6 қаңтар күні Мақсат Мұхитденов қайтыс болды. Бұл қаралы хабарды «KeshYou» тобының арт-д...
Төлеген Момбековтың «Бозінгеннің бүлкілі» күйінің шығу тарихы
11889
Шығарманың авторы дұрыс аталса... 2020 жылғы 30 қаңтар күні "Мәдениет порталының" фейсбук парақшасында Нұрғаным Саятқызы атты қарындасымыздың орындауында шертпе күйдің шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Т.Момбековтің терең тарихы бар «Бозінгеннің бүлкілі» күйі жарияланды.
Орындаушы қарындасымыздың шеберлігіне тәнті болған оқырмандары да алғыстарын жаудырып, жақсы пікірлерін қалдырды. Өнер иесі ретінде мен де өзімнің оң пікірімді қалдырдым, алайда парақшадағы жазбада бұл күйдің авторы атақты күйші С.Әліұлы деп көрсетіліп кеткендігі мені қынжылтты. Өнер халыққа ортақ екендігі даусыз, алайда өзінің сазы мен сарыны өзге, көзі кеткен ұлы күйші Сүгірге де , өнерге де қиянат емес пе екен деген ойға қалдым. Әрбір шығармашыл адамның өзіндік ешкімге ұқсамайтын ерекше қолтаңбасы, стилі болары анық, шертісі бөлек шебер күйшілердің әуендік иірімдері мен тылысым тәсілдері айқын таза туындыларын шатыстырып айтып, жеңіл қарамасақ екен деген өтінішімді айтқым келеді. Негізі бұл күйдің шығу тарихына мен қанық едім. Дәл осы «Бозінгеннің бүлкілі» күйін бала күнімізден Төлеген Момбековтың өз орындауында тыңдап өстік. Ия, Сүгірдің де «Бозінген» деген күйі бары баршамызға аян. Ол күй мүлде бөлек сарындағы күй. Екі күй бір-біріне мүлде жуыспайды. Сүгірдің «Бозінгені» Арқада туындаған күй. Ботасынан айрылған інгеннің зарын бейнелейді. Ал, Төлеген Момбековтың «Бозінгеннің бүлкілі» күйінің шығу тарихының өзіндік ерекшелігі бар. Төлеген көкеміз соғыстан қайтып елге оралғаннан кейін халыққа өнер көрсететін Қызылотау ұйымында қызмет атқарған. Өкімет тарапынан ауыл-ауылды аралау үшін көлік ретінде Төкеңе түйе берілген. Ол түйе боз әрі інген болған. Сол түйеге мініп ауыл-ауылды аралап өнер көрсетіп жүргенде інгеннің қомында отырып түйенің былқылына еліткен Төкең «Бозінгеннің бүлкілі» күйін шығарған. Бұл күйде Сүгір Әліұлы көкеміздің Бозінгені сияқты ботасын жоқтаған бейне жоқ, керісінше қазақтың кең даласында Төкеңнің шабытына шабыт сыйлаған інгеннің керемет желісі бейнеленген. Мұны білмейтін көпшілік екі күйді шатыстырып, екі күйді де Сүгірге теліп келеді. Кезінде сазгер, профессор, Мемлекттік сыйлықтың лауреаты К.Күмісбеков, күйші У.Бекенов, Ж.Шәкәрім, жазушы Т.Әлімқұловтар пікір қалдырған «Бозінгеннің бүлкілі» күйі Төлеген Момбековтың күйі екені Алланың алдындағы ақиқат. Созақтық ақын Бөрғазының Өскені өзінің «Сағыныш» кітабында жарияланған «Төлеген шертпесі» өлеңінде: «Салтанатта» сарғайған сағыныш бар, «Інілеріме» күйінде жалын-күш бар, «Ана зары», «Бозінгеннің бүлкілінде» Аналық махаббат бар жаныңды ұштар, – деп жырласа, сазгер - күйші Батырхан Рыспанбетовтің «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Төлеген Момбековтің және Оңтүстік өңірінен шыққан күйші композиторлардың күйлері» атты кітабында Төлеген Момбековтің күйі «Бозінгеннің бүлкілі» деп нотасымен берілген. Ал, осы кітаптағы Сүгірдің шығармаларының ішінде «Бозінгеннің бүлкілі» деген күй көрсетілмеген. Сол сияқты күйші, домбырашы, ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Біләл Ысқақтың «Салтанат» күйлер жинағы (бүгінгі таңда студенттерге оқулық ретінде толықтырылып шығарылған), өлкетанушы, тарихшы, шежіреші, Алтынсарин және Халық құрметі, Ерен еңбегі үшін медальдарының иесі, бірнеше кітаптың авторы Рахманберді Жапбарқұлұлының «Шертпе күйдің шебері» кітаптарында «Бозінгеннің бүлкілі» Төлеген Момбековтің күйі деп нотасымен берілген. Әдебиеттанушы ғалым, фольклор зерттеушісі, сыншы, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанға Еңбегі сіңген ғылым қайраткері Рақманқұл Бердібаев 2001 жылғы 15 мамырда Оңтүстік Қазақстан газетіне «Күй классигі» айдарымен жариялаған мақаласында: «Сүгірдің домбыра тартқан күйлері өзінің ұстазы Ықыластың қобызда ойнаған сарындарына құрылғаны елге аян. Бірақ Ықыластың қобыз күйлерін домбыраға, шертпеге ыңғайлап, әсем ырғақтарға бөлеп қайта жаңғыртқан. Сондықтан ешкім де «Сүгір Ықылас шығармаларын өзінікі етіп алған» деп айтпаған. Төлеген Сүгірдің машық ізімен орындаған бірнеше шығармасын «Жолаушының жолды қоңыры», «Шалқыма», «Бес жорға», «Кертолғау» т.б ұстазының атына жаздырғаны мәлім. Ал халық күйлерінің сарындарын көркейтіп, төл шығарма дәрежесіне көтеріп, өзіндік өрнекпен айшықтаған шығармалары «Бозінгеннің бүлкілі», «Қаратау шертпесі», «Қосбасар» оның композиторлық талантының жемісі дейміз,»- деген. «Социалистік Қазақстан» газетінің редакция ұжымы күйші-сазгер Төлеген Момбековпен кездесу өткізіп, аталған газеттің 1985 жылы 5 желтоқсанындағы номерінде «Бармағына күй айналған» тақырыбымен шыққан мақалада Т.Момбеков кездесу барысында өзінің «Бозінгеннің бүлкілі», «Қоштасу», «Салтанат», «Сағыныш», Көмекей», «Қосбасар» күйлерін, сол сияқты Сүгірдің «Жолаушының жолды қоңырының» екі түрін және «Телқоңыр» күйін орындап бергенін жазған. Сазгер-ақын, филология ғылымының докторы Якуда Амандықов «Қазақ әдебиеті» газетінің 1982 жылғы 22 қазандағы номерінде Төлеген Момбеков жайлы «Бармағына күй оралған» мақаласында: « Т.Момбековтің «Қаратау шертпесі», «Қоштасу», «Толқын», «Асу», «Сарыарқа сапары», «Мың жылқы», «Салтанат», «Бозінгеннің бүлкілі», «Інілеріме» т.б күйлері - жеке жеке тоқталуға тұрарлық туындылар. Ол әуелі керемет күйші, орындаушы. Сонысымен бізге Сүгір ұстазының мұрасын ұқсатып тұрып жеткізді. Ашығын айту керек Т.Момбеков болмаса , бәлкім, «Бозінген» бастаған «Қосбасар» мен «Кертолғау» қосылған талай күйлер бізге жетпей жоғалып кетер ме еді?» - деген. Уәли Бекеновтің «Күй табиғаты» кітабында: «Оның «Бозінгеннің бүлкілі» атты күйі 1948 жылы шыққан. Қазіргі автоклуб жұмысы ол кезде ат пен түйе арқылы жүргізілетін кез. Бірде малшылар арасына қызмет көрсету үшін Шәймерден, Құлжабай дейтін екі ақын атқа мініп және Әбен дейтін сауда қызметкерлерін түйеге, артына мінгестіріп Төлеген төртеуі алыс ауылға аттанады. Аттылылар озыңқырап кетеді. Құмды жол, ұзақ сапар қажытып келе жатқанда інгеннің жүрісі Төлегенге күй ырғағы болып кешке дейін ойына ұялап, тербетіп отырады. Бұл жүріс ертеңіне тағы жалғасқан кезде Әбенге тізгінді беріп, өзі қоржындағы домбырасын алып, күйге салса, інген жүрісіне күй ырғағы дәл түседі. «Домбыраны қол білгеннен болар, бұл күйді шығаруыма сол кездегі Киров колхозының кәрі, боз інгенінің жүрісі себеп болғаны»,- деп күйші күй тарихын еске алады. Әйгілі күйші, композитор, дирижер, дәулескер домбырашы, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі, халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев – өнерді жүрекпен ұғатын дарынды талант иелерінің алғашқылары болып Төкеңнің өнеріне бас иіп, құрмет көрсеткен кісінің бірі. Ол үнемі «Бозінгеннің бүлкілі» күйін Т.Момбековтің өз төлтуындысы екенін хабарлай отырып, өзінің «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде зор мақтанышпен орындап жүрген. Оңтүстік аймағына келген концерттік сапарларында Төкеңді қасына бірге ертіп алып жүріп концерт бергені, сол концерт барысында «Бозінгеннің бүлкілін» оркестр нақышына келтіре орындап біткесін, осы туындының авторы ретінде Төкеңе құрмет көрсетіп отырғаны баршамызға аян. Төкең жайлы «Егемен Қазақстан» (1997 жылғы 12 ақпан) және «Оңтүстік Қазақстан» газеттеріндегі мақалаларында: «Т.Момбеков, Тәттімбет, Бапыш, Сүгір, Әбікен сынды халық музыкасының алыптары мұраларын ел арасына таратып, насихаттауда өзгеше көп еңбек сіңірді. Төкеңнің «Қосбасар», «Салтанат», Мыңжылқы», «Асу», «Мешін», «Бозінгеннің бүлкілі», «Анама», «Қоштасу» секілді және басқа ішкі сезім күйлеріне, философияға, ойға толы күй-толғаулары соңғы жиырма-отыз жыл ішінде еліміздің шартарабына кең таралып, республикалық радио мен теледидардан үзбей беріліп келеді,»- деп жарияланған. «Қазақ ССРінің энциклопедиясына» арнайы енгізілегн Төлегеннің өмірі мен шығармашылығы жайлы жазбада «Бозінгеннің бүлкілі» туындысы да өз төлтуындысы ретінде атап көрсетілген. Жалпы айта берсек, дәлелдемелер жетерлік. Төлеген Момбеков бітімінде өтірікке жоқ, жүрегі таза, аманатқа қиянаты жоқ, момын айтарын тік бетке айтып отыра беретін адам болған. Сол таза жүректен тек таза шығармалар ғана шығып, жүрекке таза күйінде жетіп отырғандығының куәсі болып келеміз. Сөз соңында айтарым, пенделікке салынбай келешек ұрпаққа тарихты бұрмалмай, мәдени мұраларымызды айна қатесіз жеткізсек. Әрбір шығарманы шығу тарихтарымен, нақты деректемелермен, төл авторларымен атау- адами қасиетімізге сын болмақ. Өнер өтіріктің құрбаны емес, шындықтың шыңы болу керек. Ұлы қос күйшінің де аманттарына қиянат жасамайық.
Мамырғали Байс