Халықаралық балалар күні - ең көне халықаралық мерекелердің бірі. Оны атап өту шешімі 1925 жылы Жене...
Ұлттық «Домбыра» телеарнасы жабылудың алдында тұр
Нағыз қазақ-домбыра немесе «Домбыра» ұлттық телеарнасы хақында
Сан ғасырдан бері қазақ халқының қуанса көңілін бөлісетін, қайғырса қайғысын азайтуға септігін тигізетін қоңыр үнді домбыра аспабынан шыққан күмбір күй мен домбыраға қосыла әуелете салар әуезді әндер рухымызбен үндес, тарихымызбен сабақтас екені ықылым заманнан аян. Кезінде класик ақынымыз Қадыр Мырза-Әлі: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп жырлағанындай, домбыра қазақтың қаны, қазақтың жаны. «Домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда» деп балалар әнге қосқандай, домбыра халқымызбен біте қайнасқан, домбыраны қазақтан бөліп ала алмайтындай ерекше қасиетті аспап. Өзіміз ес білгелі Қазақ радиосынан күмбірлеген күй мен әсем әндерді тыңдап өстік. Зердемізге тоқыдық. Әнші болуды армандадық. Қолымызға еріксіз домбыра ұстап, бір-бірлеп тыңқылдатып отырып әнге қостық. Әкеміз домбырамен ән салды. Анамыз екеуі қосылып, небір халық әндерін орындайтын. Біздің отбасымыз өнерлі болды. Ес білгелі қолымнан домбыра түскен жоқ. Қуансам да, мұңайсам да домбыраны тарта отырып, көңілкүйімді реттей білдім. Соның әсері- Жүсіпбек Елебековтей дарынды әншінің алдынан дәріс алып, өнерімді шыңдадым.
Домбыраның арқасында өмір бойғы рухани азықты өнерден таптым әрі өмір бойы ұлттық өнерді дәріптеп, зерттей білген өнер зерттеушісіне айналдым.
2018 жылдың 1 шілдесінде Елбасымыз домбыра күнін белгілеп, үлкен оркестрлер Астана төрінде өнер көрсеттті. Бүгінгі перзидентіміз ҚасымЖомарт Тоқаев алдағы оқу жылында мектеп бағдарламасына домбыра сабағын қосқызып отыр. Домбыраға құрмет болмады деу артығырақ. Бірақ соңғы жиырма жылдың көлемінде эстрадаға көбірек көңіл бөліп, домбыра мен қобыздың жетім баланың күйін кешкені жасырын емес. Өзім Қазақ радиосының Музыка редакциясында көп жыл еңбек еткен кезімде халық музыкасын азырақ, эстрадалық әндерді көбірек насихаттаған уақыттың куәгері болдым. Бұл шешім жоғарыдан келгендіктен, редакторлар тек орындаушы міндетін атқардық. Телеарналардың барлығында эстрадамен ән айтқандардың күні туды да халықтық дәстүрлі өнер кенжелеп қалды. Бірақ мамандар дайындауда Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіндегі, Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясындағы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы халық кафедраларынан, сондай-ақ Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіндегі дәстүрлі өнерді насихаттайтын бөлімдерден жылма жыл түлектерін ұшырып отырады.
Дәстүрлі әншілердің көбі домбырамен көпшілік қабылдамайды деген оймен эстрадаға ауысып жатады. Шындығын айтқанда, осы уақытқа дейін дәстүрлі өнерді насихаттаушы өнер иелеріне қамқорлық тым аз болды.
Бір кезде «Мәдениет» телеарнасы дәстүрлі өнер бағытында жемісті еңбек етсе, кейін жабылып қалып, «Мәдениет және білім» телеарнасы біраз жұмыс істеп, ол да жабылып қалды. Ал енді осындай шырғалаң уақытта халық өнеріне кім қамқор болады, қай телеарна атсалысар екен деп жүргенде «Домбыра» ұлттық телеарнасы ашылып, қолына домбыра ұстаған өнер иелері бөріктерін аспанға атып қатты қуанды.
Бұл 2019 жылдың наурыз айы болатын. Бүгінде ID-TV –кабелдік желісі арқылы, сондай-ақ YouTube арқылы таратылып отырған бұл телеарна тәулігіне 24 сағат бойы ән-күй, жыр-терме, шығармашылық концерттерді насихаттап отыр. Эстрададан әбден шаршаған қазақ халқына бұл үлкен сый емес пе?! Бір жылдың ішінде мыңнан астам ән-күй, жыр-терме, жүзден астам сүбелі хабарлар көгілдір экраннан көрсетіліпті. «Домбыра» ұлттық арнасының директоры Қанат Ержігітовтың айтуынша, алға қойған мақсат айқын, жоспар мағыналы. «Халықтың ұлттық өнері мен дәстүрін насихаттайтын әр саладағы көрсетілімімізге жоспарымыз дайын.
Атап айтсақ,
1/ «Ұлы дала әуендері» жобасы.
Қазақ даласындағы барлық әнші-күйшіні қамтып, эфирге шығару.
2/ «Өнер мектебі»
Республикамыздағы өнер ошақтарындағы жас дарындар жайлы хабар ұйымдастыру, жеке-жеке өнерлерін жазып алу.
3/ «Асыл мұра»
Өмірден өткен сахна саңлақтары жайлы, өнер зерттеушілер, композитор, орындаушылар жайлы хабар әзірлеу.
4/ «Салт-дәстүр»
Халқымыздың салт-дәстүрін көрсете отырып, жастарды тәрбиелеу.
5/ «Ата кәсіп»
Қолөнер шеберлерінің еңбегін насихаттау, өзара тәжірибе алмастыру сынды мәселелерді көтеру.
6/ «Жеті қазына»
Қазақ халқындағы жеті қазынаға жататын дүниелерге байланысты хабар. /Жүйрік ат. Қыран бүркіт, Құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік жайлы/
7/ «Ақсақалдар алқасы»
Қариялардың ақыл-кеңесі, ақ батасы жайлы.
8/ «Асыл ана»
Отбасылық хабар баланы ұлттық рухта тәрбиелеу жайлы
9/ «Домбыра үйренейік»
Балаларға, үлкендерге телеарна арқылы домбыра үйрету, оны әнге қосу жайлы хабар.
10/ «Айтыс»
Әр жастағы ақындармен /үлкен, орта буын, жастар, мектепаралық/ айтыс ұйымдастыру.
11/ Шығармашылық кештерді түсіріп, насихаттау.
12/ «Маусымашар»
Облыстық филармониялардың өнерін жазып алып насихаттау.
13/ Фольклорлық экспедиция жасап, ел ішіндегі сирек орындалатын шығармаларды жазып алу.
Міне, осындай мақсатымыз бар,-дейді телеарна басшысы.
Осы жоспарды орындау үшін біріншіден, министрліктен, екіншіденқалталы меценаттардан қолдау, көмек қажет. Ғимараттың арендасы, эфирдің абоненттік төлемі, VPN optica, видеоинженер, редактор, операторға төлейтін қаражат жетіспеудің салдарынан көп михнат көріп отырған телеарна бастаған істі тастай салуға, телеарнаны жаба салуға обалсынып отыр. Бұл қазақ халқының рухани орталығы, рухани байлық сыйлайтын қайталанбас телеарна. Осыны бағалай білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Арнайы концерт, айтыстарды түсіретін үлкен павилион мен әншікүйшіні, жыршы-термешіні түсіретін кішірек павильон жұмыс істеуде. Сондай-ақ әнші-күйшілердің киінетін, бетін әрлейтін бөлмесі бөлек.
Бүгінде түсірілу павилионына киіз үй, көрпешелер, кілем, ұлттық дәстүрдегі бұйымдар аса қажет. Бір «Алма ТВ»-дің желісіне, кабельдік жүйеге қосылуға 3 миллион 400 мың теңге қаржы керек. «Отау ТВ »-ның төлемі 2 миллион 500 мың теңге қажет. Телеарна басшысы Қанат Ержігіт Министрлікке Отау ТВ- жерсеріктік желісіне шығаруға өтініш жасағанымен «Домбыра» телеарнасында ақпараттық-танымдық хабар жоқ. Ретрансляция қосу жүйесі жоқ деген сылтаумен эфирге қосуға асықпай отыр. Ал енді халықтық мүддені қолдап, келешек ұрпағымыздың ұлттық санасының оянуына, ұлттық дәстүрді біліп, ұлттық өнерімізбен тәрбиеленуіне бірден бір ұйытқы боларлық «Домбыра» ұлттық арнасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі немесе ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз қарамағына алып, қамқорлық танытса, халық үшін де, арна үшін де үлкен жетістік болған болар еді. «Жалғыздың үні шықпастың» керін көріп отырған бұл ұжым қамқорлыққа аса зәру.
«Осы уақыт аралығында Елбасына, қазіргі Президентіміз ҚасымЖомарт Тоқаевқа, Парламент төрағасы Н.Нығматуллинге, депутаттар Бекболат Тілеуханов, Қуаныш Сұлтановқа, Сауытбек Әбдірахмановқа, Нұртай Сәбилановқа, бұрынғы министріміз Дәурен Абаевқа өнер адамдарының үндеуін жеткізгенімізде «комиссия шешеді» дегеннен артық жауап ала алмадық» деп мұңайған телеарна басшысы Қанат Ержігіт жаңа министр Аида Балаеваға үлкен үміт артатынын баса айтты. Бүгінгі күні бар шаруалары қаржыға келіп тіреліп, тығырықтан шыға алмай тұрған «Домбыра» телеарнасына халық болып қолдау көрсетпесек, мақсаты айқын ұжымның жабылып қалу қаупі басым болып тұр. «Көп түкірсе- көл болар» дегендей, өнерсүйер дархан халқымыз көмекке аса зәру «Домбыра» ұлттық телеарнасының өркендеп дамуына атсалысайық! Келешек ұрпағымыз ұлттық өнеріміздің қасиетін бойына дарытқанда ғана отанын сүйген, елін, жерін, ұлттық дәстүрін сүйген тамаша ұрпақ қалыптасады. Осы жолда бәріміз атсалысайық! Ұлттық өнеріміз өркендесін, Отанымыз аман, ел іргесі тыныш болсын!- дегім келеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ҚР Мәдениет қайраткері
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Алтын Иманбаева