Серік Ақсұңқардың «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» атты кітабына ой-толғақ «...
Салтанат Әшірбай. Бір қасық көже
Фотосурет автордан
2008 жыл. 1 ақпан. Сенбі. Сарышұнақ аяздың беті қайтар емес. Аяғым ауыр. Дәрігер сәбиімнің дүниеге келетін күнін 21 наурыз деп белгілеген. Ол кезде біз Астананың сыртындағы 96-разъезде орналасқан шағын үйде тұратынбыз.
Таң ата пеш жағып, шайымызды ішкен соң тыныш жатудың орнына үй жинауға кірістім. Кілемді қағып, еденді жуып шықтым. Неге екені белгісіз, төрдегі диванды жылжытып, артындағы шаңды сүрткім келді. Үйдегілерді шақыруға еріндім де, ауыр диванды екі қолыммен:
– Оп-п-п! – деп итергенім сол еді, белім қылт ете қалғандай болды.
Бір сәтте ішім шаншып, отыра кеттім. Жаным шығып барады.
Бұл жолы айқайлап көмекке шақыруға тура келді.
– Асқар! Асқар! Ойбай, өлдім! Белім... Ішім... Әкетіп бара жатыр! Жедел жәрдем шақыр!
– Қасқа, саған не болды?
– Диван жылжыттым ғой. Белім сырт етті ме, білмеймін. Қатты ауырып барады!
– Өй, ауру, мына түріңмен диван жылжытатын Гераклсың ба? Шамаңа қарамайсың ба? Жедел жәрдем мұнда жеткенше босанып қаларсың. Киін, өзім апарамын!
«А-а-ай...» деп әрең қозғалып, қолыма ілінген заттарды сөмкеге сала бастадым. Киім де, тіс щеткасы да бірге сөмкеге сүңгіп кетті. Асқар сыртқа атып шығып, көлікті де оталдырып үлегіріпті.
Қалаға дейін жол ашық болса, қырық минуттай жүру керек. Бірақ бүгін тасжол мұз болып қатып қалған. Сырттағы аяз бет қарып тұр. Ал көліктің ішінде оның салқын лебі де сезілмейді. Мойныма өзім тоқыған қара мойынорағышты орай салдым.
Осы шарфты қолыма алған сайын жолдас қызым Динаның айтқаны есіме түседі.
Күзде декреттік құжаттарымды реттеп, жұмысқа барып жүрген кезім. Бос уақытымда осы қара шарфты тоқып жүретінмін.
Бір күні Дина:
– Салтанат, аяғы ауыр әйелге тоқуға, тігуге болмайды. Ырым бар. Бала кіндігіне оралып қалады деген, – деді.
Мен күліп: – Қойшы, Дина. Ондай жөн-жосықсыз ырымдарға сенбеймін. Құдай сақтасын, – деп тоқуымды жалғастыра бердім.
Біздің әңгімені арғы жақта тұрған Света естіп қалыпты. Өзінің ұлты украин, қазаққа тұрмысқа шыққан. Біздің әңгіменің ауанын ұғып тұр. Жанымызға жетіп келді де:
– Әй, Салтанат, уайымдама! Мен балам туғанша әскери фабриканың тігін цехында жұмыс істедім. Соңғы күніме дейін станоктың қасынан шықпадым. Адам жетіспейді. Күні бойы тігін тігіп, белім үзіліп қала жаздайтын. Қазір ойласам, сол кездегі энергия мен энтузиазмге өзім таңғаламын. Болмашы ақша үшін бәріне келісіп жүріппін, – деді.
Светаның сөзі көңіліме демеу болды. Сөйтіп, ескі ырымдарға мән бермей, декретте біраз жылы киім тоқып алдым.
Ойым көлік перзентхананың алдына келіп тоқтағанда ғана бөлінді. Жылдам қозғала алмаймын. Асқар есікті ашып, мені әрең түсірді. Үстімде қайынсіңлімнің түлкі терісінен тігілген ұзын тоны. Соның өзі жүруге мұрша бермейді.
Әрең дегенде кіреберіске жеттік. Ауруханада адам аз екен.
Дәрігер қараған соң көзілдірігін көтеріп:
– Бала неге асықты екен? Босандыру бөліміне апарыңдар. Дайындаңдар! – деп медбикелерге тапсырма берді.
Сосын маған қарап:
– Құсқыңыз келмей ме? Қазір қан қысымыңызды өлшейін. Айтарлықтай қауіп байқап тұрған жоқпын. Баланың ерте келуі ғана қызық болып тұр, – деді.
Мен үйдегі жағдайды түгел айтып бердім. Диван жылжытқанымды да жасырмадым.
Дәрігер басын шайқап:
– Әй, қыздар-ай... Айтсаң ренжисіңдер. Осындай кезде диван жылжыта ма? Іштеріңде бала бар екенін ұмытып кетесіңдер ме? Осы қазақтың әйелдері неге сонша пысық болады екен? Жатып демалудың орнына үй жинадым дейді, – деп күрсінді.
Айтқаны дұрыс еді. Үндемедім.
Сол күні кешкі сағат бестер шамасында дүниеге ұлым келді. Атасы атын Ерасыл қойды. Мені бесінші палатаға ауыстырды. Палатада сәбиін құшағына басқан аққұба келіншек отыр екен. Әдетімше амандастым. Ал маған баламды әкелмеді. Жеті айлық болып туған соң дәрігерлер бақылауға алып, реанимацияға жатқызды. Менің әлім құрып кеткен. Басым мең-зең. Кереуетке қисая кетіп, ұйықтап қалыппын.
Бір кезде оянсам, кеш болыпты. Сол сәтте есіктен үстіне аппақ тонның сыртынан халат киген, шашын каре қылып қиған орта жастағы әйел кіріп келді. Ол қызына тамақ әкеліпті. Пакетінен сүлгіге оранған ас құйылған бәнкі мен тостақ шықарды. Қызына ұсынды. Қызы бір қасық ауыз тиді де анасына:
– Мама, рақмет. Ауыз тидім. Ішпеймін, – деді.
Мен үнсіз қарап жатырмын. Қарным аш. Анам болса жүздеген шақырым жерде. Ішімнен «маған да анам келіп ыстық асты аузыма тосса, шіркін» деп армандадым. Апай тамағын пакетке сала бере маған бұрыла тесіле қарады.
Түрім аянышты көрінді ме екен...
Ол пакеттегі бәнкіні қайта шығарып, қасыма келіп:
– Қызым, тамақ ішесің бе? – деді.
Мен:
– Иә... Иә... – деп қуанып кеттім.
Аппақ жүзді апай өз қолымен жылы көжені қасықтап аузыма тосып отырды. Менің жанарымнан ыстық жас ытқып шығып, көжемен араласып жұта бердім, жұта бердім. Асқазаныма ел қонып, қарным тойған соң кеудемде бір жылулықты сезінді. Әлде жылы көженің құдіреті ме жаным жадырап сала берді. Денеме қан жүгіріп, ерекше күй кештім. Алғаш ана болуды сезінген бұл ерекше күйді осы сәтті басымнан өткіздім. Алпыс екі тамырым иіп, жаратушының құдіретіме төсімдегі тамырларыма сүттің келгенін сездім. Емшегім торсықтай тарсылдап барады...
Сол жылы көже... Ақ ниет пен мейірімге толы әппақ көже...
Өмірімдегі ең дәмді ас еді. Әрбір қасығы бойыма күш беріп, жүрегімді жылытып сала берді. Көженің дәмімен қатар, аппақ апайдың мейірімі жанымды жылулыққа «тойғызғандай» болды.
Ішімдегі алғыс сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Сол күннен бері он сегіз жыл өтті. Сол перзентханада дүниеге келген Ерасыл мектепті бітіріп, студент атанды. Сол ақпандағы аппақ ақ халат киген әлгі періште жанның бейнесі әлі күнге көз алдымнан кеткен емес.
Маған ұсынған бір қасық көженің дәмі ғана емес, сол кісінің аппақ ниеті де жүрегімде мәңгі сақталып қалды. Маған көже берген аяулы жан қазір немере сүйген әже болған шығар, бәлкім. Мен ол кісінің атын да сұрамаппын. Мен оны әлі күнге дейін танымаймын. Бірақ әр дұғамда сол кісіге іштей алғыс айтып жүремін. Айта беремін...
***
Кейде адамға өмір бойы ұмытылмайтын жақсылық жасау үшін көп нәрсе керек емес екен. Жай ғана бір қасық жылы көже мен бір ауыз мейірімді сөздің құдіретінің өзі тамырды иітіп, жүректі жібітіп жібереді екен...