Амангелді Имановтың қанжары

Ғапбас Саламатов Амангелді батыр сыйлаған қанжармен

МҰРАЖАЙ
481

Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайындағы құнды жәдігерлердің бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі Амангелді Имановқа тиесілі болған қанжар.

1914-18 жылдар аралығында болған 1-ші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алу туралы жарлық шыққаны белгілі.  Осы жарлыққа байланысты көтеріліс туып, тұтас Орта Азияның аумағын қамтыды. Қазақ даласындағы көтерілістің негізгі ошақтарының бірі Торғай даласында орналасты. Торғай өңіріндегі көтерілісшілер Әбдіғапар Жанбосынұлын хан көтеріп, Кенесарының бас батырларының бірі болған Иман батырдың немересі Амангелді Үдербайұлын сардарбектікке сайлаған. 1916 жылы 21 қазан күні қазіргі Жангелдин ауданының көлемінде жатқан Татыр көлінің жағасында жазалаушы отрядтар мен сарбаздар арасында алғашқы шайқас болған. Тарихта Татыр шайқасы деген атпен қалған сол шайқаста 21 жастағы Ғапбас Саламатұлы атты жас сарбаз жазалаушы отрядтың барлаушысын атып жығып, өзінің ерлігімен көзге түседі. Ғапбастың осы ерлігіне риза болған Амангелді батыр оған өзінің қанжарын сыйға берген. Ғапбастың ҚР президент мұрағатының қорында сақтаулы тұрған (ҚР ПМ. 81-Қ. 6-Т. 116- іс, 29-38 б) Татыр шайқасы жайлы естелігі 1998 жылы шыққан «Қаһарлы 1916 жыл» атты құжаттар мен материалдар жинағының 2-ші томында жарық көрді («Қаһарлы 1916 жыл», Алматы: «Қазақстан», 1997. 2.Т. – 1998. 95-104 бб). Сол Татыр шайқасынан бастап көзге түскен Ғапбас азамат соғысы жылдарында да әскери іс-қимылдарға белсене араласып, өлкеде бейбіт ғұмыр орнағаннан кейінгі кезеңде халық соты, болыстық кеңестің төрағасы секілді жауапты қызметтерді атқарған. 1972 жылы Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы мұражайы ашылғанда Ғапбас Амангелді сыйға тартқан қанжарды осы мұражайға тапсырған (1972 жыл, 14 қыркүйек). Қанжарды мұражайдың сол уақыттағы басшысы Таңатқан Рысаев қабылдап алған (№14 акт).

Мұражайдағы қүнды жәдігерлердің бірі саналатын қанжар Златоуст қару-жарақ зауытында 1863 жылы жасалған. Қанжар екі жүзді. Болаттан жасалып, сабы жезден құйылған.  Қанжардың сабында жасалған жылы (1863)  мен екі басты самұрық бейнеленген таңбасы бар. Қанжардың ұзындығы – 64 см (жүзі – 49 см, сабы – 15 см). Жүзінің ені – 4 см. Қанжардың жеке салмағы – 1030 гр. Қынымен бірге – 1355 гр. Қынының түбіндегі метал бөлігі түсіп қалған. Қынның бауы қолдан тағылған.

Мұндай қанжарлар 1848 жылы Ресей империясының Кавказ корпусындағы қару үлгісі ретінде қабылданған. 1855 жылдан бастап 1868 жылға дейінгі аралықта жаяу әскер құрамындағы артилерия мен саперларға арналған 1834 жылғы үлгідегі қанжарларды алмастырды. 1880 жылдан бастап міндетті әскери қару-жарақ құрамынан шығарылды. 1890 жылдан бастап әскери училищеде білім алушыларда қолданыста болған. 1907 жылдан бастап Паж корпусында әскери кезекшілік пен демалыс кезінде тағып жүруге рұқсат берілген.

Бұл қанжардың Амангелді Имановтың қолына қалай түскені белгісіз. Ғапбас Саламатовқа қалай келгенін жоғарыда баян еттік. Бүгінгі күні біздің мұражайымыздың құнды жәдігерлерінің бірі.

Батырлан Сағынтаев

ЖАҢАЛЫҚТАР

Сот бес жасар қызды зорлады деген айып тағылған БҚО тұрғынына қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жаралан...