Мұхтар Күмісбек. Богемалық рапсодия

МУЗЫКА
1326

Біздің Димаш ән айтқанда жаныңыз масайрайды. О, сол дария дауыстың демінен тау дірілдердей, жер теңселердей… Құдайды еске салады. Сенесіз бе, біз бүгінгі өнерге соның биігімен көз тас­тайтын болдық. Енді үнемі солай бола бермек.

Әңгіменің әлқиссасын Ди­машпен бастамасақ асқақ көңі­лімізді аласартып алардай аласұр­ғанымыз рас. Мұның оған қандай қатысы бар деп мұңдануыңыз да мүмкін. Әйтсе де шынайы өнерде ешқандай ереже болмайды. Талант жердің арғы бетінде де талант екенін тағы айтқымыз келеді. Қазақ баласының мил­лиардтаған қытайды таңдай қақ­тыр­ғаны есіңізде ме? Сол әлем­дік додада дүлдүл ұл «The show must go on», яки «Шоу жалғасуы керек» композициясын орындап, ағылшындарды да жылатқан еді. Жыламай қайтсін, жетпісінші жылдары күллі батыс елдері «Богемалық рапсодия» санап, өнеріне табынған Фредди Меркьюриді қайта тірілткендей болды. Біз бүгін сол күні британ­дықтардың неге елжірей егілгенін айтқымыз келеді.

Даңқы көкке өрлеген «Queen» рок-тобының әншісі Фредди Меркьюри музыкада еркіндіктің жыршысы саналды. Өнердегі модернизмге жаңаша рең берді, ғұмырының соңына дейін богемия стилін жаңғыртты. Өлер алдында «Innuendo» атты соңғы студиялық альбомын жарыққа шығарып, мәңгілік сағынышқа айналды. Бұл оның СПИД дертімен күресіп жүрген кезі еді. Пластинкамен жұмыс істеп жатқанда әншінің денсаулығы күрт нашарлап, ұзақ өмір сүрмейтініне көзі жетеді. Бәлкім, бұл тағдырдың «Шоу жалғасуы керек» әні арқылы ажалының жақындағанынан хабар бергені болар. Кім білсін?! Одан өңге жаңа туындыны шырқауға шамасы да, уақыты да жетпеді.

Композиция топ барабаншысы Роджер Тейлор мен музыкант Джон Дикон жазған аккордтық прогрессиядан басталды. Мәтіннің негізгі бөлігін кинокомпозитор Брайан Мэй жазған, бірақ бұл процеске Фредди Меркьюри де қатысқан. Әсіресе мәтінін жазуда шешуші рөл атқарғаны айтылады. Оны Мэй былайша еске алады:

«Бастапқыда бұл әншейін аккордтардың үйлесімі секілді көрінді. Бірақ мен оның маңызды нәрсеге айналуы мүмкін екенін сезіндім. Жанымды нағыз әуенге деген құмарлық басып алды. Шығарманы ыждағаттылықпен қолға алдым. Біз Фреддимен бірге отырып, тақырыптың қандай болуы керектігін ойластырдық. Сөйтіп, мәтінін жаздық. Туындының оның өмірінде маңызды орын алатынын ұғындым. Әрі қарай бәрі аңыз», дейді автор жазбасында.

Әннің өн бойында жеке адам­ның күрескерлік рухы жатыр. Шығарма құрылымы көп­те­ген бейнелі метафораға толы. Әрбір жолды әртүрлі теңеу­мен түрлендіріп, ақиқатпен астас­тырған. Әдетте, компози­цияның жасалу тарихын білетін музыка әуесқойлары Фреддидің жеке қасірет туралы жырлағанына сенімді. Бақсаңыз, финалға жа­қындаған сайын кейіпкердің батыл­дығы, өмір сүруге деген құш­­тарлығы артады. «Мен жеңіс­ке ерік табуым керек», «Мен шоуды жалғастыру үшін күш табуым керек», «Менің жүрегім іштен жарылып жатыр» деген жігерлі сөйлемдер орындаушының жан азабынан хабар береді.

Жалпы, аталған рок-топта ішінара жазылмаған ереже бар. Ол әннің сөзі қандай болса да талқыланбайды. Кейде мәтін автордың жеке көзқарасына құрылуы мүмкін, сондықтан оны түзеу әдепсіздік болып саналады. Музыканттар мұны жақсы бағамдады. Шығармадағы қасі­ретке толы, мұңлы сөйлемдер нені білдіретінін, неге жиі кездесетінін ешкім сұрамады.

«The Show Must Go On» әнін таспаға жазу барысында Меркьюри өзін нашар сезінеді. Мұны байқаған Брайан Мэй туын­дыны жақсы нотада алып шығарына күмәнмен қарайды. Онысы жөн де, себебі фальцет тым жоғары болғандықтан, әншіге қысым көбірек түсті. Бірақ өнерпаз соңғы демі қалғанша бар даусымен айқайлап, жүрекпен орындап шығады. Әрі әнге қайталанбас өң беріп, көрерменнің жан дүниесіне мәңгі ұмытпастай мөлдірлік құяды.

Өкінішке қарай, топтың хитке айналған ғажайып әнін Фредди көпшілік алдына орындай алмады. Сондықтан бейнеклиптің түсіріліміне топ фронтменінің қатысуы туралы әңгіме болған жоқ. Біз тамашалап жүрген желі­дегі нұсқасы әншінің денсаулығы сыр бермей тұрған шақтағы бей­несі. Осылайша, әннің тарихы Фреддимен басталып, Фреддимен аяқталды. Ол туралы «Богемалық рапсодия» атты фильм де жарыққа шықты. Әрине, өте аянышты. Содан да болар, ағылшындар әнді әлі күнге дейін жүрегі елжіреп тыңдайды.

Ал біздің Димаш көрерменге сол сезімді сыйлай алуымен құн­ды. Сол сәтте оның үні, әнді се­зінуі тыңдармандарын таңдай қақ­тырды. Өнерпаздың бар ынтасымен салған әні әлемді әлі де әлдилеп тұрғандай.

Қараңызшы, 2005 жылы Music Choice телеканалы 50 мыңға жуық еуропалықтан өздерінің жерлеу рәсімінде қандай ән орындалуын сұрайды. Сонда барша жанкүйер бірауыздан «Шоу жалғасуы керек» деп жауап беріпті.

egemen.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...