Астанада бұзақылық жасап 15 күнге уақытқа изоляторға қамалған ер адамды «жаңа адамдар» б...
Ең өтімді тауар «үміт» пен «мотивация»: Коучтың курсы мен блогердің саудасы қалай дамыды
дереккөз
Бүгінде әлеуметтік желі қып-қызыл табыс көзіне айналған. Психолог-коучтар «ақыл» сатса, блогерлер неше түрлі заттардың жарнамасын жасап әлек. Оқырманы көп желі жұлдыздары назарды өзіне аудартып, көбірек табыс табу үшін қандай қадамға болса да баруға дайын. Коуч пен психологтардың курсына сеніп, өмірін түбегейлі өзгертуге ұмтылатындардың қарасы көп. Олар «Кредиттен құтылып, тез арада тұрмыс құрасың» деген уәдеге сенеді. Блогерлердің түрлі заттарын сатып алып, үй мен көлік ұтамын деп үміттенеді. Мәселен, жақында шай сатып, ұтыс ойнатқан Елдос «Колобок» лақап атымен танылған блогердің басы дауға қалды. Threads желісі блогерге алданып қалдық деген адамның жазбасынан толды. Құны 10 мың теңге болатын шайды сатып алғандар бүй деді:
«Бір үйдің бес келіні бес шай алдық. Бәрімізден мың теңге ғана шықты», «Видеода 10 мың теңге көп еді, бізді алдап кеткен», «Әжеме шай алып едім, ешқандай ұтыс шықпады», «Сертификаттары жарамсыз. 100 мың теңгеге сауда жасасаң ғана 10 пайыз жеңілдік жасайды, Шайын алғаныма өкініп қалдым, дәмі жоқ», «Блогердің үстінен арыз түсіру керек, «Ақшамды қалай қайтарсам болады, шайын ашпадым», – деп жазды көпшілік.
Одан кейін блогер мән-жайды түсіндіріп, тұтынушылардың арасынан қомақты ұтысқа ие болғандарды көрсетті.
«Мені жерден алып, жерге салып жатыр. Бұл менің жеке бизнесім емес. Отандық өнімді қолдау мақсатында бауырларыма көмектестім. Сосын ешкімге «10 мың теңге шығады» деп уәде берген жоқпын. Бірақ көбінен мың теңге шығып жатыр екен. 500 мың теңге, 1 миллион теңге ұтқандар бар. Екі көлікті ұтысқа тіктік. Бірі Шымкент қаласының тұрғынына бұйырды. Екіншісінің иесі әлі анықталған жоқ», – деді блогер.
Осы орайда заңгер Бағдат Амандосұлынан тұтынушылардың құқығына қатысты пікір сұрадық.
– Құқықтық баға беру үшін ұйымдастырушы адамдарды нақты қандай ақпаратпен қызықтырғанын анықтау керек. Егер әлеуметтік желіде көлік, миллион теңге, ірі ұтыстар жиі көрсетіліп, шын мәнінде қатысушылардың басым көпшілігіне тек 1000 теңгеден ғана берілсе, онда бұл әрекетке тұтынушыларды жаңылыстыру тұрғысынан құқықтық баға берілуі мүмкін. Дегенмен, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында сатушы тұтынушыға тауар мен акция туралы толық әрі шынайы ақпарат беруі тиіс. Егер жарнама адамның психологиясына теріс әсер етіп, «үлкен ұтыс алу ықтималдығы жоғары» деген әсер қалдырса, бірақ нақты статистика жасырылса, онда бұл адал жарнама қағидасына қайшы келуі мүмкін. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» Заңы бойынша ұтысқа негізделген ойындар арнайы құқықтық режиммен реттеледі. Егер шай сатып алу арқылы адам ұтысқа қатысса және ұтыс кездейсоқ тәртіппен анықталса, бұл лотерея белгілері болуы мүмкін», – дейді заңгер.
Маманның пікірінше, адамдар эмоциядан гөрі, заңмен әрекет етуі керек. Дәлелдерді жинау ғана істің ақ-қарасын ажыратуға көмек болатын көрінеді.
– Бірден «алаяқтық болды» деп кесіп айту заңды емес. Ол үшін блогердің нақты не уәде еткені, ұтыс ережесі болған-болмағаны, қанша ұтыс қоры болғаны, қатысушыларға алдын ала қандай ақпарат берілгені, ұтыстардың шынайы таратылғаны, тергеу арқылы анықталуы керек. Егер ұйымдастырушы бастапқыдан адамдарды жалған әсермен ақша төлеуге итермелесе, ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы - алаяқтық мәселесі көтерілуі мүмкін. Ал азаматтар эмоциямен ғана шектелмей, заңды жолмен әрекет етуі керек, яғни барлық сторис, жарнама, видео, пікірлерді сақтап алу, төлем чектерін жинау, ұтыс туралы жарияланған ақпаратты бекіту, ұжымдық түрде Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне шағым беру, қажет болса полицияға арыз түсіруге де болады. Жалпы, «оңай олжа» психологиясы көбіне осындай дауларға алып келеді. Ал, заң әрқашан эмоцияға емес, дәлелге қарайды. Егер ұйымдастырушы нақты жалған ақпарат бермегенін дәлелдесе – жауапқа тартылмайды. Егер адамдарды әдейі жаңылыстыру фактісі анықталса, онда құқықтық салдары ауыр», – дейді Бағдат Амандосұлы.
Сонымен бірге, психотерапевт Назигүл Аблахатқызы жалған коучтар мен блогерлердің көбейгеніне қарамастан, адамдарды не себепті мұндай дүниелерге құмар болатынын түсіндірді.
– Бір жағынан, бұл – маркетинг. Қазір адамдарға «жеңіл жолмен бәрін өзгертуге болады» деген иллюзия сатылып жатыр. Коучинг, лотерея, түрлі «сиқырлы» техникалар үмітке жұмыс істейді. Бірақ оң нәтиже бола бермейді. Өйткені ешкім кепіл болмайды. Тарихта лотереядан байып кеткен адам жоқ. Әлемдегі бай адамдар ұзақ уақыт еңбектенудің нәтижесінде табысқа жеткен. Жеңіл ұтысқа қол жеткізгеннің өзінде ол ұзаққа бармайды. Сақтап қалу да – еңбек. Өйткені оған еңбектеніп емес, тіленіп жеткен. Психологияда ондай адамдарды «инфантильді ересектер» дейміз. Өзінің ішкі тіреуі мен шекарасын бекітудің орнына кішкентай бала армандағандай ғажайып күтеді. Мұның ең қауіпті жерін айтайын: Нәтиже болмағанда адам манипуляцияға көшеді. Үкімет пен заңды кінәлайды. Жолы болмайтын, ештеңе ұтпайтын, техникасы көмектеспейтін өзін кінәлайды. Өзін-өзі бағаламайды. Тәуелділік пайда болады. «Келесі жолы ұтамын, мына техникасын сатып алсам, жолым ашылады» деп иллюзия құрастырады. Адам бір мәселесін шешпей, бірнеше мәселені жамап алады. Мәселенің түп-тамыры өзінде екенін сезбейді. Қарапайым ғана шындықты айтқым келеді. Терең психологиялық мәселелерді бір техникамен немесе лотереямен шешу мүмкін емес. Бір кездері коуч, блогерлердің көмегі ұзаққа бармайтынын түсінгенде, психологиялық сауаттылығын көтеру маңызды екенін түсінеді. Адамдар оңай олжаға емес, үмітке құмар. Ал маркетинг сол үмітті өте әдемі қаптап сатады. Қорғанудың жалғыз жолы – сыни ойлау мен ішкі жауапкершілік. Маған сиқыр емес, шынайы процесс керек деп мойындау», – дейді психотерапевт.
Одан кейін психологтан маркетинг құрбаны болмау үшін не істеу керегін де сұрадық.
– «Тез нәтиже береді» деген сөзге күмәнмен қарау керек. Психика мен қаржы әрқашан уақыт пен процесті талап етеді. Эмоциямен емес, паузамен шешім қабылдау өте маңызды. Маркетинг эмоцияны қоздырады. «Қазір тез алсаң, бонус беріледі» десе, демек, манипуляция жасап тұр. Сол сәтте сатып алмаңыз. Өзіңізге уақыт беріңіз, 24 сағат – ең қарапайым фильтр. «Дәл қазір маған керек пе?!» деген сұрақ құрбан етпейді. Одан кейін сараптау дағдысын дамыту қажет. Кім айтып жатыр, қандай білімі бар?! Нақты дәлел бар ма, әлде тек кейс пен эмоция ма?! Жауапкершілікті өзіне алу керек», – дейді психолог.
Әлеуметтанушы Жанұзақ Әлімгерейдің сөзінше, адамдардың оңай олжалы болуға ұмтылуы қоғамның күн тәртібіндегі мәселесі.
– Қоғамда түрлі коучтардың курстарын сатып алу мен блогерлердің гивтеріне жаппай қатысу трендінің белең алуы – күрделі әлеуметтік феномен. Біржақты «әлеуметтік деңгейдің төмендігі» деп бағалау – қате. Феноменге әсер ететін жайттың бірі Instagram, TikTok секілді әлеуметтік желілердің «бақытты әрі бай» өмірді басты рөлдік модель ретінде ұсынуы. Виртуалды кеңістікте табыс, сән-салтанат және қаржылық еркіндік адамның өмірлік жетістігінің негізгі көрсеткіші ретінде көрсетіледі. Соның салдарынан бұрынғы «ұзақ жыл тер төгіп, адал еңбекпен табысқа жету» моделі өз актуалдылығын жоғалтты. Себебі бүгінгі жастар мен қоғам күн сайын мүлде басқа экономикалық шындықты көріп отыр. Мысалы қарапайым жұмысшының бір айлық еңбекақысын кейбір блогерлер 15 секундтық Stories жарнамасы арқылы таба алады. Бұл қазіргі заманның объективті шындығы. Осындай әлеуметтік контраст адамдардың ақша табу, еңбек, жетістік туралы түсінігін түбегейлі өзгертті. Сондықтан бұл құбылысты тек қоғамның деградациясы емес, цифрлық капитализм мен жаңа медиа дәуірінде қалыптасқан жаңа әлеуметтік шындық ретінде де қарастыру қажет», – дейді әлеуметтанушы.
Қоғамның әлеуетін зерттеп жүрген маманның пікірінше, мәселені шешу үшін қоғамдағы құндылықтар жүйесін қайта қарау қажет екен.
– Блогерлердің гивіне қатысатын немесе коучтардың курстарына ақша төлегендердің бәрін ақымақ, аңғал деп айыптай алмаймыз. Қазіргі таңда ірі компаниялар мен әлеуметтік желілердің маркетинг индустриясы адам психологиясына әсер ететін өте қуатты механизмге айналды. Егер бұрын қоғамдық сананы саясат пен дін қалыптастырса, бүгінде оны блогерлер және цифрлық платформалардың алгоритмдері атқарады. Соның нәтижесінде тұтынушы қоғамның табиғаты да өзгерді. Бұрын нарық нақты материалдық заттарды сатса, қазіргі ақпараттық капитализм дәуірінде ең өтімді тауар «үміт», «мотивация» болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін қоғамдағы құндылықтар жүйесін қайта қарау қажет деп ойлаймын. Еңбек, кәсібилік, білім, интеллектуалдық даму және әлеуметтік жауапкершілік қайтадан мәртебелі құндылықтарға айналуы керек. Сонымен қатар заңдық бақылау да күшеюі қажет. Қазіргі таңда көптеген коучтар мен блогерлер нақты жауапкершіліксіз жұмыс істейді. Адамдарға жалған үміт сатып, агрессивті маркетинг арқылы психологиялық манипуляция жасайды. Бірақ олардың көпшілігі берген уәдесі немесе нәтижесі үшін жауап бермейді. Көп айтылатын «қаржылық сауатты болыңдар» деген ұранмен бұл мәселені шешу мүмкін емес. Адамдар тұрақты еңбек пен білім арқылы шынайы әлеуметтік қорғанысқа және лайықты өмірге жете алатынын нақты көрген кезде ғана қоғамдағы «оңай олжаға» деген тәуелділік біртіндеп әлсірей бастайды», – дейді Жанұзақ Әлімгерей.
Айта кетейік, қанша уақыт өтсе де рухани ізденіске сұраныс азаймайды. Бірақ елді адастырып, сана-сезімімен ойнайтын желі жұлдыздарының әрекетіне тосқауыл болмаса, зардабын халық тартатынын естен шығармаған жөн.
Гүлдана Нұрлыханова