Естай Беркімбайұлы

МУЗЫКА
12896

Естай БеркімбайұлыХалқымыздың музыка байлығы мен сөз байлығы қашаннан-ақ қатарласып өмір сүріп келе жатқан рухани қазына. Жүздеген ақын, әнші, күйші композиторларымыздың қалдырған сарқылмас мұрасы оған дәлел. Бірақ, жазба мәдениеті болмаған кезде өнер иелерінің шығармалары заманнан заманға, атадан балаға ауызша таралып жетті де, кейбіреулері мүлдем ұмытылып, енді біреулері «халық әні», «халық күйі» дәрежесіне көшті. Көптеген әнші, күйшілердің есімдері ғана сақталып, олардың өмірі мен шығармашылық қызметтеріне байланысты ешқандай деректер сақталмады. Ән, күйлер хатқа түспегендіктен уақыт өте келе тарих бетінен біржола ізін суытты. Қазақтың халық музыка өнерінің жүйелі түрде қағазға түсірілуі А.Затаевичтің ерен еңбегінен басталатынын білеміз. Мыңдаған халық музыка үлгілерінің жиналуын былай қойғанда, жүздеген өнер иелерінің өміріне қатысы бар құнды деректер жазылды. Білімді зерттеушінің жеке-жеке шығармаларға берген пайымдаулары да қазақ музыка тарихы үшін өте құнды, маңызы ерекше. А.Затаевичтің жинақтарында есімдері еміс-еміс естілетін әнші, күйшілерді көреміз. Олар

Зұлхия, Соқыр Зейнеп, Ұмсын қыз, Қошан сері, Сауытбек, Қапаш, Құлтума, Аязбай, Тоқыбас, Ермұхан, Жақсыбай, Есқазы, Өтебай, Майтық, Аманғали, Темірғали, Тоқжан ақын, Будабай, Сабыр, Жолтай, Ақбас, Маржан, Әмірхан, Айдынғали, Мұстапа ақсақ, Есенжол жыршы, Рзия, Сәлімгерей, Ешнияз жыршы және басқалар. Сондай-ақ, ол халық арасынан шыққан кәсіпқой әнші-күйші композиторлардың туындыларын да тұңғыш нотаға түсіріп, әлемге паш етті. Солардың бірі - Естай Беркімбайұлы.

А.Затаевич Естайдың «Дүние» атты әнін Бегішев Әбдірахманның орындауынан жазып алып «Қазақтың 1000 әні» (1925) жинағында жариялады (№ 72). Осы әнге берген түсіндірмесінде фольклоршы: «Бұл тамаша әннің авторы Естай Ақмола губерниясында тұратын қазіргі заманғы халық әншісі. Оның тағы бір әдемі әні - «Термесі» Әлікей Өтекиннің айтуынан жазылды (№ 234)», - дейді. Аталған жинақтың № 51, 178, 209, 717 сандарындағы «Құсни-Қорлан» деген атпен халық әншісінің тағы да төрт әнінің нұсқалары келтірілген. Осы әндерге берген сипаттамаларында белгілі музыка зерттеушісі Естай туындыларының қасиет-қадіріне, музыкалық ерекшеліктеріне тоқталып, өз пікірлерін келтіреді.

Оның өмірі мен шығармашылық қызметі жайында академик А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кітабында біршама қамтып жазды.

Естайдың әндерін жазып алып, жинақтауда көп еңбек сіңірген зерттеушінің бірі -Б.Г.Ерзакович. Ол халық композиторының өз орындауында әндерін нотаға түсіріп, өміріне байланысты деректерді жазып алды.

Естаймен бірге жүрген, оның мінез-құлқына, түр сипатына қанық адам Рақымжан Татыбаев әнші туралы естелігінде: «Естай көк көзді, ер мұрынды, қызыл шырайлы, келбетті болыпты. Өте сәнді киінетін, тазалықты жақсы көретін. Өзінің сүйікті домбырасын әр уақытта әспеттеп орап қоятын. Көрінген адамға ұстата бермейтін. Естай ән салған уақытта тамағын кенеп, омырау түймесін ағытып әлек болмайтын, салмақты пішінмен бір орыннан қозғалмай отырып әнді әдепті салатын. Ол домбыраны солақай тартатын. Әнді салар алдында домбырасын көзбен бір шолып алып, құлағын бұрайтын, сол сәтті домбыраның құлағы босап, не тиегі жылжыса, жиналғандардың әңгімесіне араласа отырып, түзеуге кірісетін. Әбден күйіне келгенде барып ән салатын. Әнді бір салғанда біразға шейін шарықтап, бөгелмейтін» [1].

Халқымыздың белгілі әнші-композиторы, әрі ақыны Естай Беркімбайұлы 1868 жылы қазіргі Павлодар облысының Екібастұз ауданына қарасты «Екібастұз» совхозының №4 фермасы орналасқан «Қаражар» ауылында туды. Осы арада Естайдың туған жылы туралы да бір пікірге келе алмай жүргенімізді айтқым келеді. Академик А.Жұбанов өзінің «Заман бұлбұлдары» (1963) монографиясында Естайдың 1874 жылы туғанын жазады. Қазақ энциклопедиясында (4-том, 194- бет) осы уақыт қайталанады. Ал, ақынның басына қойылған құлпытаста оның 1873 жылы туылғандығы көрсетілген. Бұл мәселенің басын ашып алу көп қиындық келтірмейді. Өйткені Естай Беркімбайұлы 1940 жылы Қазақстан Композиторлар одағының мүшелігіне сайланғанда жазған өмірбаянында 1868 жылы туғанын растап, өзінің қолын қойған. Ал, 1941 жылғы 5-мамыр айындағы Павлодар облыстық Мәдениет бөлімінің Қазақстан Композиторлар одағының ұйымдастыру комитетіне Естайдың шығармаларын басып шығару жөнінде жазған катынас қағазында оның 73 жаста екенін көрсетеді. Бұлжытпайтын тағы бір дәлел бар. Ол - Естаймен біраз уақыт бірге жүрген Б.Г.Ерзаковичтің естелігі (қолжазба). Естелікте былай дейді:

«Ақындар айтыстарының бірінде, 1939 жылдың наурызында мен алғаш рет Павлодар облысынан келген халық композиторы, әнші, әрі ақын Естай Беркімбайұлының үнін естідім... Айтыста Естайдың өнер көрсетуі, оның өз әндерін орындаудағы шеберлігі, жұмсақ қоңыр даусы мені өзіне бірден баурап алды. Осыдан кейін достарымның бірі мені Естаймен таныстырды. Бір-бірімізге деген өзара ыстық ықыласты сезінген біздер бірден әңгімеге кірісіп кеттік.

Орысша әжептәуір сөйлейтін. Сол жылы оның жасы 71- де болатын, бірақ өзін әлі де тік ұстайтын, шашына әлі ақ ене қоймаған әнші жас көрінетін. Ол халықтық үлгімен тігілген ақ көйлек, оның сыртынан бешпет, қалыңдау сұрғылт матадан тігілген шалбар, кебіс-мәсі, жиегі терімен жұрындалған шағындау бөрік киген екен. Оның жанындағы сұхбаттасуына мейіріммен, ынта-ықыласымен қарайтын тұнжыркөк аясы үлкен әдемі көздері адамды ерекше тартып тұратын. Мен айтыс аяқталғаннан кейін Естай мен Көкшетаудан келген әнші-ақын Шәкен Отызбаевты үйге ертіп келіп қонақ еттім. Біз тек кешкілік қана үйде кездесіп жүрдік, өйткені күні бойы өнер сайысынан қол босамайтын. Сөйте жүріп, кейде кешкі астан кейін олардан бірді-екілі ән жазып алатынмын».

Осы арада ескерте кететін бір жайт, жазбаша деректер қалмаған жерде халық композиторларының туған жылына,ән тарихына байланысты түрлі пікірлер айтылады. Қарап тұрсақ, барлығы да дұрыс сияқты. Біздіңше, сол көптеген жорамалдарды бір-бірімен салыстыра отырып, шындыққа жақын фактілердің негізінде бір қорытындыға келген жөн. Ал, бір деректі олай емес, былай еді деп қырық саққа жүгірту оқырмандарды адастырады. Бұларға қазылық айтып, жүйеге келтіретін, соңғы нүкте қоятын кездейсоқ адамдар емес, тәжірибелі, әз объектісін жан-жақты білетін мамандар болуы керек. Естай шығармашылығын талдап, саралағанда да осы қағидаларды басшылыққа алған абзал.

Естайдың әншілігі, ақындық қабілеті ана сүтінен дарыған десе орынды. Оның анасы Күлипа, нағашысы Байтұлым ауыл арасында ғана емес, кезінде Кереку өңірінде аттары әйгілі әншілер болған. Естай ат жалын тартып мінуге жарағаннан бастап қолына домбырасын алып, ән айтуға талаптанады. Той-жиындарға жиі барып, ақын, әнші, жыршылардың өнерлерін бойына сіңіріп өседі. «Талапты ерге нұр жауар» демекші, Естай енді өзі де ән-жырдың, той-думанның басы- қасында болып, шамасы келгенше өнерін көрсетіп көптің көңілін аулайды. Оның әнге құмарлығы 7-8 жасында-ақ біліне бастайды. Ауылдағы Жақып деген молдадан арабша сауатын ашады, ара-тұра өлең жаттап, құрбы-құрдастарының арасында айтып жүреді. Бір күні өзімен бірге оқитын бала молдаға барып Естайдың ән айтатынын әңгімелейді. Молданың өзінің де аздап өлең жазатыны бар көрінеді, ол өнерпаз шәкіртін қолдап: «Өлең айтса айтсын, оның ризығы өлеңнен болар», - депті. Молда ұстазы Естайға өлең айтқызып, жаттықтырады. Қолына домбыра алып, шілдехана кезінде, басқа да халық бас қосқан жиын-тойларда өлең айтады. Сөйтіп, талапты жастың атағы біртіндеп елге танылып, 15-16 жасында ауылдастарының құрметіне бөленеді.

Ол ән айта жүріп, ата-бабаларымыздың музыкалық дәстүрін жалғастырады. Әншілікпен қатар, өз жанынан ән шығарушылыққа бет бұрады. Кәріқұлақтардың айтуынша, оның алғашқы шығарған әні «Шолпан қаққан» деп аталады. Естаймен ауылы аралас, қойы қоралас өмір сүрген Құсайынұлы Дауытжанның айтуынша, әннің оқиғасы былай болыпты: «Жазғы уақытта ораза ұстаған қарттар қой күзетіп жүрген Естайға: «Бізді шолпан жұлдызы туған кезде оят, сәресі ішейік», - дейді. Естай ораза ұстаған адамдардың үйінің жанына келіп, осы «Шолпан қаққан» әнімен оятқан екен. Бұл әншінің 16-17 жас шамасында шығарғаны болса керек:

Бір жұлдыз бар аспанда шолпан қаққан,

Шарайнаның бетіне күміс жапқан.

Бөгелді деп ағалар сөге көрме,

Жүйрік ат аяғына тұмар таққан.

Орамалдың шетіне түйдім өрік,

Жүзің сұлу болғанда қасың керік.

Қасың керік кәмшаттың құндызындай,

Екі көзің шолпанның жұлдызындай.

Мұнда ораза ұстағандарға қатысты ойлар байқала қоймағанмен, жаңадан бой түзеп, қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан өзі теңдес қыздарға қызыққан бозбаланың құмарлық әсері көрініс тапқан. Аталған әннің нотаға түспегендігінен мұны Естай шығарды ма, болмаса белгілі халық әнінің әуенімен айтты ма, ол жағы белгісіз.

Әрине, халық әнші, ақындарында сүйген сұлуларын аспандағы қол жетпес айға, жұлдызға теңеу көп кездеседі. Кезінде Естайдың жерлесі Жаяу Мұсаның да осы тектес әні болғанын еске салу артық емес. Біз оның:

Таң мезгілі шолпан туса,

Тартқан сымдай белін буса, -

деп шырқатқанын білеміз.

Естай 16 жасқа келген жылғы жаздың бір күнінде Тентек руының ішіндегі Шыман деген атақты кісінің үйіне Біржан сал түседі. Оның келгенін естіген ел адамдары Шыманның үйіне бет алады. Бұлардың ішінде Естай да бар еді. Халық Біржан салды көреміз деп үйге сыймай, жабықты көтеріп, киізді тіле бастайды. Мұның бәрін байқаған үй иесі Біржан салға:

- Шырағым, Біржан, біздің үйге бұрын да кісі көп келетін еді, сен келді деген соң жұрттың қаумалап тұрғаны мынау, лебізіңді шығармайсың ба? - дегенде, ол кигіз қаптың ішінен бүктеулі домбырасын алып әнге басады. Біраз шырқап болып Біржан:

- Үйден шыққалы екі айдың жүзі болды, шаршап келдік, біраз демалайық, сіздің елден де ән айтатын кісі болса, лебізін естиік, - дейді.

Біржан тоқтағаннан кейін сол елдегі Төлебайдың Шахметі дейтін тәуір әншіні шақырады. Ол атақты салдың алдында ән айтуға қорғанып, келмейді. Ауыл ақсақалы Құсайын Естайға қарап, енді сен бірдеме демесең, ұят болатын болды, - депті.

Ассалаумағалейкум, Біржан аға,

Кез болдық хажы үйінде, міне, қара.

Көруге ынтық болып жүруші едім

Жүрсіз бе есен-аман, жеке дара.

Содан кейін «Шолпан қаққан» әнін салады. Біржан Естайдың әнін естігеннен кейін: «Бәрекелді», - депті. Сонда Біржанға қасындағы жолдасы: «Бала ұнады ма?» - дегенде; «Баланың дауысында аруақ бар екен, түбінде асқан әнші болар», - дейді.

Сері боп, сайран салып, дүние көрдік,

Сал Біржан, Ақан сері қасына ердік, —

деп жырлағанындай, ол бұдан кейін де Біржан салдың, Ақан серінің әндерін тыңдап, үйреніп алады. Өз әндерімен қатар, халық композиторларының шығармаларын халық арасында насихаттап, жариялайды.

Жастық жалынның қызуы болашақ талант иесіне маза бермей ойдан қырға сүйреп, бір орында тыныш отырғызбай әлде не іздейді? Тіршіліктің қызығы адамның жан сұлулығында деп білген Естай ізеттілік пен парасаттылықты өзі ұнатқан, өзі сүйген арулар бойынан тапқандай болады. «Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбенен көр де ішпен біл», - деп ұлы Абай айтқандай, сезім әрекетінен махаббатты аялаған «Құсни- Қорлан», «Қорлан», «Ақжалмаш», «Назқоңыр», «Қаламқас», «Қаракөз», «Ғашық», «Бір мысқал», «Сандуғаш», «Еркем», «Назыгүл» сияқты әндер жиі ұшқын алады.

Есейе келе Естайдың атағы Павлодар мен Ақмола өңіріне жайылады. Енді ол ауыл төңірегінде қалмай, ат аяғы жететін шалғай елді аралап, дүниетанымын кеңейте береді. Сөйтіп, Бәсентиін ішінде Бөрі руынан атақты Қазанғаптың ұрпағы Исаның Қабышы, Қозған руынан әйгілі әнші Балабек Орымбайұлы, Ақыш Тисақұлы, Мақаштың Біләлі, Сейітжан әншілермен араласады. Өзімен бірге жүретін шәкірті Қожан Сәбитұлы тамаша әнші, көрнекті ақын екен.

Бір күні Бәсентиіннің мықтысы Иса Маралды еліне құдалыққа баратын болып, Ақкөлдің болысы Абылқамыс Шыманұлына хат жазып, Естайды ерте келуді тапсырыпты. Ол кезде құда түсу, қыз ұзату, басқа да кәделі жиындардың қызғылықты өтуі үшін әншілер мен күйшілерді, ақын, жыршыларды қадірлеп, ат жіберіп шақыртып алу дәстүрі үзілмеген.

Иса Естайды баласымен бірдей киіндіре Маралды-Ұрық деп аталатын елді мекенге алып барып, сонда біраз уақыт болады. Жас әншінің әнін есту үшін елдің үлкен-кішісі түгел жиналады. Солардың арасында түбі қыпшақ - Сұңқар, Сұлтан деген ағайынды адамдар бар еді. Сұңқары болыс та, Сұлтаны би. Сұлтанның Құсни, Қорлан деген екі көрікті қыздарының көздері де Естайға түседі. Оған, әсіресе, Қорлан қатты ұнайды. Және де екі жас бірін-бірі сүйетінін білдіреді. Бірақ, Естайда қырық жетінің малын матап алып баратын шама жоқ. Жан-тәнімен сүйген ғашығына қолы жетпей, іштегі дертін әнмен шығарды. Өміріндегі ауыр кезең Арқаның кербез сұлу Қорланынан айырылу болған. Сөйтіп, «Қорлан» махаббат әнұранына айналды.

«Көңілдегі қайғы көзден жас болып ағады, немесе тілден сөз болып ағады», - деп Абай айтқандай, «Қорлан» әнінде де автордың зары мен мұңы бұлақтай құйылады:

Іште бар жердің аты Маралды-Ұрық,

Сол елді сейіл қылдым кезіп жүріп.

Әміре Құртқадайын зар илеймін,

Сол елде Құсни, Қорлан бір қыз көріп.

Сұрасақ қыздың аты Қорлығайын,

Мағұрып қолға берді күн мен айын.

Әуелде жазбағасын болмайды екен,

Мақсұтқа жете алмадым, не қылайын.

Бірі апа, бірі сіңілі Құсни, Қорлан,

Екеуі туған екен бір анадан.

Бұрынғы гүлжазира қыздарындай,

Дүниеге келер емес ондай бағылан, -

деп екі қыздың өмірбаянын, сұлулығын өлең тілімен өрнектейді. Сүйгенін жоқтап, зарын төгіп отырған Естай Қорланның елеске айналған бейнесін ғана көз алдына келтіріп армандайды:

Айырылдым ғашық жардан құдай алмай,

Құр ішім толғай берді жылай алмай.

Бар еді қимас күндер тату өткен,

Келер ме енді айналып, уа дариғай.

Ән арқылы Қорланды іздеп бүкіл дүниені оймен шарлайды.

«Қорлан» - халыққа кеңінен тараған Естай шығармашылығының шыңы болып табылады. Бұл бәрінен бұрын қазақтың ән мәдениетін жаңа формаларымен, жаңа мәнерлік құралдармен байытқан, басқа да әндердің құрылымын синтездеу негізінде пайда болған шығарма. Әннің мұндай өзіндік ерекшелігінің өзі әндік-поэтикалық жүйемен тікелей байланысты. Басқаша айтқанда шумақпен қайыра, қостармақпен және қайырма сияқты бір әуендегі мұндай сирек кездесетін үйлесімдер халық композиторы шығармасындағы үлкен жаңалық болып табылады және бір кісінің басына қойған үш бірдей дарындылықтың - ақын-әнші- композитор бірлестігінен пайда болған ерекше құбылыс. Бұл айтылғандарды төмендегі ноталық мысалдан анық көруге болады.

Егер де халық композиторларының дәстүрлі әндеріндегі оның формалық жағы поэтикалық мәтінге қайырма сөздер, «ой», «ай», «ау» т.б. одағай сөздерді қосу арқылы кеңейтілетін болса, ал бұл әндегі қайырмалық сөздер негізгі мәтіндермен байланысты көрінеді. Мұндағы ән өлеңдері музыкамен қосыла келе композитордың эмоционалдық жай-күйін анық бейнелейді. Ән формасының күрделілігі, интонациялық байлығы және ладтық құрылымы - айтылған ойларды ашып бере алады. «Қорлан» әнінің формалық жағын схематикалық түрде көрсететін болсақ, мынадай түрге ие болар еді: Шумақ-қайырма-қос тармақ және қайырма. Осындай формадағы интонациялық-ырғақтық болмыс лирикалық сипатта өріс алады да ладтық-әуендік қозғалыстағы тұрақты дыбыстарды да қамтитынын байкау киын емес. Осыдан келіп, ішкі құрылымындағы жүйеде үш буындық та, төрт буындық та кеңінен қолданыс табады. Бір сөзбен айтқанда «Қорлан» әні ақын, әрі әнші, әрі композитор Естай Беркімбайұлының асқан шеберлігін көрсететін жоғары үлгідегі көркем шығарма ретінде ұлттық музыка мәдениетіне қосылған мол қазына.

Осы ән туралы белгілі музыка зерттеуші Б.Г.Ерзакович былай дейді: «Қорлан»... ариоза формасына жақындайды, дәлірек айтқанда вокалдық поэма деу орынды. Ән көпбөлікті күрделі құрылымнан тұрады да қазақтың халық әндеріндегі ең жоғарғы формаға ие болады» [2].

Қазақ музыкасының үлкен білгірі Ахмет Жұбанов былай дейді: «Музыканың теориясынан құралақан болғанның өзінде Естай осы бір шығармасымен ән шығарушы классиктердің қатарына бірақ секіріп шықты деуге болады. Өйткені «Қорлан» байырғы түсініктегі: біз естіп, біліп жүрген ән құрылысынан өзгеше. Музыкалық мазмұнның тереңдігін, тілінің аса өткірлігін былай қойғанда, «Қорлан» форма жағынан айта қалғандай мүсінді, сымға тартқандай әсем, ал басталғаннан кейін дамуы, өсуі де композиторлық қағиданы оқығандай заңды. Әңгіме әннің қай кезде шыққанында емес, қалай шыққанында. Сондықтан композитор жас, тәжірибесі әлі толыспаған кезінде жарық көрсе де «Қорлан» шынайы, үлкен жүректен шыққан рухани перзент» [3].

Осы арада Б.Ерзаковичтің 1939 жылы Естайдың концертінде болып, алған әсері туралы естелігінен үзінді келтіруді жөн көрдік. Онда былай дейді: «Әсіресе, Естай Беркімбайұлының концерт аяқталарда шырқаған әні айрықша болды. 71 жастағы сұңғыла әншінің үні таза, ашық күйінде сақталып қалған екен. Бұл еуропалық терминология бойынша лирикалық-драмалық деп, ал оның иесі дер шағында деп аталар еді. Сол жылдардағы дәстүр бойынша ол әуелі «Партия туралы ән» орындады, бірақ оның композиторлық, әншілік дарыны оған жас шағында зор даңқ әперген өзінің атақты «Қорлан» әнін орындау кезінде ерекше байқалды. Бұл әннің мазмұны әлеуметтік теңсіздік жанын жаралаған Естай өмірінің парақтарындай. Ол - өз бақталасына қарағанда, қалың мал төлеуге дәрменсіз, сол үшін ден ғашығынан айрылған кедей малшының кейпін танытады. Естай шығарған, зор көркемдік музыкалық қуатпен берілген бұл махаббат әнінің тарихы тыңдаушысын елеңдетпей қоймайды. Ол бұл әнді баяулатып бастап эпикалық үнге ұластыра орындап шықты, ал оның дауысы маған қобыздың қоңырқай, мұңлы үніндей әсер етті. Сонсын әншінің үні ән желісінің дамуына қарай біртіндеп күшейе келе «Бар ғаламды шарықта, уа дариға ләулік тас, Бағдат, Мысыр, Шын, Машын» деген тұстарда драмалық шарықтау шегіне жетті де, соңғы «Іздесем Қорлан табылмас» деген сөздерге келгенде тағдырына бойсұңғандықты байқатып баяу аяқтады» (Қолжазба).

Естай Қорланды қанша жоқтап, зарын төксе де көңілі басылмай, мінез-қылығын, жүріс-тұрысын, күлкісін кестелі сөздермен өрнектеп, сыр-сипатына арнаған «Бір мысқал» әнінде:

Болғанда өзі мұндай жүріс қандай,

Күлкісі көңіл ашар гүлстандай.

Көтеріп алақанға отырсам да,

Білінбес ауырлығы бір мысқалдай, -

деп, әнші өмірінің соңғы күніне дейін Қорланға деген сүйіспеншілігін естен шығармайды. Бұған тағы бір дәлел келтірейік:

Қайтыс болатынан бірнеше күн көңілін сұрай барған Нұрлыбек Баймұратов ақынға: «Нұрлыбек, ақынды ақын ұғар деген оймен өлер шағымда саған тапсыратын бір аманатым бар, - деп сол қолының сұқ саусағындағы жүзігін көрсетіп: - Мына бір жүзік жас күнімде маған «есіңе сақта» деп Қорланның берген сыйлығы еді. Ертең мені қабірге қоярда қарттардың бірі: «О дүниеге бөтен зат жіберуге болмайды»,

дегенді сылтау етіп, қолымнан сыпырып алып жүрмесін, Соған сен қарауыл болғайсың. Бір айтарым осы», - дейді.

Сонымен, «Қорлан», «Құсни-Қорлан», «Бір мысқал» әндері автордың басынан кешірген оқиғасының куәсіндей тарихта қалды. Олар бірнеше нұсқамен айтылғанымен, негізгі әуен желісі біреу-ақ. Естай өміріне қатысты деректерді саралап, зерттегеннен кейін бұл ән шамамен 1890 жылдары өмірге келді деп түйіндеу абзал.

Естай Қорланның қайғысынан біраз жылға дейін үйленбей жүреді. Үйде отыра алмай ел кезіп, Қара Ертістің бойын жағалап, Арғанаты тауын өлеңге қосады:

Ертістің арғы жағы Арғанаты,

Әншінің домбырасы қолғанаты.

Жағалап Қара Ертісті Естай ақын,

Деп салған «Жай қоңыр» деп әннің атын.

Бұл ән де халық композиторының үлкен шабыт, терең толғанысынан туған сүбелі туындыларының бірі. Әннің атына сай интонациялық құрылымы қарапайым, қоңыржай сөзбен өріліп, тыңдаушыларға ерекше әсер қалдырады. Ән диапазонының шағын болуына қарамастан, «игиги-гайлап» басталатын қайырмасы оның басталуындағы түріне қарағанда жүрдек екпінде қалықтай келе, біртіндеп сабасына түседі. Әннің әуеніне қарай оның өлең-сөздері де мән-мағынасы жағынан тартымды, поэзиялық биік деңгейде деуге болады.

Ән мәтіндері 11 буындық құрылымның 3+4+4 түрінде келеді. Қайырмалық бөлігі шығарманың өн бойына эмоционалдық әр беріп тұр. Әуен өлшемі периодты-ауыспалы жүйеде бір тоникадан пайда болған до-миксолидийлік және ионийлік ладтарының IV-басқышынан басталып өрбиді.

Ән қайырмасы «о-ха-ха-эй» тәрізді одағай сөздермен айтылып, әннің негізгі ойын жалғастырғандай, толықтыра түскендей әсер береді. Бұл да Естайдың композиторлық шығармашылығындағы тәсілдердің бірі.

Халық арасынан шыққан басқа әнші-композиторлар сияқты Естай да әншілік, ақындық, композиторлық қызметті қатар дамытып отырған. Ол әннің мәтінін де өзі шығарып, оларды халыққа таратып, насихаттаушының да рөлін бірдей атқарды.

Естай әндерінің көпшілігі өзінің жеке басына байланысты оқиғалардан туған. Солардың бірі - «Майда қоңыр».

Әртүрлі сөз сөйлейді менің қалқам,

Бұл күнде бесті асаудай болдым тарпаң.

Мінезім мінезіңнен қосылғанда,

Мойныңда үзілмейтін мен бір арқан.

Дей түсіп құлағыма естірмейсің,

Дертіне ғашықтықтың толды қалтам.

Түбінде бірімізді таппай қоймас,

Серт қылып, уағда қып жескен малтам.

Ей, қалқа-ау, мен айтайын әуел бастан,

Би мен қап екі ләмді жүрмін жаттап.

Шіркін-ай, мақсұтыма жеткізе көр,

Шерменде боламын ба бекер қақсап.

Ағайын, ауыл-аймақ, туысқаннан,

Ешкім жоқ жүретұғын сөзім қостап.

Аулына анда-санда бара қалсам,

Тұрады кәрі-жасы сөзбен нашқап.

Кейде бұл «Қосбасар» деп те аталады. Сөздерінің мазмұн-мағынасына және шежірешілерге сүйенсек, Естай әнді сүйгені Зағишаға арнапты. Өзі шындыққа жанасады. Кейіннен ақын осы Зағишаға үйленіп, көп жылдар бойы тату-тәтті өмір сүреді.

Естай Қанжығалы руының ішінде Алмашы деген атадан. Қанжығалыдан Ажыбай-Ақтамақ-Алмашы (тентек) - Ырысбай - Қонысең - Бөрікөз - Беркімбай. Беркімбайдан -Нұрмағамбет пен Есмағамбет. Ата-анасы еркелетіп Есмағамбетті Естай деп атап кетеді.

Естайдың бірінші әйелі Орынбасардан - Жанәбіл, Күләй, Жәкөш. Жанәбілден - Зейнеш, Зекен, Жәкөштен - Кәнтай есімді қыз бала дүниеге келеді. Екінші әйелі Зағишадан баласыз. Жанәбіл Ұлы Отан соғысынан оралмайды. Естайдың «Арманның бір үлкені бала жоғы» деп күйіне қайғыруының себебі осында болса керек.

Естайдың көпшілікке танымал, әншілердің сүйіп айтатын әндерінің бірі «Ақжалмаш». Бұл да кеуделі-қайырмалы түрде келетін екі бөлімді туынды. Формалық жағынан /:АВС:/ +defg болып құралғанымен мұнда кеудеден кейін келетін «Ой, Ақмалмаш» қалды-ау кейін қаламқас» дейтін қостармақпен келетін фраза «Қорлан» әнінде кездесетін көріністі еске түсіреді. Қайырмасының формасы түрлі одағайлармен келетін сөйлемдер арқылы кеңейіп, автордың шумақ өлеңге сыймай жатқан ойларын толықтырғандай әсер қалдырады.

Әннің басталысы периодты-ауыспалы өлшемдерде, ал қайырманың қорытынды бөліктерінде кеудедегі интонацияларға жақын келетін еркін-ауыспалы өлшемдерге көшеді. Мұндай ырғақтық және интонациялық композициялық айла-тәсілдер музыкалық бейнедегі поэтикалық мәтіннің мазмұнын ашып бере алады. Әннің басталуы мен аяқталуы ионийка ладының жоғарғы және төменгі ре-бе-молдық тоникасында аяқталады.

«Бір мысқал» әні - ав+CdeF формасында келеді де екі бөлімнен құралады. Әннің кіріспесінің өзі «Ахау-ла-ла» тәрізді одағайлармен басталады да екінші бөлімге көшеді. Мұның өзі шығарма құрылымының ерекшелігін көрсетіп тұр. Ешбір мағына бермейтін он тактілік одағайлардың ән басталысы екенін, не болмаса әннің қайырмасы ретінде қолданылатынын ажырату қиын. Егер мұндай жағдайды әннің қайырмасы десек, бұл қазақтың ән формасындағы сирек кездесетін құбылыс деуге болады. Әуеннің күрделі ырғақтық қозғалысы Ре және Ля-бемоль ладындағы кварта-квинталық ауыспалылықты көрсетеді де,өлшемдік жағынан аралас түрде келіп, IV- басқыштан басталып айтылады. Атап өткеніміздей, Естайдың «Бір мысқал» әні де әуендік-поэтикалық мағынасында «Қорлан», «Құсни-Қорлан», «Ақжалмаш» әндерінің жалғасы, нағыз ғашық адамның монологы. Мұнда Қорланның ішкі-сыртқы сұлу бейнесін жіпке тізгендей сипаттап, бейнелейді:

Болғанда тілі жақұт, тісі маржан,

Еті аппақ жазғытұры жауған қардан.

Қан шырын, пісте мұрын, лағыл иек,

Қалмайды жүзін көрген пенде де арман.

Алты шумақтан тұратын ән мәтіндері а+а+б+а схемасы бойынша 11 буынды өлең жолдарымен, ал ырғағы тұрғысынан 3+4+4 буындарға бөлінеді.

Жоғарыда аталғандардан басқа Естайдың көпшілік құлағына жетпей жүрген «Жүректе», «Мәлике», «Өмір», «Қоңыр жел», «Дүние», «Шоқ қара ағаш», «Юран», «Туды күнім», «Гүлнарайым», «Алматы», «Ашу пышақ», «Алатау», «Еркем-ай» сияқты өз өміріне байланысты оқиғаларға арналған әндері, сондай-ақ өсиет, өнеге беретін туындылары бар.

Әрбір әннің өзіндік тарихы болатындығы, нақтылы бір оқиғаға байланысты шығарылатыны белгілі. Сондай әндердің бірі - «Юранды» Естай атақты қазақ әншісі Майра Уәлиқызына арнапты. Бұл туралы фольклоршы Қазыбек Нұралин деген азамат естелігінде былай дейді: «1910 жылы 20 жастағы Майра Уәлиқызы Шорман тұқымынан шыққан сол кездегі қазақ интеллигенттерінің бірі Зәржан Білаловқа тұрмысқа шықпақшы болды. Сөйтіп, Майра нағашы жұртымен қоштасуға Ақмолаға келген. Тап сол кез - Ақмола қаласында қыркүйек жәрмеңкесінің қызу кезі екен. Естай де жәрмеңкеге жиналған әнші-ақынның бірі еді. «Жәрмеңкеге Керекуден бір әнші сұлу қыз келіпті» деген хабар жұрттың құлағына жетеді. Ақырында өнер саңлақтары әнші арумен кездеседі. Майра әйгілі ақындар алдында өзі сол кездегі айтып жүрген «Сұлу жиренді» шырқайды. Қазіргі «Майра» әнінің әуені бастапқыда осы ән болса керек.

Көркем, сұлу бейнелі, қазақ әнін асқақтата шырқайтын осы бір ақсары ноғай қызы Естай ақынның жүрегінен орын алады. Ол оған арнап «Юран» әнін шығарады. Майраның бүркеншік аты Нюраны Естай қазақ қыздарының Еран, Гүлжан, Раушан аттарына ұйқас етіп, Юран деп алған» [4].

Естай әндерінің біразы өз аузынан нотаға жазылса, енді біразы басқа әншілердің орындауынан хатқа түскен. Сондықтан да кейде «Осы әндердің бәрі Естайдыкі ме, жоқ па?» - деген күмән туады. Солардың бірі - «Сандуғаш» әні. Сөзіне жүгінейік:

Сал кеуде сандуғаштай сайрап тұрған,

Меруерт тас Самарқанда жайнап тұрған,

Бозбала топтан таңдап бір сұлу ал,

Тасындай диірменнің ойнап тұрған.

Қонғаны ауылымның тастақ төбе,

Бір сәлем сағынғаннан айттым неге,

Бірге өскен кішкентайдан, беу, қарағым,

Жүргені өзімсініп қандай неме?

Би болмас белін жалпақ буғанменен,

Ағармас заты қара туғанменен.

Кейбіреу көзін жұмып, құр шұлғиды,

Сопылық келген бе көз жұмғанменен.

Көріп отырғандай, «Сандуғаш» әнінің өлеңі өзінің құрылымы жағынан қазақтың қара өлеңіне қатты ұқсайды, ол ақын туындысы емес сияқты. Екіншіден, музыкалық ерекшеліктері тұрғысынан да Естай әндерінен өзгешеліктері бар. Соған қарағанда, бұл әншінің өзі сүйіп айтатын халық әндерінің бірі болуы мүмкін. Сондай-ақ, «Мәлике», «Шоқ қара ағаш» әндерінің сөздері де Естай қолтаңбасына келмейді.

«Қорлан» әні дүниеге келгеннен кейін Естайдың атағы алты алашқа тарап, ел аузынан түспеді. Қазақстанның біраз жерін аралайды. «Атам - Тентек, ұраным - Қанжығалы» деп басталатын өлеңінде ол былай дейді:

Көкшетау, Баянауыл көрдім бәрін,

Ұлы Ертіс, Омбы, Семей араладым.

Қарқаралы, Қараөткел, Бәсентиін,

Солардың тегіс көрдім балаларын.

Сондай-ақ, Естай ән-өлеңдерінде шыққан тегі, руынан да сыр шертеді.

Қолына ап еркелетті ойда Момын,

Кім болжар ғайыппенен дүние жолын.

Қарабұжыр, Жетіру, Тауда Жұбан,

Соларға еркелеген мен бұлбұлың.

Қолға ұстап еркелетті Керей, Уақ,

Сайраған сан руда тілменен жақ.

Құрбылар бас қосқанда күл де, ойна. Кетейік біраз шырқап бұл жарқын шақ.

Алмашы Ақтамақтың бел баласы,

Деп айтар Қанжығалы ел ағасы,

Мекенім Бүрметалда - Өлеңтіде.

Сөйлеген Беркімбайдың бел баласы.

Атам — Тентек, руым — Қанжығалы,

Арғыннан саналады арғы жағы.

Барлыбай, Толыбай боп бас қосқанда,

Сезімде бұл болмаса бар ма ылажы.

Естай ән салумен қатар, жөні келген жерде жұртшылықтың адамгершілікке жат қылықтарын әшкерелеп, өлеңдер шығарады. Бұл барлық қазақ ақындарына тән қасиет. Сондай әңгіменің бірін фольклоршы Бозтай Жақыпбаевтың жазып алған күйінде берейік.

...Естай бір топ жолдастарымен ел аралап келе жатып, жолшыбай Қарабұжыр деген елдің ішінде Торғыбай қажының үйіне түспекші болады. Есік алдына шыққан Торғыбайдың екі қызы қонақтардың «қонуға бола ма?» - дегеніне екіұштылау жауап береді. Үлкен қызы Балқаш көңілсіздеу болып: «Қондырамыз ба?», - деп сіңлісі Шәукімге қараса, ол жұлып алғандай: «Тентектің қалашысына салып қойған үйім жоқ», - деп қабылдамай жібереді.

Содан кейін Естайлар Уайыс деген кісінің үйіне барып жайғасады. Жайланып отырғаннан кейін Естайға өлең айтқызып, әңгіме дүкен құрады. Сөз арасында болған оқиғаны айтып, Торғыбайдың қыздарын өлеңге қосады:

Қажының бір қызы бар аты Балқаш,

Қиылған қасы, көзі бір қалам қас.

Қабағы жауған қардай тұнжырайды,

Шіркін-ай, ашық болса, неткен қалқаш.

Қажының бір қызы бар Шәукім атты,

Сөйлейді шолжыңдықпен қатты-қатты.

Өзінің әзіл сөзі төбелестей,

Кім қалай алар екен бұл бейбасты.

Сөйтіп бірін мақтап, екіншісін қатты әжуалап шығарған ән-өлеңі халыққа тарап кетеді.

Естай Алматыға отызыншы жылдары келіп өнерін көрсетеді, әнін айтып, ақындармен кездеседі. Бұл сапар оның айрықша есінде қалды. Өйткені осы жасқа келгенше екі, үш облыстың аймағынан аспаған үлкен өнерпаз бұл жолы астана әнші, күйшілерімен, композиторларымен кездесіп рухани шабыт алады. Мұның бәрі оған ертегідей болып көрінеді. Қазақстанның бір түпкірінде өмір сүретін, көпшілік біле бермейтін қарттың талантын сыйлап, бағалайтын адамдардың барына ризалығын білдіріп «Өмір» атты әнін дүниеге әкеледі:

Жастықпен араладым талай жерді,

Табиғат композитор өлең берді.

Алпыс бесте сайратып енді біраз,

Мінеки, шаттық-жарық күнім туды, -

деп жырлайды.

Бесеуіне алпыстың келді жасым,

Күн өткізген қорлықпен менің басым.

Баға берер өнерге жан таба алмай,

Мен бір жан босқа өткізген есіл жасын, -

деп өмірінің көбінің босқа кеткеніне өкініш білдіреді.

Естай елге келгеннен кейін ауыл адамдарының: «Алматыдан не көрдің, не білдің?» -деген сауалына өлеңдетіп жауап береді.

Жиырма, отызбенен өтіп кетті,

Дариға-ай, қырық пенен елу де өтті,

Жетпіске, алпыс асып келген кезде,

Айдарлы алтын заман қуып жетті.

Шулатып келіп қалды алтын заман,

Сөйлеп қал, қызыл тілім келсе шамаң.

Қадірің өткен күнде болмады ғой,

Міне, енді бағалайтын келді заман,

Алатау Алматыны айналып тұр,

Көк бұлт басындағы байланып тұр.

Қарағай, қайыңменен қабаттасып,

Жамырап етегінде жайқалып тұр,

Басында Алатаудың қары жатыр,

Жіпсімей төбесінде әлі жатыр.

Бұлақтан сулар тасып, тулап шығып,

Шетінде айдын шалқар көлі жатыр,

Көшесі Алматының тастан тақтай,

Алатау ту сыртында тұр ғой жақтай.

Алматы Алатаудың етегінде,

Биіктен жарасып тұр бір көз қақпай.

Сылдырап бұлақ ағар көшесінен.

Ұмытылмас көрген қызық әлі есімнен.

Ән мен күй Алматының қаласында,

Өнерпаз жігіттер көп, барасың ба?

Ән салып жырлап жүр ғой даласында.

Алатау Алматымен мұнарланған,

Көруге талай адам құмарланған.

Қызығын Алматының көрген адам,

Көңілінде қалмайды екен ешбір арман.

Естайдың қазақ музыка өнеріне қосқан елеулі үлесі бағаланып, 1939 жылдың қыркүйегінде оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақ берілді. Келесі жылғы желтоқсанда Қазақстан Композиторлар одағына мүше болып қабылданды. Бұл құрметтердің бәрі де жасы келіп қалса да ақын, әнші, әрі композитор Естайға жаңа күш беріп, шабытына шабыт қосады.

Оның халық арасына көп тараған туындыларының бірі «Соңғы ән» немесе «Қоштасу» деп те аталады. Әнді алғаш таратқан әншілер - Айтан Сейдахметов, Ғалым Мұхамедин және басқалар. Әннің жеті шумағы Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдарынан» орын алса, 1990 жылы Жәнібек Кәрменовтің құрастыруымен шыққан «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» жинағының бірінші томында ән он екі шумақ өлеңмен толыға түседі.

Осы екі кітаптағы ән текстерінде кейбір өзгерістер ұшырасады. Бұл, әрине, ақын өлеңдерінің ауызша жеткендігінің куәсі. Өйткені әрбір орындаушы ән әуеніне ғана емес, сөздеріне де кейбір нұсқаны енгізіп отырады. Мәселен, А.Жұбанов кітабында:

Япырмай, қартайдым ба өтіп дәурен,

Менде жоқ бір туысқан, жақыт бауыр.

Жұрдай боп замандастан, жалғыз қаппын,

Осыны ойлағанда болды-ау ауыр, -

делінсе, Кәрменов жинағында:

Япырмай, қартайдым ба денем ауыр,

Менде жоқ жан ашитын туыс-бауыр.

Қарасам, маңайымда ешбір жан жоқ,

Солардан мен қалдым ба, болып тәуір, -

деп айтылады. Сол сияқты А. Жұбанов кітабындағы екінші шумақ:

Сақал, шаш аппақ қудай басымдағы,

Жолдас жоқ мұң шағарлық қасымдағы.

Ән салар, домбыра алар кезім емес,

Әншейін әдетім ғой жасымдағы, -

тәрізді келсе, Кәрменовте:

Сақал, шаш о да ағарды басымдағы,

Жолдас жоқ жан ашитын қасымдағы.

Бұл күнде домбыра ұстар кезім емес,

Әншейін әдетім ғой жасымдағы, -

деген жолдармен берілген.

Арманның бір үлкені бала жоғы,

Өзекті өртеп жатыр қайғы шоғы.

«Қорланым», «Қоңырларым», сөзім қалар,

Өзім жоқ, жеткен сәтте ажал оғы.

Әннің «Замана бұлбұлдарындағы» үшінші шумағы осылайша келсе, Ж. Кәрменов құрастырған жинақта:

Арманның ең ауыры - бала жоғы,

Болғанмен алып кетті ажал оғы.

Жігіттер тіршілікте сыйласып өт,

Мінеки, қалған жоқ па дүние боғы, —

болып жазылады. Көріп отырсыздар, Естайдың «Соңғы әнінің» текстерінде осындай өзгерістер бар. Біз олардың бәрін сараламадық. Әртүрлілікті ескере отырып, жинаққа өлеңдердің керекті деген нұсқаларын енгіздік.

А. Жұбановтың жазғандарында:

Ауыр дерт, қарттық жеңіп, бітті-ау әлім,

Жанымда ұғар жан жоқ сөздің мәнін.

Баршын тартқан дауысым жетпесің-ау,

Құлақта қалмадың-ау, ақырғы әнім, —

деген жолдар бар. Осындағы «Баршын тартқан даусым» деген әнге байланысты жаңа термин бұрын-соңды естілмеген тың дүние. Рас, қазақта ащы дауыс, төменгі дауыс, жарықшақ үн, қоңыр дауыс, зарлы дауыс, қарлыққан дауыс және басқалардың барын білеміз. Ал, «Баршын тарту» халықтың әншілік-орындаушылық өнерінде тұңғыш қолданыс тапқан. Мұның өзі музыкамен байланысты ұлттық атаулардың бұрын да болғанын дәлелдесе керек.

Біздің осы ойымызды 1994 жылы жарық көрген еңбектегі деректер растайды. Он жетінші ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген білімпаз Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің кітабында ерлер мен әйелдер дауысын Еуропа музыкасындағы терминдермен салыстыра отырып, қазақша баламасын табуға талаптанған. Ол былай дейді: «Адам тамағынан шығар дауыстың бізде айтылатын бес түрі бар. Ол баршын, аршын, бозан, озан, шоған. Адам айғайына байланысты осылай барлауға болады» [5]. Олай болса, Естай айтқан «баршын» сөзі де бізге жат емес, ертеде қолданылған төл термин болып шықты. Мұны қазақ музыкасының орындаушылық саласындағы жаңалық деуге болады.

Тағы бір айта кететін нәрсе, осы әннің қай мезгілде шыққандығы.

Мінеки, келдік биыл жетпіс үшке,

Кәрілік болмайды екен қылған күшке.

Естайдың өлердегі сөзі екен деп,

Жігіттер айтып жүрсін ерте кеште, -

деп жырлағанына қарағанда, н 1941 жылдары, өзі дүниеден өтерден төрт, бес жыл бұрын ғана шығарылса керек. Сол сияқты ақынның «Құлақта қалмадың-ау, ақырғы әнім» деуінде де мән бар. Шығарған әннің жатталып құлақта қалуы үшін ол уақытта ондаған жыл керек болатын. Ол кезде бұл күндегідей қаптаған әншілер де жоқ, радио, теледидарсыз заманда автордың туындылары тез таралмағаны белгілі.

Естай әндерін орындаушылар көп болғанымен, олардың әрқайсысының әншілік шеберліктері түрліше келеді. Естай әндерін айтушылардың ішінде белгілі әнші Байғабыл Жылқыбаевтың орны бөлек. Ол бала кезінен-ақ атақты Майра Шамсудиновамен бірге жүріп, әншілік өнерін ұштайды. Майраның табиғат берген бойындағы ән айту, артистік қасиеттері келешек дарын иесіне өшпестей із қалдырып, әсер етеді. Содан кейін Байғабыл Естайдың өзінен «Бір мысқал», «Наз қоңыр», «Жай қоңыр» әндерін үйреніп, Иса Байзақовтан тәрбиелік маңызы бар ақындық пен әншілік өнердің неше қырларын меңгереді. Осындай әнші-композитордан тәлім, үлгі алған Байғабыл ұстаздарының шығармаларын талай насихаттап, биік дәрежеге көтереді. Байғабыл, әсіресе, Естайдың «Бір мысқалын», «Жай қоңырын», Біржанның «Теміртасын» әндеткенде тыңдаушы жүрегін елжіретіп, жан дүниесін тебірентеді, қоңыр сазды үніне домбыраның салқын самалдай дыбысы қосылғандағы әсерлігі Абай айтқан «Бейіштің үні шығар қоңыр салқын» деген жолдарын еріксіз еске салады.

Осы тектес Естай әндерін орындаушылардың әрқайсысының өзіндік өзгешеліктері, қайталанбас үні, бояулары белгілі әнге рең беріп, бір-біріне ұқсамай кететін кезеңдері де жиі болады. Міне, сондай әншілер қатарына әр буында көрінетін Қали Байжанов, Темірболат Арғынбаев, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Ермек Серкебаев, Ришад Абдуллин, Хасен Байырманов, Мұхтар Өтебаев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов және басқаларды қосамыз. Қазіргі уақытта Естайдың әндерін қатары жүздеп саналатын өнерпаз жастар орындап, халық игілігіне айналдыруда.

Бір сөзбен айтқанда, қазақтың музыка тарихынан көрнекті орын алатын қадірменді әнші, композитор, әрі ақын, домбырашы Естай әндерінің қанат талмай қалықтап, махаббат әнұранына айналатынына сенім мол.


Пайдаланылған әдебиеттер

1. Социалистік Қазақстан. 1966, 23-қаңтар.

2. Ерзакович Б.Г. Песенная культура казахского народа. А., 1966, стр. 85.

3. Жұбанов А.К. Замана бұлбұлдары. А., 1963, 248 б.

4. Естай әндері. Қызыл ту. 1988, 26-қаңтар.

5. Шапырашты Қазыбек-бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін. А., 1993, 170 б.


author

​Естай Беркімбайұлы

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...