Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі келесі жылы америкалық "The World's Best"...
«Құрманғазы – рухты саздың сардары» концерті. Дала данышпанына арналады
Шуақты Наурыз мерекесі қарсаңында «Астана Операда» Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында аңызға айналған қазақ композиторы, домбырашылық мектептің негізін қалаушы, авторлық орындаушылық мәнерді қалыптастырушы, қазақ халық музыка мәдениетінің дамуына зор ықпал еткен тұлға Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығына арналған «Құрманғазы – рухты саздың сардары» концерті зор табыспен өтті.
Кештің тамаша атмосферасын көпшіліктің шынайы, көтеріңкі көңіл күйі толықтырып тұрды, көрермендер танымал күйшілер мен жас аспапшыларды ыстық ықыласпен қарсы алды. Атақты күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай тыңдармандарға ұлы композитор Құрманғазының шығармашылығына бойлауға көмектесіп, дала данышпанының қиыншылыққа толы өмірі мен терең адамгершілік құндылықтары туралы жан-жақты айтып берді.
Концерт шымылдығын «Күй атасы» ашты. Жыр шашу ақын, «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының жүлдегері Еркебұлан Қайназаровтың орындауында шырқалды. Зал Құрманғазының көпшілік ұнататын «Айда бұлбұл, Айжан-ай» шығармасына да қол соқты, оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған сондай әсерлі әрі жан тебірентерліктей етіп ұсынды.
Жалпы, бағдарламада Құрманғазының «Ақбай», «Байжұмадан» бастап, «Қайран шешем», «Күреңше», «Арба соққан» мен «Терісқақпайға» дейін түрлі күйлері жинақталды. Оның күйлерінің көбі қазақ халқының азаттық сүйгіш рухын көтеретін ақындық ұранға, ұлттық тарихтың әуен тілімен жазылған ұлы эпопеясына тән болғаны белгілі. Халықты азат ету және жеке бас бостандығы – оның шығармашылығындағы өзекті тақырып.
Құрманғазының күйлерімен қатар, көпшілікке Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» туындысы ұсынылды, оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров шебер орындады, оның аспаптық интерпретациясы музыкалық ерекшелікке, мәнерлілікке ие болып, көрермендер аудиториясының қошеметін туғызды.
Сондай-ақ Камералық зал сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Орынбай Дүйсен, Тұрар Әліпбаев, Әбілғазы Ахмадиев, ҚР мәдениет қайраткері Марат Нүкеев, мәдениет саласының үздігі Еділ Басығараев, Бақытжан Дүйсенғазинов, Қайрат Айтбаев, Алмат Сайжан, Батырлан Әбенов, Жұмабек Қадырқұлов пен республикалық байқаулардың лауреаттары Ақжусан Иманғазықызы, Бауыржан Мұхаметбай, Бауыржан Бекмұханбет, Абылайхан Орманбек және тағы басқалары жарқырай өнер көрсетті.
Музыканттар домбырашылық өнер жанкүйерлерін Жантөре, Исламбек Ысқақов, Нұрғиса Тілендиев, Ахат Байбосынов, Манарбек Ержановтың және тағы басқаларының шығармаларымен таныстырды. Орындаушылардың аспаптық шеберліктері қазақ даласының асқақ рухын жеткізді. Шығармалардың көбі шынайы лирикалық сезімдерге толы болды, оларды залда отырған әрбір адам сезіне алды.
– Бұл нағыз сырлы сезімге толы, көңілге жағымды концерт болды. Театрдың мұндай кештерді өткізетіні керемет. Біз аңызға айналған қазақ композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының өмірінен көптеген жаңа, қызықты мәліметтерді білдік. Оның сирек музыкалық жаны мен зор музыкалық қабілеті болған. Ол шынымен еліміздегі бірінші деңгейлі аспапшы саналады, – деп атап өтті концерттен кейін тыңдарман Динара Ысқақова.