Бөрібай Кәртен. «Қоңыратта өтті» делінетін «күй сайысы»: А. Райымбергеновке айтарым

МУЗЫКА
8479

Наурыз айының басында порталымызда Бөрібай Кәртеннің «XIX ғасыр аяғында «Қоңыратта өтті» делінетін «күй сайысы»: жалғаны мен шындығы» деген мақала жарияланған болатын. Онда айтылған дүниелерге қарсы Абдулхамит Райымбергенов мақала жазған. Ол мақала да біздің порталымызда жарық көрді. Енді оған қарсы түсініктеме ретінде жазған Бөрібай Кәртеннің келесі мақаласын жариялап отырмыз. Біздің портал барша авторлар мен оқырмандардың пікіріне тәуелсіз көзқарас ұстанады. Сондықтан екі тараптың да өз пікірлерін айтуына ашық алаң ретінде материалдарын жариялауға дайынбыз.

Портал редакциясы

«Мәдениет» порталында «XIX ғасыр аяғында «Қоңыратта өтті» делінетін «күй сайысы»: жалғаны мен шындығы» деген атаумен сын мақаламыз (9.03.2023) жарық көрген-ді. Онда А. Райымбергеновтың «Қазанғап Ақжелең» (1984), «Күй төресі Қазанғап» (2022 жыл) атауын иеленген кітаптарындағы композитор Қазанғап шығармашылығына қатысты орын алған өрескел бұрмалаушылықтарды жан-жақты саралап, атап көрсеткен ек. Өнер тарихының қоспасыз шынайы болуын қош көріп, ашылған шындықты мойындар деп үміттенгенбіз. Алайда онымыз бекершілік екен. Тарихи құжаттармен, архивтік мәліметтермен куәландырылып, жан-жақты баян етілген жайттар А. Райымбергеновтың тынышын кетірген сияқты...

Автор «Бөрібай Кәртеннің мақаласы хақында» деген атаумен (11.04.2023) қарсы дау айтыпты. Біздің сараптамамызды бастан аяқ терістеп шығатын бұлтартпас дәлелдерін ұсыну керек еді, бірақ олай етпепті. Керісінше, арты ашылған жалған нәрсе ақиқат боп қала беруі керек деген ниетпен әр нәрсенің басын бір шалып, өзінің «айғақтарын» келтіріпті...

Енді біз де қайыра жауап бергенді жөн көрдік. Әрине, бәрін тізіп отырмаймыз. Қайсыбір тұсына ғана тоқталып өтеміз. Жақсы, айтпағымызға көшейік сонымен.

А. Райымбергенов: «Бөрібай Кәртеннің басты шүйліккен тұсы біздің еңбегіміздегі: «XIX ғасырдың аяғында 1878 жылы Қоңыратта (қазіргі Қарақалпақстан Республикасының қаласы) Әзберген хан ұйымдастырған күй сайысы өтеді...», – деп жазылған жолдар. Яғни, 1878 жылы Әзберген ұйымдастырған күй сайысының өтуіне күмән келтіруі. ...«Қоңыратта күй тартыс болған жоқ», – деп кесіп айту әбестік сияқты...» – депті. Бұдан кейін бүй деп жалғастырады сөзін: «Бұл тартыс жайлы бізге 1978 жылы баян еткен Б.Басығараев болатын. 1938 жылдан 1947 жылға дейін Бақыт ағамыз Қарақалпақ елінде тұрды. Қарақалпақстанның «Үшсай» ауылында тұрған жылдары Бақыт ағамыз Қазанғаптың Қартмұрат, Құрманбай, Тұрғанбай атты туысқандарымен танысып, ұлы күйшінің Сарыкенже атты үлкен қызымен көрші отырып, олардан күйшінің өмірі жайлы көптеген деректер естіп біледі... 1954 жылдары Бақыт ағамыз Қазанғаптың қасында 17 жыл еріп жүріп күйлерін үйренген Кәдіралы Ержановтың батасын алады. Қоңыратта болған күй тартысы жайлы солардың аузынан естиді.

Өткен ғасырдың 90 жылдары Башенбаев Білдірмес (1909-2000) ақсақалдан Ақжелең күйлері мен күйшілер жайлы құнды деректер алдық... Әкесі Берікәлі Қазанғаппен Қоңыратта күй тартысында танысыпты, – деп айтқан болатын. Доңызтаулық Машалақ күйші де Мәңкенің Қоңыраттағы күй тартысына қатысқаны жөнінде айтып берген. Бұл күй тартыс жайлы 1934 нәубет жылдары Қарақалпақстанға ауып барып, төрт-бес жылдай сол жерді мекендеген күйші ақсақал Мәжит Бейсенбаев та тілге тиек еткен еді».

Мінекей, А. Райымбергенов Б. Басығараевқа «Қоңыраттағы күй сайысы» жайындағы мәліметтерді есімі аталған жаңағы адамдар айтып кеткен дейді. Бұл деректі Машалақтан (1933-2004), Мәжиттен де (1905-1989) естіп ек дейді бетбақтырмай және. Еңбегіне енгізген «күй сайысы» турасындағы деректің «растығын» өстіп дәлелдеуге тырысыпты. 

Әрине, бұл адамдар 1984 жылы шыққан «Қазанғап Ақжелең» кітабына енгізілген «күй сайысы» туралы мәліметімен таныс болып, соны қайталап баяндап беруі де әбден мүмкін. Өйткені, автордың бұл еңбегі 2500 данамен жұртшылыққа кеңінен тараған.

Сондай-ақ, есімдері аталып отырған кісілер – әлдеқашан бақи болғандар. Демек, бүгінгі күні олардан «күй сайысының» анық-қанығын сұрап, өз ауыздарынан есту – мүмкін емес жағдай. 

Біз «XIX ғасырдың аяғында «Қоңыратта өтті» делінетін «күй сайысы»: жалғаны мен ақиқаты» атты сын мақаламызда тарихшы ғалым Ж. Есеркепова келтірген архивтік деректерді куәлікке тартып: «1878 жылы 28 қыркүйекте далада патшаның жендеттерінен қашып жүрген Әзберген би Боқал сайында тұтқынға түседі де сол күні Ырғыздағы түрмеге қамалады...» Ал А. Райымбергенов: «XIX ғасырдың аяғында 1878 жылы Қоңыратта (қазіргі Қарақалпақстан Республикасының қаласы) Әзберген хан ұйымдастырған күй сайысы өтеді...» – дейді (Қараңыз: Күй төресі / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 27-29 беттер)». Алайда тарихшы Ж Есеркепова ұсынған архивтік құжат-дерек бұл мәліметті мүлде жоққа шығарып, «Әзберген Құдияр ханды қашырып жіберуіне байланысты жазықты болып, 1878 жылы 28 қыркүйекте Ырғыздың түрмесіне қамалды» деп отыр. Демек, би Қоңыратта бұл жылы тоғыз домбырашыны жиып, күй сайысын өткізе алмаған. Түрмеде», – деп көрсеткен нақты айғақты мойындамай, 1877 жылдан қашқынға айналып, келер жылы абақтыға қамалған  Әзбергенге қатысты шындықты А. Райымбергенов «әбестік» депті. Сонда оның ойынша күндей жарқырап шыға келген ақиқат әбестік те тарихи мәліметтермен еш қабыспай қайшылық тудырып, өнер тарихына қиянат жасап тұрған «күй сайысы» турасындағы жалған әңгіме әбестік емес екен!

А. Райымбергеновтың бұлай қыпылықтауының сырын жақсы түсініп отырмыз. 1984 жылдан бері насихаттап, көпшілікті сендіріп келген «күй сайысы» жайындағы мәліметінің жалғандығын мойындаса мыналардың да мүлде өтірік боп шыққаны:

а) «Қоңыратта өтті» делінетін «күй сайысына» Әлім Тоғызбайдың, Табын Дүкенбайдың, Шөмішті-Табын Рахтың, Төртқара Ембергеннің, Қабақ Тарпанның, Қарабас Қожайдың, Қаражон Табын Мәңкенің, Елібай Берікәліннің, Қазанғаптың қатысқаны;

ә) осы «күй сайысында» Қаналы төренің, Төрештің, Орынбайдың, Қаратөс-Аймағамбеттің «қазылық» еткені;

б) Б. Басығараевтан естіген «дерекке» әбден көз жеткізіп алмай иланып: «Тартыстың шарты бойынша әрбір күйші «Ақжелең» аталатын топтама күйлердің алпыс екісін түгел ойнауы тиіс еді. Қазанғап «Алпыс екі Ақжелеңді» орындауымен қатар осы циклдың «Күй шақырғыш» атты бірінші күйінің аяқ жағына жаңа тақырыптық бөлім қосып, күй желісін байытып, өзіндік орындаушылық өрнегімен мәнерлеп тартады. Бұл күй Қазанғаптың орындауында ерекше реңге ие болып, ажарлана, айшықтана түседі», – деп жасаған долбары;

в) Б. Басығараевтың: «...сонда «Күйбасы Ақжелең» деп тартқан күйді шүйт Орынбай тартқан екен, «Орынбай Ақжелең» деп те тарта бастайды соны. Бәрінің стилі бір... Қазанғап сол күйге «сірке қондырып» тартқан. Әлгі күйдің негізі қаланып тұрады да, «Сірке қондырмақ» дегеннің мағынасы, әлгі күйді екшеп, бұйымға, білезікке, сақинаға сіркедей қылып, жиілеп әшекейлейді. Сондай мына күйді әшекейлеген. Күміс бұйымды тақылетті қылып, Қазанғап байытып тартқан. Сондықтан, ана күйлердің жиынтығы болғандықтан, өзі «Ақжелең» болғандықтан, «Күйбасы да Ақжелең». Күйлердің тобын шақырушы «Күй шақырғыш» та болып қалған», – деп баяндап кеткен«мәліметі».

г) Қазанғап «сірке қондырып», «аяқ жағына жаңа тақырыптық бөлім қосқан, сөйтіп күй желісін байытқан» деп тамсанып жүрген «Күй шақырғыш Ақжелеңнің» қарақалпақстандық домбырашылар тарапынан едәуір өзгерістерге ұшыраған «Орынбай Ақжелең» күйі екені.

Тарихи деректермен, архивтік құжаттармен дәлелденген осы ақиқатты А. Райымбергеновтың мойындамауы – мүлде әбестік!

Жалпы Б. Басығараев айтты деп А. Райымбергеновтың қай кітабында да бастан аяқ  тірек қылған сол мәліметтердің біразы күмән тудырады. Соның бірін ортаға салайық. 

А. Райымбергенов «Қоңыратта өткен күй сайысында Орынбай қазылар алқасында болды» десе, Б. Басығараев бір дерегінде: «Айша – XIX ғасырдағы батыс домбырашыларының ішіндегі әйелдерден шыққан күйшілердің бірі. ...Хиуада Әзберген ханның шақыруымен өткен күй сайысында Шүйт Орынбай (астын сыздық.-Б.К.), Табын Дүкенбай, Үсен төре (астын сыздық.-Б.К.), Қазанғаппен бірге күй тартысқан», – депті (Қараңыз: Толқында: Күйлер жинағы/ Еділ Басығараев. Алматы: «Өнер», 2012, 77-бет).

Мінекей, куә боп отырмыз, Б. Басығараев «Хиуада Әзберген ханның шақыруымен өткен күй сайысқа Орынбай да қатысып, Айшамен бірге күй жарысына түсті» деп отыр. Қазылық етті демеген. Тағы бір елең еткізген жайт, Үсен төре де бағын сынапты сонда. Есептесек жасы елуге тақаған кезі екен.

А. Райымбергеновтың айтуынша, 1917 жылы тамыз айында (астын сыздық.-Б.К.) Қазанғап Орынбор жәрмеңкесіне бара жатқан сауда керуеніне ілесіп, жолға шығады. Жолда Үсен төренің аулына соғады. Төре үйінде жоқ екен,бірақ келіні оған қонақжайлық көрсетеді. Қазанғап төрде ілулі тұрған домбыраны қолына алып, тарта бастайды. Мұнан кейінгі жағдайды А. Райымбергеновтың өз баяндауында қаз-қалпында берейік, ол: «Сол сәтте сырттан үйге кіріп келген Үсен төре домбырасын тартып отырған бейтаныс адамды көріп ашу шақырады:

– Домбырамды менің рұқсатымсыз алып тартуға батылы жеткен неткен жансың? Ал, енді көрсет өнеріңді, егер дұрыс тарта алмасаң, осы жерде айыбыңды төлейсің.

Қазанғап өзін таныстыру үшін «Көкейге түскен Көкілжан» атты күйін шертеді. Сай-сүйекті сырқыратқан күй сазы Үсен төрені қатты толқытып, Қазанғаптың домбырашылық шеберлігіне қайран қалған Үсен төре орнынан еріксіз ұшып түрегеліп, былай дейді:

– Япырым-ай, түр-тұлғаңа қарасам, алыстан келе жатқан адам тәріздісің, шырағым. Бұл өңірде мен көрмеген, домбырасының үнін естімеген күйші жоқ еді... Ұлықұмның бойында Қазанғап атты кедей, жалғыз атты домбырашы бар деп естуші едім, сол сен боларсың. Қазанғап болсаң, жоғары шық, төрге оз», – деп баяндаған (Қараңыз: Күй төресі Қазанғап. / А.Ы. Райымбергенов, С.Ш. Райымбергенова. – Алматы, 2022. 17-18 беттер).

Б. Басығараев жоғарыда келтірілген дерегінде «19-ғасырдың аяғында, 1878 жылы Қоңыратта өтті» делінетін «тоғыз домбырашының» күй сайысына «Үсен төре де қатысып, Айшамен, Қазанғаппен т.б. күй тартысты» дейді, ал А. Райымбергенов Үсен төре мен Қазанғаптың 1917 жылы кездейсоқта танысқанын әңгімелеп отыр. Сонда қайсысынікі жалған, қайсысынікі шын?

А. Райымбергенов кітаптарына енген Ж. Айпақовтың орындауындағы «Орынбай Ақжелеңнің» нотасында орын алған өзгешеліктерге байланысты күй зерттеушісі, педагог-домбырашы Мұрат Әбуғазының білдірген пікіріне былай депті: «...күйші Жәлекеш Айпақовтың әр кезеңде орындаған күйлерін тыңдап, оларды салыстырмалы түрде талдау жасауға мүмкіндік туды. Ал Жәлекештің қолынан күй үйренген Рүстембек Омаровтан бұл күйдің сағасы жайында сұрағанымызда: «Жәлекеш кейде қосып, кіші сағаны қоспай да орындай беретін. Өйткені саға буынының негізгі иірімдері орта буынмен сәйкес келеді. Сондықтан сахнадан орындағанда біз сағаны қосып орындаймыз», – деген болатын». 

Расында солай болса А. Райымбергенов қолындағы Ж. Айпақовтың орындауында жазылып қалған «Орынбай Ақжелеңнің» сағасыз және саға қолданылып тартылған нұсқаларын өзінің ғаламтордан ашқан жеке бейнетаспа арнасына (ютуб каналы) жария еткені дұрыс. Бәріміз де білмейтінімізді біліп, шындыққа көз жеткізіп, жадымызға сақтап жүрер ек. 

Сөздің ретіне қарай дәлелге келтіріп: «Қазанғаптың «Күйбасы Ақжелең» атты шығармасы бары рас. Бұл – композитордың «Ақжелең» атауын иеленген циклді шығармаларының кіріспесі іспетті. Домбырашы қауымға мәлім күй. Шығарушысы бір автор болғандықтан стилдік сарын-мәнері «Орынбай Ақжелеңге» келіңкірейді. Алайда «Күйбасы Ақжелең» – өзіне тән нақыш-құрылымы, ерекшелігі бар басқа шығарма», – деген пікірімізді А. Райымбергенов: «...арқалы күйші Садуақас Балмағамбетов орындаған «Орынбай Ақжелеңі» мен соның орындауындағы «Күй басы» Ақжелеңді» тонын теріс айналдырған бір күй деуіміз әбестік болар. Бұл жаңсақ пікір», – деп бұрмалапты. Өзгелерде біз туралы теріс түсінік тудыру үшін. Мұнысы да – өрескел әбестік енді!

А. Райымбергенов: «Мақала авторы жас ғалым филология ғылымдарының кандидаты (?) К.Қайролланың «Бесқала қазақтарының күйлері» атты еңбегін - дау тудырған фальсификация кітабы», – дей келе оның  бұл күй тартысқа байланысты жазған деректерін де жоққа шығарады», – депті тағы бір сөзінде. Шыр-пыры шығып қорғап отырған сол жас «ғалымының» «филология ғылымдарының кандидаты» деген ғылыми дәрежесі жоқ! А. Райымбергеновтың мұны өте жақсы біле тұра бұлай өтірік айтуы тіпті – әбестік!

 «Күй төресі Қазанғап» атты кітабының тұсаукесеріне байланысты Алматы, Ақтөбе қалаларына таратқан афишасына «Кешке дәстүрлі күйшілермен қатар Қазанғап шәкірті Жұмабай Жансүгіров (93-жаста) қатысады» деп жазыпты. Бұл да – жалған! Жұмабай ақсақал 1930 жылы туған, ол Қазанғап 1921 жылы опат болғаннан кейін тоғыз жылдан соң дүниеге келген. Оның күйші шығармаларын үйренуі – 50-жылдардың тұсы. Бұл – ұсақ-түйек нәрсе емес! Жауапкершілік болуы керек еді. 

 «Күй шақырғыш Ақжелең» – «Орынбай Ақжеленің» тоны теріс айналдырылған түрі» деген талдау-пікірмізге А. Райымбергенов: «Кез-келген ғалымның, күй зерттеушісінің бұлай айтып баға беруге қақысы жоқ», – депті. Сөзі өзінің іс-әрекетіне, ұстанған бағытына қайшылық тудырып тұр. Түсіндірейік.

Игіліктеріңе пайдаланыңдар деп «Қазанғап Ақжелең»(1984), «Күй төресі Қазанғап» (2022) деген кітаптарын көпшілікке А. Райымбергеновтың өзі-тін ұсынған. Сол көптің бірі – біз ек. Оның бұл еңбектерін «өнім» деп қарасақ, ал сол «өнімнің» тұтынушысы – оқырман, өнер адамдары. Қажетке жаратпақ дүниесінің пайдасын, сапасын тексеріп, анықтап алу – әр тұтынушының хұқығы. Олай болса, «өндірушінің» «өнімімнің» кемістігін көріп қалдың, жалған тұстарын әшкере қылдың деп реніш білдіріп, өкпе артудың немесе жауығудың еш жөні жоқ. Көшелі адам ондайға бармаса керек. Тұтынушыларының сын-талабымен санасады. Алдағы кездерде ескеріп жүреді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабы 1-тармағында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады», – деп тайға таңба басқандай таңбаланған. Әділдікті қорғаушы заңым айтар ойыңа, сөзіңе осындай еркіндік беріп отырған бейбіт заманда өз пікірімізді айттық, айта да береміз...

Қаузар дүние әлі баршылық. Бірақ аттамалап бұл баян еткеніміз де жеткілікті болар түсінген адамға. Сөзімізді осы тұстан үзіп, пікіріміздің қорытындысына көшейік енді. 

Бірде көптің бірі Пайғамбардан (с.ғ.с) сұрапты дейді: «Мұсылман адам қорқақ болуы мүмкін бе?» – деп. Ол: «Иә, мұсылман адам қорқақ болуы мүмкін», – деп жауап беріпті. Оған тағы да сұрақ қойыпты: «Мұсылман адам сараң бола ма?» – деп. «Иә, мұсылман адам сараң болуы мүмкін», – дейді. Оған тағы да: «Мұсылман адам өтірік айта ма?» –депті. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Жоқ, мұсылман адам өтірік айтпайды!» – депті қатқыл үнмен (Малик).

Бөрібай КӘРТЕН

Ақтө беқаласы.

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...