Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығ...
Үркер түскен — «Үлкен су» (пейзаж)
Фото: ашық дереккөз
465
Жалғызжалдың көкжелкесіне қонған дөңгелек Айдың жиегі салбырап келіп, бозтүймелі көк сарымсақтың сабағына ілініп үлбіреп тұрар-ды. Көкала аршаның алақанына құлаған таршаң көлеңкенің бауырында таңбүрген Бұлғынның тарғыл бұйраты бұйыққан. Жалғызжал сұлап жатқан алып та маңғаз айдаһардай сұсты. Көк жүзіндегі көлбей көшкен көбік бұлттардың арасынан көгендеулі тұрған жеті лақтай тізілген Жетіқарақшы көкпектің уысында жусап, көлбіреп....
Алыста қалған жылдардың алақанындағы ақтық сағыныштың шөкімін жасырып тұнған жанарым: Жалғызжалдың етегімен еңіреп аққан есіл Бұлғынның боз өркеш тасқыны асау.
Алтай тауы алты айырығынан аққан терін бұйраның бұрым бұршағымен орап көбік шашады. Бір бірінің артына міңгескен балапан жөптес тентек ағыстар баяғыша айдаланы көктеп маңып барады... Сала мүйізді сарлықтың сармаң жон бұқасы Кергеноба дейтін кейкі бел, кербез мойнақтың кежегесіне түнеп Айдан аққан сап-салқын тұманды күрт-күрт күйсеп бейқам күйде жататұғын. Зеңгінің бейкейіпті бейнесі бір ерен елес еді жарықтық...

Біздің жайлау - бұлақты Бұлғын сайының басындағы Көлдіашаның асуына тақап барып, жарқа тастарды жастанып, жайғасып көне көк жұртқа жайлаушы еді. Аспандағы жұлдыздар Аюлыашаның қолтығында қол созымда ғана жайнап тұратын-ды. Ақ саңылаулы шуақ шұбырып келіп айдын судың бетіне аялдап тоңмайға күйген күрең нанның реңімен күлдіреп тоңырайып тұратын -ды.
Бұзаудың бадана көзіндей көбесі ақбұйрат жиекті қос көлдің екі ернеуіндегі тел қозыдай қос құзар шыңырау саулық аспанның сала желініне ұмтылып, саулаған уыз іңірді кергілеп еміп, кейде мекіреніп жататұғын.
Жан иесінен өзгені жанына жуытпайтын жатырқауық та басасау көкірек торының қайыс шідерінің өріміне көк жусанның бүрі оралып бүткіл бетегелі беткейді күңірентіп пыр-пырр пысқырып қойып көк құрақтың басын бырт-бырт жұлар-ды. Айдың әппақ нұрына шомылған жануардың айбынды сұрықы бір мейірмен сүгірет. Тот баспайтын алтындай тобылғы торының торғын түнге ораулы мүсіні.
Жайлаудағы абыз қарттарда сол тарпаң торының натурал мінезіндей мүлде намыс-үркек, кейде бұрқ ете қалатын аңыс қиястығы болатұғын. Бірақ, біртүрлі әйгілі дейтін әлдебір шоң тұлғаның деңгейінен де жоғары тұратын қимастық сұлбасы табиғи.

Бойы аласа ғана шілдеде сенсең тымағын шекесіне қисайта киіп жүретін "кіттей" Әбділда деген ақсақал болды. Бойынан ойы он есе биікте тұратын-ды ол кісінің.
Жайлаудың жазира сахнасындағы жалғыз образбен комикс сықылды жалпы сана биігін жасап дара жүретін қайран қарт.
Солай да жаз маусымы мұнартқан маң жайлаудың бүткіл көлемін көмейіне құйып алып маңқ-маңқ үрген барқын төбеттердің алып даңғырға ұқсас дүң-дүң дүмпуі ғажап. Тау жайлаудағы күнгһей, теріскейді жініктіріп табиғаттың төл хор капелласы сықылды осынау барқын төбеттердің дүңк-дүңк күңіренген дауылпазына теңесер маң баритон қайда!?
Әлдеки бір әудем жерден ұшып әр сәтте әдемі әуені сазсырнайға айналып кететұғын біртүрлі таныс сазды дыбыстары көп!?
Мұндай эпикалық симфониялық әуен жаңғырық пен жанданып жаныңа тым жақын сезілер біздің шетін кезген аз қазақтың сүлетті жаз жайлауында ғана бар.
Өңірден өрбіп өндірде өрген өзгеше үн өзге еш жерде жоқ болуы да мүмкін!? Егер зәудеғалам бар болса - ол жерде де көшпенді өркениеттің бір сүлдерлі бүтін жарты бөлігі өмір сүреді деген сөз.
Қорым-қорым сылдыраманың төбесінен төнген қой тастардың арасынан асыға аққан қоңырау бұлақтардың сылдырына үн қосқан мыңғырған олардың ортасында түйелі көш жүзіп барады.
Жайлаудан етекке қарай еңкейген көштің сәні мен салтанаты теңдессіз. Күллі бір керуеннің кеулең үні мен көшке ерген боз тайлақтың боздап қойып тайраңдап бара жататын барақат сүгіретмен керім!
Жайсаң түзді қақ жарған сайын даланың сара жолының бедерімен жүзіп бара жататын алп-алп басып аршындап аяңдаған атан түйелердің табанынан тамшылаған құбай дыбысы қобыз. Қоңсы ауылдардың топ-топ өрген сарлық сиырларының ортасында жар қабақты сүзгілеп айбар шеккен бұқалардың қорқылдаған гүл гобой рок-музыка әуені құлақта қалыпты.
Бүркіттегі іңір
Боз ала сағым бүркенген,
Мұнарлы шіркін жаз Айы,
Бозторғай ұшып, бұлты өрген,
Даланың үні ғажайып.
Көрпедей көңде бүркенген,
Көгенде жусап қозылар.
Көбелеп Көкке тіркелген,
Төбеңнен аққан боз ұлар.
Көлеңді таңды бүркенген,
Бөленген мұнар саялы.
Тапталған жолда бүлкеңдеп,
Тағалы аттың аяңы.
Құс жолын ғана бүркенген,
Іркітке түнеп жаз Айы.
Кірпікке ілген үркер мен,
Бүркіттегі іңір ғажайып.
1998
***
Қарасудың барақат жағасы балаусалы балдырлы байсын. Қалай екенін қайдам әйтеуір шым түбінен шыңыраулап шымырлап шығып, құлдыраңдап ағатын қайран Қарасуды - Қараөткел деп тергеп еңкіл еркелететін-ді.
Бессаланың қос анары, арасандардың арнасы - Шегіртайды 'Үлкен су" дейтін-ді тете телегей ағаларым. Үлкен судың екі жақтағы жар көбесін сүзгілеп, тепкілеп еңкілдей аққан саулық ағын мәңгілік сағынышымыз еді.
Шәркездеу бозжал бестінің тұяғынан шашыраған шәкуірдің ұшқын отындай ұйтқыма құйын мызғау жолды ұйпалап мылжа- мылжасын шығарып өтетін-ді.
Тыныштықбек генийдің кейбір өлең жолындағы кездесетін, ірі де ілкінді тірі тіркестеріндей сезілер: біздің Өткелдің де екпінді ерке өрескел өкпектің өз иісі де, жұпары да осал емес-ті!
Томарлы томпақты өзеннің сағасында тоғысып өткен тағдырлы жандардың толған іздері бар-ды. Жаратылыстану, жер қыртыстарының білгірі даңқты геолог ақын Көксеректің көкжалы Дәлелхан Қайдарұлы, БессаланыңТомас Манны (Tomas Mann) торсық шеке Тойлан ақын, топ-топ арқар мен тауешкілермен бірге өрген Тоқанның баласы Бодаухан ағам туған осы өлкеде. Қайнары тұнық Бортының жағасында Шығыстағы біз үшін Жеймс Жойс секілді бітімі бөлек қияқ мұртты жайсаң сері Жақсыбай ақын ағам туған байтақ.
Мұз желегін бүркенген құз Бүркіттің ұзына көншекті көлеңіне көміліп, қаламұшында өмір кешкен мір тілді Солдатхан Орайхан, шарт мінезді шәркез Қуанған Жұмахан, мәрт мінезді нәркес Құпыр Қабылқақ, өлеңі арт-галерея секілді Зүлкәпіл Мәулет, тегеуірінді оқырман Әбіжат Райхан туған өңір.
Көкбауырдай Көктөбенің көктемгі өкпек желімен үндес көптембрлы баянын өкірте озандатқан өнер оғыландары Бүркітбай Қырықбай мен Қизатхан Қапан тт. тәңіри аңыз ағалар аяқтанған ирам бағы.
Шілденің шіліңгір түс әлетінде Дэлүүндегі "Үлкен судың" салқар көбесі мұнартқан сағым көрпесін айқара жамылушы еді. Мұндай мұнаржай, дала мұражайындай жәннәтти мекен жұмақта ғана болар деп ойлаймыз...
***
Алтайым асқақ таранған,
Аяннан ғана жаралған.
Боз мұнарменен боялған,
Бозала таңмен оянғам.
Маңғазды жайлау тауында,
Масаты кешкем ауылда.
Жылағым келді жауындай,
Жылқының биебауында!
Ақиық қалқып төбемде,
Ақ сауыр шыңдар көк емген.
Қоңыр аң сынды төлі өрген,
Қозы, лақ өрнек көгенде.
Айғырлы үйір шұрқырап,
Аршаның иісі бұрқырап.
Арманым жатыр: жылқыда,
Ақ бұлттың шетін қырқып ап.
Сарағалдақ самал тау гүлі,
Ұмыта алмаспын~ау мұны.
Аяулым мәңгі тау-мұңым,
Анамның шаңқан жаулығы!
1988
Мұқағали туған жер кіндігі Қарасаз, орманды орыс ақыны Русьтің имажингері Сергей Есенинді туғызған ұйығы Рязань, Лев Толстойдың алтын ошағы болған Ясная Поляна сықылды: Теңгір басы телегейті -Текелі, ортасыда орқаш оқшаң - Көксерке, аяғы ақ шарқатты алып Бүркіт шыңы, оңтүстігі Бессаланың тауларымен қоршалған Дэлүүннің Алтын аралы осындай ғажайып,ә!?
Сұраған Рахметұлы