Қазақстанда жаңа мейрам бекітілді. 10 қазан күні Кәсіподақтар күні аталып өтілетін болды.Бұл шешім ү...
Құрылыс саласындағы жемқорлықпен жаппай күресу қажет – Президент
Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкімет үйінде өткен кеңейтілген отырыста ел экономикасын дамытудың түйткілі айтылды. Президент Қ.Тоқаев бірнеше бағытта ауқымды реформа қолға алынып, сыбайлас жемқорлықпен жаппай күрес жүзеге асатынын мәлімдеді, деп хабарлайды madeniportal.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда, мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек.
Бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар. Азаматтар үнемі шағымданып жатады. Алайда, құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Үкімет бұл мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керек», деген Президент сыбайлас жемқорлық барлық салаға да дендеп еніп, ұялап алғанын айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, сыбайлас жемқорлық - ел экономикасын дамытуға тосқауыл болатын негізі фактор.
«Тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлық. Бұл – құрылыс саласын ғана емес, жалпы экономиканы дамытуға тосқауыл болатын фактор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай күресу қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағытта біраз жұмыс жасалды, нәтиже де бар. Бірақ, солай екен деп, босаңсуға болмайды. Жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, цифрландыруды белсенді түрде қолдану керек.
Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін», деді Қ.Тоқаев.
Президент цифрлық валютаны қолдануға қатысты пилоттық жобалар тиімді болғанын айтып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, осындай жобалардың ауқымын кеңейтуді, оның ішінде құрылыс саласына барынша енгізуді тапсырды.