Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізі 1931 жылы тамыз айында қаланып, 1940 жылдары соңы...
Д.А. Қонаев музейі
Д.А. Қонаев музейі 2002 жылдың қаңтар айының 12 күні Д.А.Қонаевтың 90 жасқа толуына байланысты музей салтанатты түрде ашылды. Одан бері де он жылдан астам уақыт өтіп, музей бұл күндері көрермендердің көзайымына айналып, жастарға патриоттық тәрбие беруде игілікті істерді жүзеге асырып келеді.
Д.А. Қонаев мұражайы екі экспозициялық залдан тұрады. Бірінші экспозициялық зал Д.А.Қонаевтың «Балалық шағы мен студенттік кездері және еңбек жолының басталуы», екінші экспозициялық зал «Д.А.Қонаев саяси және қоғам қайраткер» тақырыбын қамтиды. Мұражай қорында 3 мыңға жуық жәдігер жинақталған.
Дінмұхамед Ахметұлының қызметте өсу баспалдақтары мен қоғам қайраткері ретінде қалыптасу жолы жайлы осы деректер мен тарихи мағлұматтар музейде сақтаулы.
Д.А. Қонаевтың музейі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдық мерейтойының құрметіне 2012 жылдың 12 қаңтардан бастап«Д.А. Қонаевтың мемориалды пәтер-музейі» көрермендерге есігін ашты. Бұл музей Кеңес үкіметінің кезінде Алматыдағы сәулеттілік жағынан ерекше дараланатын үйлердің бірі болатын. Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың 1969 жылдан 1993 жыл аралығына дейін тұрған бұл үйі архитекторлар М.Т.Трофимов пен Б.В.Дмитриевскидің жобасы бойынша салынған болатын. Ол М.Төлебаев көшесінің бойында, Қарасай батыр көшесі қиылысында (бұрынғы Виноградов көшесі) орналасқан. М. Төлебаев көшесіндегі үйлер елімізге есімдері әйгілі өкіметтік адамдар үшін арнайы жобамен салынған.
Дінмұхамед Ахметұлы тұрған бұл үй 1969 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша салынып, 9 тұрғын үй пәтеріне арналды. Оның біреуінде, яғни № 5 пәтерде Д.А.Қонаев өмірінің соңғы кезіне дейін тұрған. Сондықтан да бұл барша қазақ халқы үшін, сондай-ақ Д.А. Қонаевты білетін барша халықтар үшін әрқашан да ыстық көрінеді, мақтан тұтады. Сондай-ақ бұл үйдің алғашқы тұрғындары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров, Орта Азия әскери округы соғыс-әскери күштерінің қолбасшысы Андреев, округтың бас қолбасшысы Лященко, қолбасшының бірінші орынбасары Ганиев, саяси басқарманың бастығы Максимов, сауда министрі С.С. Жиенбаевтар болды.
Бұл төрт бөлмелі пәтердің төбесі мен қабырғалары сол кездегі құрылыс мәнерімен, мәселен Крижановскийдің, Кировтың, тағы басқа да Кеңес үкіметі басшыларының мемориалдық музей үйлерінің үлгісінде жасалған
Музей-үйінің мұрағатында 5 мыңнан астам кітаптар бар, оның көпшілігі Кеңес үкіметі кезіндегі алуан түрлі басылымдар. Олардың арасында кейбіреуі Еуропа баспаларында басылған және кеңестік кезеңдегі кітап сөрелерінен кездеспейтін басылымдар. Д.А. Қонаев музейінің негізгі мемориалдық бөлігінде оның тарихи-өмірбаяндық деректеріне сәйкес әрбір заттар хранологиялық және тарихи негізде орналастырылған. Музейдың бай қазынасымен таныстық өткен ғасырдың 70–80 жылдарында Дінмұхамед Ахметұлының өзінің жинаған жеке бай кітапханасынан басталады.
Өткен ғасырға өшпес із қалдырып, «Ғасыр саңлағы» атанған ұлы тұлғаның 100 жылдығын барша халқымыз қуанышпен атап өтті. Республикамыздың түкпір-түкпірінен Д.А. Қонаевты еске алу кештері, халқымыздың біртуар ұлының өмір баяны қоғам қайраткері ретіндегі қызметі, адамгершілік керемет қасиеттерін насихаттау рәсімдері жалғасып келеді. Музей қызметкерлері де Д.А. Қонаевтың ұлылығын ұлыстауға алдағы уақытта да шығармашылық еңбектерін жалғастыра береді.