Атырауда қонақүй клиентінің бағалы алтын жүзігі мен 1,2 млн теңгесін тонаған 2 күдікті ұсталды. Тағы...
Баласының еміне деп жиналған 1,4 млрд теңгені жеке қажетіне жұмсаған ерлі-зайыпты 7 жылға сотталды
Фото: видеодан скриншот
9 қаңтар күні Астанада ауыр дертке шалдыққан баланы емдеуге қаражат жинау желеуімен алаяқтық жасады деп айыпталған ерлі-зайыптыға қатысты сот процесі аяқталды. Үкім жарияланды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Sn.kz-ке сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, 2020–2024 жылдар аралығында Тотақановтар 2019 жылы туған, денсаулығында күрделі кінәраттары бар ұлын емдету мақсатында жүйелі түрде ақша жинауды ұйымдастырған. Баланың бірнеше ауыр диагнозы болған. Қаражат тарту үшін әлеуметтік желілерде таргеттелген жарнама кеңінен қолданылған.
Тергеу деректеріне сүйенсек, осы уақыт ішінде жұбайлардың шоттарына жалпы сомасы шамамен 2,2 млрд теңге түскен. Оның 1,4 млрд теңгесі азаматтардың қайырымдылық ретінде аударған қаражаты болған.
Алайда жиналған қаржының едәуір бөлігі баланың еміне емес, отбасының жеке қажетіне жұмсалғаны анықталды. Атап айтқанда, қаражат есебінен:
– жалпы құны 47 млн теңге болатын екі пәтер;
– 8 млн теңгеге бағаланған жер телімдері;
– Lexus RX 300 (28 млн теңге);
– Hyundai Santa Fe (8,2 млн теңге);
– Toyota Camry 75 (15 млн теңге);
– Toyota Land Cruiser Prado 150 (бағасы нақтыланбаған) автокөліктері сатып алынған.
Сонымен қатар 9,7 млн теңге брендтік тауарлар мен құмар ойындарға жұмсалған. Facebook Ads жарнама платформасының қызметіне 481 млн теңге төленсе, қарыздарды өтеуге 349,5 млн теңге бағытталған. Ал баланың еміне небәрі 6,4 млн теңге ғана бөлінген.
Сот үкімімен Толқын Тотақанова 7 жылға бас бостандығынан айырылып, 10 жыл мерзімге қайырымдылық мақсатта қаражат жинау құқығынан айырылды. Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты оның жазасын өтеу екі жылға кейінге шегерілді.
Күйеуі Дәулет Тотақанов 7 жылға орташа қауіпсіздіктегі түзету мекемесіне сотталып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ оған да 10 жыл бойы қайырымдылық үшін ақша жинауға тыйым салынды. Жұбайлардың 2022 жылғы Hyundai Sonata көлігі, автотұрақ орны және Қосшы елді мекеніндегі жер учаскесі мемлекет кірісіне алынды.
Ерлі-зайыптыға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Аса ірі көлемдегі алаяқтық») және 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыруы») бойынша айып тағылды.
Айта кетейік, Қаржы мониторингі агенттігі аталған іске қатысты тергеудің басталғанын биыл шілде айында хабарлаған. Агенттік мәліметінше, жұбайлар баласын емдеу үшін қазақстандықтардан шамамен 1,3 млрд теңге жинап, оның басым бөлігін жеке мақсаттарына пайдаланған.