Поэзия – уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отыратын өміршең де жанды, тірі құбылыс. Қазақ поэзи...
Әділхан Макин өзін Димашпен салыстыратындарға жауап берді
«Славян базары-2019» халықаралық фестивалінің Гран-при иегері Әділхан Макин танымал әнші Димаш Құдайбергенмен қарым-қатынасы туралы айтып берді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".
Әнші өзін Димашпен салыстыратындарға жауап берді. Оның айтуынша, қос дарын 2012 жылы «Жас қанат» байқауына бірге қатысқан. «Димаш - менің досым, бауырым, құрдасым. 2012 жылы екеуміз «Жас қанат» байқауына қатыстық. Сол кезде Димаш жеңген. Димашқа қарап, менің де бойымда талпыныс пайда болды. Димаш маған күш берді, көп жағдайда көмектесті. Онымен танысып, сөйлесудің өзі бір ғанибет», - деді Әділхан журналистерге берген сұхбатында.
«Димаш жеңісіңмен құттықтады ма?» деген сұраққа Әділхан әзірге телефонын қоспағанын айтты. «Телефонымда байланыс болмады, әлі қосып үлгермедім. Димашпен әлі талай жолығамыз деп ойлаймын. Тоқтаусыз еңбек етуді тоқтатпаймын. Елімізді одан да үлкен сахналарда көрсетіп, үмітін ақтағым келеді», - деді Ә. Макин.
Әділхан Макин 1994 жылы 5 қазанда Петропавл қаласында дүниеге келген. Бала кезінен ән айтып, түрлі байқауларға қатысқан. 2011 жылы астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Актерлік шеберлік» мамандығы бойынша оқи бастады. 2012 жылы «Жас қанат» әншілер байқауының финалисі атанды. 2013 жылы «Шабыт» халықаралық байқауының ІІ орынын иеленген. 2014 жылы «Қазақстан дауысы» ұлттық байқауына қатысқан. 2016 жылы Әділхан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «Эстрада вокалы» мамандығына түскен.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халықаралық байқауларда жүлдегер атанған жас қазақстандықтармен кездесті. Кездесуге «Славян базары - 2019» конкурсының жеңімпазы Әділхан Макин мен Украинада өткен «Молодая гиличина-2019» халықаралық ән байқауының бас жүлдесін алған Қуаныш Ерзатұлы және І орын жүлдегерлері Мереке Кенжеғұл мен «Қазақ қыздары» триосы келді.