Белгілі продюсер Баян Алагөзова тарихи «Қыз Жібек»фильміндегі аңызға айналған камзол төң...
СҚО-да әкесін соққыға жыққан тұрғын бес тәулікке қамауға алынды
ашық дереккөз
Солтүстік Қазақстан облысында Бірлік ауылының 22 жастағы тұрғыны 67 жастағы әкесімен жанжалдан кейін бес тәулікке қамауға алынды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Телеарнаның мәліметінше, жас жігіт мас күйінде әкесін соққыға жығып, болған оқиғаны видеоға түсірген. Кейін бұл жазба әлеуметтік желілерде таралып, полиция қызметкерлері жанжалға қатысушылардың жеке басын анықтаған.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әдемау Мендібаеваның айтуынша, қарт кісі ұлына қарсы арыз жазудан және сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан.
– Ақын Шал ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жанжалға қатысушыларды анықтады. Әкесі ұлына ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді. Оның бетінде көзге көрінетін жарақат іздері жоқ, сондай-ақ сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартты, – деді Әдемау Мендібаева.
Жәбірленушінің арызы мен сараптама қорытындысы болмағандықтан, жас жігітті тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша жауапқа тарту мүмкін болмаған. Соның салдарынан оған балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсақ бұзақылық бабы бойынша айып тағылды.
Сот құқық бұзушыға бес тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Сонымен қатар ер адам ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылып, оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Полициядағылар оның талаптарын бұзған жағдайда қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін екенін атап өтті.