Қазақстан мен Сьерра-Леоне дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан бо...
Pinduoduo Қазақстан бюджетіне 6,8 млрд теңге ақша төледі
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Қазақстанда салық талаптарын орындамаған шетелдік интернет-платформаларға қатысты бақылау күшейтілді. Мемлекеттік кірістер комитеті жүргізген салықтық әкімшілендіру шараларының нәтижесінде екі ірі халықаралық компания ел бюджетіне жалпы 8 млрд теңге аударды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, ең ірі төлемді Қытайдың Pinduoduo электронды сауда платформасы жасаған. Компания Қазақстан бюджетіне 6,8 млрд теңге, яғни шамамен 15,1 млн доллар төлеген. Алайда бұл қаражаттың нақты қай салық кезеңдеріне қатысты екені көрсетілмеген.
Ал Claude жасанды интеллект көмекшісін әзірлеген америкалық Anthropic компаниясы бұрынғы салық кезеңдері бойынша 1,2 млрд теңге немесе шамамен 2,6 млн доллар аударған. Ведомствоның хабарлауынша, компания камералдық бақылау нәтижесінде жолданған хабарламалардағы талаптарды орындаған.
Сонымен қатар Қазақстанда салық органдарының талаптарын орындамаған шетелдік интернет-ресурстарға қатысты шектеу шаралары да қолданылып жатыр.
Мәселен, халықаралық Farfetch сауда платформасының Қазақстан аумағындағы интернет-ресурсына қолжетімділік шектелген. Бұған Ұлыбританияда тіркелген компания операторының камералдық бақылау нәтижесінде жіберілген хабарламаны орындамауы себеп болған.
Farfetch – әлемдік сән брендтерінің киімдерін, аяқкиімдері мен аксессуарларын сататын халықаралық онлайн-платформа.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасы салық міндеттемелерін орындамаған шетелдік интернет-компаниялардың ресурстарына қолжетімділікті шектеуге мүмкіндік береді. Мұндай шаралар заңда белгіленген талаптарға жататын барлық шетелдік платформаларға қолданылады.
Осылайша, Pinduoduo мен Anthropic бюджет алдындағы міндеттемелеріне байланысты миллиардтаған теңге аударса, Farfetch салық органының талабын орындамағаны үшін шектеуге тап болды.