Кітапхана – зерделі ұлт қалыптастырудың маңызды кеңістігі

Фотосуретті автор ұсынған

ӘДЕБИЕТ
72

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы — қоғам үшін өте маңызды бастама деп ойлаймын. Бұл құжат кітапқа деген көзқарасты өзгертіп, оқу мәдениетін дамытуға жаңа серпін берері анық.

Жуырда әлеуметтік желіден «Кітап оқитын адам бір өмір емес, мың өмір сүреді» дегенге саятын әдемі ойды көзім шалып қалды . Расында да, кітап адамға тек ақпарат беріп қана қоймай, түрлі тағдырды, түрлі ойды, түрлі дәуірді тануға мүмкіндік береді. Қазір ақпарат көп болғанымен, терең ойлап, саралап оқитын адам азайып бара жатқандай. Осындай кезде кітаптың орны ерекше. Кітап адамды ойлануға, ізденуге, пайым жасауға үйретеді. Сондықтан бұл бастама әсіресе жастар үшін өте қажет.

Жарлықта кітапханаларды жаңғырту, цифрлық мүмкіндіктерді дамыту, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, отандық әдебиетті қолдау секілді нақты бағыттардың көрсетілуі кітап саласына жасалған үлкен қолдау. Бұл өзгерістер кітапханалардың жұмысын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.

Қазір кітапханаларда түрлі кездесулер, талқылаулар, көрмелер, мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Мұның бәрі қоғамның кітапқа жақындауына әсер етеді. Жазушы Рита Мэй Браун: «Кітапхана билетін алған күн – менің өмірімнің басталған күні» деген екен. Бұл сөз кітапхананың адам өміріндегі орнын анық көрсетеді.

Кітапхана да қазіргі заманға бейімделіп жұмыс істеуі керек екені айтпаса да түсінікті. Жасанды интеллект қарқынды дамып, күн сайын жаңа технологиялар пайда болып жатқан кезеңде кітапхананың өз орнын сақтап қалуы оңай емес. Бірақ қандай технология шықса да, адамның терең ойлануына, сапалы білім алуына, рухани дамуына деген қажеттілік жойылмайтыны анық. Сол себепті кітапхана заманға сай өзгеріп, жаңа форматта жұмыс істей отырып, өзінің негізгі миссиясын жоғалтпауы керек деп ойлаймын.

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы бұл бастаманы толық қолдайды. Біз алдағы уақытта да кітап оқу мәдениетін насихаттау, ұлттық әдебиетті дәріптеу, жастардың сапалы білім мен ақпаратқа қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз.

Зерделі ұлт оқу арқылы қалыптасады. Ал кітап оқитын қоғамның болашағы да берік болады деп сенемін.

Күміс Сейітова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы

ЖАҢАЛЫҚТАР

2026 жылдың ақпан айының басында Алматы облысының Жамбыл ауданында жоғалып кеткен ер адам өлі күйінд...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Өлімге әкелуі мүмкін Андес штаммындағы хантавирусқа қарсы вакцина жоқ, себебі жұқтыру жағдайлары өте...