Алматы қаласында халқымыздың қымбат мұрасы мен асыл қазынасын дәріптейтін ерекше музей бар. Ықылас Д...
Алтын залы
Алтын залы музейге келушілерді ел аумағынан табылған құнды жәдігерлермен таныстыратын киелі орын.
Алтын залындағы көрме «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында табылған алтын және бағалы металдардан жасалған бірегей экспонаттармен жыл сайын толықтырылып отырады.
Көрме экспозициясы қола дәуірінің алтын әшекейлерімен бірге ғасырлар сабақтастығын жалғастырған Алтын Орда кезеңіне дейінгі құндылықтарды да қамтиды. Алтын әшекейлердің басым бөлігі сақ заманының әшекей бұйымдарынан құралады.
Алтын залы екі бөлімнен тұрады. Ерте темір дәуіріндегі көшпелі сақ тайпаларының мәдениет ошақтарын танып-білуде,сақтардың дүниетанымы мен олардың қоршаған ортасын, таным әлемін эстетикалық түрде қабылдаудың жарқын көрінісін беретін ғылымда «сақ үштігі» аталған бұйымдар, оның ішінде аң стилінде жасалған ат әбзелдері, түрлі қару-жарақ, тұрмыстық бұйымдар бар.Көрмедегі жәдігерлердің барлығы сақ обаларынан табылған.
Зал экспозициясында Бәйгетөбе патша қорғаны және атақты Есікқорымының кішірейтілген макеттері көрсетілген.
Алтын залында Шығыс Қазақстандағы Майемер обасынан табылған алтын сырға сияқты раритеттер, Қарағанды облысы аумағындағы Талды-2 (б.з.д. VII-VI ғғ.) қорымынынан табылған «Алтын адам» киімінің 200-ден астам бөлшегі түрінде ұсынылған. Олардың арасында балық қабыршағына ұқсас әшекейлер 18, ал тағы бір түрі 20 мыңнан асады.
Музей көрмесіне Жалаулы және Қарғалы көмбелерінен алынған бірегей ежелгі алтын бұйымдар дақойылған.
Экспозицияның басты жәдігері – «Есік» қорымы обаларының бірінен табылған «Алтын адам». Обадан табылған 4 мыңнан астам алтын әшекейлер – құю, қалыптау, ойып бедерлеу техникаларымен жасалған.Алтын бұйымдардың жасалу, өңделу сапасына қарап, ғалымдар көшпелілердің әшекейлерін әлемдік деңгейдегі үлгілер қатарына қосады.
Ең соңғы «Алтын адам» – сармат әйелі – Батыс Қазақстандағы Тақсай-1 кешенінен табылды және ол ежелгі скифтердің байлығы мен күш-қуатын бейнелейтін археологтардың ең ғажайып олжаларының бірі болып бағаланды.
Күрделі архитектуралық құрылысы бар Шілікті қорымындағы Бәйгетөбе обасына көрмеден ерекше орын берілген. Обаның ірі көлемді болуы мұнда жерленген адамның қоғамда өте жоғары мәртебеге ие болғандығын дәлелдейді. Обаның тоналғанына қарамастан, бұл жерден құнды мағлұмат берер бағалы материалдар – киімге арналған 4 мыңнан астам әшекейлер табылған. Мұндағы ірі алтын бұйымдар саны 360 дананы құрайды.
Зал экспозициясындағы Сегізсайдан (Лебедевка) табылған савромат-сармат тайпаларының алтын әшекейлері, Көкмарданнан, Шәуілдірден табылған орта ғасыр дәуірінің алтын бұйымдары, Қарақыстақ обасынан, Шеңгелді елдімекені жанынан және түркілердің ғұрыптық кешені - Сарыкөлден табылған алтын әшекейлер көрерменнің қызығушылығын тудыратыны анық.
Әрбір табылған зат Қазақстанның тарихын терең түсінуге, кейбір тарихи оқиғалар мен үрдістерді жан-жақты білуге септігін тигізе отырып, ел тарихына деген қызығушылық пен құрмет сезімін оятады.