КӨМБЕДЕЙ КӨП ДҮНИЕГЕ ИЕ БОЛАР АДАМ АЗ

МУЗЫКА
2332

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Мақалада руханият, тарихқа қатысты көптеген маңызды тақырыптар қозғалған. Соның ішінде дала фольклоры мен ұлттық музыкаға да ерекше назар аударылған. Онда Президент «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек екенін, сондай-ақ ұлттық әуендер мен құндылықтарды заманауи цифрлы форматқа ауыстыру қажеттілігін жазған. Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты, доцент, халықаралық ТҮРІКСОЙ-дың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты, фольклорист-ғалым Берік Жүсіповпен сұхбаттасқан едік.

 – Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлы форматта «жаңа тыныс» алуы қажеттігін айтқан болатын. Бұл ойдың, ұсыныстың қазіргі таңда­ғы маңыздылығы қандай?

 – Ән-күй, жыр-термелердің көне аудио нұсқаларын қазіргі за­ма­науи цифрлы қалыпқа көші­ру­ге байланысты бірнеше өзекті мә­селе бар. Өзге облыстар­дың жағ­­­дайын білмедім, Алматыда дәс­түрлі музыка үлгілерін таза­р­тып, цифр­лы жүйе жасауға машық­тан­ған екі маман бар еді. Оның бірі – База­ра­лы Мүптеке марқұм болып кетті. Қазір ескі таспалардың тұмса қал­пын бұзбай өз деңгейінде тазар­­та алатын Саян Ақмолда де­ген маман бар. Ал жалғыздың үні шы­ға ма, ісі өне ме, оны ел айтсын. 

Ұлы даланың фольклоры мен әуендеріне заманауи цифрлы форматта «жаңа тыныс» беру үшін мәселенің осы жағына мән бердік пе? Оны алдын ала жүйелеп бере­тін маман дайындап, олармен пікірлестік пе? Заманауи техника­ның тілін білетін жастар халық мұрасын тазартып, кәсіби жүйе­леу­дің жағдаятын толық түсінсе жақсы. Елбасы айтқан қазабат шаруаның осы жағы көп ойланды­рады. 

Екіншіден, қазір архив атау­лы­ның күйі тайыңқыраған заман. Бір ғана көзім көрген келең­сіз жағдай­ды тілге тиек етейін. Алматыдағы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында көне таспа­лар­ды сақтайтын арнайы бөлім бар болатын. Ол жерде ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін көзі тірі келген халық өнер­паз­дарының дауысы сақталған. Бір жылдары осы мұраға бытбырт келгендей болды, «заманауи форматқа ауыс­ты­­ру» деген ізгі оймен басталған көшіру жұмыстары кезінде халық мұрасына орасан зиян келді. Сол көшіру жұмыстарынан соң кеуде­ле­ріне халық мұрасын теңде­ген көп ақсақалдың дауысы шаты­сып кетті. Мұны сонау жыл­дары Қыдыр­әлі Болмановтың қолқасы­мен халық ақыны Болман Қожа­баев­тың орындауындағы ән-күйлерді іздегенде көзбен көріп, көңілім қалған. Енді тек сол көші­ріл­ген мұраның түпнұсқа үнтас­па­сы сақталса екен деп іштей тілеп жүремін. Шынын айтқанда, әлгі көмбе болып жатқан көп дүниеге бүгінде басие болып, жана­шырлық танытып отырған адам аз. 

Үшіншіден, кезінде әр облыс орталығында республикалық радио филиалдары жұмыс істеді. Мәскеу мен сол кездегі астана – Алматы арқылы таратылатын хабарлар мен музыканың ортақ мұрағаты туралы әңгіме өз алдына. Осы облыстық радиолардың жергілікті жердегі түрлі мамандық иелерінен жазып алып қордалаған «Алтын қоры» болатын. Қазір солар қайда, осы көлкөсір мұраның жағ­даятын кім біледі? Оны айта­сыз, кезінде «Қазақфильм» бірлес­тігі облыстардың тарихы, өнері, ауылшаруашылық жетіс­тік­теріне байланысты, белгілі тұлғаларға қатысты деректі фильмдер жасап берді. Мүмкін орталық архивте бір нұсқасы сақталған да шығар. Алайда кезінде аталған фильм­дердің түпнұсқасы облыстардың өзіне берілген болатын. Сол құнды дүниелер қайда жатыр екен, оларды қашан қайта жаңғыртамыз? Мені осындай сауалдардың жауабы толғандырады. Осылардың басын біріктіріп, белгілі бір жүйемен жұмыс істелмесе Елбасы міндет етіп қойған өзекті тапсырмалар өз деңгейінде орындалар ма екен?! Егер дала фольклорының анто­ло­гиясын кәсіби тұрғыда жасау керек болса, істің ыңғайы осы бағыт­та жүргізілгені дұрыс сияқты.

 – Соңғы уақытта заманауи ән, жаңа трендтер қатты белең алды. Дәс­түрлі өнердің дауысы әлі де жар­қын емес. Жаһандану заманында дәс­түрлі өнерді аман сақтаудың, оны дамытудың қандай жолдары бар?

– Рас, кейінгі кезде жұрттың осылай деп еңірегенде етегі жасқа толып жүргені менің де қаперімде бар. Ең жаманы, көп адам осы сауалды күн тәртібіне шығарады, бірақ ары қарай әрекет жасамайды. Шынымды айтсам, осындай сұрақтарға жауап беруден әбден шаршап, ыңғыршағым айнала бастады. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген сөзді естіп жүрген шығарсың. Менің де осы мәселеге орай – дәстүрлі өнер­­ді аман сақтап, оны дамыту­дың жолдарын көрсетуге байла­ныс­ты ой айтқаныма отыз жыл болыпты. Тіпті қазақ ән, күй, жы­ры­­ның ортақ түйткілді мәселе­ле­ріне қатысты докторлық дис­сер­тация да жаздым. Бірақ содан есін жиып, етек жабуға тырысқан адамды көрмедім. Керісінше, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегеннің керінен әрі аса алмай жүрміз. Ол аз десеңіз сіз қойып отырған саулдардың шеші­міне қатысты оншақты кітап жаздым. Менің бұл тараптағы көкі­регімді қарс айырған запы­ран­ды зарымды білгісі келген оқырман болса уақыт тауып сол кітаптарды оқып шығар, әйтпесе бір адам аузынан шаршайтындай болды.

 – Сонда да, класикалық төл өнері­мізді алға сүйреудің бір амалы бар шығар?

 – Жастар жағы дәл қазір ерек­ше таңдау жасау керек. Егер ел боламыз, ата-бабадан мирас болып қалған асыл мұра келер ұрпаққа аман-есен жетсін десек, ұлттық ән-күй шырқалған өнер кеште­рі­нен қалмайық. Өздері қатысатын кон­цертке күшпен толтырып қой­ған көрермен ұлт өнерінің көсе­ге­сін көгерте алмайды. Егер «Құдай­дың бір аты» дейтін халық қалауы еуропа мен америкалық өмір-салт, заманауи ән, жаңа тренд болса, онда көп алдында көкезу болып қадіріңді қашырғаннан еш пайда жоқ. 

Көгілдір экранымыз бен радио желілерін күресіннен тазартайық, сөйтіп алдымен көп жылдан бері жиналып қалған қоқыстан ұлттың санасын арылтуға көшейік. Менің ұғы­мымдағы ұлттық мұраны сақ­тап қалудың әзірге жалғыз жолы осы. Айтушыдан гөрі тыңдаушы сауатты һәм саналы болмаған жерде ұлт өнерінің бағы байланады.

 – Көптеген дәстүрлі әншілер наси­хаттың аздығына, дәстүрлі өнер­паздарға тиісті қаламақы беріл­мей­тініне реніш білдіреді. Концерт қояйық десе, өнер сахна­ларын да таппаймыз, жалға алу құны қымбат дейді. Ескі ән-күй шырқап жүрген азаматтардың қадірін білуге, оларды дәріптеуге не кедергі болып жатыр?

 – Кейінгі кезде ауызды қу шөппен сүртіп отыра беруге дағды алдыра бастадық. Қазір біздің қоғам­да толықтай нарық заңы үстем­дік құрып тұр. Ал ұлттық өнер жандану үшін мемлекет тарапынан үлкен дотация керек. Онсыз «аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ тимейдінің» керінен арыла алмаймыз. Дәстүрлі әнші­лер­дің насихаты аз екені рас. Оның шешімі – тікелей бұқаралық ақпарат құралдарының тетігін ұстап отырған қыз-жігіттердің қолын­да. Дәстүрлі өнер үшін арна­йы хабар ашып, тоқтаусыз насихат жүргізіп, ала таңнан қара кешке дейін әнші, күйші, жыршыларды сайратып қоямын десе, ешкім қолын қақпайды. 

Ал қазіргі тыңдарманның түсі­нік­сіз талғамына сай халыққа өтпейтін әншілер үлкен кінәратты алдымен өз бойынан іздесе игі болар еді. Біз осы бүгінгі жағдайға өз еркімізбен жеттік. Жан-діліміз­дің әуелгі қалауы да осы емес пе еді? Бізге сырттан келіп асылда­ры­ның бағасын білме, қадіріне жетпе, өзіңді-өзің менсінбе, талант­ты перзенттеріңді дәріптеме деген кім бар?

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТ

aikyn.kz

author

​Берік Жүсіпов

ӘНШІ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...