Экспедиция әсері шексіз

Жаңалықтар
1220
2022 жылдың 13-17 қыркүйек аралығында Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен басталған ұлт ұстазы, ұлы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында «Ақаң жүріп өткен жолмен...» атты экспедиция мына бағыт бойынша: Нұр-Сұлтан – Әулиекөл – Қостанай – Арқалық – Бидайық – Торғай – Ақкөл – Арқалық – Астана аралығын жүріп өтті. 


Бұл киелі сапар құрамында ахметтанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері болды. Оқырман қауымға түсінікті болу үшін сөз басын мәні тереңірек экспедицияның соңғы күнінен бастағанды жөн көрдік. Бұрын Ақаң туған жерде жергілікті атқарушы билікте ұзақ жыл қызмет атқарған Тыныштық Әбдіжамалов есімді ақсақал, ақ түйенің қарны жарылып, кемеңгердің есімі ел арасына алғаш оралған жылдарды есіне алып, осы сапарда жүрген ғалымдарды сол тұста сүйіншілей келген зиялы қауым өкілдерімен салыстырып, анағұрлым айырмашылық көріп тұрғанын айтты. 

Ол кезде тарихи дерек пен  ғылыми тұжырымға сүйену аз еді, эмоция басым келетін. Бұл жолы тың мәліметтермен толыққан деп түйіндеді. 

Бұл сөздің жаны бар еді. Ұзақ жылдар бойғы ахметтану саласындағы ізденістермен бірге, биылдан бастап Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әлемнің біраз архивтеріне арнайы адам жіберіп, зерттеу жұмыстарын ұйымдастырған. Экспедиция құрамына сол ғалымдар енді.


Экспедиция шыққан бетте алдын ала белгіленген маршрут бойынша Ақаңның өмірінде ерекше орын алатын, 
Сұрасаңыз есімі – Александр Ивановна,
Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.
Бір кәпірді мұсылман қып, сауап алсам,
Тұрмай ма он молданың иманына, – деген өлең жолдарын тудырған Әулиекөл ауданына ат басын бұрып, аудан орталығындағы ұлт ұстазының ескерткіш бюстіне гүл шоғын қойып, ұстаз рухына тағзым етті. 
Айтпай өтуге болмайтын бір жәйт, жол-жөнекей алапат өрттің салдарынан қарағайлы өңірді күйік шалып, күздің көңілсіз мұнарына оранып тұр... 

А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Ахаң жүріп өткен жолмен...» дөңгелек үстелдің шымылдығы аталған университет ректоры Қуанышбаев Сейітбек Бекенұлының құттықтау сөзімен ашылды. 
Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Жантас Жақып баяндамасында Петербург мұрағатынан табылған, ғылыми айналымға енгізген екі маңызды құжат туралы айтты. Біріншісі, татар Ғалымжан Ибрагимов туралы болса, екіншісі, 1904 жылғы жер бөліміне жазған арыз.

Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. Жандос Смағұловтың айтуынша, Ахаң 327 әдебиет терминін жасаған. 
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ ұйымдастыру және кадр бөлімінің басшысы, тілші-маман Болат Жексенғали қазақ жазуының реформасы төңірегіндегі еңбегін бүгінгі күнмен байланыстыра баяндап, қазіргі кезде тілімізге еніп жатқан жат сөздердің қазақ тілін бұзып жатқаны туралы толғады. 


Қазақ даласына Ахмет Байтұрсынұлын берген қасиетті топырақта туып, Ахмет мұрасын жастайынан құлағына құйып өскен, Ахаң туралы төрт кітабі жарық көрген ақын, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.к. Серікбай Оспанов пен Ахмет пен Орынбаев туралы баяндама жасаған А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессор, ф.ғ.д Алмасбек Әбсадықтың және «Көне қазақ тілі және Ахмет Байтұрсынұлының кейбір сөз қолданысындағы ерекшеліктер» тақырыбында баяндама жасаған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Бекжан Әбдуәліның баяндамасы тыңдармандар үшін құнды дерек болмақ. Келесі бағыт Арқалық – Бидайық – Торғайға арналды. 

Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөзін сөйлеп, «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына сәттілік тіледі. 

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешов «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлт өркениеті» деген тақырыпта баяндама жасады. 
«Ақаң қазақ халқының қолына мәңгілік екі қару ұстатып кеткен ұлы тұлға. Орыс халқының қаншама ғалымдары еңбектеніп, 180 жылда тіл ғылымын жасаған болса, ол абақты мен айдауда жүріп, жалғыз өзі он бес жылдың жүзінде қазақ әліпбиін, жазу емлесін жасап, қазақ тілінің ғылыми сипаттамасын дәлелдеп берді. Жазу болғасын қазақ топырағында ғылым, театр мен әдебиет пайда болды. Екіншісі, сол қаруды қалай пайдалануды үйретті. Ол – әдіснама. Бұндай жанкештілік пен ұлы еңбек әлем тарихында сирек», – деді Ербол Ердембекұлы. 


Орталық шығарып жатқан ұлт ұстазының қазақ, орыс, түрік және ағылшын тіліндегі таңдамалы шығармаларын тілге тиек етіп, күні бүгін жарық көрген біраз кітаптарды аудандық музей кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекейге табыс етті. Гүлбану Құлетқызының осы саладағы еңбегі қасиетті Торғай жеріне қадам басқан кезден бастап жарқырай көрінеді екен. Экспедиция мүшелері үшін Міржақып Дулатовтың кіндік қаны тамған жері қатты әсер етті. Әсіресе, шыр етіп дүниеге келген үй орнын көру, тәу ету ерекше әсер қалдырды.
 
Алаштың ардақтысы Міржақып туралы түсіріліп жатқан фильм сценарийін жазған Ұларбек Нұрғалымның қасиетті топыраққа аунап алғаны сапарластарын толқытып жіберді. Ол Торғай ауданының әкімі Шота Оспанұлы құттықтау сөз сөйлеп ашқан дөңгелек үстелде «Ұлт ұстазы. Ахмет Байтұрсынұлы» фильмін түсірудегі қызықты жәйттер туралы тұшымды әңгіме айтты. 
 
Экспедиция мүшелері Сарытүбектегі ұлт ұстазының кесенесіне барып, ұлы тұлғаның кіндік қаны тамған жердегі ауыл тұрғындарымен кездесті. 

Бұл шоқтығы биік шараның төрт күн бойы басы-қасында жүрген Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының жауапты маманы Гауhар Арыстанқызы өзіне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып шықты. 
Экспедиция түйіні ретінде жарық көрген жинақ ахметтанушылар үшін үлкен көмекші құрал болмақшы. 

Ахмет Байтұрсынұлы жүріп өткен жол – өткеннің соқпақ-сүрлеуі емес, ол болашаққа бастайтын баспалдақ! 
Ақаңа құрмет – Алашқа тағзым!  
Алашты ардақтау – қазаққа қызмет жасау!
P.S. Ендігі сөз Торғай жәйлі. Алашқа Ахаңды берген Торғай, күллі қазақ жұрты ұғымындағы қасиеті бөлек Торғай, тусырылған құнарлы топырағымен талайды тамсандырған Торғай қазір қандай күйде? 
«Әлемнің дамыған 50 елін қуып жетіппіз, ол тізімді қусыра қуалап, енді алдыңғы отыздыққа таяп қалыппыз. Отыз жыл дамудың сара жолында ғана зырлап келдік-мыс». 
Сол отыз жылдың шарапатынан Торғай елі тыс қалыпты. 

Астанада отырып ауызын айға білеген шенділер елімізде Торғай сынды өңір барын ұмыт қалдырғандай. Асфальт емес, шаңы шыққан қара жолға зар. Өркениеттен алыс, бүгінгі күннің басты «байлығы» интернет жоққа тән. Солай болғасын да мамандар күні туған қалаларға ағылған. Олармен бірге ел экономикасының күре тамыры қиылған. Ата кәсібінен нәсіп айырған азғантай ағайын елдің иесі мен киесінің жалғыз күзетшісі. Еститін үкімет құрып жатқанымыз рас болса мінбердегілер елдің осы жанайқайын естісе деген үміт біздікі. 

Дәулеткерей Құсайынов, 
экспедиция мүшесі, 
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒП орталығының басқарма басшысы. 
author

Ербол Тілешов

СЫНШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...