Ақмола облысының әкiмi Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың назарына!!!Көкшетау қаласындағы Қопа көліне...
Қазақстандықтар Бакуге Каспий теңізі арқылы бара алады
әлеуметтік желіден
Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізі арқылы жолаушылар паромының қатынасын қайта іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Қазақстан тарапы Құрық порты – Баку порты – Құрық порты бағытындағы жолаушылар тасымалын қайта жандандыруды ұсынған. Аталған бағыт 2020 жылға дейін жұмыс істеп, COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатылған.
«Жақында біз Әзербайжанға Құрық порты – Баку порты – Құрық порты паром желісі бойынша жолаушылар тасымалын қайта жандандыруды ұсындық. Бұл тасымал 2020 жылға дейін жүзеге асырылып, COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатылған болатын. Қатынас тоқтағанға дейін Каспий теңізі арқылы жолаушылар тасымалын жылына шамамен 1500 адам пайдаланған. Алдағы уақытта осы бағытпен саяхаттағысы келетіндердің саны бұдан да көп болады деп ойлаймын», – деп жазды елші.
Дипломаттың айтуынша, теңіз арқылы жолаушылар қатынасын қайта іске қосу екі ел арасындағы көлік байланысын нығайтып қана қоймай, туристік ағынның артуына және Орта дәліз мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етпек.
Әзербайжан тарапы Қазақстанның ұсынысын қолдаған. Қазіргі уақытта екі елдің көлік саласына жауапты ведомстволары жолаушылар тасымалын мүмкіндігінше тезірек қайта іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«Паром желісін қайта іске қосу екі ел арасындағы жолаушылар қатынасының дамуына серпін береді, туристік алмасуды күшейтіп, Орта дәліздің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Әзербайжан тарапының Қазақстан ұсынысын қолдағанына қуаныштымыз. Қазіргі уақытта екі елдің көлік ведомстволары жолаушылар қатынасын тез арада қайта жандандыру бойынша жұмысты бастады», – деді дипломат.
Бүгінде Баку мен Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалалары арасында аптасына 37 әуе рейсі орындалады. Құрық – Баку паром бағыты қайта іске қосылған жағдайда екі ел азаматтары Каспий теңізі арқылы да саяхаттай алады.