Қазақстанда жаңа теміржол ашылып, маңызды тас жол кеңейтіледі – Тоқаев

Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
25

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға қатысты бірқатар маңызды тапсырма берді. Мемлекет басшысы жаңа теміржол желісінің іске қосылатынын және бірнеше ірі жол жобасының жүзеге асырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, дамыған көлік-логистика жүйесі ел экономикасының өсуіне және Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін арттыруға тікелей ықпал етеді.

«Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылатынын айтты. Жаңа бағыт Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін жылына 20 миллион тоннаға арттырады.

Сонымен қатар биыл тамызда «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталған. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің ұзындығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Президент еліміздің солтүстік өңірлеріндегі жол инфрақұрылымына да ерекше назар аударды.

«Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет», – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Тоқаев «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту жұмыстарын бастауды тапсырды.

Бұдан бөлек, Президент отандық жүк тасымалдаушыларды қолдау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан арқылы өтетін автомобиль транзитінің жартысынан астамы шетелдік тасымалдаушылардың үлесінде.

«Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке көлік және логистика саласындағы барлық жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, сондай-ақ жаңа тех...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы рөліне тоқталып,...