Тәуелсіз Қазақстан залы

МУЗЕЙ
6768

Тәуелсіз Қазақстан залы

Адам өркениетінің тарихы қоғамдар мен ұлттық мемлекеттер дамуының мыңдаған сюжетін сақтайды. Ұлы империялер күйреді, бірақ олардың орнына өздерін әлемге паш еткен жаңа мемлекеттер пайда болды.

Қазіргі кезеңде күйреген Кеңес Одағының орнына жас мемлекеттер қалыптасты. Солардың бірі - Қазақстан Республикасы. Ол аз уақыттың ішінде елеулі экономикалық табыстарға қол жеткізді.

Бүгінгі таңда біздің ел әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарынан көріну үшін алдына мығым мақсат қойып отыр. Бұл мақсат барлығымыздың ортақ құндылығымыз – тәуелсіздігіміз болмаса санамызға кіріп шықпас еді. Осы тұрғыдан алғанда Тәуелсіз Қазақстан залы қалыптасқан Қазақстанның жетістіктерін паш етуде үлкен рөл атқарады.

Залдың экспозициясы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің тарихи орнын айқындауға, қабылданған атрибуттар мен егемен елдің мемлекеттік нышандарына назар аудартуға, мемлекеттік шекараның демаркациясы мен делимитациясын көрсетуге, демократиялық мемлекеттің тұтастығы мен бірлігін паш етуге және әлем мойындап отырған Қазақстанды халықаралық қауымдастықтың теңқұқықты мүшесі ретінде танытуға бағытталған.

Тәуелсіз Қазақстан залы республикамыздың 1991 жылы дербес мемлекет деп жарияланған уақытынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихын қамтиды.

Экспозицияға Қазақстан Республикасының мемлекеттік символдары, Президент Штандарты, 1995 жылы қабылданған ҚР Конституциясы қойылған.

Жеке бір бөлім «Халық қаһарманы», «Парасат», «Алтын Қыран», «Отан»,  «Данқ» сынды Қазақстанның мемлекеттік наградаларына арналған. Сонымен қатар ақша белгілері, паспорт түрлері және Қазақстанда шығарылған маркаларға орын берілген.

Бұған қоса бұл жерде республикамыздың бүгінгі таңдағы дамыған экономикасы мен ғылымын және мәдениетін көрсететін материалдар ұсынылған. Мұнда Протон-М ракетасы мен отандық "KAZSAT" жерсерігінің макеттері Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістігі мен мүмкіндігін көрсетіп тұр.

Тәуелсіз Қазақстан залында ел тарихы кеңінен әрі тақырыптық кешендер арқылы қамтылған. Заманауи техникалық құралдарды пайдаланудың арқасында тақырыптық экспозициялық кешендер Қазақстанның даму жолын – жаңа мемлекеттің құрылуынан бастап, саяси әрі экономикалық реформаларды жүргізу, жаңа өнеркәсіп құрылысы, сыртқы саясат жетістіктері, білім және ғылым, мәдениет, спорт салаларындағы реформаларды көрнекі түрде көрсетеді.

Үлкен LED – экрандар мен сенсорлық дүңгіршектерде тарихи фотоқұжаттар және материалдармен қатар тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатында Қазақстан Республикасы Президентінің барлық Жолдауларының іске асырылуын бейнелейтін инфрографика көрсетілген. Дәстүрлі түрде экспозицияда заттық және көлемді экспонаттар ұсынылған.

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...