Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде Ұлттық қорғаныс университетіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті...
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль Қазақстан-Корея бизнес форумына қатысты
t.me/aqorda_resmi
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль Қазақстан-Корея бизнес форумына қатысты, деп хабарлайды Мәдениет порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жиынға қатысқан бизнес өкілдеріне ілтипат білдіре отырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ең перспективті бағыттарына тоқталды.
– Корея Республикасы – Қазақстанның бес ірі инвестициялық және сауда серіктесінің бірі. Кореядан экономикамызға тікелей тартылатын инвестиция көлемі он миллиард долларға жуықтады. Ал өзара сауда айналымы алты миллиард долларды құрады. Бүгінде Қазақстан нарығында Оңтүстік Кореяның 700-ден астам компаниясы жұмыс істейді. Олардың қатарында Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan секілді жаһандық корпорациялар мен басқа да кәсіпорындар бар. Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі ретінде өз позициясын нығайтуға ниетті. Бұл туралы бүгінгі келіссөздер барысында сөз болды. Нақты жоспарлар әзірленді. Келісімдерге қол қойылды. Құжаттар елдеріміз арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Әсіресе, әлем экономикасы түбегейлі өзгеріске ұшырап, Азия құрлығы орнықты даму және ғылыми-технологиялық прогрестің көшбасшысына айналған қазіргі заманда мұның өзектілігі айрықша байқалады. Сарапшылардың болжамына сәйкес биыл әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсімін Азия қамтамасыз етеді. Бұл ретте Оңтүстік Корея «Азия ренессансында» ең маңызды рөл атқаратыны сөзсіз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа экономикалық бағдардың дәйекті жүзеге асырылып жатқаны, инвесторларға қолайлы жағдай жасау шараларына баса мән берілетіні туралы айтты
Оның пікірінше, жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп сияқты стратегиялық мәні зор салалар Қазақстан мен Корея экономикалары кооперациясының маңызды бағыттары саналады.
– Мұнай-газ саласына Оңтүстік Корея технологияларын толыққанды трансферт жасау, сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жолға қою біз үшін маңызды. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі мұнай-газ кен орындарында өндірісті кеңейтуге бағытталған жобалардың жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, мұның өзектілігі арта түседі, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңызды шикізат игеру саласында еліміздің әлеуеті зор екеніне назар аударып, литий кен орнын игеруге және одан өңделу деңгейі жоғары өнім шығаруға ниетті оңтүстік кореялық серіктестермен (KIGAM, SK Ecoplant) ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысының пікірінше, автомобиль құрастыру саласындағы өзара тиімді өнеркәсіптік кооперацияны өрістетуге мол мүмкіндік бар.
– Қазақстанда қазір Hyundai маркалы автомобильдер құрастырылады. Келесі жылы толық циклді KIA зауыты іске қосылмақ. Аталған жобаға 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылды. Бұл ретте компанияның алғаш рет Оңтүстік Кореядан тысқары жердегі зауыт құрылысына қаржы салып отырғанын және ол үшін біздің елімізді таңдағанын атап өткен жөн. Оңтүстік Кореяның бірқатар компаниясы автомобиль өнеркәсібін дамытудың келесі кезеңіне кірісуді, яғни Қазақстанда автобөлшектер өндірісінің кластерін құруды жоспарлап отырғаны қуантады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.