ЗАҢ САЛТАНАТ ҚҰРҒАН ЕЛДЕ ӘДІЛДІК ОРНАЙДЫ

Фото интернеттен

Мемлекет басшысы
655

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қандай заңдарға қол қойды?

«Ханда қырық кісінің ақылы бар» дейді қазақ. Халқымыздың арғы-бергі тарихында ақыл-парасатымен, әділ билігімен ел аузында қалған, өнеге-білігі қалың бұқараның жадынан әлі күнге дейін ұмытылмай келе жатқан атақты хандарымыз аз болмаған. Олардың ел басқарудағы, мемлекеттік жүйені құрудағы және қоғамның тыныс-тіршілігін жаңа заманның ағымына сай қалыптаудағы кемеңгерлігі қазақтың сол кезеңдерде тежеусіз өсіп-өнуіне, жайлы өмір сүруіне тікелей ықпал етті. Өз заманының реформатор билеушілері қоғам өмірінің сипатын жақсартуға, тың жаңашылықтарға және жаңа жетістіктерге жетелеген заңдар шығарды. Солардың қатарында «Есім ханның ескі жолын», «Қасымханның қасқа жолын», Тәуке ханның «Жеті жарғысын», т.б айтуға болады. Одан бөлек, 15 ғасырда өмір сүрген әз-Жәнібек ханның ағайынды адамдардың жеті атаға дейін қыз алысып, қыз берісуіне тыйым салған жарлығының қазақ қоғамы үшін әлі күнге дейін бұлжымас қағидаға айналуы, өміршеңдігі таңғалдырмай қоймайды. Әлбетте, заманына қарай заңдардың да сын-сипаты өзгеретіні түсінікті. Осы мақалада біз бабалар дәстүрінің сабақтастығы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел өмірін жақсартуға, мемлекеттің тұрақтылығын сақтауға бағытталған заңдарына шолу жасамақпыз.

Өткен жылға өкпе жоқ. Еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Мемлекет басшысының өз бастамашыл болған негізгі саяси реформаларды жүзеге асыру аяқталып қалды. Экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту, бизнесті қолдау және монополиядан арылту жұмыстарына айрықша назар аударылды. Әлеуметтік салада қордаланып қалған көптеген мәселелер шешімін таба бастады. Республикамыздың барлық өңірлерінде жаңадан білім ошақтары бой көтеріп, оның ішінде, «жайлы мектептер» салынып жатыр. Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау нысандары көбейді. Әлеуметтік тұрғыдан осал қорғалған азаматтарға кешенді қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер үшін арнайы төлемақылар енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне, олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге байланысты үстемеақы тағайындалды. Мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің, медицина қызметкерлерінің жалақысы артты. Жоғарыда аталған жетістіктердің бәріне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды сәтті жүзеге асыруының арқасында қол жеткізілді.

Мемлекет басшысы 2020 жылы 25 мамыр күні қоғам үшін аса маңызды мәселенің бірі –  бейбіт жиналыстарды өткізу туралы заңға қол қойды. Соған  сәйкес бұдан былай бейбіт жиын үшін әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ, атқарушы органға алдын ала хабар беру жеткілікті. Тек митинг болатын орынды әкімдіктер бекітіп беруі шарт. Одан бөлек, митингке қатысушының өз денсаулығын сақтау үшін жеке қорғаныш құралдарын пайдалануына, бетін бүркемелеуіне рұқсат етілген. Сондай-ақ үкіметтік ғимараттардың алдында бір адамдық пикеттерді өткізуге тыйым салынбаған.

Бейбіт жинынға қатысқан адам әлдебір заң бұзушылық әрекет жасаса, бұл жиналысты тоқтатуға негіз бола алмайды. Орын алған заңсыз әрекеттер жойылса, шеруді әрі қарай жалғастыра беруге рұқсат етілген.

«Атамекен», «Туған жер» деген ұғымдарды қастерлі санайтын қазақ қоғамы үшін Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 13 мамыр күні тағы бір аса маңызды құжатты бекітті, жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл қоғамды алаңдатып отырған өте көкейтесті мәселе болатын. Өйткені қалың көпшіліктің көкейінде жеріміз сырттан келген шетелдіктердің қолжаулығына айналама деген қорқыныш болғаны рас еді. Сондықтан оның халық арасында үлкен дау-дамайға ұласып, ушығып кетпеуіне осы заңның қабылдануы игі әсер етті десек, асыра айтқандық емес. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының бастамасымен ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге жалға беруге және қазақстандықтардың жеке меншігіне беруге мораторий аяқталуына байланысты қабылданды. Аталған заң ауылшаруашылық жерлерін шетелдік азаматтарға, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктердің қатысы бар компанияларға, халықаралық ұйымдар мен ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға сатуға және жалға беруге тыйым салады.

Сондай-ақ, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді пайдалану кезіндегі басқа да  мәселелер бойынша шешімдер дайындау үшін жер реформалары жөніндегі комиссия құрылды. Аталған комиссия отырыстарында қабылданған негізгі шешімдердің бірі – қазақстандықтарға жерді сату туралы мораториді тағы 5 жылға ұзарту болды. Сонымен бірге 49 жылдық мерзімге жалдау құқығын сақтау туралы шешім шығарылды.

Сол жылдың 10 маусымы күні Мемлекет басшысы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Қабылданған заң адвокаттардың іс жүргізу өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған.

Каспий теңізінің биоәртүрлілігін сақтау туралы хаттаманы ратификациялау заңы осы жылдың қазан айында қабылданды. Бұл заң аясында биологиялық әртүрлілікті, экожүйені сақтау және Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын тұрақты пайдалануды қамтамасыз ету мақсат етілген.

Ал 2022 жылдың 22 қыркүйегінде Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды бекітті. Бұған дейін Сенат депутаттары мерекелерге түзетулер пакетін, оның ішінде 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп белгілеу туралы өзгертуді қолдаған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы маусым айында өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңдарға жария түрде қол қойды. Президент референдум нәтижесінде билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыруға, мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашуға мүмкіндік туғанын және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайғанын айтты.

– Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Парламент жан-жақты зерделеп қабылдаған әрбір заңнамалық бастаманың гуманистік және құқық қорғау бағыттары айқын. Заңдағы өзгерістерге сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот өз қызметін бастады. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітілді.

Бас прокуратураның  да құқық қорғау функциясы күшейтілді.  Бұл саланы одан әрі кешенді дамыту мемлекет үшін әрқашан басым бағыт болып қала береді.

Президенттің айтуынша, еліміздің басты байлығы – бұл біздің халқымыз және оның жайлы тұрмысы. Осы орайда жақында Ата заңымызға енгізілген жаңа ережелердің айрықша мәні бар.
– Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет,  – деді Мемлекет басшысы.

Президент әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өтті.

– Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Парламент қабылдаған заңдарда Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалғанын атап өтті. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады.
Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы. 

Былтыр наурыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңға өзгертулер мен түзетулер енгізу туралы заңға қол қойды. Бұның алдында заңды өзгерту туралы бастама көтерген депутаттар заң жобасы судьяларға тәуелсіз болуға көмектеседі, соттың апелляциялық инстанцияда істі толыққанды қарауға құзыретін кеңейтеді деп мәлімдеген. Апелляциялық инстанция қылмыстық және азаматтық істерді бірінші инстанцияға қайтармай, оларды өзі түзете алады. Заң жобасының авторлары мұндай құзырет сот қателігін азайтып, сот үкімдерінің сапасын арттырады деп есептейді.
Сондай-ақ қазан айында Мемлекет басшысы «Қоғамдық бақылау туралы» Заңына қол қойды. Президенттің пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқық бұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.
Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. 

Жыл соңында қабылданған «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның да ел экономикасын өрістетуге, кәсіпкерлікті дамытуға және жергілікті бюджеттің қордалуына тәп-тәуір серпін берді.

Содан соң, санаулы күндерден кейін Мемлекет басшысы қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерді әлеуметтік қорғау туралы заңға қол қойды. Еске сала кетейік, Президент қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында осы мәселені көтеріп, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа жеткенше арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалатынын айтқан болатын. Қара жұмыстан қажыған еңбек адамы үшін бұл да болса үлкен бір демеу болғаны анық.

Күні кеше ғана аяқталған «Бишімбаев соты» телевизиялық драмаға айналып, көпшіліктің наразылығын тудырғаны белгілі. Бейбіт заманда өз отбасы, ошақ қасында туған жұбайының қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың тағдыры қалың бұқараны бейжай қалдыра алмады. Бірақ бұл күні кеше ғана пайда болған проблема емес. Қазақстанда туған-туыстарынан, отбасынан жапа шегіп, шерменде болған жандар аз емес. Осы проблема бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін екі рет – алдымен 2022 жылғы наурызда Қазақстан халқына Жолдауларында, содан кейін 2023 жылғы қыркүйекте жауапкершілікті күшейтуді, заңды қатаңдатуды тапсырған болатын. Соған орай 2024 жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын екі заңға қол қойды. Заң қалың жұртшылыққа «Салтанат заңы» деген атпен белгілі. Заңнамаға енгізілген түзетулер Ұлттық Құрылтайдың, Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның, үкіметтік емес ұйымдардың, омбудсмендердің және басқа да ведомстволардың қатысуымен қоғамдық талқылаудан кейін қабылданды.

Әйелдер мен балаларға қатысты барлық зорлық-зомбылық актілері үшін жауапкершілікті күшейтетін, отбасы институтын нығайтатын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін арттыратын нормалар енгізілді. Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.

Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Сол сияқты 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды, бұл жастарды қорғауға деген үлкен міндеттемені көрсетеді.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті. Сонымен қатар, қоғамдық көлікте 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.

Неке және ерлі-зайыптылық, әке-ана болу мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпы адамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған.

Бұл заң Қазақстанның әлеуметтік әділеттілік пен әйелдер мен балаларды қорғауға деген ұмтылысындағы маңызды қадамды білдіреді.

Сондай-ақ, осыдан бір ай бұрын, 19 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заңға сәйкес, енді ауылға жұмыс істеу үшін баратын медицина қызметкерлеріне ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем беріледі. Бұл 8,5 миллион теңге. Айта кетері, биылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды. Бұл шалғай елді мекендерге барып, жұмыс істеймін деген талапты жан үшін үлкен материалдық қолдау екені сөзсіз. Бұл сапалы медициналық қызметтерге зәру ауыл халқы үшін де, жас мамандар үшін де жасалып жатқан игі қадамдардың бірі екені даусыз.

Сөзімізді қортындылай келе айтпағымыз, жалпы жыл басынан бері Мәжілісте сессия басталғалы 35 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, бизнес жүргізу, жер қойнауын пайдалану,  тәлімгерлік пен балалардың қауіпсіздігі, денсаулыққа зиянды орындарда жұмыс істейтін азаматтарға арнайы төлемақы төлеуге қатысты құжаттар қабылданды. Бүгінде депутаттар қарауында 69 заң жобасы жатыр. Оның үштен бір бөлігіне Мәжіліс депутаттарының өздері бастамашыл болған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бюджет кодексі, тұрғын үй саясаты, ғылым және технологиялық саясат, мемлекеттік сатып алу, тұтынушылардың құқын қорғау, масс-медиа, жылу энергетикасы, адам саудасына қарсы іс-қимыл және халықтың тым көп несие алуын төмендету, басқа да заң жобалары бойынша жұмыстар атқарылуда. 

 

Дәулет АСАУ

журналист

 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...