Ақсуат тарихи-өлкетану музейінің ашылғанына 30 жыл

МУЗЕЙ
6143

Биылғы жылдың 18 мамырында Ақсуат тарихи-өлкетану музейінің (Абай облысы Ақсуат ауданы) ашылғанына 30 жыл толып отыр. 

Ақсуат тарихи-өлкетану музейі, Семей облыстық Мәдениет басқармасының ұсынысымен Қазақ ССР-і Мәдениет министрлігінің 1986 жылғы 17 желтоқсандағы № 385 бұйрығы негізінде Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақсуат аудандық бөлімі болып құрылған болатын. Мемлекеттік қолдаумен шаңырақ көтерген жаңа музей ісі қолған алынып, нақты жобаларды ұйымдастыру жұмысы қарқын алды. Мұражай меңгерушілігіне мәдениет қызметкері Қонысбек Ақжасар тағайындалды. 

Осы кезеңде Семей облыстық мәдениет басқармасының бастығы Мәулімғазы Омарханұлы Мәсәлімовтың тікелей қамқорлығымен, облыстық тарихи-өлкетану музейі ұжымынан құрылған бастамшы топ кызметкерлерінің әдістемелік көмегімен өрге басты. Қонысбек Ақжасар музейдің ғылыми тұжырымдамасын, тақырыптық-құрылымдық жоспарын жазды. Өлке тарихы бойынша зерттеулер жүргізіліп, жинақтау жұмыстары атқарылды. 

Музейдің ұйымдастыру кезеңі алты жыл яғни, 1987-1993 жылдар аралығында жүргізілді. Бұл кезеңде мұражай иелігіне берілген ғимарат қайта жаңғыртылып, шығыс үлгісіндегі сәулеттік жобасына сай абаттандырылып, ұйымдастырылу кезеңінде оның алғышарты болатын тарихи-мәдени құндылықтарды жинақтау ісі кеңінен жүргізілді. Қонысбек Ақжасардың Қазақстан республикасы Ұлттық ғылыми академиясының сирек қолжазбалар бөлімінде, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде, Омбы және Томбы мемлекеттік архивтерінде, Семей, Өскемен, Зайсан архив және музей қорларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Ақсуат тарихына байланысты құжаттар алынды. 

Ғылыми-зерттеу, жинақтау жұмыстарымен қатар, музей басшылығының алдында музей экспозициясын құру міндеті тұрды. Арнайы жоба негізінде оны республикалық «Заман-Ту» мамандандырылған кәсіпорынның Бердәлі Көшербаев басқарған суретшілер тобы жүзеге асырды. 

Музейдің ашылу салтанаты 1993 жылы 18 мамырда Халықаралық музейлер күні жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өтті. 

1997 жылы республикадағы әкімішілік-территориялық өзгерістерге байланысты ірілендірілген Тарбағатай ауданының музейі, 2005 жылы Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының «Тарбағатай тарихи-өлкетану музейі» болып қайта құрылды. 2022 жылы Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Ақсуат тарихи-өлкетану музей» болып қайта құрылды.

Музей шығыс сәулет үлгісіндегі жеке ғимаратқа орналасқан, көлемі 636,5 ш/м, оның 500 ш/м алаңында тұрақты экспозиция орналасқан. Музейдің тұрақты экспозициясы кіріспе, табиғат залы, көне дәуір залы, қазіргі заман залы. Үш бөлімнен тұратын музей экспозициясы аудан табиғатының жалпы мінездемесі, өлкедегі мекен еткен халықтың тарихы және ауданның құрылуы кезеңінен бүгінгі уақытқа дейінгі аралықтағы тарихынан мазмұнды танымдылық мәлімет беріледі.

Осы жылдары музей ұжымы аудан тұрғындарының рухани қажеттерін қанағаттандыруға, мәдени-тарихи құндылықтарды танып білуге, мәдени-ағарту қызметінің жоғарғы дәрежесіне жетуге, көрермендермен байланысты кеңейтуге зор көніл бөліп отыр. Тарбағатай тарихи-өлкетану музейіндегі ғылыми- зерттеу және жинақтау жұмыстарының негізін өлке тарихына қатысты зерделеу, жинақтау, насихаттау жұмыстары құрайды. Өлкетану ісі бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстары мұражайдың тарихи-мәдени құндылықтарын молайтып, ғылыми қоры мен тұрақты құрылымын байытуға негізделіп жүргізілді. Қазіргі уақытта музей қоры 5760 сақтам бірлігін құрайды. 

2009 жылы Қонысбек Ақжасардың бастамасымен музей ғимараты қайта жаңғыртылып, күмбез орнатылды. 2011 жылы осы күмбездің ішкі алаңына көрме орталығы жасалынды. Көрме залында музей қорындағы рухани құндылықтар негізінде тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады. 

Өлкетанудың ғылыми танымдылығы мен тәрбиелік маңызының насихатталуы бағытында мәдени-ағарту жұмыстары жүргізіледі. Музей қызметкерлері жүргізген тақырыптық экскурсиялар, кездесулер, дөңгелек үстел, дәрістер – мәдени іс-шаралардың негізгі құрамдас бөліктері.

Музейден тыс атқарылатын жұмыстардың көлемді жобаларының бірі Төлегетай кесенесінің жаңғыртылуы болды. Ізгілікті істін ұйымдастырушысы Қ.С.Ақжасар 2000 жылы Қызылорда облысындағы көне кесенеге ғылыми-зерттеу іссапарынан кейін қайта жаңғырту мәселесін көтерді. Өз құрылтайшылығымен «Төлегетай ұрпақтары» қорын құрып еліміздегі ұрпақтарынан зор қолдау тапты.Ұлы баба Төлегетай кесенесін көне түп нұсқаға сәйкес қайта жаңғырту мақсатында белгілі академик-сәулетші Бек Әнуарбекұлы Ыбыраевтың жобасы толыққанды жүзеге асырылып, ұлттық үлгідегі дәстүрлі келбетін айқындаған тарихи-сәулеттік кешенге айналдырылды. Жоба жетекшісі Қонысбек Ақжасардың ұсынысымен кесене тағаны сегіз сандық үлгіге келтіріліп, қасбетіне сегіз қырлы сегіз сынтас орнату жобаланды. Бұл сәулет өнері нышандары Найман елінің ежелгі сегіз ру елден құралған деген ұғымға негізделген. Қайта жаңғырған көне кесене жобасы аса шебер қолтаңбамен айшықталып жүзеге асырылды. Қос күмбезді, төрт мұнараны, сегіз сынтасты сәулеттік кешен жаңа заманғы ұлттық дәстүрлі үлгімен Сыр бойында қайта жаңғыртып, бой көтерді.

Толегетай-Кылышты ата кешены

2011 ж. музей ұжымы ҚР Мәдениет министрлігінің Қазақстан Республикасы музей ісін дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін Құрмет Грамотасымен марапатталды. 

Түйін сөз

Ақсуат тарихи-өлкетану музейінің міндеті –зерттеу жұмыстары, ғылыми қорыды тарихи құнды жәдігерлермен торлықтыру, оларды сақтау және насихаттау. Ұлы оқиғалар ұлағаттарының тәлім-тәрбиесін танымдылықпен жеткізу, құрметпен тағзым етуге шақыру, өмірлік үлгі-өнеге алуға бейімдеу – мұражайдың басты ұстаным қағидасы. Даму баспалдақтарымен кемелдік кемерін кеңейту мен руханият биігіне ұмтылу  Тарбағатай тарихи – өлкетану мұражайының өмірлік мұраттары. 

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...