Алматыда “Қазақтың Робин Гуды” атанып, қоғам алдында өзін қайырымдылықтың символы ретінд...
«Аппаратсыз жүре алмайды…Жүрегім ауырды»: Дана Нұржігіт ардагер диктордың жағдайы туралы айтты
Фото: әлеуметтік желі
Белгілі тележурналист Дана Нұржігіт «Қазақ радиосының Ақбаяны» атанған аңыз диктор, ұстаз Сауық Жақанованың мүшкіл халін жария етті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Alash.kz сайтына сілтеп.
Журналистің айтуынша, өмірін радио саласына арнаған ардагер бүгінде есту қабілетінен толық айырылған және қажетті ем-домды қабылдауға қаражат таппай отыр. Тіпті, мемлекеттік жоғары марапаттар да оның арнайы емханаларда тегін емделуіне септігін тигізе алмаған.
Сауық Жақанованың есту қабілетінің нашарлағаны соншалық, ол арнайы аппаратсыз ештеңе ести алмайды. Бұл жағдай өткен жылы Ақордада өткен салтанатты жиында да байқалған. «Парасат» орденін алып тұрған сәтте Мемлекет басшысының «суретке түсейік» деген ұсынысын естімей кетіп қалған видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Дана Нұржігіт бұл жағдайдың астарында салғырттық емес, ауыр дерт жатқанын алға тартты.
Дана Нұржігіт ардагерге көмектесе алмағанына өкініп, былай деді:
«Былтыр 80 жасқа толған Сауық Жақанова апайымыз екі құлағын радиоға беріп, аппаратпен жүр. Бар өтінгені: ауруханаға тіркелсем, емделуге қыруар ақша керек деп шет жағасын айтты. Әрі-бері жүгіріп едім, қолымнан келмеді. Жерге кіріп кете жаздадым. Қайтейін! Сауық апай екі құлағын радиоға беріп, бүгінде түк естімейді, аппаратсыз жүре алмайды. Қарағандыда, туған жерінде былтыр жеке шығармашылық кеші өтті. Мен сол ортаға арнайы бардым. Қолына ұстаған микрофоны құлағындағы аппаратпен жақындап кеткен сайын құрылғы шыңылдап кете берген соң апай аппаратты шешіп отыруға мәжбүр болды. Құлағы тас керең адамның жайы белгілі ғой, Сауық апай аңтарылған күйі, сахнаға көтеріліп өзіне тілек айтқан адамдарды бірін ернінен, бірін ишаратынан түсініп, бір жерде күліп, бір жерде дауысын көтеріңкіреп шама-шарқынша сахна мәдениетін сақтап отырды. Кеш соңына дейін. Жүрегім ауырды әлгіні көріп. Апайдың мәдениеттілігіне, ұстамдылығына таңдандым. Міне мектеп, міне мәдениет деген!».
Мәселенің тағы бір күрделі тұсы — медициналық көмектің қолжетімсіздігі. Журналистің мәлімдеуінше, Сауық Жақанова Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханаға («Совмин») тегін тіркеліп, ем ала алмаған. Дана Нұржігіт тіпті президент қолынан алған мәртебелі орденнің де бұл мәселені шешуге қауқары жетпегеніне қатты қынжылыс білдірді.