.
Екеуі түйдей құрдас екен. Әзіл-оспақпен біраз жерге барысып қалды. Халық ақындарының айтысы сияқты қағытпа бара-бара асқынып, әңгіме насырға шапты. «Созақ» пен «Шудың» табысы, кемшілігі жіпке тізілді. Сөз шиеленіскен тұста, Атабек Асылбеков:
– Ойнасақ та біраз жерге шапқан екенбіз ғой! – деп әзілге жеңдірді.
Әзілдің аяғы тұңғиық мұңға айналды. Үй қожасының аңысын аңдыған меймандар үнсіз ізетке ауысты. Әлден уақытта ол:
– Кешегі Отан соғысында он жеті дүркін барлауға шығып, жасақты жаудан жиырма жеті «тіл» әкелгенде талай қиыншылықты, талай қатерді бастан кештім. Бораған оқтың астында да әзіл-оспақ қалмайды. Әдет шіркінге амал жоқ қой, – деп, қанмайданның қым-қиғаш оқиғасын баян етіп өтті.
Әр эпизод дербес тақырып тудырардай. «Соғыстың да ләззаты бар» деп Пушкин айтқандай, қаталдық пен қайырымдылық, сыршылдық пен романтика Таңсықбайды қалың ойға шомдырды. Жүйесіз жылдам айтылған шежіреден ұғып қалғаны: Украин жерінде болған оқиғалар, барлаушылардың көзсіз батырлығы тағдыр түйістірген ұлт өкілдерінің – алтайлық Николай Тишиннің, украин Савва Андреевтің, Зейнулла Шаяхметовтың, бурят Андрей Каймаковтың, белорус Иван Боранчуктың – баянды бірлігі. «Кемеге мінгеннің жаны бір». Атабектің әңгімесі әртүрлі елес тудырып, таңсық түйсік қоздырады. Ордені мен медалі он бірге жеткен осынау Атабек Асылбековтің өмір жолы қызықты хиқаядай әсер етеді. Он бірдің екеуі Даңқ ордені. Енді біреу қосылғанда, Совет Одағының Батырына барабар болмақшы. Осының өкінішін Ақшал Мұқанов айтқанда, Атабек өкінішсіз райға көшті.
– Биыл көктемде біздің ауданды аралағанда, теңдес-сіз партизан Қасым Қайсенов: «Мені ер қылған жағдай, туған елдің шындығы!» деді. Осындай турашылдықты Бауыржан Момышұлынан да естуліміз. Олардың қа-сында біз кімнің шікәрасымыз?!
Атабектің кішіпейілділігі жұртқа ұнап отыр. Ішті ықыласты о да ұнатқандай. Бір кезде ол:
– Денсаулықты соғысқа беріп қайттық. Сыртым дүрдей болғанымен іштің дерті қалың, жүрек әлсіз. Сөйте тұра, өмірдің өткен жолын аңсайсың. Жуырда Жамбыл қаласына барып қайттым. Оқыған кезді еске түсіріп, көзге ыстық жерлерді жалғыз араладым. Енді украин даласын аралауға пұрсат болмай жүр. Қысқа жіп күрмеуге келмейді! – деп мұңайып отырып қалды.
...Ішкі толқыныстың шері домбыраға қол соқтырды. Оның күйші екенін Таңсықбай бұрыннан естіген де. Көлденең қолқа салдырмай, жалыныш айтқызбай, ескі серігін толғай бастады.
Әуелі әртүрлі күйдің, әуеннің басын бұтып-шатып, шерсіз шертпені ермек етіп отыр. Құлақ күйіне орайлас ызыңдардың өзі баурап барады. Бірте-бірте Сүгірдің кәнігі күйлеріне ауысты. «Ілмені», «Бозінгенді», «ІІІал-қыманы» тартып шықты. Бұның шертісі Сүгірдің көзі тірі ізбасарларынан – Төлеген Момбековтен, Генерал Асқаровтан, Ергентай Борсабаевтан бөлек. Нарын турағандай майда. Бипыңдаған биязы жібек дыбыстар қоңыр күздің сары желіндей ызыңдап белестің сағымындай, нәзік толқып, титық құртады. Тыңдаушыдан шыбын ұшпас тыныштық тілейді. Көл-денең сыбыр-күбір, оқыс жөтеліс бола қалса, нәшті де нәзік күй үзіліп кететіндей. Сиқырлы, сұлу шертіс кең бөлмеге берекелі тыныштық орнатып, жұртты түгел еліктірді. Осындай бір мезетте Ақшал:
– Бағанағының бәрі жорта шымшу ғой. Дұшпаның кеміте алмас. Япыр-ау, мынау сұқбаттың шырқын қалай бұзамын? Жоқ, біз таңертең аттанады екенбіз? – деді, бусанған ақсары жүзін орамалмен сүртіп жатып.
Бұл ауданда екінің бірі, егіздің сыңары домбыра тартады. Бейтаныс бір кісі Тәттімбеттің, Сүгірдің бір-екі күйін жорта шолды да, домбыраны қайтадан Атабекке ұсынып, «Кертолғауды» тартып беруін өтінді.
– Қонақтар шаршап қалған екен ғой, – деді Атабек.
– Неге үйдедіңіз?
– «Кертолғаудан» кейін күй ойналмайды. Сүкеңнің өзі де осыны өсиет еткен-ді.
Сөз «Кертолғауға» берілді. Домбыра кеш бойындағы кербез китіңнен айрылып, аңырап қоя берді. Булыға екпіндеп басталған күй бірінші тараудың өзінде қырық құбылып, мың бұралып дөңгеленіп тұрып алды. Діңке құртатын дәмді қайрылыс: «Тәри-тәри-тау, тәри-тау, тә-ри-тау-лап» жанды әуез төге бастады. Осы бунақтың өзі таң атқанша жалықтырмайтындай. Бірақ шығарманың аты шығарма. Оның да шамасы, шарқы бар. «Кертолғаудың» екінші тарауы басталғанда күйшінің шебер саусақтары құлдилай жорғалап, екі шекті қат-қабат, алма-кезек шалып, бірде толғай, бірде іле, бірде шымши шертіп, текіректеген дыбыстарды сапырып жіберді. Төрт рет, қайталаулар көкейге еріксіз құйылды. Үшінші тарау алғашқы екеуінен де әсерлі шықты. Булыққан, үйірілген, боздаған дыбыстар бас қосып, бейне бір хормен ән шырқағандай, аңқылдап, аңырап кетті, ІІІанақтың ішінде жатқан сиқыр жыршылар өз тілінде шежіре шертті. Осынау «Кертолғаудан» ұшы-қиырсыз сахараның сан ғасырлық кейпі, сансыз ұрпақтың бастан кешкен тіршілігі, шері, салтанатты көрініс беріп тұрды. Өмірдің өкініші мен уанышы аяусыз әлдиледі. «Кертолғау» кейде сайын сахара шырайындай, кейде шаң тимес саңлақтай, кейде саналы салдай елестеп, әр пенденің арманындай әсер етті. Тіл жеткісіз сұлу дүние көңілдің көзін ашып, ынтық сезімдер туындатты. Біреулер тамсанды, біреулер күрсінді, енді біреулер демін ішіне тартып, сұрланды.
Таңсықбайдың басында қызығу мен қызғаныш сезімі қатар ызың қақты. Біз неге адам түйсігін дәл осы «Кертолғаудай» жеткізе алмаймыз», – деп ойлады ол. – «Толғауы тоқсан қызыл тілдің құдіреті күйден неге кем? Абай не себептен ән шығарған?! Қазақтың музыкасы басым ба, әдебиеті басым ба? Осы алуандас сұрақ, күдік толғаныс көңілден шықпай қойды.
Қарапайым қызметкер Атабек Асылбеков сары майдай сақтаған «Кертолғауды» отардағы малшылар алдында жалықпай тартады. Үгіт пен сауықты қатар жүргізеді. Ет пен терінің арасындағы желіктен пайда болмай, өмірдің ащы, тұщысын көп татқан, ойланған, толғанған кішіпейіл санаткердің жүрегінен шыққан лебіз Атабекті ерекше қадірлі етеді. Сегіз қырлы, бір
сырлы жігіттің ішкі әлемі неше қилы тұспал, сүйсініс, тебіреніс тудырады. Осыны сезінгендей, ол:
– Маған Сүгірдің шәкірті деген атақ жетеді. Ол кісінің саусағында буын жоқ-ты. «Кертолғаудың» өзін қилы-қилы тартушы еді. Менікі – тоғыз тараудың бір нұсқасы, – деп ағынан жарылады.
Осыдан кейінгі әңгіме кілең күй туралы болып кетті. Атабектің айтуынша, Сүгірдің шығармаларын дәл өзіндей етіп орындайтын адам жоқ. Оның өзі көңіл хошына қарай бір күйдің әлденеше нұсқасын жасаған. Күй атаулының тоғыз тараудан тұратыны сондықтан.
...«Жолаушының ақысы жүрсе бітеді». Қонақтардың ерте тұруына тура келді. Ұйқы қанбады. Бірақ көңіл сергек еді. Күн шыға аттанған жолаушыларды шамалы шығарып салған Атабек жол үстінде сыр шертеді. «Біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік құрған» ол өнерден күдер үзбейтінін, сүйекке сіңген құштарлық-тың тарқамайтынын айтады. Совхозда 167 коммунист болса, соның көбісі домбыра дыңылдата біледі. Оқтауды домбыра етіп ән салатындары өз алдына. Күй тыңдамайтын құлақ әсте жоқ. Тіпті үпірмелі-шүпірмелі төл семьяның қолқалайтын сәті де бар. Ол Алматыдан оқта-текте «Кертолғауды» радиодан беретінін қуаныш етсе, алғашқы орындаудың кейбір шала-шарпылығына өкінеді. Күй шіркіннің әсте қайталанбайтынын, шабыт сәтін тілейтінін сыпайы меңзейді.
Атабек Асылбековпен қимай қоштасқан Таңсықбай-лар бірте-бірте ұзап барады. Ұзаған сайын сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ойға оралады. Көп күйдің ішінен «Кертолғау» бөлектене түседі. Жүрек қылын шертетін арманшыл «Кертолғау» аңқылдап қалар емес. Таңсықбай Боранбаев күй құдіретін, оның ішінде көкейтесті «Кертолғаудың» қалтқылы құпиясын осы жолы түсінгендей. Этнографка «Кертолғау» тоғыз тарау жолдың әр тарауын саралап, бір жерден жорта тоғыстырғандай. Саған тарих керек пе, салт-сана, әдет-ғұрып қажет пе, оба болған көне ескерткіштер қажет пе, шежіреділгер ме, баршасы осынау толғауда жатыр. Таңсықбай жапанда бұралаңдаған іздерге түскендей сезінеді. Қанша заман өтсе – өшпейтін, шөп-шалам баспайтын сиқыр іздер осы. Жалықпай жүре берсең талай тарихты таратып сабырлы сыр шертеді. Көңілге шыр, қиялға қуат бітіретін бал лебіздер тым баянды. Бір өкініш сол, Атабек Асылбеков енді ешқашан, еш жерде, еш ортада «Кертолғауды» дәл түндегіше бабына келтіре балбыратып тарта алмайды. Мұңлы көңілдің хошынан оянған сирек сәт қайта оралмайды. Бір есептен, сахара күйшілерінің домбыраны нотасыз тартқаны саңлақтың қамшысына барабар болған ба, қалай?! Белгілі бір күйді дәл бір ырғақта, бір нәште қайталаудың қиындығында өнердің құбылмалы, қыры қыран шабыттың айнымалылығы жатпасын?! Шіркін, дүниеге екі келмес шебер шертістер-ай!
Таңсықбайдың ойына Сүгір оралады. «Кертолғауды» шығарған сабаз! Қысы-жазы киіз үйде көшпелі өмір кешкен баянсыз пенде! Оның тапқан баяны – артында қалған күйлері. Оның ішінде – өте-мөте «Кертолғау». Боранбаев ішінен ыңылдап келе жатыр. Көкірегі «тари-тари-тау, тари-тау-лаған» күмбірлі үнге толып барады...