Өзге аймақтардағыдай, Павлодар облысында да карантин жағдайы әр саланың дамуына өз «түзетулері...
Мәлік Ғабдуллин музейі
Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткерi Мәлiк Ғабдуллин мұражайы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 07.05.1993 жылға қарасты № 465 қаулысына сәйкес және 1995 жылдың 4-қыркүйегiне қарасты № 1-39 Көкшетау облысы әкiмiнiң жарлығына байланысты Батыр атамыздың 80-жылдығына орай ашылды.
2004 жылы 116 жыл болған мұражайдың ескi ғимараты пайдалануға жарамсыз деп танылды. Ақмола облысы әкiмдiгi мұражай ғимаратын қайта салу жөнiнде шешiм қабылдады.
2005 жылдың 19 тамызында жаңа мұражайдың салтанатты түрде ашылуына сол кезде Ақмола облысында қызмет бабымен iс-сапарда болған Республикамыздың Президентi Н.Ә.Назарбаев қатысты. Елбасы М.Ғабдуллин ескерткiшiне гүл шоқтарын қойып, Батыр аруағына тағзым еттi.
«Мәлiк Ғабдуллин музейi» МКМ қызметiнiң негiзгi мақсаты — Кеңес Одағының Батыры, академик, қоғам қайраткерi М.Ғабдуллиннiң тұлғасы арқылы өскелең ұрпаққа Отан қорғау жауапкершiлiгiн ұқтыру, батыр бабаларымыздың ерлiк дәстүрiн насихаттау, этнопедагогикалық бағыттағы насихат жұмыстарын жандандыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизмдi қалыптастыру.
Музейдiң кiрiспе бөлiмiнде Мәлiк Ғабдуллиннiң ата-тегi көрсетiлген шежiре және туған жерi — Ақмола обдысы Зерендi ауданына қарасты Қойсалған ауылы көрсетiлген диорама мен М.Ғабдуллиннiң кеудемүсiнi орын алған.
Мұражай 5 экспозициялық залдан тұрады.
1. «Ауылым-алтын бесiгiм». Алғашқы залда М.Ғабудллиннiң балалық шағына байланысты тұрмыстық заттар, портреттер, туыстарының суреттерi қойылған. Әкесi Ғабдолла Елемесұлының жеке заттары: 1892 жылы Меккеден әкелiнген қара жабу, құран кiтабы, 1908 ж. Қазан қаласында басылған “Мұхамедия” кiтабы ерекше құнды.
2. «Өмiрдiң өрiне өрлеп, шыңына шыққан» атты екiншi залда М.Ғабдуллиннiң мектеп өмiрi, ҚазПИ-да оқығаны, Қазақстанның көрнектi жазушылары, бiлiм қайраткерлерi туралы материалдар және ҚР Мемлекеттiк архивiнен алынған жаңа материалдар қойылған.
3. «Елi үшiн, халқы үшiн туған Мәлiк». Соғыс тақырыбына арналған бұл залда панфиловшылардың Москваны қорғауда көрсеткен ерлiктерi көрсетiлген диорама және М.Ғабдуллиннiң Ұлы Отан соғысында Панфилов дивизиясында автоматшылар ротасының саяси жетекшiсi, кейiн КСРО Қорғаныс Министрлiгi Саяси Бас Басқармасында үгiт-насихат бөлiмiнiң бастығы болып iстегенi жөнiнде материалдар қойылған.
4. «Көкiректе сөнбейтiн мәңгi жарық». Бұл залда: ғалымның әдеби, ғылыми еңбектерi, соғыстан кейiн алған марапаттары мен жеке құжаттары: паспорты, еңбек кiтапшасы, қызметтiк куәлiгi, И.В.Сталиндi жерлеу рәсiмiне қатысқандағы пропускасы және филология ғылымдарының кандидаты, доцент, филология ғылымдарының докторы, профессор, Педагогикалық ғылымдар академиясының академигi сияқты ғылыми атақ дәрежелерiн куәландыратын аттестаттары мен дипломдары қойылған.
5. «Мәлiк Ғабдуллиннiң жұмыс кабинетi». Бұл залда қонақтар ғалымның жұмыс кабинетiмен, жеке заттарымен және 1996 жылы ҚР Қорғаныс Министрлiгiнiң көмегiмен Алматы қаласынан әкелiнген жеке кiтапханасымен таныса алады.
Музей “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалымен, «Жас Отан» жастар қанатымен, әскери-патриоттық клубтармен, iшкi саясатпен, спорттық клубтармен, облыстық, қалалық кiтапханалармен, балалар шығармашылық орталығымен, жоғары және орта бiлiм ошақтарымен бiрлесе отырып мәдени-көпшiлiк iс-шаралар жоспарына сәйкес бiрлесiп жұмыс жасайды. Бекiтiлген жоспар бойынша облыстық және қалалық оқу мекемелерiнде тақырыптық көрмелер, әдеби кештер, кездесу-кештер, турнирлер, сайыстар мен байқаулар, семинарлар өткiзiп тұрады.
«М.Ғабдуллин тұлғасына ғылыми бетбұрыс» бағдарламасы аясында төмендегiдей мәдени-танымдық iс-шаралар дәстүрлi түрде жүзеге асырылуда: «Мәлiк Ғабдуллин Құрмет Жұлдызы»; «Қобыланды батыр» жыры бойынша жас суретшiлер байқауы; «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтатын дарынды оқушылар арасындағы облыстық байқау; «Батырлық бiздiң салтымыз» атты қалалық жас ақындар мүшәйрасы, «Мәртебелiм-Мектебiм!» атты қала мектептерi арасындағы көрме байқауы.
Сонымен қатар көршiлес жатқан облыс орталықтары мен аудандарына мәдени-танымдық iс-сапарлар ұйымдастырылып, жылжымалы көрмелер өткiзiп тұру дәстүрге енгiзiлген.
Ғылыми кеңестiң мүшелерi профессор С.Негимов пен филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.Жәмбектiң ұсынған тұғырнамасы бойынша 11 томдықтың электронды және сигналды нұсқалары дайындалып эксперттiк комиссияның шешiмiн шығару үшiн ҚР мәдениет және спорт министрлiгiне тапсырылды.
Жыл сайын М.Ғабдуллин жүлдесi үшiн жасөспiрiмдер арасында қазақ күресiнен, бокстан, шахматтан және тоғызқұмалақтан облыстық, қалалық турнирлер өткiзiлiп тұрады.
Ұрпақ тәрбиесi — олардың жаман қылық пен әдеттерден аулақ болуы аға буынның алдындағы үлкен мiндет. Осынау жаһандану заманында, техника мен компьютер дәуiрiнде ұрпақ тәрбиесiне алаңдамау мүмкiн емес.
Мемлекеттiк мерекелер: Рәмiздер күнi, Қазақстан Республикасының Конституциясы күнi, Қазақстан халқы тiлдерi күнi, Қазақстанның Тұңғыш Президентi күнiне және т.б мейрамдар аталып өтiледi.
Жыл сайын 30-қаңтар М.Ғабдуллиннiң Кеңес Одағы Батыры атағын алған күнiне орай ескерткiшiне гүл шоқтарын қою және «Жас ұлан» әскери — патриоттық клуб мүшелерiнiң салтанатты түрде ант қабылдау рәсiмi өтiп тұрады.
Ғылыми қызметкерлер музей қорында М.Ғабдуллиннiң әдеби және ғылыми еңбектерiн зерттеу жұмыстарымен айналысады. Батырдың бай мұрасын кең көлемде жан-жақты насихаттайды.
Облыстық, қалалық оқу бөлiмдерiмен келiсiлген жоспар бойынша жыл сайын дәстүрлi түрде ақпан, наурыз айларында «Қобыланды батыр» жыры негiзiнде қала мектебi оқушыларының арасында «Қобыланды батыр» тақырыбына жас суретшiлер және Қобыланды батыр жырын жатқа айтушылар байқауын ұйымдастырып отырады.
Байқаудың мақсаты — қатысушылардың көркемдiк эстетикалық талғамын қалыптастыру және шығармашылық белсендiлiгiн, шеберлiгiн, талантын дамытуға көмек беру, Қазақстандық патриотизмдi нығайту, Отанды сүюге, туған жердi қадiрлеуге тәрбиелеу, М.Ғабдуллиннiң үлгi-өнегесiн жастарға насихаттау, жастардың сурет өнерiне қызығушылығын арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсетiп, насихаттау, мәдениеттi, тарихты, халықтың салт-дәстүрiн, ұлттық құндылықтарды сақтауға, құрметтеуге, дамытуға тәрбиелеу.
Жыл сайын қалалық бiлiм бөлiмiмен жасалған келiсiм бойынша мәнi мен маңызы жоғары «Мәлiк Ғабдуллиннiң Құрмет Жұлдызы» байқауы өткiзiлiп тұрады. Байқау ережеге сәйкес қала мектептерiнiң тек қана 10-сынып оқитын ер балаларының арасында 6 сынақ бойынша өткiзiледi. «Талапкер сыны» (Үмiткерлер өзi, отбасы, оқитын мектебi жайлы қара сөзбен қабiлетi болса өлеңмен таныстырады), «Өнерпаз сыны» (үмiткерлер бойындағы бар өнерлерiн: әншiлiк, сазгерлiк, ақындық, қолөнерлiк, күйшiлiк т.б. ортаға салады), «Сайыпқыран сыны» (спорт түрлерiнен: желке тартыс, гир көтеру, жер тiреп тартылу), «Бекзада сыны» (би билеу мәдениетiн көрсетедi), «Бiлiмпаз сыны» («Қазақстан тарихы», «Қазақ ауыз әдебиетi», «Қазақстан географиясы» пәндерi бойынша сұрақтар), «Iзденiмпаз сыны» (дүниетанымын, жан-жақты бiлiктiлiгiн көрсетедi). Байқауға төрелiк ету үшiн облыстық, қалалық бiлiм басқармаларынан, тiлдердi дамыту басқармасынан, Ақмола облыстық ұлттық спорт түрлерi мектебiнен, байқау демеушiсi «ЕНКИ» ЖШС-нен және қаламызға белгiлi тұлғалардан құралған әдiл қазылар алқасы шақырылады.
Музей ашылған күннен бастап 9 мамыр күнi және 15 қараша — туған күнiне орай Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллиннiң ескерткiшiне гүл шоқтарын қою рәсiмi дәстүрлi түрде өткiзiлiп келедi.
Музей қызметкерлерi бiршама тың жобалар дайындап, соның негiзiнде мәдени-танымдық iс шаралар атқаруда. Осындай игi бастамалардың бiрi — Батыр музейi жанынан патриоттық ұйымдар қауымдастығын құру болатын.
М.Ғабдуллиннiң туған күнiне орай жыл сайын қала мектептерi мен аудандарда дәстүрлi түрде «М.Ғабдуллин тағылымдары» өткiзiлiп тұрады.
Қалалық әскери комиссариаттың қызметкерлерi Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған жастарды арнайы Мәлiк Ғабдуллин музейiне әкеледi. Музей қызметкерлерi оларға М.Ғабдуллин жайлы таныстырып, болашақ сарбаздардың жiгерiн қайрап, намысын жанып, бойларына күш-қуат құйып, жүректерiне сенiм ұялатып, нағыз ел қорғаны болуларына ықпал етуге күш салады. Осы мақсатта жастарға даңқты жерлесiмiздi үлгi етудiң жолдары қарастырылып, облыстық әскери комиссариат пен музей бiрге жұмыс жасау үшiн келiсiмшарт жасасып, меморандумға қол қойылды.
М.Ғабдуллинмен рухани және шығармашылық байланыста болған тұлғалар жайлы материалдар жинау, музей қорын толықтыру және әр өңiрiндегi басқа музейлермен қарым-қатынас жасап, тәжiрибе алмасу мақсатында өз өңiрiмiзде және ҚР басқа да облыстарына ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып отырады.
Осы бағытта музей қызметкерлерi Риддер, Өскемен, Семей, Тараз қалаларында, Жамбыл облысының Жуалы ауданында, Солтүстiк Қазақстан облысы — Шоқан Уәлиханов, Иван Шухов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов музейлерiнде, Айғаным қонысында және Онтүстiк Қазақстан облысының Созақ ауданында ғылыми экспедициямен болып қайтты. Экспедицияның нәтижесi ретiнде ғылыми қызметкерлер «Музейдiң жарқын беттерi» атты кiтап-альбомды және 2014 жылы ақпан айында Алматы қаласына жасалған ғылыми экспедиция баянын құрастырып шығарды.
2015 жылы М.Ғабдуллиннiң 100 жылдық мерейтойына орай Батырдың туған жерi Зерендi ауданы, Қойсалған ауылы Зерендi аудандық мәдениет үйiнiң базасында «Ақын халықтың батыр ұлы» атты мәдени-көпшiлiк iс-шара өттi. Бұл iс-шараға жергiлiктi тұрғындар, қаламыздың зиялы қауым өкiлдерi және Алматы қаласынан арнайы келген Батырдың қызы Майдан Мәлiкқызы, жиенi Мадина және т.б жақын туыстары қатысты. Республикалық аламан бәйге және «Бурабай» спорт кешенiнде М.Ғабдуллин жүлдесi үшiн қала мектептерi оқушыларының арасында шахмат турнирi өткiзiлдi. Ш.Құсайынов атындағы қазақ драма театрының әртiстерi 20-шы театр маусымын М.Ғабдуллинге арналған «Батырлық жолы» қойылымымен ашты. Аталмыш қойылымның авторы музейiмiздiң директоры Қ.Мырзабек. Музей қызметкерлерi «Ақын халықтың батыр ұлы» атты кiтап және музейдiң құрылғанына 20 жыл толуына орай «Музей шежiресi» атты фотоальбом құрастырып шығарды. Сонымен қатар халықаралық денгейде өткiзiлген «М.Ғабдуллин феноменiн зерттеу және зерделеу мәселесi» атты ғалыми-практикалық конференция мерейтой жылының қорытынды iс-шарасы болып табылды.
2016 жылдың 21 шiлдесi күнi Кеңес Одағының батыры Мәлiк Ғабдуллиннiң тоғызыншы атасы Қанай би Құттымбетұлының таңдап қоныстап, ұрпақтарына мирас еткен атамекенi — Желтау бауырында «Желтаудың желмаясы» атты тарихи этно-мәдени көрмелер фестивалi өттi.
Қасиеттi Желтау баурайын мекендеген Қанай би, Игiлiк, Қойсалған, Кiшi Жамантұз, Ұялы, Ескенежал ауылдары қатысқан көрмелер фестивалiнде қазақ халқының көшпендi дәуiрiнен көрiнiс көрсетiлдi. Көш бастаған ақсақалы мен әжесi, бесiк өңгерген отағасы, батырлар, сал-серiлер, бойжеткендер мен бозбалалар, қыран құстар мен құмай тазылар көштiң қызығы мен салтанатын арттыра түстi. Көш көрерменнiң алдына жетiп, сол жерге шөгерiлiп, елдiң көз алдында киiз үй тiгiлдi. Сүйiншi сұрау, ерулiк беру, көкпар беру, бесiкке бөлеу, тұсау кесу, бәсiре беру секiлдi дәстүрлер көрсетiлiп, сәндiк-қолданбалы өнер шеберлерiнiң өнерлерi насихатталды. Ұлттық тағамдар көрмесi, киiз үй байқаулары, сыбаға тарту көрмесi ата-баба салтының маңызын аша түстi. Тазы, төбет иттердiң көрмесiн, ұлттық спорт ойындарын көпшiлiк қауым қызыға тамашалады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай ұйымдастырылған көлемдi iс-шара барысында келесi мақсаттарға қол жеткiзiлдi: Кеңес Одағының батыры, ғалым, академик, жазушы, педагог Мәлiк Ғабдуллиннiң туған жерiнiң табиғи ерекшелiктерiн насихаттау, тарихи мазмұнын ашу, Батыр туған киелi құт мекендi Бурабай, Зерендi туризм аймақтарының құрамдас бөлiгiне айналдыруға ұсыныс бiлдiрiп, таныстыру, ғасырлар бойына ата-бабадан жалғасқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың, ұлттық қолөнер туындыларының, спорттық ойындардың, тағы да басқа әдеби, мәдени, тұрмыстық құндылықтардың тәуелсiздiк жылдарынада өркениетке сай жетiлдiрiлген заманауи үлгiлерiн танымдық, тағылымдық тұрғыда дәрiптеп көрсету, мың жасаған Қазақ халқының жадына, қанына сiңiрiлген ұлттық дүниетанымындағы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тұрмыс-салтындағы гигиеналық, экологиялық ұстанымдары мен наным-сенiм және тәлiм-тәрбие ерекшелiктерiн дәрiптеу. Нәтижесiнде әрбiр азаматқа және шетелдiк туристке ел туралы көбiрек бiлуге көмектесу мақсатында Қанай би шыққан, Мәлiк Ғабдуллин туған Желтау өңiрi туралы танымдық-тағылымдық бейнефильм түсiрiлiп, "100 нақты қадам" (87-қадам) бағдарламасында атап көрсетiлген "Қазақстан Энциклопедиясы" кең көлемдi интернет жобасына ұсыну жоспарланған.
Жастар тәрбиесiне мектеп, музей, әр ата-ана бiрлесе, жұмыла араласып, бiр бағытта еңбек етедi.
Музей қызметкерлерi қала мектептерiмен бiрлесiп, «Серпiн» жобасы бойынша жұмысты қолға алды. Ұрпақты отансүйгiштiкке, жасампаздыққа тәрбиелеу мақсатында қолға алынған жоба нәтижесiнде музей педагогикасы мен мектеп педагогикасы ұштастырылып, мектеп пен мектеп арасында серiктестiк, бәсекелестiк қарым-қатынастар орнығуда.
Жоба бойынша атқарылған жұмысқа М.Ғабдуллиннiң туған күнiне орай өткiзiлетiн конференцияда қорытынды жасалып, жыл сайын есеп берiлiп отырады.
Облыстық бiлiм басқармасы мен ғалым, педагог Мәлiк Ғабдуллин музейi арасында тығыз байланыс орнату, этнопедагогикалық бағыттағы насихат жұмыстарын жандандыру, өскелең ұрпақ арасында этнопедагогикалық бағыттағы жұмыстың маңызын арттыру; ауыл мектептерiндегi мұғалiмдер мен ауыл еңбеккерлерiнiң жетiстiктерiн насихаттау мақсатында «Ауылым — алтын тұғырым!» атты көрмелер байқауы өз жалғасын табуда.
2016 жылғы инновациялық жоба негiзiнде қолға алынған «Жас ғабдуллиншiлдер» клубы республика бойынша Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткерi М.Ғабдуллин есiмi берiлген мектептерде құрылды. М.Ғабдуллиннiң насихатталуын бiрiздiлендiру және республика бойынша М.Ғабдуллин атындағы мектептермен тығыз байланыс орнату мақсатында құрылған клуб мүшелiгiне 5-9 сынып аралығындағы оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсендi араласатын оқушылар қабылданды. Бүгiнгi күнi елiмiзде Батырдың есiмi берiлген сегiз мектеп бар.
Республикалық «Жас ғабдуллиншiлдер» клубы Көкшетау қаласында; Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылында; Қаратал ауданы Кiшiтөбе ауылында; Зерендi ауданында; Оңтүстiк Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Бескетiк ауылында; Жамбыл облысы Жуалы ауданы Ертай ауылында; Шу ауданы Балуан Шолақ ауылындарындағы М.Ғабдуллин атындағы мектептерде құрылды. Әр мектептен клуб мүшелiгiне қабылданған 10 оқушы салтанатты түрде ант берiп, оларға арнайы куәлiктер мен төсбелгiлер тапсырылды.
Жас ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде маңызы зор бұл жоба республика бойынша кең қолдауға ие болды.
Музей ұжымы жыл сайын 15 қараша, Батырдың туған күнiнде М.Ғабдуллин есiмiн иеленген мектептер арасында онлайн-конференциялар ұйымдастырып, мүшәйралар өткiзудi жоспарлап отыр. Ал, 2017 жылдан бастап Зерендi ауданындағы М.Ғабдуллин атындағы демалыс базасында клуб мүшелерiнiң қатысуымен слет ұйымдастырылатын болады.
Қорытындылай айтар болсақ, музей жұмысының ең басты мақсаты — Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы М.Ғабдуллиннiң өмiрi мен қызметiнiң үлгiсiнде жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, тiлiмiздi, дәстүрiмiз бен мәдениетiмiздi сақтау, ата-баларымыздың ерлiк iстерiн құрметтеу болып табылады.