«Әдейі отқа май құяды»: Тоқаев тіл мәселесін ушықтыратындарға қатысты айтты

Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
162

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің отырысында мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен ел бірлігі мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы ұлтты ұйыстырып, мемлекеттің іргесін бекемдейтін маңызды фактордың бірі – мемлекеттік тіл екенін атап өтті. Қазақстан Конституциясында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп бекітілген, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Президенттің айтуынша, бұған дейін болжам ретінде айтылып келген үрдіс бүгінде шындыққа айналып, қазақ тілінің қолданылу аясы ешқандай әкімшілік немесе саяси мәжбүрлеусіз кеңейіп келеді.

«Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие болғанын, ұлттық мәдениет пен болмысты танытудағы маңызы артқанын айтты.

«Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды», – деді Президент.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесін нығайту басқа тілдерді шеттету дегенді білдірмейтінін ескертті. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленген, ал мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі қазақ тілімен қатар ресми қолданылады.

Президент әлеуметтік желілерде тіл мен ұлтаралық мәселелерді әдейі ушықтыруға тырысатын арандатушылардың әрекетіне де назар аударды. Оның сөзінше, мұндай әрекеттер қоғамның бірлігіне және ел егемендігіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Тоқаев құқық қорғау органдары мен қоғамды мұндай әрекеттерге заң аясында қарсы тұруға шақырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы бұған дейін де қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін мәлімдеген. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа институттың...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада фельдшердің қазасына қатысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы МИБ төрайымы Сауле Жұбани...