Тоқаев Жолдауда ауыл шаруашылығына қатысты маңызды тапсырма берді

Фото: Ақорда

ЖАҢАЛЫҚТАР
122

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік өнеркәсібіндегі әлеуеті жоғары жобаларды жүзеге асыру және ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғырту мәселелеріне тоқталды. Президент сапалы жобаларды қаржыландыруды кешіктірмей, оларды іске асыруға кірісу қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Президенттің айтуынша, «Бәйтерек» холдингі азық-түлік өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын жобалар тізімін дайындаған. Мемлекет басшысы бұл бастамаларды қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржыландырып, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру қажеттігін жеткізді.

«Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғырту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, саланың заманауи талаптарға сай дамуына басымдық беріп, өндірістің тиімділігін арттыру маңызды.

«Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың сәті келді».

Президент ауыл шаруашылығы техникасын отандық өндірісте көбейту мәселесіне де назар аударды. Атап айтқанда, технологиялық сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын арттыру қажеттігін атап өтті.

«Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет. Бұл – өзекті мәселе. Осылайша, біз ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра түсеміз».

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы ауыл шаруашылығында отандық техниканың үлесін арттыруға және өндіріс тиімділігін көтеруге бағытталған. Сонымен қатар азық-түлік өнеркәсібіндегі жобаларды уақытылы қаржыландыру саланың әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік береді.