Мағжан махаббатты мөлдіретіп жырлаған ақын ғана емес, сазгер екенін де біреу білсе, біреу біле берме...
Қазаққа келсе – Берікбол, ұйғырға барса – супер ол
Мен оны алғаш концертте көрдім.
Artur Prodution-ның ұйымдастыруымен өткен «Яңра нахшам» («Сайра, әнім») концертінде. Кезектестіріп екі ән айтты. Әуелгісі – ұйғырша. Ташмухаммад Батурдың «Чин Мухаббәт» композициясы. Осы жерде Республика сарайына жиылған халық айрандай ұйып, әнші жігіт сызылта салған әуеннің ырғағына елітті.
Екінші әнді қазақша айтты. Нұрғиса – Қадыр ақын тандемі тудырған «Өз елім». «Өз елім менің – Өзегім менің. Жырыма қосып жүремін. Төрім деп менің, Жерім деп менің, Соғады мәңгі жүрегім.»
Қандай, ә!? Делебені қоздырады. Әдетте рең-басы байсалды көрінген әншінің сол сәттегі ұшқын атқан жанарына қарап, елге, жерге, қазақтың дархан даласы мен әлі де қанша қандастар армандап, жете алмай жүрген қара топырағына деген аңсарды аңғармау мүмкін емес-тін.
Не керек, кешке жиналған халық қырылып қала жаздады. Ысқырып, жер тепкілеп, «бис»-ке шақырып жатқан жұрт.
– Соқтыр, Берікжан, соқтыр!
– Кірпіш қалағандай соқ, Беке!
– Тептір, жанын шығарып, тептір! Дүние айналсын! – сынды дабыстар әр-әр жерден-ақ шығып қалып жатыр.
Енді ше, ұйғыршаңды қырық қарпып, жүз бұралтып, мың толғатып, әуенін сөзіне, сөзін әуеніне жіліктің майындай тоғыстырып тұрған сабазың әсте көре-көре көзің, ести-ести құлағың жауыр болған өз ұйғыры емес, пәмлі қазақ, қазақ азаматы болса! Қарлұқ сазын қыпшақ текті қазақ оғланы қарлұғыңнан асыра әуелете шалып тұрса!
Мен сөйтіп Берікбол дейтін қазақ әншісін үш мың ұйғырдың жанабында отырып аштым. Кеудемді ұлтыма деген мақтаныш сезімі кернеп, астымдағы орындығымды сындырып жіберердей сықырлата отырып аштым. Тіпті, көзіме бірдеңе түсіп кеткендей болғасын, жанымдағы Күнжарқынға көрсетпей, саусақ ұшымен іліп тастадым-ау деймін.
Кәйтейін енді, мен деген қазақтың киесіндей, күллі алаштың анасындай Сырдың бойында сылаңдап өскен ақ сәмбі, толқынында шоршып өскен ақ балықпын ғой – қалай мақтанбайын қалың ұйғырды бас идіріп, жер бүйдіріп жатқан мына үнге, қалай таңқалмайын сазына лайық сындар үннің сымбатты иесіне?!
Кешті жүргізген ұйғыр жігіт кім деп таныстырып еді мана?! Толық аты-жөні?! Есіме түсіре алмай, қолымдағы концерт бағдарламасына үңілдім: Байбосын Берікбол.
Бізге – қазаққа мәлімсіз есім. Есесіне, «Ойбуй, ол деген ұйғыр аспанында жарқырап туып келе жатқан ақбоз жұлдыз ғой, Тиктокпен мәшһүр болған бізге!» – деп қоразданды сол жағымда отырған таумұрындау көршім. «Ұрсаң жұдырығыңның қышуы қанбайтын қазақ бірін-бірі танымайтын болғаны ма?!» деген таңданыс сезімін оқып үлгердім жанарынан. «Білмейді екем...» дегім келді де, демедім. Намыстандым. Оның орнына көршімді мошқап отырып, әлгі TikTok-тың жайын біліп алдым. Сөйтсем, жүргізуші Азиздың баяндауынша былай болыпты.
Өткен жылы Түркісіб ауданындағы «Жас қанат» мөлтек ауданында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында бой көтерген 198-мектепте музыкадан сабақ беретін Берікбол елге келген дос-жарандарының ортасында отырып, бір орайда ұйғырдың әлгі «Шын махаббат» дейтін белгілі әнін айтып жібереді. Сол сәтті сыныптас достары смартфонға басып алып, қазірде модаға асып тұрған TikTok-ке жариялап жібереді. Одан қолдан-қолға өтіп, ұйғыр ағайынға жетіп, аз уақыт ішінде қаралым миллионнан асып, мыңдаған коммент жинайды.
Бұдан Берікболдың өзі мақұрым. Жаңа жыл қарсаңындағы әлгі кештен кейін, екі ел арасындағы шекара ашылған бойда Наурыз мерекесіне орай ол туған жері – ҚХР-дің Іле-Қазақ автономиялы облысына қарасты Тоғызтарау ауданы, Қойпермі ауылына барып, ағайын-туыстың ортасында құмары қанғанша аунап-қунап, Алматыға оралса, – мәссаған, безгелдек!, – мұндағы адал сүт емдім дейтін мұқым ұйғыр «Берікбол! Берікбол!» деп, ішкен астарын жерге қойып отыр. Содан бері табанын жерге тигізген емес. Бұл қайда бармасын «Чин Мухаббәт», «Яр гула» әндерін айтқызады. Қайта-қайта шырқатады. Көздерінен бора-бора жас атқып, егіліп отырып тыңдайды. Өздерінше жіберсек, «аспандағы қаздың сорпасына нан шылап жегендей» буындары босайды.
Берікбол неге аяқ астынан дәл ұйғыр ортасында танымал болып отыр?! Әлде осы халыққа бір қатысы бар ма екен?
Өмірхаятын ізерлеп көріп едім, дым да қатысы жоқ, қара ұйғырыңа да, сары ұйғырыңа да, тараншыға да, солонға да. Шикі қазақ. Тоғызтарауда қаймағы бұзылмаған, қойы да домбыра тыңдайтын қазақы ортада дүние есігін ашқан.
Әкесі – ұстаз, мектеп директоры Байбосын Сәйдахметұлы мен анасы – Жаңылхан Арынбекқызының тұла бойы тұңғышы. Қазақ салтымен атасы мен әжесінің бауырында, атасы сақалына орап өсірген бала Берікбол өнерпаз әкеден дарыған қанжұғыстымен кіттәйінан өнерге жуық болады. Сегіз жасынан бір естіген әнін қағып алып, домбыраға салып айта жөнелетін құймақұлақ боп өседі. Үйдегілер де «Болам деген баланың, бетін қақпа, белін бу» деген халық ұлағатына бағып, сұраған саз құралын алып беріп отырады. Қытай мектебінің тоғызыншы сыныбын аяқтап, қалған үш жылды қазақ мектебінде сусындап, ана тілімен қатар, ханзушаның да білгірі болып шыққан ұлдарының одан әрі Бейжің консерваториясына түсуіне ата-анасы қолғабыс жасайды. Консерваторияда Берікбол нотажазуға, сольфеджиоға сауаттанудан бастап музыканың теориясы мен практикасын игеріп, композиция негіздеріне бастығады. Бұлардың бәрі қосыла келе талант көздерін ашып, жас жігіттің білікті музыка педагогы, баритоналды тенор дауысты әнші және өз жанынан ән шығаратын сазгер ретінде қалыптануына негіз қалайды. Осы үш тұма бұлақ өмірдің өрін көздеп жалғыз жүре берсе, жеткілікті түрде бас жармауы мүмкін екенін сезіп, атамекенге барып бақ сынауды көп ойлайды. Қытайда жағдайы жаман болмаған – ол жақта аз ұлттардан шыққан білікті кадрларға оң көзбен қарап, оларға жағдай жасап отырады екен. Мәселен, Берікбол жоғары оқу орнын бітірісімен 2011-2013 жылдары Күйтің көркемөнер мектебіне (біздіңше колледж) ұстаз болып орналасып, сол жерде дараланып көзге түскеннен кейін, 2014-2018 жылдары Іле педагогика университетінің музыка факультетіне қызметке шақырылады. Университет тарапынан бір бөлмелі пәтерге ие болады, жалақысы да бізше есептегенде 500 мыңның шамасы екен. Сонда да арман, атамекенге деген іңкәр сағыныш ақыры оны 2019 жылы Алматыға алып келеді. Осында консерваторияның магистратура бөліміне түсіп, Амангелді Мұқан, Бақтияр Аманжол, Бейбіт Дәлденбай кластарында білім тиянақтайды. Негізгі музыкалық стилі неоклассика, әсіресе 1960-1980 жылдардағы қазақ мелодист композиторларының шығармашылығына жуық Берікбол осы аралықта елуге жуық әнді нотаға түсірген. Ал осыдан он жыл бұрын Қытайда шыққан «Сен үшін», «Долана қыз» әндері сол жақтағы жастар арасында кеңінен танымал болған. Құрманғазы атындағы консерваторияда жүргенінде үш бөлімнен тұратын «Ұлы дала» атты музыкалық пьеса жазып, оны Құрманғазы оркестрі орындауға келгенде, ковид карантиніне байланысты аяқсыз қалған.
Берікбол шығармаларының шоқтықтысы – «Өмір-ай» әні. (Сөзін жазған Несіпбек Айтұлы). Алғаш тыңдағанда әуені марқұм Есенқұл Жақыпбектің белгілі «Өмір өтті зырғып ағып» әнін еске салатын бұл шығарманың өзегі – туған өлкеге, ата-анаға деген ынтызар сағыныш.
Дәстүрлі қазақ музыкасы мен Шыңжаң қазақтарының қоңыр әндерінің аралығында туған Берікбол әндердің бір парасын консерваториядағы ұстаздары жаратып, оларың демесінімен «Өмір-айын» «даусы, стилі келеді-ау» деген белгілі әншілерге ұсынып көреді. Бірі «Кейін тыңдармын, қазір қол тимей жатыр» деп сыпайы бас тартса, ал тағы бірі даусына келмейтінін ашық айтады. Қысқасы, бұл өреде Берікболдың жолы болмай, маңдайы тасқа тимесе де, тауаны шағылады.
Мен жоғарыдағы концерттен кейін Берікболдың жанды дауыспен айтатын және студияда жазылған бірқатар әнін тыңдап көрдім. Тыңдап отырғанда бір ой кеуледі.
Музыка тарихынан мәлім, әлемдік саз өнерінде тон диатоника және пентатоника болып екіге бөлінеді. Алдыңғысы полифониялық (көп өрісті) Батыс музыкасына тән, ал пентатоника (бес тон) гомофонды, яғни жалғыз өрелі Шығыстың модаль музыкасына тән. Бұрынырақта қазақ музыкасында мұның екеуі де болған, бірақ 1930-жылдардан бастап қазақ сазы Батыс өнерінің ықпалына ұшырауына (бәлкім ұлттық сазымыздың жалпы даму эволюциясына) байланысты пентатоник ыңғайын жоғалтып, басы бүтін диатоникке көшеді. Сөйтіп, Қазақстандағы ұлттық саз өзін Шығыс музыкасымен байланыстырып тұрған алтын көпірінен айырылып, бұрынғы онымен әуен алысу үдерісі тоқталады. Жалпы Азияның, соның ішінде айқын пентатоникалы Қытай және басым бес тонды ұйғыр музыкаларымен де алыс-беріс саябырсиды. Ал Берікбол төл қазақ музыкасына қоса пентатоникалық саз әлемінің ортасында құлақ құрышын қанықтырып өскен, ханзу және дүнген, ұйғыр тілдерін еркін меңгерген, онысы бес жылға жуық Бейжің консерваториясында одан әрі жалғастық тапқан. Сәйкесінше, «Өмір-ай» сықылды өз әндері де құрылымдық жағынан қазақтың Батыс әсеріне ұшыраған сазындай әннің басталуынан (запев), кеудесінен (напев), қайырмасынан (припев), одан әрі шарықтауынан, одан да әрі апофеоздық кодадан тұрмайды, керісінше Шығыстың модаль музыкасындағыдай, соның ішінде өзбектің алты мақамды шакшакомы, ұйғырдың он екі мұқамы (шығыстың макамат өнері) тәрізді бір ғана леппен, қайырмасыз өріледі де отырады. Ал ондай әнді Қазақстандағы қазақ әншілері айта алмайды. Айтар еді-ау, тыңдаушы аса қабылдай бермейді.
Меніңше, Берікболдың алдымен ұйғыр тыңдармандары тарапынан ықыласқа бөленіп, бауырын жазып шабуының көп себебінің, бірақ елеулі себебінің бірі осында. Әсте, атамекендегі қазақтың қандастарды қандай да бір жатсынуы яки өзекке тебуі емес, бұл жерде туған елі ұқпады, өз еліне керекпеді деп қоюлату да мәселенің бетін шөмішпен қалқып алу болар-ды. Ойлаймын: қандастар үшін салт-дәстүрді ұстану абсолютті нәрсеге айналмаса керек, сол сияқты тіл тәрізді өнер де жанды ағза – ол кезең-кезеңде өзгеріп, түрленіп отырады. Яғни, екі жаққа да «заманына қарай саз керек», сонда Берікболдың да бабы мен бағы қатар ашылып, бауырын жазып, ұйғырға да, қазаққа да бірдей танылады, иншалла. Бөліп-жаратын ештеңе жоқ. Артур Илахуновтың концерт соңында шырқаған рухты әні біздің осы сөзімізге дәл келеді:
Дәуірден-дәуірге,
Біз екеуміз бірге,
Келеміз жетелеп,
Намысты өрге.
Сен маған – бауыр,
Мен – саған бауыр,
Тамыры бірге,
Қазақ пен ұйғыр!
«Өнер ұлтқа, жікке бөлінбейді, өнер – адамзатқа ортақ құндылық» деген ұстаныммен, түбі бір түркінің үзіліп қалған тіндерін жалғап жүрген Берікболдардың өнерін үстем етсін, Тәңірім!
Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Мәдениет порталы